QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Есепті кездесуге кімдер келді?

ByQAA.kz

Сәу 5, 2019

Өткен жылдан бастап Ішкі істер департамент басшылары да ел алдына шығып есеп беруді бастады. «Үкіметтің, министрлердің, барлық деңгейдегі әкімдердің, полицияның, прокуратураның, соттардың басты мақсаты – азаматтардың құқығын қорғау. Мұндағы менің басты ұстанымым анық, айқын. Бұл – заңның үстемдігі. Заңнан жоғары ешнәрсе болмауы керек. Орталық және жергілікті органдардың басшы­ларына қатысты орынды шағым түскен жағдайда олардың бәрі жазаланатын болады. Сондықтан басшылар халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет. Жылына бір рет ұйымдастырылатын есеп беру кездесулері – көзбояушылық. Халықпен күн сайын бірге болып, қоян-қолтық жұмыс істеуі керек. Жемқорлықпен күрес күшейе түседі», – деген болатын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Өткен аптада Қызылорда облыстық Ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қайрат Мұхитов бұдан бұрын халықпен кездесіп, ел алдында атқарған жұмысына есеп берді. Естеріңізге сала кетейік, Қайрат Мұхитов өткен жылдың қараша айында да халықпен жүздескен болатын. Қараша айында өткен жиында 2018 жылдың 10 айында 5962 қылмыс тіркеліп, қылмыс саны өткен жылмен салыстырғанда 14%-ға төмендесе, биылғы есепті кездесуде 2018 жылы қылмыстар саны 8,2 пайызға төмендегені айтылды. Сонымен бірге бұзақылық, мал мен пәтер ұрлығы саны азайған. Қызылорда облысы Республика көлемінде криминогендік ахуалы тұрақты, әрі қауіпсіз 3 облыстың біріне айналып отыр.

Кездесу басталмас бұрын ішкі істер департаменті­нің бастығы ішкі істер саласында қызмет атқарып, жауапкершілікпен абыройлы еңбек етіп, құрметті зейнеткерлікке шықса да, полицияның қоғамдық жұмысына күнделікті араласып, жас қыз­меткерлерді үйретіп, патриоттық сезімге тәрбиелеуде өз үлестерін қосып жүрген ішкі істер органдарының зейнеткерлері Ж.Абишевті, А.Ибраимовты, Б.Нұр­жановты, Б.Жанжігітұлын Алғыс хатпен марапат­тады. Сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті және заңдылық­ты нығайту жолында азаматтық парызына адалдық­пен қарап, орын алған қылмыстардың жолын кесуге, ашуға өз үлестерін қосып, қырағылық танытып полиция қызметкерлеріне көмектескен Шиелі ауданының тұрғыны, мал ұрлығы бойынша күдіктіні ұстауға көмектескен Т.Бигенов, Қазалы ауданының тұрғыны, бір үйдің 3 жасөспірім балаларын өрттен құтқарған С.Алимаев, Жаңақорған ауданының тұрғыны, полиция қызметкерлеріне көмектескен Ә.Мұсахан Алғыс хатпен марапатталды.

Жиында құқық бұзушылықтардың алдын алу, нашақорлық, қылмыспен күрес нәтижелері туралы жан-жақты баяндалды. Тұрғындармен кездесу жиынын департамент бастығы Мұхитов Қайрат Болатұлы ашып,   қылмыстық ахуал және қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы атқарылған жұмыстар туралы айтып берді. Оның айтуынша, «Қауіпсіз аула» тәжірибесі негізінде көп қабатты үйлердің аулаларына, подъездеріне   бейнека­мералар,   кодты құлыптар мен домофондар орнату туралы ұсыныс беріліп, тұрғындардың өз қаражаты есебінен бірқатар көп қабатты үйлер жөндеуден өтті. Мысалы, қаладағы Панфилов көшесі 23 үй мен Бектұрғанов көшесі 15 үйдің ауласына бейнебақылау камералары, подъездерге домофондар, кодты құлыптар орнатылып, нәтижесінде осы аулаларда жасалған қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың саны 10,4 пайызға азайды.

Қылмыс саны қысқарды

– 2018 жылы облыс көлемінде 7237 қылмыс тір­келіп, 2017 жылмен салыстырғанда 8%-ға төмендеді. Қазіргі таңда мал ұрлығы күрделі мәселелердің біріне айналды. Мал тасымалдайтын көлік құралдарын тексеру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Егер тиісті құжаттарсыз мал тасымалдаған көлік анық­талған жағдайда, полиция бөлімдеріне жеткізіліп, ветеринария қызметкерлерімен бірлесіп, тексеру, есепке алу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге мал сойылатын, сатылатын орындар бақылауға алынып, жергілікті жерлерде учаскелік полиция инспекторлары мал жайылатын өрістерді жиі аралау­да. Өткен жылы 5 рет жедел профилактикалық іс-шаралары өткізіліп, нәтижесінде мал ұрлығы кәсібі­не айналған 144 қылмыскер ұсталды. Сырдария ауда­нында мал ұрлығымен айналысқан 16 адамнан тұра­тын қылмыстық топ құрықталды. Олардың 19 эпи­зод­тық мал ұрлығын жасағандары дәлелденді. Өткен жылы облыс көлемінде 376 есірткі қылмыстары тіркеліп, заңсыз айналымнан 132 кг есірткі заты алынды,- деді Қ. Мұхитов.

Қоғамдық тәртіп – қауіпсіздіктің негізгі талабы

Қайрат Болатұлының баяндамасынан байқаға­нымыздай облыс көлемінде тіркелген жол көлік оқиғалары 19%-ға өсіп отыр. Жол апаттарына негізгі факторлар: соңғы 3 жылдың ішінде автокөліктердің көбейгені және жол тораптарының ұзарғандығы. Екіншіден, Батыс Қытай, Батыс Еуропа автомагис­тра­лының республика бойынша 30 пайызы Қызыл­орда аумағына тиесілі. Жол көлік оқиғаларының орын алуына осы автомагистрал­дің ортасында бөлінетін қоршау жоқтығы әсер етеді. Жол апаттарының алдын алу мақсатында жол жүру ережелерін бұзғаны үшін 86 мыңнан астам құқықбұзушылық анықталып, әкімшілік шара қол­данылған. 2018 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Арал мен Қазалы аудан­дарының қылмыс­тық деңгейі жоғары болатын. Рейдтік іс-шара­лар нәтижесінде жыл қорытынды­сымен Арал ауда­нында қылмыс саны тұрақталып, Қазалы ауда­нын­да бұл көрсеткіш 15%-ға төмендеген.

– Облыс орталығында орналас­қан 272 бейнебақылау камералары мен 17 мыңға жуық әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, 75 қылмыс ашылды. Қазіргі уақытта қосымша мыңнан аса бейнебақылау камералары орнату жұмыстары жүргізілуде. Соны­мен қатар, жол картасы аясында полицияның тұрғын­дармен жұмыс жасауының жаңа форматы енгізіліп, облыстың барлық полиция органдарында азамат­тарды қабылдайтын фронт офистар ашылды. Қазіргі уақытта фронт офис халыққа қызмет көрсету орталығы үлгісінде қызмет көрсетуде. Полиция­ға деген сенімді арттыру мақсатында әрбір сыни материалдарға баға беріліп, деректер бойынша шұғыл шаралар қабылдаймыз. Бір қызметкердің заңсыз әрекетімен барлық поли­ция­ға баға беру дұрыс емес,- деді Қайрат Мұхитов.

Ұрлық фактісі азаймай отыр

Қызылорда облыстық Ішкі істер департа­ментінің бастығының баяндамасынан кейін,   Қызылорда қалалық Полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Дәулет Бер­кімбаев   атқарған жұмыс пен алдағы міндеттер туралы есеп берді. Полиция полковнигінің айтуынша, өткен жылдың 12 айында атқарылған кешенді жұмыстар нәтижесінде   облыс орталығында қылмыстың тіркелуі   9 пайызға азайған. Өткен жылы тіркелген 4800 қылмыстың 58,8   пайызы ұрлық болып отыр.

Айта кету керек, биылдан бастап қылмыстық заңнамаға өзгерістер енгізілген. Мүліктік шығын көлеміне қарамай, бірнеше рет жасалған ұрлық пен алаяқтық қылмыс ауыр қылмыс қатарына жатқызылады. Яғни, екі рет ұрлық жасалса, ұрыны бас бостандығынан шектеп, қамауға алуға болады. Зорлау қылмысы 23 пайызға, тонау 26 пайызға артты. Қараша айында алаяқтық қылмысы 13 пайызға өссе, бүгінде 15,2 пайызға артты.

– Жасөпірім арасындағы құқықбұзушылық көбейіп тұр. Қалада 54 білім беру орны, 21 кәсіптік колледж, 3 жоғары оқу орны бар. Есептік мерзімде әртүрлі құқықбұзушылық жасағаны үшін 2077 жасөспірім басқармаға жеткізіліп, оларға шара көрсетілсе, олардың 1800-нің ата-анасына әкімшілік шара қолданылды. Қалалық әкімшілік жанындағы 23 рет кәмелеттік жасқа толмағандар комиссиясы отырысы өткізіліп, онда 13 ата-ана ата-аналық   құғынан айырылды. 2018 жылы жол көлік оқиғалары облыс орталығында 36,8 пайызға,   қайтыс болғандар 50 пайызға, жарақат алғандар 26,5 пайызға артты. Құқықбұзушылық оқу маусымы басталған уақытта көбірек орын алады. Колледждерде инспекторлар болуы жүктелмеген. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 6 колледжде мектеп инспекторлары бар. Бір тұлғаның бірнеше мәрте құқық бұзуы сандық мәліметті жоғарылатып отыр, -деді Дәулет Беркімбаев.

Кездесу барысында облыс тұрғындары тікелей департамент бастығына өз сауалдарын жолдады. Тұрғындар өз сауалдарын электрондық пошта, әлеуметтік желілер, ресми веб-сайт және де телефон арқылы жолдауларына мүмкіндік алды. Барлығы 20-ға жуық сұрақтар мен ұсыныстар келіп түскен.

Ольга Чебакова: Қызылорда да сауда орындары мен қоғамдық орындарда кәмелеттік жасқа толмаған балалар халықтан ақша сұрап, көшеде жүреді. Әлеу­меттік желілерде осы мәселе қызу талқыланды. Бұл мәселе жөнінде қараша айында   полиция департаментіне де хат жаздық.   Осы уақытқа дейін хатымызға жауап келмеді және ешқандай нәтиже жоқ.

Ішкі істер департаментінің криминалды полиция басқармасының бастығы Нұрбол Сәден:

Бүгінгі таңға бізге ондай арыз-шағым түскен жоқ. Алдағы уақытта тексеріс жүргізіп, қосымша хабарланады.

Қала тұрғыны:

Қайрат Мұхитов, баяндамаңызда   Қызылорда қаласы бойынша 1400 бейнебақылау камералары орнатылады дедіңіз. Оның қанша пайызы бүгінгі таңда орнатылды? Қызылорда қаласы бойынша қанша камера жұмыс жасайды? Әлеуметтік желіде көргеніміздей, Қызылорда қаласында соңғы 3-4 айдың ішінде жол-көлік оқиғасынан адам шығыны орын алды. Бірақ жол-көлік оқиғасының жәбір­ленуші тараптарының барлығы кінәліні әлеуметтік желі арқылы куә адамдарды іздеу арқылы тауып жатыр. Сонда полиция қызмкеткерлерінің және бейнебақылау камералардың көмегі қаншалықты?

Қызылорда облыстық Ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қайрат Мұхитов:

– Қалада 272 камера бар. Алдағы уақытта 1400 камера орнатылады. Камераның барлығы қымбат. Камера тек қоғамдық жерлерге ғана емес, үй аулаларына да қойылады. Бейнежазбалар алынып, қылмыстық істер тіркеледі.

Жиын соңында   қала тұрғыны, ардагер Махамбет Ерманов полиция қызметкерлерінің атқарып жатқан жұмыстарына көңілі толатынын айтып, алғысын білдіріп, ел тыныштығын қорғау жолындағы қажырлы еңбектеріне сәттілік тіледі.

Жасыратыны жоқ, бүгінде қоғамда полицей­лердің қызметіне жиі сын айтылып жатады. Полиция қызметінің жұмысы халықтың сенімі арқылы бағаланады. Алдағы уақытта полицей қызметкерлері кезекті аттестациядан өтеді. Бұл сынақтан сүрінбей өткендер ғана халыққа қызмет етеді. Полиция қызметкері әрқашан халыққа жақын, әрі ашық болуы тиіс. Мұндай кездесулер полицейлерді халыққа біртабан болса жақындатады дейміз. Алайда, жиын біткен соң, «Бүгін осы кездесуге қатысу үшін бізді жұмыстан босатты емес пе, үйге қайтамыз» деп бір топтың риза болып айтып бара жатқанын құлағымыз шалып қалды. Сонда есепті кездесуге, қарапайым халық емес арнайы адамдар келеді ме?…

А. ОМАШ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған