2021 ж. Сәуір 17

ИНТЕРНЕТ ТАБЫС КӨЗІ МЕ, АЛАЯҚТЫҢ ӨЗІ МЕ?

Табыс, ақша, кіріс, пайда табу бұл сөздер қазіргі күні өте актуалды болып отыр. Байырғы бағытпен базардан орын алып, әр түрлі тауарларды сатушылар саны азайған емес. Солай өзі мен отбасының
нәпақасын айырып отырғандар әлі де бар. Алайда, шыжыған күн мен үскірік аяздың өбінде тұрып, сауда жасауды жақтырмайтындар бүгінгі күні ғаламтор арқылы ақша табуды кәсіпке айналдырған. Жасыратын несі бар ақуалдарын әжептеуір әйбаттандырып алғандарды да көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Бұл қалай, осыншама дүниеге қалай қол жеткіздің деп сұрай қалсаңыз, айтар жауаптары: «трендтен қалмау» боларына дау жоқ. Енді өзіміз айтқан тренд сөзінің қысқаша анықтамасын бере өтейік. Бұл аға буын мен
егде жастағыларға бөгде сөз болуы мүмкін, алайда жастардың күнделікті ауыз екі сөйлеу мәдениетіне еніп кеткен. Сонымен «тренд» сөзі ағылшын тілінен аударғанда үрдіс дегенді білдіреді. Ал қазіргі
әлеуметтік желілердің үрдісінен қалып жатқан жастардың саны саусақпен санарлық. Бірі әр түрлі тақырыптардағы қысқа бейнежазбалар (вайндар) түсірсе, екіншілері әр түрлі конкурстар өткізуді әдетке айналдырған. Әрине мұның барлығы табыссыз
емес. Бастапқыда түрлі лотореяларды танымал адамдар жарнамалап, автокөліктер мен түрлі бағалы сыйлықтар және қомақты қаржылар ойнатты. Алайда олардың өздері айтқандай «ақкөңілдіктері» мен
«мән бермейтіндіктерін» алаяқтар пайдаланып оңай олжаға қол жеткізген болса, қазіргі күні бұл кәсіпті өздерін блогер есептейтін жас буын жалғастырып кетті. Олардың ұйымдастырған ұтыс ойындарынан кей адамдар қомақты қаржы немесе қымбат темір
тұлпар ұтамыз деп сансыз шарттарға көніп жатады. Ұтпай жатыр депте айта алмаймыз. Ұтқандарын, олжалы болғандарын көзіміз көріп жүр. Мұнан өзге әр түрлі бағаларға ешбір жерде заңды күші жоқ
билеттерді сатып, сол арқылы он мын, жиырма мың, жүз мыңға қол жеткізіңіздер дейтіндердің де қатары көбейген. Бұлар халықтың өз бидайын өздеріне қайта қуырып беріп отырғандар. Өзге атау таппадық мұндай «сонша ақылды» тұлғалар үшін. Жә жалпақ тілмен
айтқанда бұлар жылт еткен жылытпадан қалмайтын көпшілікіті қармағына іліндіргендер. Енді расымен ғаламторды өз пайдасына жаратып, пайда тауып жүргендер әлемдік алпауыт азаматтарға тоқталайық. Солардың бірі күн шығысы еліндегі «Али баба» интернет-дүкенінің негізін қалаушы Джек Ма және дәл осындай ғаламтормен қалыптасқан дүкен, бірақ атауы өзге «Амазонның» иесі Джеф Безос. Бұлар бірнеше жыл сәтсіздіктерге ұшырап, өмірдің түрлі
қиындықтарына төтеп беріп, тәуекел етіп, нәтижесінде әлемдегі ең бай адамдардың қатарына енген есімдер. Мысалы, Джек Ма тұрақты жұмысқа орналасу үшін 34 рет өз түйіндемесін тапсырып, отыз төртінде де құжаттары кері қайтқан қытайлық. Джеф Безос, бұл
америкалық 80-90 жылдары қатардағы қарапайым адамдар санатында болды. Яғни ақшаны оңды-солды шашып, ертеңгі күніне уайымсыз қарайтындардан емес. Алайда осы екі есім иесі ғаламтордың құдіретін ұғынып, сол арқылы күнделікті күйбеңнен қолы босамайтын, таңнан қара кешке дейін тұрақты жұмыс орнында болатын немесе жай ғана жалқау адамдардың қажеттіліктерін қанағаттандыратын, үйден шықпай-ақ өзіне қажетті затқа қол жеткізе алуына мол мүмкіндік жасап берді. Нәтижесі әлем телеарналары мен газет беттерінде жүр, тіпті «FORBES»журналының үздік ондығын бастады бұл азаматтар. Бұл мәлімет қазіргі кезде жүз мыңдаған, миллиондаған оқырмандар жиып алып, ұтыс ойындарын өткізіп жүргендердің қытығына тию үшін мысал ретінде келтірілген
жоқ. Жай көзі қарақты, ойы ұшқыр оқырман үшін құнды ақпарат ретінде жазылды. Қазір инстаграмда көлігі мен ұялы телефонын немесе ақшаларын ойнатып жүрген блогерлер ешбір адамның алдында жауапкершілік арқаламайтынын ұғынған жөн. Олар
тек өздеріне қаржылай қолдау көрсеткендерге есепті. Жоғарыда айтқан халықтың өз бидайын өзіне қуырып берушілердің қатарында «WHATSAPP» әлеуметтік желісінде қаржылық пирамидаларды құрушыларды енгізуге болады. Олар бұрындары базарлар маңында
қаптап отыратын «бес жүз берсең мың аласың, кемпір берсең қыз аласың» дейтіндердің бүгінгі заманауи түрленгендері. Белгілі бір сомадағы қаржы салып, оны екі, үш есе қылып қайтарып алу мүмкіндігін құр жібергісі келмейтін көп адам осындай алаяқтардың
құрбаны болып жатады. Бұл анық пирамида екенін білседе біраз ер мен әйел қолындағы қаржыларын салуға әлі де құмар. Сондағысы оңай олжаға қысқа мерзім ішінде қол жеткізу. Осы тұста жұмыс пен
ақшаның оңай келері жоқ екенін ұғынған жөн. Тапқаның адал болса, ұйқың да тыныш, асың да сіңімді болмақ. Әйтпеген күнде біреуді алдап иемденген ақша мен асыл бұйымың өзің мен ұрпағыңды бір күнде құрдымға жібермесіне ешкім кепілдік бере алмайды.


Рәпіш ТӨЛЕП

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған