QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

ІНДЕТТЕН ҚОРЫҚҚАН ӘКІМ БОЛМАС…

ByQAA.kz

Шіл 24, 2020

Дүниежүілік Денсаулық сақтау ұйымының ресми мәліметі бойынша шілденің 20-на әлем бойынша 14,3 млн. адам коронавируспен ауырған. Ал 600 мыңнан астам адам сол індеттен көз жұмған. Ресми мәліметтер бойынша сауыққандардың саны 8 млн адам ғана. Індетке шалдыққандар саны жағынан АҚШ-та әлем елдері арасында әлі алда. Бұдан бір ай бұрын тәулігіне 20 мың адам індетке шалдықса, қазір тәулігіне 70 мың адам сырқаттануда. Нәтижесінде АҚШ күні кешеге дейін 307 млн. адам ауырып, оның 135 мыңы көз жұмған. Алып мұхиттың ар жағындағы алпауыт елдің де ауруханаларында бос керуерт жоқ. Карантиннен кейін экономиканы қалпына келтіру кейінге ысырылған. Оқу жылының басталу мерзімі де белгісіз. Көңіл көтеру, сауық-сайран орындары, тағы да басқа кәсіпкерлік нысандары жабылған. Тұрғындарға бетперде тағу міндеттелген. Үнді елінде де жағдай қиын. Ауырғандардың жалпы саны 1 млн-нан асқан. 26 мыңнан астам адам өлген. Ал Бразилия елі ауру жұқтырғандар саны жөнінен Үнді елінің алдына шығып, әлем елдері арасында екінші орында тұр. Мұнда 2 млн-нан астам адам ауырып, тәулігіне 40 мың адам сырқаттануда. Әрине бұлардың қай-қайсысында дәрі, дәрігер жетіспейді. Әлемге ортақ жағдай. Дүниежүзідік Денсаулық сақтау ұйымының дабыл қағып отырғаны: бұған дейін індетті жеңген, немесе жаппай жұқтырудан аман қалған елдердің қайтадан індетке шалдығуы. Мәселен мамыр айында індетті індеттік деп уралап, кафе, мектеп, дүкенін ашып, шектеудің бәрін алып тастаған Израил елінде соңғы аптада күніне 2 мың адам ауырып, шектеу шараларына қайта оралуда. Бұдан біршама уақыт бұрын осы ұйым басшысы індет күшейе береді, содан да жеңдік деп қуануға әлі ерте деп бірқатар елдерді ескерткен болатын. Дер кезінде оған құлақ аспаған кей мемлекет басшылары енді өкініп, бармақ тістегенмен пайда жоқ. Біздің де кішкентай «Қызылорда» деген өз әлемімізде індет әзірге шегінбей тұр. Осыдан төрт айдай шамасы бұрын аймаққа басшы болып келген облыс әкімі Г.Әбдіқалықова билігі ел билігіндегі ең қиын кезеңге тап келді десе де болады. Әлдебір төтеннен келген небір ауруларға ұқсамайтын COVID індеті елдің үрейін ұшырды. Жан-жаққа таралуы жағынан жедел, шапшаң қамтылуымен қамсыз елді қапы қалдырған індетке дәрігерлер де дәрменсіз болып шықты. Бәрінен де қиыны ауырған жанға дәріханаларда дәрі жоқ. Ауруханаларда керуерт, емханаларда дәрігер ең жаманы тынысы тарылғандарға тыныстайтын ауа (оттегі) жоқ болды. Қай кезде де сабырын сақтаған Сыр елі бұл індеттің әлегіне төзіммен төзіп-ақ келеді. Дегенменен, сырқатына ем таппаған, дімкәсіне дәрі таппаған, жақыны үшін жанұшырып жүгіргенде дәрігерге қол жеткізе алмай, асылынан, ардақтысынан айырылып, қайғы жұтқан елдің қамсыз қапы қалған билікке өкпесі қара қазандай. Амал жоқ, сын сәтте билік тізгінін ұстаған нәзік жанға ауыр жүк артылды. Қалай болғанда да елдің билікке деген сеніміне селкеу түсірмеу керек.

ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНДАҒЫ БІРҚАТАР НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫ

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда қаласындағы «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан бірқатар нысандарды аралады. Алдымен өңір басшысы Ж.Қизатов атындағы №23 мектеплицейінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын көрді. Білім ұясының жөндеу жұмыстарына «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаржы бөлініп, 100 адам жұмыспен қамтылуда. Оның ішінде 50 азамат қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы алынған. Жөндеу жұмыстары 15 мамырдан басталған және үстіміздегі жылдың соңына дейін бітеді деп жоспарлануда. Облыс әкімі тиісті жұмыстарды сапалы жүргізіп, уақытында бітіруді тапсырды. Мұнан соң Гүлшара Әбдіқалықова М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Бұл нысанның жөндеу жұмыстары 4 мамырда басталған. Бүгінгі күні 74 тұрғын жұмыспен қамтылса, оның 37 қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде жұмыссыз ретінде тіркеліп тұрған азаматтар. Облыс әкімі қала әкіміне жөндеу жұмыстарын жылдың аяғына дейін бітіруді тапсырды. «Карантин экономикамыздың дамуына әсер етуде. Эпидемиологиялық ахуал мен қатар жұмыссыздық мәселесі де күн тәртібінен түспей тұр. Сол себепті мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдаланып, жұмыссыздық мәселесін шешіңіздер. Атақарылып жатқан жұмыстардың сапасына аса мән беріңіздер. Колледждің жөндеу жұмысын жыл соңына дейін аяқтау қажет», – деді облыс әкімі. Сонымен қатар Гүлшара Әбдіқалықова Қазыбек би, И.Журба көшелерінде жүргізіліп жатқан орташа жол жөндеу және «Тағзым» алаңы мен теміржол паркінде жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарын көрді. Қазбек би, И.Журба көшелерін жөндеу мақсатында жалпы 58 жаңа жұмыс орны ашылған. «Тағзым» алаңын абатттандыру жұмыстары 8 шілдеде басталды. 45 адам жұмыспен қамтылуда. Ал, теміржол паркінде атқарылатын жұмыстарға 60 жұмыс орны ашылды. Өңір басшысы қала әкіміне бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуын бақылап, жұмыстарды белгіленген уақытта бітіруді тапсырды. Әрі қарай облыс әкімі мемлекеттік бағдарлама аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан Ә.Молдағұлова атындағы №173 және Н.Ахмадеева атындағы №112 орта мектептерге барды. № 173 мектебіндегі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 35 тұрғын жұмыспен қамтылуда. 11 маусымда басталған жұмыс жыл соңына дейін бітеді деп жоспарлануда. Ал, №112 білім ұясының күрделі жөндеу жұмыстары 14 мамырда басталған. 23 азамат жұмыспен қамтылды. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова білім мекемелеріндегі жөндеу жұмыстары уақытында бітіп, сапалы болуын тапсырды. Айта кетейік, «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қызылорда қаласына 18 млрд. астам тенге бөлініп, 98 жоба жүзеге асырылуда.

ДӘРІЛІК ЗАТТАРДЫҢ БАҒАСЫ БАҚЫЛАУДА

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мен ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Мұхамедов Қызылорда қаласындағы бірқатар денсаулық сақтау нысандарын аралады. Алдымен облыс әкімі мен Сенат депутаты облыстық көпбейінді аурухананың жұмысымен танысып, індет жұқтырған азаматтардың палатасына кіріп жағдайын білді. Бүгінде ауруханада 525 төсек орны бар, одан бөлек инфекциялық науқастарға арналған қосымша 30 төсек орын әзірленген. Облыс аумағында коронавирус инфекциясымен ауырғандарды және қарым-қатынаста болғандарды бақылау мақсатында эпид маусым басында барлығы 760 төсек орын ашылған болатын. Бүгінгі күні эпидемиологиялық ахуалға байланысты 2410 төсек-орнына дейін көбейтілді. Оның ішінде инфекциялық төсек саны 620 орынды құраса, провизорлық төсек орын саны – 1 790. Бүгінгі күні облыс бойынша 64 ИВЛ аппараты істеп тұр. Оның 6-ы – облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында. Бірақ бұл жеткіліксіз. Осы орайда, кәсіпкерлер тарапынан қолдау көрсетіліп, қосымша 13 аппарат жеткізілген. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне 63 ИВЛ аппаратына өтінім берілді. Сондай-ақ, жуырда жергілікті кәсіпкерлер қосымша 32 оттегі концентраторын жеткізді. Оның 15-і аудандарға, 10-ы облыстық жұқпалы аурулар және 7-і қалалық ауруханаларына жөнелтілді. Мұнан соң Гүлшара Әбдіқалықова мен Мұрат Бахтиярұлы «Зерде» дәріханасына барды. «Зерде» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Қызылорда қаласында 3 дәріханасы бар. Аталған дәріханаларға аптасына екі мәрте қажетті дәрі-дәрмек жеткізіліп, толықтырылып отырады. Дәріханалар желісіне халық көп іздеп жүрген «Эуффелин», «С» витамині, «Сумамед», «Ципролет», «В» витаминдер кешені, «Милгамма», «Ремаберин», «Полиоксидоний», «Офло», т.б. дәрілік заттар келіп түсті. Еске салайық, 8 шілдеден бастап Қызылорда облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті мен өзге де құзырлы органдардан, қоғам белсенділерінен құрылған мониторингтік топ жұмыс істеуде. Олар осы күнге дейін 8 емхана, 50-ден аса дәріхана мен СҚ «Фармация» ЖШС дәрілік қоймасына мониторинг жүргізді. Одан кейін өңір басшысы мен Сенат депутаты облыстық жұқпалы аурулар, қалалық ауруханаларының және №6 емхананың жұмыстарымен танысты. Науқастарға амбулаторлы жағдайда медициналық көмектің қолжетімдігін қамтамасыз ету мақсатында және динамикалық бақылауды қажет ететін науқастарды үй жағдайында бақылау үшін 6-шы емхана жанынан мобильді топ жұмыс жасауда. Жалпы облыс бойынша 125 мобильді топ бар. Оның 33 қалада, 28 аудан орталықтарында және 64 елді мекендерде халыққа қызмет көрсетуде. Мобильді топ құрамына 1 дәрігер, 1 орта буын қызметкері және 1 жүргізуші кіреді. Одан бөлек, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен ағымдағы жылдың 13 шілдесінен бастап пневмония диагнозы қойылып, амбулаторлы емді қажет ететін науқастарға «Үй жағдайындағы стационар» қызметі қосылды.

Т.ДҮЙСЕБАЕВ ПЕН А.ҚАЙРУЛЛАЕВТЫ ҚАБЫЛДАДЫ

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Т.Дүйсебаевты және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры А.Қайруллаевты қабылдады. Кездесуде өңір басшысы карантиндік режимге байланысты аймақтағы әлеуметтік төлемдердің жүйелі жүргізілуін тапсырды. «Кейбір кәсіпкерлік нысандарда карантин режиміне сәйкес жұмыс тоқтап тұр. Сол себепті әлеуметтік төлемдердің дұрыс ұйымдастырылуын бақылауға алыңыздар», – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова. Бүгінгі күнге 57 708 адам 42 500 теңге көлемінде қосымша әлеуметтік жәрдемақы алуға өтінім жолдап, 43 482 азаматқа 1,8 млрд. теңге көлемінде көмек көрсетілді. Өтініштер 42 500.enbek.kzпорталы, е-GOV электронды үкімет порталы, телеграмм бот арқылы 20 шілдеден бастап 1 қыркүйекке дейін қабылданады. Аталған әлеуметтік төлем жұмыстарын жүргізу үшін облыстық, аудандық және қалалық деңгейде өтініштерді қарайтын арнайы штабтар жұмыс жасауда. 1 шілдеден бастап биылғы жылдың 1-2 тоқсандарында атаулы әлеуметтік көмек алған 9 023 отбасының өтініші 3-тоқсанға ақпараттық жүйеде автоматты түрде ұзартылып, қайта тағайындау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, шілде айында атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар, барлық жастағы I, II, III топтағы мүгедектер, мүгедек баланы тәрбиелеушілер, жұмыспен қамту органдарында тіркелген жұмыссыз азаматтар, жалпы 63 253 адамға 5567 теңгеден 352,1 млн. теңге төленеді. Атаулы әлеуметтік көмек алуға бірінші рет өтініш беретін азаматтардың өтініштері «e-gov» электронды порталы арқылы қабылдануда. Сондай-ақ, карантин шараларына байланысты тұрғындардың сауалдарына жауап беретін колл орталықтары іске қосылды. – Әлеуметтік көмекке байланысты – 8 (7242) 27 01 11; – 42500 теңгеге байланысты – 8 (7242) 26 38 20.

Қ А Л А Д А Ғ Ы Д Ә Р І Х АН АЛ А РД Ы АРАЛАДЫ

Облыс әкімі Г.Әбдіқалықова Қызылорда қаласындағы Ғ.Мұратбаев, 76 мекен-жайындағы «Europharma», Шұғыла ықшам ауданы,19 мекен-жайындағы «Доктор плюс», Яссауи, 24Б мекен-жайындағы «Farmcity» дәріханаларына арнайы барып, вирусты емдеуге қажетті препараттардың бар-жоғын нақтылады. Аймақ басшысы дәрі іздеп келген қала тұрғындарымен кездесіп, мәселелерін тыңдады. Олардың айтуынша, осы күні көбіне дексаметазон, ингавирин сияқты дәрілер мен дәрумендер және дене қызуын өлшейтін құрылғылар тапшылығы сезіледі. Осыған байланысты Г. Әбдіқалықова Қызылорда қаласының әкімі Н. Нәлібаев пен дәріхана иелеріне тез арада дистрибьюторлармен байланысқа шығып, мәселені шешуді тапсырды. Айта кету керек, қазіргі күні облыс әкімдігі тарапынан кәсіпкерлермен қажетті дәрі-дәрмек алу жөнінде келісім жасалды. Осы күні ірі дәріхана желілеріне дәрілер жеткізіле бастады.

ТҮРКИЯ ЕЛІНЕН ҚАЗАҚСТАНҒА ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ПЕН 30 ӨКПЕНІ ЖАСАНДЫ ЖЕЛДЕТУ АППАРАТЫ (ИВЛ) ЖЕТКІЗІЛДІ

Оның ішінде аппараттың 10-ы Қызылорда облысына берілді. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Тасбөгет кентінде орналасқан облыстық фтизиопульмонология орталығына барып, Түркия елінен келген өкпені жасанды желдету (ИВЛ) аппараттарын табыстады. Аппараттың үшеуі облыстық фтизиопульмонология орталығына берілді. Ал қалған жетеуі өңірдегі өзге ауруханаларға жеткізіледі. Айта кету керек, Түркия үкіметімен бірге қазақ қауымдастығының өкілдері де елімізге қолдау көрсетуде. Жоғарыда аталған орталықта 120 орындық инфекциялық стационар ұйымдастырылған. Оның ішінде 6 төсек жансақтау бөлімі болып ашылған. Бүгінгі таңда стационарда 111 науқас ем алуда, оның 4-і жансақтау бөлімінде. Тағы 9-ы азамат облыстық көпбейінді және қалалық ауруханадан ауыстырылатын болады. Айта кету керек, «Вi-group» құрылыс компаниясы 10 оттегі концентратын фтизиопульмонология орталығына сыйға тартқан.

ҚЫЗЫЛОРДАҒА ӨЗБЕКСТАННАН ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ЖЕТТІ

Қызылорда облысына Өзбекстаннан гуманитарлық көмек келіп жетті. «Ақниет» ЖШС арқылы 240 мыңға жуық медициналық зат әкелінді. Онда емдеу мекемелеріне қажетті медициналық қолғаптар, қорғаныш киімдер, арнайы көзілдіріктер бар. Бұл заттар облыстағы барлық ауруханалар мен емханаларға сұраныстарына қарай бөлінеді. Бұған дейін осындай көмек Қытай мемлекетінен де келген болатын.

Жұмыс сапарымен Жаңақорған ауданына барды

Сапар барысында өңір басшысына аудандағы коронавирус індетіне қарсы атқарылған шаралар мен «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы таныстырылды. Алдымен облыс әкімі Жаңақорған аудандық ауруханасында стационарлық ем қабылдап жатқан науқастардың халжағдайын біліп, аурухананың жұмысымен танысты. Аймақ басшысы пневмониямен ауырып жатқан науқастарға арнайы барып сөйлесіп, жағдайларын білді. Аудан әкімі С.Мақашевқа эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін шаралар қабылдауды және аурухананың жұмысын күшейтуді тапсырды. «Өздеріңіз білетіндей, карантин мерзімі айдың соңына дейін созылды. Эпидемиологиялық ахуал күрделі. Облыс бойынша Жаңақорған ауданы коронавирус індетін жұқтырған адам санынан алдыңғы қатарда тұр. Емделушілерге жақсы жағдай жасап, аудандағы жағдайды тұрақтандыруға жұмыс жасаңыздар», – деді облыс әкімі. Жаңақорған аудандық орталық ауруханасы 2010 жылы пайдалануға берілген. Бүгінгі күні ауруханада 168 дәрігер, 803 орта буын қызметкерлер жұмыс жасайды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аудандық ауруханаға 2 дана ИВЛ аппараты, 1120 дана кислород баллондары алынған. Қазіргі уақытта аудан бойынша COVID-19 вирусымен 292 адам тіркелген. Оның ішінде 230 адам емделіп шықты. Пневманиямен 236 адам тіркеліп, бүгінгі күні стационарда 176 емделуші ем алуда. Одан кейн, өңір басшысы аудандағы бірақатар дәріханалардың дәрі-дәрмек қор мен бағасын тексеріп, аудан әкімдігіне тұрғындар пайдалану үшін дәрілік заттардың жеткілікті болуын және кәсіпкерлер тарапынан қолдан баға көтерілмеуін бақылауға алуды тапсырды. Облыс әкімі сондай-ақ, ескі аудандық аурухана ғимаратынан, № 3 мектеп интернатынан, денешынықтыру және спорт кешенінен ыңғайластырып дайындалған провизорлық орталықтардың жұмысын тексеріп, аудандық аурухананың бас дәрігеріне бірқатар тапсырмалар берді. «Провизорлық жағдайда емделіп жатқан азаматтарға ыңғайлы жағдай жасау керек. Дәрі-дәрмек, оттегімен толық қамтамасыз етілуін қатаң бақылауға алыңыз. Үй жағдайында ем алып жатқан азаматтардың да жағдайы бақылауда болу керек. Қазіргі уақытта тұрғындардың денсаулығы бірінші кезекте тұр», – деді Гүлшара Әбдіқалықова. Ауданда науқастарды уақытылы емдеу орнымен қамтып, үй жағдайында өз бетінше ем алмай, дәрігерлердің бақылауында болу мақсатында, бүгінгі күнге бұрынғы 100 орын провизор стационарына қосымша 180 орын провизор ашылып, жұмыс жасауда. Провизорлық орталықтарда 219 науқас орналастырылған. Науқастарға 89 медицина қызметкері ем жүргізуде. Қызылорда облысында дәрі-дәрмек заттардың жетіспеушілігін жою мақсатында фармацевтикалық компанияларға 86 млн.тенгеге өтінім берілген. Оның ішінде Жаңақорған ауданына дексаметазон, преднезалон, ерітіндідегі аскорбин қышқылы және т.б дәрілік заттарды алуға 10 млн.тенге қарастырылды. Дәрі-дәрмектер бір апта көлемінде жеткізілетін болады. Мұнымен қоса өңір басшысы №51 орта мектептегі «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстарымен танысып, бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын тапсырды. «Мемлекет басшысының тапсырмалары сапалы әрі уақытылы орындалу керек. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы өңірімізге үлкен қолдау көрсетілуде. Сол себепті бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын қатаң бақылауға алыңыздар. Жөндеу жұмыстары сапалы жүргізіліп, пайдалануға уақытылы берілетін болсын», – деді облыс әкімі. Айта кетейік, «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында Жаңақорған ауданына 3 млрд.-қа жуық қаражат бөлініп, 23 жоба жүзеге асуда. Сонымен қатар, бағдарлама аясында 706 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.

Шиелі ауданындағы ем қабылдаушылармен кездесті

Сапар барысында эпидемиологиялық жағдаймен, медицина саласында атқарылып жатқан жұмыстарды және «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының орындалуымен танысты. Аудандық ауруханада стационарлық ем қабылдап жатқан науқастармен арнайы кездесіп, хал-жағдайын біліп, жұмысымен танысқан өңір басшысы бас дәрігерге емделушілерге жақсы жағдай жасалып, дәрілік заттар жетіспеушілігінің алдын алуын тапсырды. «Күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты індетпен күресу жұмыстарын күшейтуіміз қажет. Емделушілерді қажетті дәрідәрмектермен қамтамасыз етіп, дұрыс тамақтануына назар аударыңыздар. Біз үшін әрбір тұрғынның денсаулығы маңызды», – деді облыс әкімі. Мұнан соң өңір басшысы аурухананың ыңғайластырып дайындалған изоляторлық және провизорлық орталығының жұмысымен танысып, мобильді топтардың жұмысын дұрыс үйлестіруді тапсырды. Бүгінгі таңға ауданда коронавирус инфекциясы нақтыланған 167 жағдайы тіркелген. Оның 98-і толық сауығып шығып, қалған науқастар ем алуда. Пневмониямен 170 науқас тіркелген. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес аудандық аурухананың ескі 3 қабатты ғимаратында 200 орын, оның ішінде 80 төсек-орындық изолятор, 120 провизорлық орындар әзірленген. Шиелі ауданы бойынша әр елді мекенде 17 санитарлық мобильді топ құрылып, шақыртуларды қабылдауда. Ал, Шиелі кенті бойынша 5 мобильді топ жұмыс істеуде. Мобильді топтардың барлығына аудандық дербес бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдерінің қызметтік көліктері берілген. Ә р і қ а р а й облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова аудандық дәріханалардың дәрі-дәрмек қорын тексеріп, процедуралық ем қабылдау бөлмелерінің жұмысымен танысты. Сонымен қатар, медициналық бетперделер тігетін «Тоғжан» тігін шеберханасының жұмысын көрді. Өңір басшысы аудан әкіміне дәрілік заттардың бағасын және уақытылы жеткізілуін бақылауда ұстауды тапсырды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес дәрі-дәрмек заттардың жетіспеушілігін жою мақсатында облыстан фармацевтикалық компанияларға берілген өтінімнің 10 млн.тенгесі Шиелі ауданына бөлінген. Бұл қаржы декзаметазон, антикоагулянттар, ерітіндідегі аскорбин қышқылы және т.б дәрілік заттар алуға жұмсалады. Сапар барысында Гүлшара Әбдіқалықова №48 Ә.Қоңыратбаев атындағы мектеп лицейінде «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын көріп, сапаға мән беруді және уақытылы бітіруді тапсырды. Аталған мемлекеттік бағдарлама аясында Шиелі ауданына 3 млрд.-тан астам қаржы бөлініп, 21 жоба жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, өңір басшысы Шиелі индустриалды аграрлық колледжінде қосымша дайындалған 100 орындық провизорлық орталықққа барды. Бұл ғимарат науқастар саны көбейген жағдайда пайдаланылады. Айта кетеу керек, колледждің ғимаратында медициналық бетперде, халат тігетін цех те жұмыс жасауда.

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған