QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

ӨҢІРГЕ 80 МЫҢ ДОЗА ВАКЦИНА ӘКЕЛІНЕДІ

Автор:QAA.kz

Дек 24, 2020

Қызылорда облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы С.ПАЗИЛОВ: ӨҢІРГЕ 80 МЫҢ ДОЗА ВАКЦИНА ӘКЕЛІНЕДІ

— Аймақта 2021 жылдың наурыз айынан бастап вакцинаның 80 мың дозасы кезең-кезеңімен әкелініп, егу жұмыстары басталады. Вакцинаның қалай енгізілетіні туралы қосымша жұмыстар жүргізілетін болады. Бірінші кезекте ерікті түрде медицина қызметкерлеріне, педагогтерге, созылмалы аурулармен ауыратын топтағы адамдарға екпе жасалады. 65-ке дейінгі адамдарға салынады. Өйткені, вакцина сол жас аралықтағы адамдарға ғана әсер етеді. Айта кетейін, адамдармен жиі байланыста болғаннан кейін вакцинаны бірінші кезекте өзім де салдырамын.

Індет іргемізге із салғалы елдің көбі үміт пен үрейдің құшағында жүргені анық. Ғаламның ортақ проблемасына айналған «COVID-19» пандемиясы қайта күшеюде. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша пандемияның екінші кезеңі болуы мүмкін деген болжамы айтылып келген болатын. Коронавирус инфекциясының зертханалық расталған деректері көбеюде.

Өңірімізге келсек, «COVID-19» коронавирус инфекциясымен бүгінгі күнге дейін барлығы 3345 адам тіркелді. Оның 98,4 пайызы (3287) жазылды. Әрбір анықталған науқастардың эпидемиологиялық ортасы есепке алынып, күнделікті саралануда.

Мемлекет басшысының індеттің жаппай таралуының алдын-алуға қатысты тапсырмаларына сәйкес облыс әкімінің бақылауымен арнайы іс-шаралар қабылданып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күні барлығы 210 инфекциялық төсекорын жұмыс жасауда. Оның ішінде реанимациялық 38 төсек-орын. Қазіргі таңда облыс бойынша реанимация бөлімінде ем қабылдап жатқан науқас жоқ.

Қазақстан Республикасы Бас санитарлық дәрігерінің Қаулысына сәйкес, коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастармен қарым-қатынаста болғандарды оқшаулау мақсатында 30 карантиндік төсек орындары бар. Ахуал күрделенген жағдайда, облыста қала және аудандарды қосқанда 3200 төсекорын ұйымдастыруға мүмкіндігіміз бар. Сонымен қатар, жалпы құны 6,3 млрд теңгені құрайтын модульдік аурухана құрылысы аяқталып, пайдалануға берілуге жақын.

Эпидемиологиялық маусым басталғанда аймағымызда барлығы 76 өкпені жасанды желдету аппараттары (ӨЖЖ) болды. Бүгінгі күні облысымызда 252 ӨЖЖ аппараттары жұмыс жасауда.

Өңіріміздегі медициналық ұйымдарға гуманитарлық көмек арқылы 682 оттегі концентраторлары жеткізілді. Сонымен қатар, облыста 518 оттегімен қамтамасыз етілген төсек орындар (кислородный доступ) дайын.

Медицина ұйымдарының барлығы 100% (1418) пульсоксиметрмен қамтамасыз етілген.

Облыстағы медициналық ұйымдарда 62 рентген аппараттары жұмыс жасайтын. Оған қосымша жергілікті бюджеттен 4 флюро және 6 стационарлы рентген аппараты сатып алынды. Сондай-ақ, демеушілік көмек арқылы «Лукойл» ЖШС-дан 2 мобильді жылжымалы палаталық рентген аппараты және 1 дана «С-ДУГА» рентген аппараты келді.

Сонымен қатар, Қармақшы, Жаңақорған аудандық ауруханаларына қажетті 2 мобильді цифрлы рентген аппараттары «Қазгермұнай БК» ЖШС-нің демеушілік көмегі арқылы жеткізілді.

Медициналық көмектің уақытылы және сапалы көрсету көрсеткіштерінің бірі ол жедел жәрдем қызметі екені барлығымызға мәлім. Бүгінгі таңда облыс бойынша 79 жедел жәрдем бригадалары халыққа қызмет көрсетуде.

Облыстық медициналық жедел жәрдем стансасының санитарлық автокөліктерін жаңарту мақсатында республикалық бюджеттен лизинг арқылы 40 санитарлық автокөлік қараша айының бірінші жартысында толықтай жеткізілді. Одан бөлек 2 жылжымалы медициналық кешен Жалағаш, Қармақшы аудандық ауруханаларына тапсырылып, қазіргі таңда халық игілігін көруде.

Эпидемия кезіндегі сақтану шараларының толыққандығын қамта­масыз ету мақсатында жеке қорғаныш заттарының 2 айлық қоры жасақталды. Барлық ауруханалар 100% таза және лас аймақтарға бөлінген. Медициналық ұйымдардың барлығында бөлек фильтрлар, оқшаулау бөлмелері, әлеуметтік ара қашықтық сақтау, санитайзерлер орнату 100% құрайды.

Коронавирус инфекциясына қарсы күресте мамандар тапшылығын жою мақсатында аймағымыз 99 жас маманмен толықты. Дәрігерлер жетіспеушілігін болдырмау мақсатында басқа профильдегі мамандарға арнайы семинар-оқулар өткізілуде. Коронавирус инфекциясының болжамды екінші толқынына жүйелі дайындық жұмыстары жүргізілуіне орай, 3500 медицина қызметкерлерінің резерві құрылды.

Бүгінгі таңда облыста 9 ПТР аппараты жұмыс жасап, тәулігіне 1200-1300-ден астам сынама алынуда. Қажеттілік туындағанда зерттеу санын 1900-ға дейін жеткізуге мүмкіндік бар.

«ҚазГермұнай» компаниясының демеушілігімен «Көпбейінді облыстық ауруханасы» ШЖҚ КМК базасынан оттегі станциясы іске қосылды.

ПетроКазахстан компаниясының демеушілігімен Қазалы ауданында 1 оттегі станциясы салынуда.

Атқарылып жатқан жұмыстар мен өңіріміздегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтылығы халықты босаңсытпауы керек, баршаңызды әлі де болса сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырамын! Бұл профилактикалық шаралар коронавирустың кең таралуын барынша азайтуға, тұрғындардың өмірі мен денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді.

Өңірімізде енгізілетін шектеулерге түсіністікпен қарап, қолдауға шақырамын. Бұл індетпен күресуге толық мүмкіндігіміз бар екенін баса айтқым келеді.

Облыста 2021 жылдың I жартыжылдығынан бастап коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау жұмыстарына дайындық жүргізілуде. Облыс халқының 70% вакцинациямен қамтылатын болады. Осыған орай, бүгінгі таңда медицина ұйымдарында вакцина сақтауға арналған -20- 25°С тоңазытқыш камераларының қажеттілігі алынуда.

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *