QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Енді елдің мәселесіне есінеп қараған адамға жақсылық болмайды

Автор:QAA.kz

Июн 20, 2019

«Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ержан Байтілес: 

КӨРГЕН МЕН ОЙҒА ТҮЙГЕН

Өмір өзгерді. Өзгергенін көз көрді. Көп дүниеге қайта қарап, сараптап, ой елегінен өткізіп, қорытынды жасау қажет. Әуелі, қоғамдық санада трансформация жасаған ләзім ғой деген ойдамыз. Себебі ағын судай арқырап өтіп жатқан өмірде ешқандай қозғалыссыз, қамсыз қарап отыруға болмайды. Әсіресе, бұл — биліктің екі тізгін, бір шылбырын қолына ұстаған, осы елдің тағдырына тікелей жауапты шенді-шекпенді азаматтарға тікелей қатысты дүние деп білеміз. Осы дүйсенбіде партияның облыстық филиалының кеңейтілген саяси кеңесін өткіздік. Осы жиын үстінде аймақ басшысы, облыстық филиал төрағасы Қырымбек Көшербаев жұрттың ойында жүрген біраз мәселені ортаға салды. Нақты тапсырмалар берді. Енді соның бірнешеуіне жеке тоқталайық.

АРЫЗ-ШАҒЫМ ТУРАЛЫ

Есік жағалап жүрген ел көп. Әртүрлі арызбен, әрқандай шағыммен табанынан тозып, мәселесі шешілмеген соң жүйкесі қозып, ақыры үміті үзіліп, өкпесі қазандай болған адамдарды жиі көреміз. Мәселенің мәні: жергілікті және жоғарғы билікте отырған кейбір кісілердің өз ісіне немқұрайлы қарағанынан. Егер алдына келген адамның шаршаусы шешілсе, я болмаса, жөні түзу жауап алса, ешкім есік жағаламас еді, шаршамайды, өкпелемейді. Жұмысы бітпеген соң, жыны келеді. Қарсылық пайда болады. Осыған байланысты Қырымбек Елеуұлы былай деді: — Тұрғындардан түскен арыз-шағымдарды жергілікті атқарушы органдар тыңғылықты қарап, оның орындалуын және мәселенің шешілуін қатаң бақылауға алсын. Арыз-шағымдардың орындалу барысына тоқсан сайын талдау жасап, қорытындысын баяндап отырыңыздар. Бұдан бөлек «Сырғытпа жауап пен сөзбұйдалыққа салған қызметкерлер, лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігі, қажет болса партиядан шығару және қызметтен босату мәселесіне дейін қаралатынын қатаң ескертемін!»,- деп қосты. Енді елдің мәселесіне есінеп қараған адамға жақсылық болмайды.

ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖАЙЫНДА

Біздің қоғамды шідерлеп тұрған кеселдің негізгісі — жемқорлық. Бармақ басты, көз қысты әрекет тиісті қаражаттың өз нысанына жетпей, орта жолда әлдекімнің қалтасында қалып қойып жатқан фактіні жиі естиміз, көреміз. Мұның соңы — сапасыздық. Яки, қолға алынған әрбір бастамаға қажетті қаржы өз орнымен жұмсалмағаннан соң, сапасыз нәрсе шығады. Ол наразылық тудырады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз қызметін жемқорлықпен күрестен бастайтынын қадап айтты. Қырымбек Елеуұлы сыбайластықпен сыйласқан, жемқорлықпен ауыз жаласқандарға да ешқандай кешірім болмайтынын анық аңғартты. «Президент қарамағындағы қызметкер сыбайлас жемқорлықпен айыпталып, қылмысы дәлелденетін болса, оған тікелей басшы жауап беретінін ескертті. Осы ұдайы естеріңізде болсын!»,- деді ол.

МАСЫЛДЫҚ МЫСАЛЫ

Бес саусақтың бірдей еместігі сияқты қоғамда әртүрлі адамдар бар. Бірі маңдай тер, табан ақысымен нәпәқасын теріп жеп, бала-шағасын асырап жүрсе, енді кейбіреулер аяғын аспанға асып қойып күнелткісі келеді. Берген жұмыстан бас тартып, «мені асыраңдар» деп отырған адамдардың мысалын бірталай көрдік. Оны сіз де байқаған боларсыз. Ал енді осы дұрыс па? Санасында сәулесі бар адам дұрыс дей қоймас. Сондықтан бізге осындай ойдан,

психологиядан арылатын кез жетті. — Өкінішке орай, қоғамдағы мына бір келеңсіз көрініс туралы да айтқым келеді. Бүгінде ұсынылған жұмыстан бас тартып, мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмекке қол жайып күн көруді әдет қылған адамдардың қатары азаймай тұр. Бұдан бөлек, өзі несие алып, қарызын қайтаруға келгенде құлықсыздық танытатын да азаматтар бар. Бұл барып тұрған масылдық психология! Мұндай ойды түбегейлі өзгерту керек,- деді аймақ басшысы. Қ.Көшербаев ел дамуына кері әсер ететін осындай көзқарастан арылып, ерен еңбек, тынымсыз тіршілік арқылы мемлекеттің өсіп-өркендеуіне атсалысу — әрбір азаматтың адал борышы екендігін де атап өтті.

БІЗГЕ ТАПСЫРМА

«Билік партиясы, ең бірінші, биліктің қызметіне сын көзбен қарауы тиіс, уақытылы ескертіп, қажет болса тиісті шаралар қабылдауға мұрындық болуы керек!» «Мынаның өзі жақсы, ананың сөзі жақсы» болмайды. Көрген кемшілікті, бітпей жатқан істі, қиюы бұзылған шаруаны байқасақ, төрағаға тікелей баяндаймыз.

«Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшасынан

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *