QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Елде жоқ Абайдың кітабы

Автор:QAA.kz

Окт 1, 2020

Қаладағы Тәжібаев атындағы тәжді кітапханада жастардың басы қайта бірікпек. Індеттің салдарынан жүздесуге зәру болған жастар, ендігі қызығушылықтарын жалғастыра алады. Жастар креативтік орталығында домбыра үйірмесі мен сурет және ән-би үйірмесі жұмыс жасауда. Оның үстіне баланың саусақ қимылын дамыту үшін пластелиннен, гипстен түрлі мүсіндер жасайтын үйірмелер бар. Арнайы Алматыдан алдырылған құммен сурет салу да бұл орталықта дамыған.

Мәселен, сурет үйірмесіне келетін қатысушының ең үлкені алпыс бес жаста екен. Жалпы аталған үйірмелерге 80-ге жуық адамдар ниет білдірген. Карантиндік талаптарды сақтай отырып, үйірме жетекшілері сабақ өтуде. Қатысамын деген адамға барлығы жасалған. Ешқандай ақысыз үйренуге тең мүмкіндіктер қарастырылған.

Оның үстіне орталықта корей тілі мен ағылшын тілін үйрету мақсатында қосымшалар жұмыс жасауда. Корей тілін үйренуді корей елінің консулдығы ұйымдастырған. Тәжібаев кітапханасынан жайлы бөлме қарастырылып осында корей еліне, өнеріне қызыққан жастар мен ересектер қатысуда. Көп бөлігі корей еліне жұмыс жасауға ниет білдіріп келетіндер көрінеді.

Үштілділіктің қатарындағы ағылшын тіліне де қызығушылар өсуде. Арнайы ашылған Америка бұрышында кино және ән дискілері, ағылшынша ойындар, шет тілдегі балалар кітаптары бар. Ағылшын елшілігінен арнайы компьютерлер мен ағылшын кітаптары сыйға келеді. Бұл уақытқа дейін «ЗУМ» қосымшасы арқылы өткізілетін ағылшын сабақтары қайтадан қолға алынуда. Аптасына үш рет өткізілетін сабақтарға қатысамын деген оқушылардың ынтасы тым керемет.

Ең бастысы, Абайдың 175 жылдығына орай кітапханада үш бөлімнен тұратын көрме ұйымдастырылған. Оның ерекшелігі кітаптарында. Атап айтқанда Абай Құнанбайұлының сирек кездесетін тоғыз кітабы оқырмандар назарына қойылған. Оның үштен бірі латын қарпінде басылып шыққан. Расында, латын қарпінің түк те қиындығы жоқ. Оқуға тым жеңіл әрі қызықты. Тіпті, бұл кітаптар ақынның туған өңірі Семейде де жоқ екен. Бір жылдары Абайдың еңбектері жайлы көрмеге Тәжібаев кітапханасынан арнайы сұратып та алған көрінеді. Кітапхана қорында бас аяғы 460 мыңдай кітап бар.

Негізгі мақсат оқырманды қызықтыру, тарту. Алып кітапханада расында, адам қызығарлықтай құнды деректер мен кітаптар бар екен. Коворкинг орталығы мен кітап кафесі де қызу жұмыс үстінде. Осы сәттің өзінде кітап кафесінде отырған оқырмандар жетерлік. Демек, жастардың білімге қызғушылығы басым. Немесе, олар ең басты құндылықтың ғылым мен білім екенін саналарына тоқи алды деген сөз.

Кітап қорында көне кітаптардың рөлі әрқашан басым болмақ. Бұл күннің өзінде жеке қолда жүрген өте сирек кітаптар жетерлік. Осы кітаптарды кітапханаға табыстаса екен деген ой бар. Олар жеке адамның кәдесіне ғана емес, ұлттың кәдесіне жұмсалу қажет. Жеке мүлік болғандықтан оны күштеп алуға да болмайды. Өздігінен бергісі келетін адамдар да сирек көрінеді. Келешекте біздің жастар үстіне кигенін санамай, оқыған кітаптарын санап жарысатын сәттің ауылы алыс емес екені анық.

Д.АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *