QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Халық бағасын беретін болады

ByQAA.kz

Сәу 30, 2021

Талсуат ауылдық округінің әкімі Жылқыбай Айбек Жамалұлы:Халық бағасын беретін болады.

Қалаға қарасты ауылдық округтердің қай-қайсысы да өз әлінше ілгерілеуде. Талсуат ауылының да көштен қалмай, алға ілгерілегені қуантады. Тыныштық пен береке орнаған округтегі тұрғындар да разы. Өйткені, жылдан жылға жыр болған жолдар жағдайы жақсарып, жарық бағаналары орнатылуда. Ауыл әкімі Айбек Жылқыбай сұхбат барысында бұл бағыттағы іркімді істер әлі де жалғасын табады деп сендірді.

  • Әкім болғалы ауылға қандай өзгеріс, жаңашылдық әкелдім деп айта аласыз?
  • Осы қызметке 2020 жылдың 9 желтоқсанында келдім. Аз уақытта өзгеріс жасадым деп айта алмаймын. Бірақ, ауылдың экономикалық дамуына барлық күш-жігерімді салып, жұмыс жасап жатырмын. Оны уақыт көрсетеді. Халық бағасын беретін болады.
  • Тағайындалар сәтте бұл қызметті де абыроймен атқарамын деп уәде бердіңіз. Істегі басты қағидаларыңыз қандай? Сөзбен айтқаныңызды іс жүзінде қаншалықты жүзеге асырып жүрсіз?
  • Талсуат ауылы өсіп-өркендесе, экономикалық жағынан одан әрі дамыса, алдыңғы қатардағы ауылға айналса деген ниетпен келдім. Дегенмен де жүзеге асырылатын жұмыстар уақыт еншісінде. Басты қағидам бастаған істі аяғына дейін жеткізу.
  • Ауыл халқының қандай мәселелерінің шешім табуына жұмыс жасаудасыз?
  • Коммуналдық саладан бөлек ауылдық округ тұрғындарынын арасынан көп балалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, аз қамтылған отбасыларға зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Ауылдық округте 26 аз қамтылған отбасы бар. Оларға 2021 жылдың І-ші тоқсанында атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Ауылда 46 мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Ауыл әкімдігінің ұйымдастыруымен, демеушілерді тарта отырып қайырымдылық акциясы аясында 34 отбасына азық-түлік пакеттері таратылды. «Ерназар Мақсұм» мешітінің демеушілігімен 7 отбасыға қатты отын таратылды. Жеке кәсіпкер С. Сыздықов жалғыз басты ананың үйіне демеушілік жасап су желісін тартып, газ орнатып, үйіне жылу және кәріз жүйелерін жүргізіп берді. Екі қабатты екі тұрғын үйге ауыз су желісін кіргізу үшін тиісті мекемемен жұмыстар жасап, демеушілер арқылы ауыз су желісін жүргіздік. Ағымдағы жылдың ақпан айында тұрғын үйдің бірінде орташа дәрежеде өрт оқиғасы орын алып, өрттен зардап шеккен отбасына азық-түлікпен көмектесіп, пеш орналасқан бөлмесін қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргіздік.
  • Ал кешегі есеп беру жиынында көтерілген мәселелер қалай реттелуде?
  • Есеп беру жиынында ауылдағы Ақмешіт, Астана көшелеріне көше жарығын жүргізу және Орынбор көшесіне орташа жол жөндеу турасында екі сұрақ қойылды. Биылғы жылы «Ауыл-Ел Бесігі» бағдарламасы аясында Талсуат ауылдық округіндегі ұзындығы 4,7 шақырым болатын 9 көшеге орташа жол жөндеу және ұзындығы 1,7 шақырым болатын 5 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне құжаттар дайындалып өткізілді.
  • Аядай ғана ауылда тұрғындардың кәсіпке деген қызығушылықтары қандай және оларға қолдау қай деңгейде көрсетілуде?
  • Ауыл тұрғындарының кәсіпкерлікке деген бет бұрысы жаман емес. Талсуат ауылы шағын ауыл, тұрғындар ауылдық округ аумағындағы 3 әлеуметтік мекемелерде жұмыс жасайды. 2021 жылдың 4 айында 5 кәсіпкерлік субъекті тіркеліп, барлығы 4 адам жұмыспен қамтылды. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 20172021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы бойынша 200 АЕК қайтарымсыз грантты 2 тұрғын алды. Тіркелген кәсіпкерлік нысандары 114ке жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 4,4% өсіп отыр. Мемлекеттік бағдарламалар аясында жыл басынан бері 21 адамға консультация берілді. «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржылық ұйымынан 3 азамат несие алуға құжаттарын жинақтады. Несие көлемі 12,0 млн. теңге. Алдағы уақытта аталған жобалардың қорғалуы күтілуде.
    Ал «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 1 азамат түйе шаруашылығымен айналысуға 4,0 млн теңге болатын жобаға құжаттарын жинақтауда. Сонымен қатар, 2021 жылдың 5 наурызында қала әкімдігінің ұйымдастыруымен тұрғындарға «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында жиналыс өткізілді. Шағын бизнестің негізгі мақсаты – халықты жұмыспен қамту, оның әлеуметтік мәселелерін шешу, еңбекке деген белсенділігін арттыру. Алдағы уақытта жаңадан ашылатын кәсіпкерлік нысандары арқылы жұмыссыздарды жұмыспен қамту жүргізіледі.
  • Тұрғындардың қызығушылығы қай салаларға бағытталған?
  • Тұрғындардың басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысуға қызығушылық танытуда. Кәсіпкерлік саласын дамытуға да бет бұруда.
  • Ауылда қай салалар ақсап тұр? Оны ілгерілету үшін қандай ой,
    жоспарларыңыз бар?
  • Ауылдық округте спорт саласы бойынша жұмыстар жүргізуіміз қажет. Аталған саланы дамыту мақсатында Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты Қайрат Шаршыбекұлының демеушілігімен ағымдағы жылдың 23 сәуірінде жаңа заманауи футбол алаңы пайдалануға берілді. Одан бөлек, ауылда екі балалар ойын алаңы бар. Тұрғындар жаңадан қоныстанған аймаққа ойын және жаттығу алаңдарын салу үшін жобалаусметалық құжаттары дайындалуда. Жобалау-сметалық құжаттары дайын болғаннан кейін қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне бюджеттік өтінім берілетін болады.
  • Осы жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бірқатар көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп едіңіз. Орындалу барысы қалай?
  • Қазіргі таңда, Талсуат ауылдық округіндегі Орынбор, Атырау, Ақмешіт, Алматы және Арал көшелеріне орташа жол жөндеу жұмыстарына қаржы қаралған. Алдағы уақытта жол жөндеу жұмыстары басталатын болады.
  • Мал ұрлығы жиі орын алатын көрінеді…
  • Өткен жылдың соңында Талсуат ауылдық округінде 4 мал ұрлығы орын алып, оның 2-і ашылған. Қалған 2 мал ұрлығын ашу бойынша жұмыстар атқарылуда. Осы жылдың 4 айында 1 мал ұрлығы орын алып, қазіргі уақытта анықтау бойынша Қызылорда қаласының полиция басқармасымен жұмыстар жүргізілуде. Талсуат ауылдық округінің жергілікті учаскелік полиция инспекторларымен бірлесіп «Мал ұрлықтарының алдын алу бағыты бойынша» түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, ауылдық округке жауапты жергілікті учаскелік полиция инспекторларын қоса алғанда, жедел әрекет ету және азаматтардың сенім денгейін арттыру мақсатында «Whatsapp» мессенджері арқылы чат құрылды. Онда ауыл тұрғындары барлық құқық бұзушылықтар, оның ішінде орын алған проблемалар туралы хабарлауға мүмкіншіліктер туып отыр. Аталған жұмыс барысында малды ұстау орындарының көп жағдайда жабу құралдарымен жабдықталмаған, осы ретте мал иелеріне өз шаруашылықтарын қоршалған қоралармен жабдықтау қажеттілігі түсіндіріліп, өз иелігіндегі малдарға міндетті түрде таңба салу қажеттілігін және тиімділігін, бұл ретте ұрланған малды іздеу бойынша жұмысты жеңілдететіндігі жөнінде түсіндірілді.
  • Талсуаттықтарды осы жылы қандай жағымды жаңалықпен қуантасыз?
  • Ауылымыз шағын болғанымен мектебіміз, ауылдық дәрігерлік амбулаториямыз, мемлекеттік және жеке балабақшамыз бар. Елді мекендегі көшелерге кезең-кезеңімен жол жөндеу жұмыстары, жарық бағаналары орнатылуда. Биылғы жылғы ауыл тұрғындарын қуантатын жағдай «Ауыл-Ел Бесігі» жобасы аясында 5 көшеге орташа жол жөндеу және «Өңірлерді дамыту бағдарламасы» аясында 1 көшеге орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Ауылдың қоғамдық көлік қатынайтын көшесіне жаңа заман талабына сай аялдамалар орнату жұмыстары жүрді. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының 3 әлеуметтік мекемелерде жұмыс жасайтынын жоғарыда айтып өткен болатынмын. Осы аталған әлеуметтік мекемелерге ауылдың орталық көшесінен түрғындар қатынайтын арнайы жол салынатын болады.

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған