QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

«Исатай Әбдікәрімов» жаңарды

Автор:QAA.kz

Сен 23, 2020

Талай түлекті түлетіп, тарих шеңберінен де ойып тұрып орын алатын іргелі оқу орындарының бірі — Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжі. Колледж іргесін көтерген 1930 жылдан бері білікті кадрлар даярлап, оларға өмірлік жол сілтеуде. Нәтижесінде, облыс көлемінің ғана емес, республика тынысының ілгерілеуіне үлес қосып келеді.

Осы жылдар аралығында бұл оқу орны түрлі нұсқада аталды. Әйткенмен, атауы өзгергенмен, жас ұрпаққа білім берудегі басымдықтар мен мақсаттың маңызы өзгермеді. Колледж 2003 жылдан бері соғыс және еңбек ардагері, техникум түлегі Исатай Әбдікәрімовтың атымен аталып келеді. Жылдан жылға заман ағымына орай бәсекеге қабілетті маман даярлауды басты бағыт еткен колледжде бүгінде 30 сала бойынша білім беріледі. Колледж ұжымы оқытушылардың біліктіліктері мен студентпен жұмыс істеудегі қарым-қабілеті ескеріліп, іріктелген. Мәселен, техника ғылымдарының докторы, ғылым кандидаттары, Ы.Алтынсарин төс белгісінің иегерлері, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздіктері және үздік педагогтар да осында шоғырланған. Еңбектері осылай үстем болған оқытушылардың колледж қабырғасында 2000-ға жуық білім алушылары бар.

Сондай-ақ, аталмыш оқу орнының материалдық-техникалық базасы да бір қалыпқа қойылған. Сырттан, ауыл-аймақтан келгендер жатақханамен қамтамасыз етіледі. Талай құндылық жазылған түрлі кітаптардың 110500-ге тартасын осы оқу орнының кітапханасынан кезіктіруге болады. Оған қоса, спортпен шұғылданамын деуші студенттердің де талаптары ескеріліп, спорт залдарымен қамтамасыз етілді. Оқу құралдары да жеткілікті. Ендігі бағыт – колледждің іші-сырты да көз тоярлықтай болуында еді. Қала орталығындағы ғимаратқа жақында жөндеу жұмыстары да жүргізіліп, жаңа кейіпке енді. Тек сырт келбеті ғана емес, ондағы әр кабинет жаңарды. Жаңа оқу жылына жаңа бастамамен кіріскен колледж ұжымы торқалы тоқсан жылдықты атап өтуді де назардан тыс қалдырмады.

Мерейлі мереке қарсаңында алдымен Социалистік Еңбек ері, «Құрмет» Ордені иегері, мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысы ардагері Исатай Әбдікәрімовтың қайта жаңғыртылған ескерткішінің ашылу салтанаты өтті. Колледж кіре берісінде орнатылған бюст демеушілер есебімен жаңартылған. Игі шара барысында И.Әбдікәрімовтың замандастары сөз алып, оның ел мүддесі үшін атқарған тиянақты тірліктеріне біршама шолу жасады.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры Қ.Құдайбергенов:

— 90 жылдық тарихы бар колледждің ұжымын және студенттер қауымын мерейлі мерекелерімен құттықтаймын. Жалпы, бұл оқу орнының тарихы турасында, жеткен жетістері жайында, болашағы жайлы айтар мәліметтер көп. Өткен тарихымызды саралайтын жасқа келдік. Өмір жолымда мен үлгі тұтқан тұлғалар бар. Бірі – Исатай Әбдікәрімов. Ол биік лауазымына қарамай, адалдықтың ала жібін аттамады. Оның елі үшін атқарған еңбегі бүгінгі жас ұрпаққа өнеге. Сондықтан, қазіргі жастар ол жайында оқу керек, ол туралы біліп, үлгі алуы тиіс дер едім. Өйткені, ол жеткен жетістіктер адал еңбекпен ғана жүзеге асты.

90 жылдық торқалы тойдың аясында жаңарған бюстті ашу құрметі Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Н.Байқадамовқа, облыстық мәслихат хатшысы Қ.Бисеновке және Еңбек ерінің қызы Ш.Әбдікәрімоваға бұйырды. Рәсімнен кейін Сыр жұртшылығы атынан ескерткіш алдына облыс әкімінің ықылас гүлі қойылды. Сондай-ақ, оқу орнының 90жылдығына орай арнайы жазылған колледждің гимні шырқалды.

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Н. Байқадамов:

— Қазіргі таңда іргелі оқу орнының педагогикалық жүйесі толығымен қалыптасып, инновациялық оқыту бағдарламасы енгізілген. Студенттердің заманауи кәсіби білім алуына барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Еліміз бойынша білікті маман даярлайтын үздік 10 колледждің қатарына енді. Бұл жетістікке оқу орны басшылығы мен ұжымның сан жылдардағы қажырлы еңбектері сеп. Қажетті кадрлар даярлауға, жастардың кәсіптік білім алып, сұранысқа ие маман болып шығуына көрсетілген мол мүмкіндіктер бұдан былай да жалғасады. Ғасырға жуық тарихы бар колледж ұжымын айтулы мерекемен құттықтаймыз.

Шараға жиылған жұртшылық әріқарай колледждегі техникалық жабдықтарды көріп, жобалар аясында жаңарған оқу кабинеттерін аралады. Онан соң, мерекелік концертке куә болды. Мұнда колледж басшысы И.Құттықожаевқа жан-жақтан жолданған құттықтау хаттары табысталып, жылы лебіздер айтылды. Сондай-ақ, оқу орны жұмысының алға өркендеуіне өзіндік үлестерін қосып жүрген тұлғалар мерекелік медальмен марапатталып, «Шежірелі-білім ордасы» атты колледждің өткені мен бүгіні сараланған кітап та сыйға тартылды.

Исатай Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық техникалық жоғары колледжінің директоры Ибадулла Құттықожаев:

— Біздің колледж мерейтойы қарсаңындағы бұл өзгерістер мен оң бастамалар әрбір студент пен ұстаз үшін де үлкен қуаныш. Еуропалық стандартқа сай жабдықталған кабинетте тек студенттер ғана емес, саладағы мамандар да өздерінің біліктіліктерін арттырып, кәсіпорынның ілгері дамуына үлестерін қоса алады. Болашақта үлкен орталық болады деп жоспарлануда.

Ғасырға жуық тарихымен ерекшеленетін бұл білім ордасының түлектері бүгінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлестерін қосуда. Бәсекеге қабілетті білімді де сапалы маман даярлау мақсатындағы мардымды жоспарлар колледж тарапынан жалғасын таба беретіні де айқын.

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *