2021 ж. Сәуір 14

Гендерлік теңдік

Бүгінгі өмірлік жағдайда гендерлік мәселеге қоғам тарапынан көптеп назар аударылуда. Біздің халқымыз ер-азаматты шаңырақ иесі десе, әйел –ананы отбасының алтын қазығы деп бағалаған. «Халық айтса қалт айтпайды» дегендей ерлі-зайыпты адамдарға арнап айтылған осы бір теңеу ғасырдың тереңінен, өмірдің бай тәжірибесінен шыққан болса керек. Бұрын «әйел теңдігі» ұғымы мәселе болса, бүгінгі күні ол «гендерлік теңдік» деген үлкен саяси ғылымға жалғасып, Елбасымыздың қолдауымен осы гендерлік теңдік аясында «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» Заң қабылданды. Бұл Заң тек әйелдерге ғана емес, отбасының басқа да мүшелерінің тең құқықтарын сақтап, тұрмыстағы қысымды болдырмауға ықпал етеді

Гендерлік саясатты мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты ретінде жүзеге асыру экономиканың, әлеуметтік саланың дамуымен, әйел мен ердің тең құқығының конститутциялық принциптерімен қамтамасыз етілген. Гендерлік компоненттердің қоғам өмірінің барлық саласына белсенді қатысуы гендерлік теңдікке қол жеткізуге үлкен мүмкіндіктер береді. Сондай-ақ, қоғам гендерлік саясатты тек қағаз жүзінде ғана емес, сонымен қатар қоғамның өзімен қоғамдық ұйымдар, БАҚ және т.б. арқылы жүзеге асыру тиіс екендігін түсінуі қажет.

Айта кету керек, әйелдер қай салада қызмет етпесін, өз беделдерімен қатар, сол сала жауапкершілігін де арттырып, жұртшылық құрметіне бөленуде. Әрбір істің қиыншылығы мен қызықшылығы, жетістігі мен жемісі болады. Әйелдер қолы тимеген сала жоқ десек артық айтқандық емес. Мемлекет қайраткері, батыр, ел басқарушысы болған көрнекті әйел тұлғалардың есімдері белгілі. Бұл елімізде әйелдер қауымының гендерлік теңдікке біршама қол жеткізгендігін білдіреді. Дегенімен, гендерлік теңдікке толықтай қол жеткізу үшін заңнамалық құжаттардың күші жеткіліксіз, өйткені бұған негізінен халықтың менталитеті мен дәстүрлі түсініктер де ықпал ететіні сөзсіз.

Қазіргі таңда, мемлекеттік қызметшілердің бәрі бірдей өз қызметінде әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы конвенция ережелерін басшылыққа алып жұмыс жасауда. Жұмыс барысында қандай да бір тыйым көрмей, өз қызметін ықыласпен атқаруына толықтай мүмкіншілік жасалған. Бұл да болса алдыңғы қатарлы елге ұмтылудағы ерекшеліктердің бірі.

Қорыта келе, өркениетті елімізді дамыту үшін әйел, ер деп бөлінудің қажеті шамалы. Себебі қай топ болмасын өз белсенділігі мен іскерлігін ортаға салып, елге деген сүйіспеншілікпен беріле жұмыс атқарса, нұр үстіне нұр болары анық. Ақылды әйел қашанда отбасы мен қызметін бірге ала жүріп, әлемнің бесігін тербетуге құдіреті жеткілікті.

Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу сотының бас маман-сот отырысының хатшысы Н.Асылбекова

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған