QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

ЕЛ ҚОЛДАСА КЕЗ-КЕЛГЕН БАСТАМАМЫЗ БЕРЕКЕЛІ…

Автор:QAA.kz

Фев 11, 2021

Қызылорда қаласының әкімі Н.НӘЛІБАЕВ:
ЕЛ ҚОЛДАСА КЕЗ-КЕЛГЕН БАСТАМАМЫЗ БЕРЕКЕЛІ…

Сәрсенбінің сәтті күнінде әкім Нұрлыбек Машбекұлы қала тұрғындарының алдында есеп беріп, алдағы айқын жоспарларымен бөлісті. Жыл бойына межеленіп, жүзеге асқан жұмыстарды жіктеп, артынша тұрғындар тарапынан қойылған түрлі сауалдарды назарға алды. Қала басшысы пандемия салдарына қарамастан сан қырлы салада атқарылған әр жұмыстың нәтижелі екенін алға тартты. Мәселен, 69 млрд теңге болып бектілген бюджет жылдық қорытынды бойынша 94 млрд. теңгеге жеткенінің өзі еселі еңбекті айғақтайды десті көпшілік. Расында, Қызылорда қаласы әдеттегіден әлдеқайда жан-жақты және жақсы бағытта дамып келеді. Қала көлемі де кеңейіп, мұндағы тұрғындар саны да артуда. Бұл – қуантады. Нәтижесінде, көпшілік тарапынан баспанаға деген сұраныс та артып, тұрғын үй құрылысының ұлғаюына басымдық берілуде. Бұл – құптарлық. Жыл көлемінде 1342 қала тұрғыны қоныс той тойлап, баспанаға қол жеткізді. Құрылыс тек тұрғын үймен шектелмеді. 600 орындық мектеп пен жеке инвестор есебінен салынған 500 орындық «Зерде» білім ордасы да өз жұмысын бастады. Сондай-ақ, 175 көше жарықтандырылып, 184 шақырымға электр желісі тартылды. Жылға лайық тағы бір жағымды жаңалық – 70 жаңа аялдамалар орнатылды. 408 көше ағымдағы, күрделі және орташа жөндеуден өтті. Бұл ауқымды жобалардан өзге кәсіпкерлік, мәдениет және спорт саласы да ілгерілеп келеді. Өткен жыл бойы атқарған жұмысын баяндаған Нұрлыбек Нәлібаев осы жыл еншісіндегі жоспарларға да тоқталып, сол негізде еңбек ететінін атап өтті.

Жарқын жетістіктерімізді биыл да еселей түсіп, бұдан да биік белестерді бірге бағындырайық. Алға қойылған міндеттер көп. Ел қолдаса кезкелген бастамамыз берекелі, жұмысымыз жемісті болары анық. Қаламыздың көп жылдық келешегіне бағытталған ауқымды тірліктерді бірге жүзеге асырып, ынтымағымыз бен бірлігіміздің арқасында алар асуларымыз биік болғай, — деді қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, қалалық мәслихат депутаттары, облыстық басқармалар мен қалаға қарасты мекемелердің басшылары қатысқан жиында қала әкімінің жылдық жұмысын жоғары деңгейде деп бағалады. Аталған кездесуде тұрғындар да сөз алып, қала әкіміне түрлі бағыттағы сауалдарын жолдады. Сөз алып, әкімге ұсынысын жолдағандардың бірі «Сабалақ» саяжайында ауыз су мәселесіне қатысты басталған жұмыстар тез арада реттелсе деді. Қалаға қарасты саяжайларға жасалған бірқатар жұмыстарға тоқталған қала әкімі ұсынысқа тікелей жауап берді.

Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев:Қазіргі таңда аталған «Сабалақ» саяжайы қаланың меншігіне кіріп тұр. Біз бұл аумаққа қаржы
бөле бастадық. 2019 жылы осы ауыз су мәселесін шешуге республикалық бюджеттен 530 млн. теңге қаражат тарттық. 2020 жылы сол жұмысты жалғастыру үшін 98 млн. теңге қаражат келді.
Осылайша қаладан «Сабалақ» өңіріне ұзындығы 21 шақырымды құрайтын су жүйесін тартқыздық. Қазір су сол жерге барып тұр. Енді сол су жүйесінің ішкі бөліктерін жүргізу үшін республикалық бюджеттен 576 млн. теңге қаражат бөлінді. Ендігі кезекте су жүйесін әрбір үйге кіргізіп, су есептегіш құралдарын орнатып береміз. Әкімге сауал жолдаған келесі тұрғын Титов шағын ауданынан. Ол аталмыш елді мекендегі «Жаңақұрылыс-8» және «Жаңақұрылыс-9» көшелеріндегі электр бағаналарын жаңарту керектігі жайында мәселесін жеткізді. Оған әкім жауабы көңілден шықты.


Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев: Қаламызда электр желілерін дамыту басты назарға алынып, бірқатар жұмыстар жасалды. Әсіресе, қалаға қарасты шет аймақтар мен ауылдық округтер де назардан тыс қалған жоқ. Сондай-ақ, жиында ауыр атлетикадан спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы қала көлемінде аталған салаға қатысты ауқымды жобалар үшін әкімге алғысын жеткізді.

  • Спорт саласының дамуына, спортшылардың жетістіктерге жетуіне жасап жатқан қамқорлығыңызға алғыс білдіремін. Аталған салада қарқын бар. Қолдау болса, біз бағындыратын белес алда. Қаланың дамуына бағытталған жоспарларыңызға сәттілік тілейміз.

Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев: Бұқаралық спортты дамыту – мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта өткен жылы ауылдық округтерде дене шынықтыру алаңдарына бөлінген 30 млн. теңгеге спорттық алаңдар салынып, пайдалануға берілді. Төрт облыстық спорт мектебі жөнделіп, «Локомотив» стадионының футбол алаңына қайта жаңғырту жұмыстары мен Байдарка есу базасының құрылысы жүргізілді.


Жиынғы жиылғандар қала әкімінің жауабына қанағаттанып, есепте жеткізген әр жұмысын жоғары деңгейде екендігін атап өтіп, келесі жоспарға сәттілік тілеумен тарқасты.


А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *