QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

«ХАЛЫҚТЫҢ ЖАҒДАЙЫ ОРТАШАДАН ЖОҒАРЫ»

ByQAA.kz

Сәу 9, 2021

Тасбөгет кентінің әкімі Семсер СЫЗДЫҚОВ:

ХАЛЫҚТЫҢ ЖАҒДАЙЫ

ОРТАШАДАН ЖОҒАРЫ

Қалаға қарасты Тасбөгет кентінде қай салада болмасын алға ілгерілеушілік байқалады. Халықтың тұрмыс сапасы да жақсы деңгейде. Коммуналдық бағытта да тыңдырымды тірліктер бар. Алайда, ауқымды жұмыстарды жүзеге асыруда ондағы тұрғындардың пікірлері қаншалықты еленеді және ескеріледі?! Әкімнің сөзінше, барлық көтерілген мәселелер әкімдік тарапынан әркез назарға алынады. Кентке тиесілі жаңалықтарды толығырақ Тасбөгет кентінің әкімі Семсер Сыздықовпен тілдескен сұхбат барысынан білуге болады.

  • Кентке тиесілі соңғы жағымды жаңалықтармен бөлісе отырсаңыз…
  • Халықтың әбден зәресін алып, қажытып отырған індеттің салдарынан лдің әр өңірінде орын алып отырған жағдайларды ескеретін болсақ, кентке қатысты жаңалық деп 2021 жылдың басынан бергі эпидахуалдың тұрақтылығын айтар едім. Себебі, қай кезде де елдің амандығынан, халықтың денсаулығынан асқан байлық жоқ. Тұрғындар бүгінде аталған дерттің қаупін түсінгендей. Сақтық шараларын барынша қолданып, қоғамдағы жауапкершілікті сезініп отыр.
  • Халықтың тұрмыс деңгейді, халахуалы қалай?
  • Қазіргі таңда жергілікті халықтың жағдайы орташа деңгейден жоғары деп бағалар едім. Кентімізде нағыз қажетті деп есептелетін ауыз су, азық-түлік, табиғи газ, телекоммуникация, көлік қатынасы, аяқ су мәселелері толықтай шешілген. Ендігі елге қажеті – алдымен жұмыспен қамту, күнкөріс көзін тауып, әлеуметтік жағдайды жақсарту, содан соң ғана жолдардың жөнделуі, көшелердің толық жарықтандырылуы деп ойлаймын. Бұны біз тұрғындардың талап-тілегіне, сұраныстарына зерделеу жасау арқылы біліп, назарға алып отырмыз.
  • Білуімше, тұрғындармен кездесулерді жиі ұйымдастыратын көрінесіз. Басым көпшілігі нендей мәселені алға тартады?
  • Иә, әрине, жергілікті жердің басшысы болғаннан кейін халықтың мұңмұқтажын тыңдап, ой-пікірін біліп отыруға міндеттіміз. Осы бағытта бірнеше көшелерді біріктіріп, сол аумақтың тұрғындарымен жиі жиын-кездесулер өткізіп отырамыз. Жиындар барысында тұрғындар жолдарды жөндеуді, көше бойларына жаяу жүргіншілерге арналған жолдар салып беруді, көше қиылыстарына қоқыс жәшіктерін орнатуды өтінеді. Енді бір тұрғындар болса, нәпақасын тауып, кәсіп ашуға, еңбек ету үшін жұмысқа орналасуға көмек сұрайды.
  • Сол мәселелердің түйіні қалай тарқатылып, шешімі қалай
    табылуда?
  • Енді тұрғындардың барлық мәселесін бірден шеше салу мүмкін емес, әрине. Бірақ, қолдан келгенше халық сұранысын қанағаттандыруға күш жұмсап келеміз. Көше бойына тротуар салу алдымен жан-жақты зерделеуді, сонан соң үлкен қаржыны талап ететін шаруа. Дегенмен, тұрғындар өтініштері ескеріліп, басты көшелерге, әсіресе, оқушылардың қауіпсіздігі үшін мектептердің алдына баратын көшелер бойымен жаяу жүргінші жолдарын жүргізуді алдағы жоспарларымызға енгізіп отырмыз. Ол үшін қажетті құжаттарды жинақтап, бюджеттен қаржы сұрап та қойдық. Халықтың несібесіне жобалармыз мақұлданып, қаржысы келіп жатса, кешіктірмей ол жұмысты да қолға алатын боламыз. Бүгінде кентте 52 көше, 2 шағын ауданымыз бар. Алдыңғы жылдары әкімшілік тарапынан көпқабатты үйлердің аулаларына қоқыс тастау алаңдары салынып, арнайы жәшіктер қойылды. Ал, жеке үйлер болса, кез келген тазалық мекемелерімен келісіп, ақысын төлеп ауласына арнайы жәшіктер қойдыруына немесе жинаған қоқыстарын үйлерінің алдынан тұрақты түрде алдыртып отыруларына болады.
  • Бұл одан өзге мәселелер жоқ деген сөз емес. Бүгінде қандай мәселелер өзекті?
  • Кентте жыл сайын атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Алайда,
    жасыратыны жоқ, қордаланып қалған, шешімін табу қиынға соғып отырған мәселелер де жоқ емес. Мысалға, кенттің шағын аудандарында және Есенов көшесінің бойында орналасқан апаттық жағдайдағы көпқабатты үйлер бәрімізді алаңдатып отыр. Алайда, бұл түйткүл де жуырда шешіліп, тұрғындар қала аумағынан салынып жатқан үйлерден жаңа пәтерлер иеленетін болады. Бұл жөнінде облыс басшысы мен қала басшысы өздерінің есепті баяндамаларында сөз еткен болатын. Одан кейінгі мәселе кент аумағынан жаңа емхана салу мәселесі. Тұрғындар кенттегі №4 қалалық емхананың қабылдау бөлмелерінің және мамандардың жетіспеушілігіне наразы. Айтылған орын және маман жетіспеушілік мәселесіне орай, кент аумағынан 400 келушіге арналған типтік жобадағы жаңа емхана салу жолымен шешу көзделіп отыр. Ол үшін құрылысты салуға қажетті жер телімі анықталған. Қазіргі уақытта облыстық денсаулық сақтау басқармасына жоба сметалық құжаттарын дайындау бойынша ұсыныс берілді.
  • Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін кент тұрғындарына түсіндіру мақсатында да жиын өткіздіңіз. Нәтиже бар ма?
  • Кенттегі кәсіп ашуға ниетті, кәсібін әрі қарай жетілдіремін деген азаматтармен жыл басынан бері екі-үш рет жолығып, кездесулер өткіздік. Оларға мемлекеттік бағдарламалардың тиімді тұстары, шағын және орта кәсіпкерлікке ұсынылып отырған жеңілдіктер жайлы түсіндірдік. Бағдарламаларға бұрын тапсырып көрген кәсіпкерлерден жоба әзірлеудегі қиындықтары, қаржы иемденудегі кедергілері туралы пікірлері тыңдалып, қаржы ұйымдарымен байланыс орнаттық, өзара тәжірибе алмасты. Әрине, бүгінде нәтиже байқалуда. Үстіміздегі жылдың 3 айы көлемінде мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бағытындағы 17 жоба ұсынылып, қазір қаржы ұйымдарымен мақұлдануын күтіп отыр.
  • Жыл басындағы халық алдындағы есепті кездесуіңіздегі көтерген тұрғындардың пікірлері қаншалықты ескерілуде?
  • Жылда өткізілетін есепті кездесулер болсын, жоспарлы немесе жоспардан тыс өткізілетін жиындар болсын, барлығында да көтеріліп, қозғалған мәселелер міндетті түрде біздің назарымызға алынып, оларды шешу бойынша жұмыстар жасалды. 2021 жылдың басында өткізілген есепті кездесуде кенттегі ойын алаңдарының жағдайы мен кенттің шеткі аймағындағы Ермекбай Ертуғанов көшесінің жол мәселесі туралы сауалдар қойылды. Кентіміздің аумағында оннан аса балалар және спорттық ойын алаңдары бар. Алаңдардың көбісінің тозығы жетіп, кей бөлшектері сынып, бұзылып қалған. Осы кемшілікті жою мақсатында қазіргі таңда жергілікті бюджет есебінен қаржы бөліп, ойын алаңдарын қалыпқа келтіру және бөліктерін жаңарту бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсын жариялап отырмыз. Естеріңізде болса, 2020 жылы кентіміздің орталығынан «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында жаңа Стритбол алаңы бой көтерген болатын. Бұған қоса, кент аумағына жаңа спорттық нысандар орналастыруға қаржы бөлу жөнінде жақында ұсыныс берілді. Яғни, алдағы бір-екі жылдықта бұрынғы ойын алаңдарымыз жаңарып, жаңадан тағы да алаңдар салынады деген сөз. Кентте жалпы ұзындығы 78,0 шақырымды құрайтын 52 көшенің 35-іне асфальт жабындысы, 14 көшесіне малта тас төселген. Жаңадан қалыптасып келе жатқан аумақтардағы 15 көшеге малта тас төсеу үшін қала бюджетінен қаржы сұратылып, бөлінген қаражат есебінен 2020 жылы жобадағы 12 көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізілген болса, қалған 3 көше бойынша (Қ.Байдәулетов, Қ.Тілеубергенов, Ж.Тәжімов) тиісті жұмыстар ағымдағы жылы жалғасын табады деп отырмыз. Кенттегі 18 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыс және қала бюджеттеріне өтінімдер тапсырылып қойылған болатын. Осы негізде 2021 жылы қала бюджетінен 3 көшеге, жергілікті бюджеттен үнемделген қаржыдан 2 көшеге қаражат бөлініп, қиыршық тас төсеу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы
    жарияланып отыр. Сонымен қатар, 2021 жылы қала бюджеті және кент әкімшілігінің өз бюджеті есебінен кент көшелеріне ағымдағы жол жөндеу жұмыстары да жүргізіледі деп күтілуде.
  • Коммуналдық салаға бағыттаған жұмыстардың орындалуы қалай?
  • Коммуналдық сала бойынша мәселенің бірі көше жарығы екенін жоғарыда айтып өттім. Бүгінгі таңға дейін кенттің 26 көшесіне барлығы 995 дана көше жарығы бағаналары орнатылған. Кенттің өз бюджетінен үнемделген қаражат күшімен 6 көшеге жарық бағаналарын орнату жұмыстарының жоба сметалық құжаттары әзірленіп, облыстық бюджетке өтінім тапсырылды. Бұл жоба мақұлданып, қаржы бөлінген жағдайда тиісті жұмыстар өз деңгейінде жүргізілетін болады. Кент көшелерімен жолда жүру кезінде көліктер мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол белгілерін күтіп ұстауға жергілікті бюджеттен үнемделген қаражат есебінен тиісті жұмыстар жасалуда. Бұған қосымша жаңа жол белгілерін орнатуға және жолақтар сыздыруға бюджеттік өтінім тапсырылды.
  • Кентке тиесілі «Сабалақ» пен «Иіркөл» елді мекеніндегі тұрғын­дармен қаншалықты байланыстасыз? Өзіңіз алғаш әкім болып
    келген тұстарда ондағы тұрғындар базынасын жеткізген болатын…
  • Кентке әкім болып келгелі «Сабалақ» саяжайы және «Иіркөл» ауылы тұрғындарымен бірнеше рет кездестім. Көбісінің айтатыны – Сабалақ аумағына әлеуметтік және инфрақұрылым нысандарын салу мәселесі. Соның ішінде, ауыз су проблемасы шешілуге таяп қалды. 2018 жылы Сабалақ өңірін ауыз сумен қамту мақсатында арнайы жоба әзірленіп, жобаның І кезеңі аясында ұзындығы 17,0 шақырым болатын су құбыры жүргізілген болатын. Жобаны ІІ кезеңін жүзеге асыруға 2020-2021 жылдарға Ұлттық қордан қаржы қаралып, тиісті жұмыстар жүруде.
    Сонымен қатар, қазір саяжайдың кіре берісінен үлкен мектептің құрылысы басталды. Бұл осы аумақтың балаларының сырттағы мектептерге қатынамай-ақ, жақын жерден білім алуына жағдай туғызады. Иіркөл елді мекені кент орталығынан өте қашық орналасқанымен жайылған малы, егіні, тоғанда жүзген балығының арқасында өзін-өзі қамтып отырған ауыл болып саналады. Бұл елді мекенде әсіресе, ауыл шаруашылығы бағытындағы кәсіп пен балық шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол.
  • Тасбөгеттің өзге кент пен ауылдық окргутерден айырмашылығы неде?
  • Тасбөгет кентінің қалаға қарасты басқа елді мекендерден айырмашылығы ең бірінші оның халқының көптігінде. Бүгінгі таңда кенттің және оған қарасты «Иіркөл» елді мекені мен «Сабалақ» саяжайының тұрғындарын қоса есептегенде жалпы халықтың саны 33 мың 116 адамды құрап отыр. Бұл өңіріміздегі кей аудан орталықтарының халқынан көп. Кент қалаға өте жақын орналасқандықтан бұл жерге қоныстанушылардың да саны жыл сайын арта түсуде. Халық көп шоғырланған жерде игерілген жердің де ауданы мен ошақ саны ұлғайып, тіршілік жасауға, кәсіп қылуға, іс дөңгелетуге мүмкіндіктер де көбейе беретіні баршаға аян. Тасбөгет келешекте ауқымды жобалардың ордасы, үлкен өндіріс орындарының орталығына айналатынына сенімдімін және өзім де осы бағытта бар тәжірибемді салып, үлесімді қосуды мақсат тұтамын.
  • Тазалық, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жөнінен қай
    орында дер едіңіз?
  • Тазалық бойынша кент және ауылдық округтер арасында ең алдыңғы қатардамыз деп айта алмас ем. Себебі, мойындау керек, әлі де тазалық мәдениетін, қоршаған орта алдындағы жауапкершілікті сезіне алмай отырған тұрғындарымыз баршылық. Үйден, ауладан шыққан қоқысты көше бұрышы мен қиылыстарға лақтыруды әдетке айналдырып алған. Тазалық мекемелерімен келісім-шарт жасасып, үй алдынан тұрақты алдыртып отыруға көнетіндер саны аз. Қалтасынан қаражатын қимайды. Бұл қоғамның дертінен біз тазалық мәдениетін қалыптастыру арқылы ғана құтыла аламыз. Ол үшін кент басшылығы, ақсақалдарымыз, жастарымыз, белсенді азаматтарымыз, тазалық мекемелері, тәртіп сақшылары, емлекеттік және қоғамдық ұйымдар бірлесіп, халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тазалыққа жанашырлықпен қарауға шақырып келеміз. Қоғамдық орындарда, көшелерде, аулаларда, дария жағалауларында тазалық акцияларын, көше ластаушыларға қарсы күндізгі және түнгі рейдтер ұйымдастырып отырамыз. Қабылданған шаралар біртіндеп нәтиже беріп келеді. Аймағымыздың белді газетіне шыққалы тұрған осы сұхбатымызды да пайдаланып, қала халқына, соның ішінде тасбөгеттіктерге: «Көше тазалығына ұқыппен, өз үйлеріңіздей қарап, кентімізге қызыға қарайтындай қалыпқа келуіне атсалысыңыздар!» – дер едім. Себебі, «көше – біздің ортақ үйіміз» Кенттің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету үшін биылға да жетерлік қаржы қаралып, қазіргі кезде мемлекеттік сатып алу конкурсы арқылы аталған жұмыстарды жүзеге асырушы мердігер мекеме анықталу үстінде. Бұған қосымша кентті абаттандыру жұмыстарына қала бюджетінен қосымша қаржы қаралып, бүгінде тиісті жұмыстар өз деңгейінде жүруде. Жыл басында кент әкімшілігінің өз бюджетінен үнемделген қаржыдан белгілі мөлшерде үлес бөлініп, қазір кенттегі қураған ағаштарды кесу жұмыстары жүргізілуде. Наурыз айының соңғы аптасынан бері «Зеленстрой» ЖШС-нің 3 техникасы көмегімен кенттегі 200-ге жуық қураған ағаш кесілді. Осы және басқа да кентті дамыту, гүлдендіріп көркейту, кәсіпкерлерге ыңғайлы орта жаратып, тұрғындардың әлеуетін арттыру, жұмыссыздықты жойып, халықты еңбекпен қамту бағытындағы жүйелі жұмыстар әрі қарай да жалғаса береді. Ең бастысы, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Халық бізді қолдаса, біз де ел игілігі мен ұрпақ болашағы үшін тынбай тірлік ете береміз деген ойдамын.
  • Сұхбатыңызға рақмет!

Дайындаған Айдана ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған