QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Халық – қазы, халық – төреші

Автор:QAA.kz

Фев 22, 2021

Президенттің жыл сайынғы Жолдаулары сот саласындағы жұмысқа серпін беріп, ел заңнамасының толығуына игі ықпалын тигізіп келе жатқаны рас. «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деген атпен көпшілікке жол тартқан Жолдауда да мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарапайым халықтың қалауын орындап, қажеттілігін қамтамасыз етудің тетіктерін ескерген. Соның ішінде азаматтардың жария-құқықтық дауларда жеңіліс тауып келе жатқаны президентті бейжай қалдырмаған болатын.

Халық – қазы, халық – төреші. Біздің қызметіміздің нақты бағасын беретін де ел тұрғындары. Сондықтан кез келген заң әуелі халықтың талабын басшылыққа алуы тиіс. Қандай бастама, реформа қолға алынса да оның негізгі мақсаты халыққа тиімді, сапалы, жедел, оңтайлы қызмет көрсетуге бағытталуы керек. Жолдауда мемлекет басшысы билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде қарапайым халықтың көп жағдайда теңсіздікке тап болып, ұтылыс табатынына назар аударды. Ал мұндай жағдайдың қалыптасуы мемлекеттік қызметкерлердің өзін жоғары сезініп, ісіне жауапсыз қарауына алып келеді. Мемлекеттік қызметкерлердің әрекетіне көңілі толмайтын, әрекетсіздігінен зардап шегетін азаматтардың көбеюі билікке деген сенімді төмендетеді. Сондықтан бұл мәселені заңдық тұрғыдан реттеу жедел шешуді қажет ететін түйткіл еді. Ал президент мұның кілті – әкімшілік әділет институтында екенін қадап айтты.Жолдауда берілген тапсырманы басшылыққа алған Жоғарғы Сот пен Әділет министрлігі биылғы жылы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті бірлесіп дайындаған болатын. Бұл құжат мемлекеттік аппарат пен қарапайым халық арасындағы жария-құқықтық даудағы теңсіздікті болдырмауды, азаматтардың өз мүддесін қорғауына қосымша жеңілдіктер беруді көздейді.

Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен қолданысқа енетін заңнамада әкімшілік әділетті нығайтудың барлық мүмкіндігі қарастырылған. Соған сәйкес енді дауларды шешу барысында сотқа қосымша айғақтар жинау бастамасын көтеру құқығы берілді. Істің ақ-қарасын анықтау үшін судья өз құзыреті шегінде қажетті анықтамаларды алдырып, қосымша дәлелдер сұрату мүмкіндігіне ие болды. Әкімшілік әділет жүйесінде судьяның белсенді рөлі қағидаты тараптардың теңсіздігін жоюға жәрдемдеседі.Сондай-ақ егер, әкімшілік процеске қатысушылар ұсынған дәлелдемелер жеткіліксіз болса, сот оларды өз бастамасы бойынша жинайды, ал тараптар сотқа істің нақты мән-жайларын зерттеуге және дәлелдемелерді жинауға жәрдемдесуге міндетті. Ең бастысы, бұдан былай аталған дәлелдемелерді жинақтау міндеті жеке азаматқа немесе бизнеске емес, мемлекеттік органға жүктелетінін ерекше атап өткен жөн. Себебі жеке азаматтармен, заңды тұлғалармен салыстырғанда мемлекеттік құрылымның әлеуеті де, құзыреті де кең. Бір ортаға бірнеше білікті заңгерді топтастырып, өз мүддесін қорғайтын мемлекеттік құрылымдардың ресурсын азаматтардың мүмкіндігімен салыстыру қиын. Осы ретте заңнамадағы барлық қарама-қайшылықтар мен дүдәмал тұстардың азаматтар пайдасына жазылатыны да оң шешім деген дұрыс.

Бұл заң құқықтық жүйе үшін жаңа құжат, қоғамға бетбұрыс жасайтын тың заңнама. Кодекс екі негізгі бөліктен тұрады. Біріншісі әкімшілік рәсімдерге бағытталса, екіншісі әкімшілік сот ісін жүргізудің заңдық қағидасын реттейді.Әкімшілік сотта әкімшілік іс дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы, әрекет жасау туралы, тану туралы талап қоюлар негізінде қозғалады.Кодексте жария-құқықтық қатынастардан туындаған дауларды бейбіт жолмен реттеуге, яғни татуластыру рәсімдерін кеңінен қолдануға да назар аударылған. Тараптар әкімшілік процестің кез келген сатысында,судья шешім шығару үшін кеткенге дейін татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасай алады. Бұл әкімшілік істі толығымен немесе ішінара аяқтауға септігін тигізеді.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексті дайындау барысында Еуропа елдеріндегі әкімшілік әділет жүйесінің жұмысы жан-жақты зеределенгені мәлім. Өйткені бұл елдерде жария-құқықтық дауларды сапалы шешудің тәртібі толық қалыптасқан. Ұлттық менталитетіміз бен озық елдер тәжірибесі ескеріле отырып дайындалған жаңа заңнама халықтың өз құқығын кедергісіз қорғап, әділдікке, тура төрелікке деген сенімін нығайтады деген ойдамыз.

Руслан Алдамбергенов,

Қызылорда облысы

Сырдария аудандық сотының төрағасы

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *