QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Елді аралап жүр

Автор:QAA.kz

Апр 18, 2019

Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамовпен бірге қаладағы, Тасбөгет, Белкөл, Қараөзектегі атқарылып жатқан жұмыстар барысымен танысып, Белкөл кентінде жаңадан бой көтергелі тұрған 100 келушіге арналған күндізгі амбулаториялық емхананың алғашқы кірпішін қалады. Сонымен қатар, Батырхан Шөкенов атындағы саябаққа барып, жастармен бірге тал отырғызу рәсіміне қатысты.

Алдымен Тасбөгет кенті әкімдігінен бастаған Н. Нәлібаев Пакуатдин Шамұратовтың «Оупен спейс» форматындағы ашық кеңістігімен танысты. Әкімдікке кіргеннен қаптаған қарапайым халықты көрген әкім «Міне, осылай жұмыс жасау керек» деді. Сондай-ақ, халықпен әрдайым осындай ашықтықта тығыз қарым-қатынаста болып, елдің мұңын тыңдап, қажеттісін дер кезінде тауып беріп, жемқорлықты да жою керектігін жеткізді.

Кенттегі халық игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстардың тағы бірі – «Нұр-Орда» балабақшасы. Желтоқсан айында жаңадан пайдалануға берілген 140 орындық бұл балабақшада бүгінде 100 бүлдіршін тәрбиеленуде. Заман талабына сай жабдықталып, бүлдіршіндерге есігін айқара ашқан еңселі ғимаратты қала әкімі кент басшылығымен бірге аралап, балақайлардың сабақтары мен өнерін тамашалады. Балабақшада балаларға арналған ойын бөлмесі, ән айтып, би билеуге арналған музыка залы, 4-5 жастағы балалар үшін ағылшын тілі кабинеті және асханасы бар. Айта кететіні, балабақшадағы әрбір бөлме әр топтағы балалардың жас ерекшелігіне қарай таза әрі кең болып дайындалған. Балабақша 140 балаға арналғандықтан, әкім алдағы уақытта 140 балаға толтыру керектігін айтты. Сонымен қатар, балабақша басшысы бұл жерге қоғамдық көлік келмейтінін, осының біраз қиындық туғызып тұрғанын жеткізді. Бұл мәселені Н.Нәлібаев кент әкіміне тапсырды. Пакуатдин Сыражадинұлы алдағы уақытта бұл мәселенің шешілетіндігін айтты.

Белкөлде жаңа емхана болады

Қала әкімі Н. Нәлібаев балабақшаның жұмысымен танысқан соң, Белкөл кентіне табан тіреді. Ел игілігіне берілгелі тұрған емхананың алғашқы кірпішін шаһар басшысы Н.Нәлібаев қалап, ауыл ақсақалының батасын алды. Мемлекеттік – жекеменшік әріптестік аясында 100 келушіге арналған күндізгі амбулаториялық емханаға алдағы уақытта облыстық бюджеттен 168 млн. теңге қаражат бөлінеді. Емхананың құрылысымен бүгінде «АХАТ-ГС» ЖШС айналысады. Мұндағы құрылыс жұмыстары алдағы 2 айдың ішінде аяқталып, емхана пайдалануға берілетін болады. Сонымен қатар, Н.Нәлібаев емхананы қажетті деген барлық жабдықтармен қамтамасыз етілетіндігін және бір мезетте 30 адамды қабылдайтынын жеткізді.

— Соңғы жылдары Елбасымыздың, үкіметтің, облыс әкімінің қолдауымен біздің қаламызда, оның ішінде ауылдық округтер мен кенттерде көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Облыстық бюджеттен Белкөл кентіне 397 млн. қаражат бөлініп, толықтай көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда, Бірқазан елді-мекенінде 140 млн. теңгеге ауыз су құрылысы жүргізіліп жатыр, ол да жақын арада пайдалануға беріледі. Одан бөлек, былтырғы жылы кент әкімінің ұсынысы мен сіздердің өтініштеріңіз бойынша кенттегі бірнеше көшелер күрделі жөндеуден өтті. Биыл да сол жұмыстар өз жалғасын табатын болады, – деді, қала әкімі Н.Нәлібаев.

Қазіргі таңда, жарамсыз деп табылған тұрмыстық қалдықтар кәдеге жарап жатыр. Пайдаланудан шыққан тұрмыстық қатты қалдықтар бүгінде озық технологияның арқасында қайта өңдеуден өтуде. Қала әкімі Белкөл кентіндегі жаңа емхананың жұмыстарымен танысқан соң, қаланың кіре берісіндегі Қызылорда облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының тапсырмасымен салынып жатқан тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау кешенінің жобасымен танысты.

Т.КЕНЖЕБАЕВА

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *