QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Өңірге 6 миллион жұмыртқа жеткізілді

ByQAA.kz

Қаң 12, 2021

2020 жыл басталғалы азық-түлік сөрелерінде 12 өнімнің бағасы қымбаттады. Артынша 4 өнімнің бағасы төмендеген болатын. Олардың ішінде күріш, тауық еті, сүзбе және қырыққабат бар. Бүгінгі күні базар сөрелерінде аталған өнімдерден тапшылық жоқ. Тек жаңа бағасына үйренуге тура келеді.

Ал елді дүрліктірген жұмыртқа бағасы сабасына түсті. Еселеп қымбаттаған жұмыртқаның құны бір кездері нанның бағасымен теңескен тұғын. Жұмыртқа бағасының қымбаттауына Ресейден келген құс тұмауы себепші. Жаһанды ковид жайлаған тұста құс тұмауы да «құтырып» жағаласа түсті. Ал өңірдегі құс фабрикаларының біразы қаржылық тапшылыққа байланысты жабылды. Бүгінде жаңадан дамып, өзге де құс фермалары қанатын жаюда. Десе де, олардың саны аймақ тұрғындарын жұмыртқамен қамтамасыз етуге келмейді.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бағаны тұрақтандыру мақсатында іс шаралар жүргізуде. Мониторинг топ құрылып, бағаны бақылауда.

Бүгінгі таңда әлеуметтік дүкендер мен ірі сауда орындарындағы әлеуметтік бұрыштардан жұмыртқаны 31 теңгеден кездестіруге болады. Қазіргі таңда қалада 29 әлеуметтік дүкен мен 2 ірі әлеуметтік маркет, сондай-ақ, «Мирас», «Аль – Асад». «Анвар», «Қызылорда Оптомаркет» супермаркеттеріндегі әлеуметтік бұрыштар жұмыс жасауда.   Әлеуметтік дүкенге берілетін жұмыртқаның шекті саны болады.  Күн сайын әлеуметтік дүкенге берілетін бір қорап жұмыртқа тұрғындарды түгел қамтамасыз етпейді. Осы орайда, әрі қарай жұмыртқа санын арттыру жұмыстары жүргізілуде. Ал базар сөрелерінде, жеке кәсіп иелерінде жұмыртқа бағасы 42-49 теңге аралығында.

Қазіргі таңда өңірге күн сайын 600 мыңға жуық жұмыртқа әкелінуде. Олардың саны кезең-кезеңімен арта бермек.  Осы уақыт аралығында өңірімізге 6 миллион жумыртқа жеткізіліп, сатылымға шықты.

Ал былтырғы жылы қымбаттаған жоғарғы сортты ұн өнімінің бағасы қалтаға салмақ салғандай. Бұл орайда «егінді аймақта ұн неге қымбат?» деген халық пікірлері молая түсті. Алайда, Сыр елінің егіні ұн өндіруге келмейді. Біздің жерде қарақұмық немесе бидай өнімдерінен мал азығы ғана дайындалады. Ал өзімізге келетін ұн Қазақстанның басқа аймағынан жеткізіледі.

Сонымен қатар, бағаны тұрақтандырут мақсатында 3 кәсіпкерлік субъектіге 400 миллион теңге ақша бөлінді. «Аль-Асад», «Ажар», «Мирас» дүкендері халыққа қажетті тауарлардың бағасын көтермеуге міндетті. Олардың ішінде түрлі әлеуметтік маңызы бар тауарлар, ет өнімдері кіреді.

Ал былтырғы жылы 31,1 пайызға өскен қант бағасы  6,7 пайызға төмендетіліп әлеуметтік дүкендерде 230 теңгеден сатылуда.

Нарықтық заманда кез-келген тауардың бағасы бұрынғыдай арзан болмайтын секілді. Бұған әртүрлі фактор әсер етеді. Сатушы мен сатып алушы арасындағы келісім, сатып алынған тауарды жеткізу жолдарының барлығы ақшаның өсуіне себепші. Елге керек азық-түліктің бағамы бұлай өсе беретін болса жалақы мәселесі де көтерілетіні анық. Қарапайым отбасының бір айлық азық-түлікке жұмсайтын ақшасы кейде жүз мыңан асып жығылады. Өзімізді өзіміз азық-түлік тауарларымен, отандық өніммен қамтамасыз етпейінше солай бола бермек секілді.

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған