QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

ІРГЕЛІ ІСТЕРДІҢ ҚАТАРЫ КӨБЕЮДЕ

Автор:QAA.kz

Фев 5, 2021

Осы аптада қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев Белкөл және Тасбөгет кенттері тұрғындарымен онлайн форматта есеп беру жиынын өткізді. Жиын барысында 2020 жылы атқарылған жұмыстардың барысымен таныстырды.

Шаһар басшысы қос кентте де шешімін таппай жатқан мәселелер алдағы уақытта жұмыс жоспарына сай жасалынатынын жеткізді.

Өткен жылы Тасбөгет кентінде 17,5 шақырым болатын 15 көшеге малта тас төселіп, 3,6 шақырымға созылған 3 көше күрделі жөндеуден өткізілді. Бұдан бөлек кентте 5 көшеге жарық бағаналары орнатылып, спорттық жаттығу және де стритбол алаңдары салынды.

Ал, Белкөл кентінде 2020 жылы 6 көше орташа жөндеуден өтіп, жылу жүйелері жаңартылды. Сондай-ақ, кентте орналасқан «Балапан» балабақшасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, Зеленая көшесіне жарық шамдар орнатылды. Белкөл кентіне қарасты Бірқазан елдімекенде балалар ойын алаңы салынып, кіре-беріс жолы жөндеуден өтті.

Осы жылы Белкөл тұрғындарының ұсынысы қабылданып, темір жолдан өтетін аспалы көпірдің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Бұдан соң тұрғындар темір жолдың арғы бетінде тұратын 200-ге жуық үйге ауыз су жеткізілмейтіндігін сөз етті. Бұл сауалға қала әкімі сол ауданда тұратын тұрғындар міндетті түрде ауыз сумен қамтылатындығын және де соған сай жұмыстар жүргізілетіндігін баяндады. «Жыл соңына дейін бұл мәселе толығымен шешімін табатын болады», ̶ деді.

Сонымен бірге Белкөл кентіне қарасты Бірқазан елдімекенінің тұрғыны: «Былтыр ауылға су қоймасы салынған болатын, бірақ қазір оның жұмысы тоқтап тұр. Ал, электр желісінің тозғандығына байланысты жаңбыр, қар жауған уақытта жарық сөніп қалады. Осы мәселені бір жақты етіп берсеңіздер екен», ̶ деп тілегін білдірді. Бұл сұраққа қала әкімі «Биыл Бірқазан елдімекеніне салынған су қоймасының құрылысын аяқтау үшін бюджетен 100 млн.теңге қаржы бөлінді . Алдағы уақытта, яғни сәуір, мамыр айларында аяқтап, пайдалануға береміз, ал жарық мәселесіне байланысты электр тораптары мекемесінің басшылығына тапсырма береміз. Барып, тексеріп техникалық ақауы кеткен жерлер болса жөндеп, пайдалануға мүмкіндік жасайтын болады.», ̶ деген жауап айтты.

Қала іргесінде орналасқан Тасбөгет кентінде биылғы жылы жол жөндеу жұмыстары сонымен қатар көшелерді жарықтандыру мәселелері көп күттірмей шешімін табатын болады. Соған орай қомақты қаржы қаралып, жылдың аяғына дейін ел игілігне жарайтын болады.

Есептік кездесуде қос кенттің тұрғындары жалпы атқарылып келе жатқан жұмыстарға оң бағаларын беріп, биылғы жылы да жұмыс қарқынды түрде жалғасын тапса екен деген тілектерін білдірді.

Аружан ЕРАЛЫ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *