Сыр елінің ыстық ықыласын ала, сенімдерінен шыға, жұртқа пайдам тисін деп, бай-қуаттылықты еліме берсін деп сайлауды өткердік. Карантиндік режимді қатаң сақтай отыра іс-шара өз мәресіне жетті. Бастапқы бес үміткерден үшеуі қалды. Үшеуі де осал емес. Бағдарламаларының ар жағында тың ойлар, ұтқыр идеялар жатыр. «Көп түкірсе көл болар» демекші, қалалық, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары өз таңдауларын жасап, дауыс берді. Ішінде терең сыр жатқан жабық кабина бұл жолы ашық болды. Мөлдір жәшіктегі сырын жасырып бүктелген бюллетеньдер бір адамның ғана емес, күллі жұрттың тағдырына өзгеріс енгізгелі тұр. Сенат сайлауын өткізу мәжілісі облыстық мәслихат хатшысы Қылышбай Алдабергенұлының төрағалығымен өтті. Заңдылығы солай. Дауыс беруге тиісті 138 депутаттың 131-і қатысты. Қалған 7 депутат белгілі себептермен сайлауға келе алмады. Заң бойынша дауыс беруші депутаттардың пайызы 50-ден асқан жағдайда сайлауды өткізуге болады. Бұл тұста, қатысқан мәслихат депуттары 95 пайызды құрады.

Сайлау қорытындысы бойынша Ақмарал Шәріпбайқызы 77,86%-бен 102 дауыс жинады. Екінші кезекте Мұрат Абайұлы Сәрсенбаев 19,08%-бен 25 дауыс жинаса, Айдын Бөкенбайұлы Қайруллаев 3,05%-бен 4 дауысқа қол жеткізді. Күні кешегі күнге дейін үміткерлер тізімінде болған «ТАҢ ЛТД» ЖСШ-нің директоры Имамзада Шағыртаев бүгінгі үміткерлер қатарында жоқ болып шықты. Сайлау жақындағанда кейбір үміткерлердің өз кандидатурасын қайтып алатыны белгілі болса да, дауыс беру басталар шақта Имамзада Қуанышбайұлының тізімде болмауы түрлі сұрақтар туғызды.

Қызылорда қаласындағы “Студенттер сарайының” кең залында арақашықтықты сақтай жайғасқан дауыс беруші депутаттардың жүзінде қуаныш байқалады. Басталған бастаманың оң екенін тілге тиек ете дауыс беруге көшті. Бір реттік қаламсапты ала сала бюллетеньдегі жолақтарды толтырып, жәшікке асыққандар көп болды.

Барлық дауыс берушілер толықтай бюллетеньдерді толтырып, орындарына жайғасты. Дауыс беру барысында қызық жағдайлар да болмай қалмады. Сайлауға белгілі себептерге байланысты келе алмаған мәслихат депутатының бірінен хат келіпті. Хатта ол өз дауысын Ақмарал Шәріпбайқызына беретінін жеткізген. Және оған көмек ретінде бюллетеньді толтырып, оның атынан дауыс беруді өтінген. Бұл жердегі дауыс беру құпиялығына байланысты оның сұранысы қанағаттандырылмады.

Дауыс беру қорытындысы бойынша өзгелерден басым түсіп, сенат депуттатығына сайланған Ақмарал Шәріпбайқызына сәттілік тілейміз. Жүрек тұсына желбіреген көк байрақтың белгісін тағудан бөлек, халықтың үмітін ақтау оңай шаруа емес. Мықтылардың мықтысы ел өркендеуіне өз үлесін қоспақ.

Ақмарал Шәріпбайқызы еңбек жолын медицина саласының қарапайым қызметкерінен бастаған. «Еңбегіне қарай несібесі» деген. Әдетте бірден басшылыққа келетіндерге қарағанда Ақмарал Шәріпбайқызы өз қызметінің қырсырын үйреніп, төменнен жоғарыға сатылай көтеріле білді. Нақ осындай мамандар ғана қоғамда қордаланған мәселелерге жіті назар аударып, оны оң шешуге ықпал ете алады. Өйткені ол халықтың арасынан шыққандықтан халықтың мұң-мұқтажын жан-тәнімен түсіне алады.

Әлем аузына алуға қорқатын пандемия салдары өңір әл-ауқатына кері әсерін тигізді. Осы орайда, Ақмарал Әлназарова облыстық балалар ауруханасына 10 ауа концентраторын сыйға тартты. Бұны жомарттық, сыйластық деп қана емес, жұртшылық алдындағы борышын ақтау деп ұғу қажет. Келешекте дәрігерлер беделін көтеруге көп көмек жасайтынын жеткізді. Талай дәрігер мыңдаған адам өмірін аман алып қалды. Тағы бір қоғамдағы қордаланған мәселе – отандық дәрі-дәрмек өндірісі. Сыр жұртшылығы отандық медицина саласын жақсартуға өз үлесін қосатын жаңа сенатор сайлағанына сенімді.

Қазіргі қоғам жастарға тиесілі. Бір қызығы биылғы сайлау жастар күнімен тұспа-тұс келді. Осы орайда медициналық оқу орнының түлектерін жұмысқа орналастыру мәселесі, олардың жылдап бос жүріп өз біліктіліктерін жоғалту қаупінің алдын алуды қолға алатын уақыт та жетті. Техникалық колледждерге арналған гранттар саны көбейіп, оң шешімін таппақ. Расында, қазақ балалары қашанғы заңгер мен жергілікті басқаруды оқи бермек? Техниканың дәуірі техникалық мамандарды талап етеді. Қазір ақпараттық техниканың тілін ұғатын, ақпараттан хабардар азаматтар әлемді басқармақ уақыт. Айталық, үміткерлердің бірі Айдын Қайруллаевтың ұсынысының тиімділігі осында жатыр. Ол барлық жүйені ақылды етуді көздейді. Бұл тұста ақылды қала, жылдам ғаламторды игеруді нәсихаттауда. Қазіргі кезде жазу сауаттылығы, сөйлеу сауаттылғына қатты мән берілсе де, бүгінгі адамның досы компьютердің тілін меңгеру қиынға соғуда. Сонымен қатар, цифрландыру заманында ең қажетті факторлардың бірі осы цифрлық сауаттылық болмақ. Бұның өзін игеруге мемлекет қомақты қаражат бөлуде. Дегенмен тұрғындар осы технологияны пайдалануға ақша жұмсайтыны өтірік емес. Себебі, бұл жаңалықтар біраз жұртқа таңсық. Оның үстіне, ақылды қала жобасы іске асқан жағдайда тұрғындардың ғаламторды пайдаланудағы сауаттылығы артып, өңірімізде білікті ІТ мамандар даярланар ма еді? Ауылды дамытамын деп ауылға жанашыр болып жүрген Мұрат Абайұлы Сәрсенбаев та үміткерлердің бірі. Оның бағдарламасының артықшылығы ауыл жастарына бағыт алғандығы, ауыл шаруашылығы өндірісін дамытуға үлес қосып жүргендігі.

P.S: Бұл жылғы сайлаудың өзгешелігі неде? Алдымен пандемия кезеңінде өтті. Екіншіден, бұл жылғы сенат сайлауында нәзік жандылардың үлесі аз болмады. Еркектен бір саты төменмін демей, әйел затының кіл мықтысы сенат сайлауында бой көрсетті.

Ақмола жақтан үміткер ретінде Айнагүл Қыдырбайқызы өз бағдарламасын ұсынып нәтижесінде 5,46 пайызға қол жеткізді. Ал Жайықтың елі Батыстан Ляззат Тұяқбайқызы аса жоғары басымдылықпен 70,33 пайызға ие болып, сенатқа аттанды. Кезекті нәзік жанды «Жыр алыбы Жамбылдың» елінен болды. Оксана Валериевна 7,91 пайызбен жеңіліс тапса да өзінің елге көмек етпек ойын жеткізе алды. Павлодар облысы атынан Гульнара Шамаровна 8,74 пайызбен бағын сынады.

Қызық жағдай Солтүстік Қазақстанда орын алды. Бұл жақта екі әйел бір орынға таласты. Нәтижесінде жоғарғы 87,57 пайызбен Ольга Валентиновна қарсыласын басып озды. Шығыс Қазақстан облысының атынан сайланған депутат Ольга Александровнаның қоржынында 93,07 пайыз дауыс бар. Шырайлы Шымкенттен сенатқа үміткерлер тізімінде екі әйел адам бар. 72 пайызбен халық үмітін үкіліген Айгүл Жарылкасынқызы сенаттың төріне табан тіреді.

Биылғы сенат сайлауында үміткер ретінде 10 әйел бағын сынап, 5-еуі жеңіске жетті. Қазақ «Байтал шауып бәйге алмас» дейді. Әсіресе, оңтүстік өңірлер бұл сөзді берік ұстанады. Әйткенмен, бүгінгі сайлау саясатта әйелдің басымдылығын көрсетті. Не болса да, сайлаудан кейін бұрынғы тұжырымды «Байтал шауып бәйге алды» деп жаңғырттық.

Д.АМАНГЕЛДІ

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here