Әрбір адамның ғұмырының ең жарқын да, әсері ұмытылмас кезеңі балалық, жеткіншек шағы мектеп қабырғасында өтеді. Айнала төңірегіне таңданыс, таныммен қарайтын бала санасында тап-таза ақ параққа жазылғандай сол жылдардың өмірлік ізі қалады. Әліппе танудан басталған алғашқы дүниетанымдық қадамдар уақыт озған сайын кеңейе түсіп көзқарас, пайым, жалпы өзіндік тұлғалық қасиеттерді қалыптастырады.
Алғашқы ұстаз, алғашқы достар, достық, сыйластық, жауапкершілік, балалықтан арылмаған балауса сезімдер — бұл есейген шақта жадыда жаңғыртылар көріністер ғана емес, адами қалыптасудың алғышарттары, болашақтың іргетасы.
Сондықтан да мектеп қабырғасындағы жылдар кім-кімге де қымбат естелік, қимас кезең. Сондықтан да қабырғасында балалық балдәуреннің ізі қалған, үлкен өмірге албырт арманмен қанат қаққан түлектер алтын ұя мектебіне сағынышпен қайта оралып жатады.
Кешегі жұмада қаладағы №212 мектеп-гимназия қабырғасында түлектердің алтын ұямен қауышу сәтіне куә болдық. Білім ұясының есігін ашқалы 50 жыл толуына орай түлектер бас қосты.
Алтын ұяның мерейтойына бірі Сырдан, бірі қырдан дегендей облыс төңірегінен және елдің әр шалғайынан жетіпті түлектер. Түлектер сағынышы шат сезім болып ақтарылып бір арнада тоғысқанда мектеп қабырғасы думанды той алаңына айналғандай болды. Алды жетпіс жасқа таяған ақ жаулықты әжелер, ақсақалды аталар да бар түлектер қатарында. Ардагер ұстаздар қатарынан ағай, апайын тауып алып мәре-сәре болып жатты кейбірі. «Мектебіміздің тойы құтты болсын!» деп шашу шашып,шаттық «жаудырып» кіріп келеді кейбірі көпшілік ішіне.
Мектеп ауласына той салтанатын әйгілеп үлкен үй тігіліпті. Соңыра білгеніміздей бұл жерде дүниеден өткен ұстаздар мен түлектерге арнап ас берілмек екен.
Мектеп есігінің алдынан қонақтарды «қош келдіңіздер!» деп ізет білдіріп оқушы ұл-қыздар қарсы алып тұр. Арқа-жарқа қауышқан қауым алдымен мектеп музейіне бас сұқты. «Елу жылда ел жаңа» дегендей елу жыл тарихы бар мектеп музейі қос ғасырдың тоғысы мен заман өзгерістерінің мектеп өміріндегі көрінісін айғақтаған деректерге бай. Музей төрінен мектепті ашылған кезінен бастап (1968-1988 жылдар аралығында) 20 жыл басқарған мектеп директоры Мырзахмет Жетпісбаевтың білгір басшы, білікті ұстаз ретіндегі өмірдерегі орын алған. Дерекқордың жинақталуы мен мұражай төрінен көрнекі орын алуына М.Жетпісбаевтың ұрпақтары демеушілік жасапты. Мерейтойлық шара барысында алғашқы директордың есімі ізін жалғастырған ұстаздар тарапынан да, шәкірттері — мектеп түлектері тарапынан да көл-көсір жылы лебізбен аталып жатты. М.Жетпісбаев басқарған жылдары мектеп тек облыс көлемінде ғана емес, республикаға дейін аты шығып, түрлі деңгейдегі байқауларда талай мәрте озат танылған.
Бүгіндері алға шығарылып жатқан физика, биология сынды пәндерді тереңдетіп оқытуды №212 мектеп М.Жетпісбаев басқарған жылдары-ақ бастап кеткенге ұқсайды. Осы пәндер бойынша құрал-жабдықтарды пайдаланудың тиімді нәтижелілігін дәлелдеген мектеп республика көлемінде «Атаулы мектеп» атанған. Сол кездегі жоғары басшылық мектеп жұмысын лайықты бағалап, мектеп ұжымының марапат, мақтау алған кездері де аз болмаған. Заманында оқу ағарту министрі Қожахмет Балахметов мектепке арнайылап келіп, іс барысына жақсы бағасын бергені де мектеп тарихындағы елеулі деректердің бірі.
Бүгінде мектеп тарихындағы елеулі деректер қатарында мектеп мұражайындағы фотосуреттер, құжаттар түрінде көрініс тапқан жаңалықтар мен ізденістердің басы-қасында жүріп, ұйтқы болған алғашқы директор, ұлағатты ұстаз «Қазақ ССР-інің Білім беру ісінің үздігі» Мырзахмет Жетпісбаев есімі ұстаздар ұжымы мен сол кезеңдерде түлеп ұшқан түлектер үшін қадірлі де қымбат. Фотокамераға балауса ұяң биязылықпен күлімдей қараған ақ бантик, ақ фартукты оқушы қыз, жанарында өршілдік ұшқыны бар «Болашақ коммунизм құрылысшысы» пионер жеткіншек, тақта алдында сабақ түсіндірген салиқалы ұстаз, қолдан жасалған жалауша, сақиналармен, ақ мақтамен безендірілген дүниедегі ең әсем көріністің бірі жаңа жылдық шырша жанына қалт тұра қалған шат жүзді, үлкенді-кішілі қауым, соғыс ардагерінің тебіреністі әңгімесіне ұйыған ұландар… Кешеден бүгінге аманат қымбат естеліктер сыр-сандығындай мектеп музейі осылайша сыр шертті.
* * *
Ақын жырлағандай мектепке «тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» түлектер үшін ұлағатты тәрбие, ұшан-теңіз білім берген мәртебелі мұғалімнің қадірі ерек. Мерейтойлық шаралар барысында ұстаз бен шәкірт арасындағы ұмтылмас қарым-қатынастар жайында жылы әңгімелер ақтарылды.
Ұстаздар еңбегінің жемісі — түлектердің ел-жұртқа пайдалы азаматтар болып қалыптасуы екендігі белгілі.
«Инновациялық» деген сөз көпшілік қолданыста болмаған сонау өткен ғасырдың 70-80 жылдары инновациялық дерлік ерек ізденістермен алға шығып «Атаулы мектеп» атанған бұл мектептің де атын биікке көтеріп, мектеп мақтанышына айналған азаматтар аз емес. Олардың қатарында мектептің 1972 жылғы түлегі, қоғам қайраткері Дос Көшім, мектептің 1970 жылғы түлегі Қазақстан Республикасы ақпарат саласының үздігі, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Жолдасбек Ақсақалұлы, мектептің 1977 жылғы түлегі облыстық «Qyzylorda» телеарнасының директоры Жағыппар Қарабала сынды танымал тұлғалар бар.
Ұстаздар мен түлектердің арқа-жарқа қауышу сәтінде, қалың жұртшылық арасынан бұл тұлғаларды да ұшырастырдық. Үлкен-кіші көпшілік бұл кісілерді ортаға алып суретке түсіп, ыстық лебіздесуге ұмтылып босатар емес. «Топ құрсауынан» шыға берген тұста бізге де белгілі журналист Жолдасбек Ақсақалұлын бірер сөзге тартудың сәті түсті.
— Үлкен өмірге қанат қақтырған алтын ұя мектебімізге келіп көңіл тебіреніске толы. Мектебіміз заман талабына сай жаңарды дегенмен сол еңселі ғимарат, мектеп дәліздері, бәрі-бәрі көзімізге ыстық көрінді. Мектеп ауласына енгеннен жадымызда жатталып қалған қимас естеліктер көз алдымызда көрініс бергендей болды. Мектеп директоры Мырзахмет Жетпісбаев, Айшагүл Балмағамбетова, Тынымкүл Молдабаева, Сапарбек Мұхтаров, Әбілхайыр Кенжебаев, Күнсана Тұрлығұлова, Жақсан Жәнібекова сынды бүгінде дүниеден өткен құрметті ұстаздарымыздың бейнесі көз алдымызға келеді. Сонымен бірге жеткіншек шақтың қызығын бірге кешкен кластас достарға деген сағыныш сезімін айтып жеткізу қиын. Олардың кейбірі бүгінде арамызда жоқ. Біз бұл мектепке 1968 жылы ашылғанда №143, №112 мектептерден 9 кластан келдік. Класс жетекшіміз Күлайхан Наушабаева апайымыз анамыздай қамқор жан еді. Біздің класс спортқа бейім болды.
1974 жылы Қызылорда қаласының спартакиадасында біздің класстың спортшылары жеткен нәтижемен №212 мектеп екінші орын алғаны естен кетпес естелік. Бүгінгі мерейтойда Жұмалиев Төребек ағайымызды көріп қуанып тұрмын.
1970 жылы оныншы класты аяқтадық. Мектеп бітіру кешіміз мектептің акт залында өткізіліп, таң шапағында тарағанбыз, — деді жетпісінші жылдың түлегі.
Мерейтойлық жиында сөз алған облыстық телеарна директоры Жағыппар Қарабала да мектеп қабырғасында өткен балалық балдәуреннің естеліктерімен бөлісті.
— Ұстаздарымыз бізге білім берумен бірге, бізге өмірге құштарлық сыйлады… …Әлі есімде екінші сыныпта оқып жүрген кезімде демалыс күндері Абай ауылындағы нағашымның үйіне қыдырып барып, бір себеппен ата-анам алып кете алмай қалып дүйсенбіде сабаққа дайындықсыз келгенмін. Сонда ұстазым Пісте апайдың «Жағыппаржан, сені оқымайды деп ойламайды екенмін» дегені жаныма батып кетіп, содан кейін сабақтан қалмайтын да, сабаққа дайындықсыз келмейтін де болдым, — деп оқушылық кезеңнің естеліктерінің бірімен бөлісті.
Жағыппар Қарабала мектепті Алтын медальмен бітіріпті. Шәкіртіне ұмтылмас сабақ берген Пісте Сауханова бүгінде ардагер ұстаз ретінде құрметке ие. Мерейтой төрінде құрметтелген мерейлі ұстаздың бірі де Пісте апай болды.
* * *
Мектеп өнерпаздарының ән-би шашуларымен әсерлі өткен мектеп қабырғасындағы салтанатты жиында сөз алған №212 мектеп-гимназия директоры Кабира Тілеуова мерейтойға жиналған ардагер ұстаздар мен түлектерге алғыс сезімін білдіріп, мектеп ұжымының ардагер ұстаздар салған ізді зор жауапкершілікпен жалғастырып келе жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, мектепті әр жылдары басқарған директорлардың алғашқы директор М.Жетпісбаев салған үрдіспен мектепті алдыңғы қатарлы білім ұясы ретінде дамыту бағытында атқарған еңбектерін атап өтті. К.Тілеуова №212 мектеп-гимназия басшылығындағы тоғызыншы директор екен. Алғашқы директордан кейін мектепке басшылық жасаған Балтабай Салқынбаев, Алтынсары Шүренов, Жолдасбек Нәсібеков, Дариха Мұнарбаева, Айғани Жәлиев, Съезбек Ахметов, Асқар Садықовтың әрбірінің еңбегіне ерекше тоқталып өтті қазіргі директор.
Бүгінде №212 мектеп-гимназияда 140-тан астам ұстаздар еңбек етуде екен. Оқушы саны 1109. Өткен жылғы ҰБТ қорытындысы бойынша орташа балл 95,4 болған. «Қала мектептері рейтингісі бойынша 11 орындамыз», — дейді К.Тілеуова.
Қалалық білім бөлімінің ұйтқы болуымен мерейтойлық шара кешкісін Асқар Тоқмағамбетов атындағы Мәдениет үйінде жалғасты. Мерейтой мерейлі марапаттардан кенде болған жоқ. Әрине, ұлағатты қызметтегі ұстаздар қашанда биік марапат пен мадаққа лайық.
Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА