QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Екінші толқын есті алмайды ма?

ByQAA.kz

Қаз 1, 2020

Наурыз айында «Covid-19» ауруының арқасы қозып, вирустың өршіген кезі еді. Еліміз алдымен карантиндік тәртіпке тізе бүгіп артынша төтенше жағдайды өз төріне шығарды. Елді қоя берші, аймақтағы ойын-сауық орындары мен думан құратын мейрамханалар және халық көп шоғырланатын аумақтарға қатаң режим орнады. Десе де, бұған құлақ асатын жұрт саусақпен санарлық еді. Бастапқыда әуеден вирус шашыпты деп дабыраған жұрттың болмашы күмәні біраздың ойын теріске бұрды. Той жасама десе де, тығылып жасағандар анықталып, айыппұл өтеді. Жанымыз қысылғанда сәл-пәл бас біріктіріп, тәртіптің талабына көнгенмен, елдің басым бөлігінің ескертулерді құлаққа да ілмегені өтірік емес. Осы ретте, жұрт денсаулығын сақтаудың алдыңғы шепті бастаған батыр қызметкерлеріміз, дәрігерлер мен құқық қорғау мекемелері ел тыныштығын күзетіп, халық амандығын басты назарға алды.

Ортақ қайғы мен қиындықты бірге еңсеріп, күн-түн демей үй көрмеген жандар жетерлік. Бұқараның арасынан бұқа мінезділері атып шығып, вирусты жалған саясатқа теңеп елдің ойын екіге бөлді.

Бұл қиын шақта, адам мен адамның қатынасы қауіпті болғаны анық. Сағат сайын дәрігерлеріміз  сан-мың науқасты қабылдаса, қала шекарасындағы бекетті күн-түн демей күзеткен полияицялар мен еріктілерге мемлекет жәрдем қылуда. Әйтсе де, өткен толқын  бұл вирустың жұмсақ түрі дейді ғалымдар. Адамнан адамға жұққан сайын еселеп күшейе беретін бұл індеттің екінші толқыны да алыс емес. Індет бұрынғысынан өзгерек. Адам баласы техниканы меңгерді, ғарышты игерді деп көкірек керіп жүргенде вирусқа қауқарсыз екеніміз байқалды.

Қазанның бірінде қала әкімдігінде болып өткен жиынның басты мақсаты вирустың екінші соққысы жайлы болды. Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамовтың қатысуымен бірнеше баяндама тыңдалды. Оның ішінде облыстық полиция басқармасының бастығы Ибраев Бауыржан қайтадан жол бойына бекеттер орнатылатын болса, халықпен жұмыс жасауды арттыру  күшеймек болса, оған сақадай сай екендерін жеткізді.

Облыс бойынша күні карантин тәртібін бұзған 492 жағдай анықталды. Қала бойынша тәртәп бұзу бойынша 121 дерек тіркелген. Онымен қоса, арнайы мониторинг топтың да жұмысы жанданып,  тәртіп бұзу жағдайларын анықтаған.

Қазіргі уақытта мейрамханалар мен ойын клубтарының түнгі уақытта да жұмыс жасайтыны анық жағдай. Тіпті ойын клубтарында рұқсат етілмеген кальянның да санаусыз сатылуы өте қауіпті жағдайларға душар етпек. Бір түтіктен кальян тартатын азаматтарға түрлі аурулар жұғуда. Оның үстіне, кальян сатуға тиым салынғаны қай заман?

Жақында мемлекеттік көлемде жасалған тізім бойынша карантин уақытында той жасаған өңірлердің басын Қызылорда бастап тұр екен.

Қала көшелерінде полиция көліктері карантиндік сақтық шаралары жайлы дауыс күшейткішпен тұрғындарды құлағдар ету жұмыстары жүргізілуде.

Келесі кезекте Байқадамов мырза Қалалық тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Жетілгенова Жанарды мінберге шақырды. Бұл мекеменің ел аузында СЭС деген атауы бар. Жұмыстың бағытын, шаруаның шеңберін сөз ете отырып, бұл мекеменің тиісті жұмыстарды атқарудағы баяулығы байқалды. «Қағазбен айналысып кетпедеңіздер ме ?»,-деп, сұрақ бастаған өңір әкімінің орынбасары Жанар Нәбиқызынан атқарылып жатқан шаруалардың ретін сұрады.

Облыста вирустың ықпалы жүгенсіз кетсе үш адам жауап бермек екен. Облыс әкімі мен Полиция департаментінің бастығы және «аты ұзын» Тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы.

Осы уақытқа дейінгі көрсеткіштер бойынша шілде айында 1192 адам вируспен ауырған. Егер бұқара айтқанды тыңдамай той қуып кетсе, көшеде оңды-солды, жөнсіз әрі бетпердесіз жүрсе. Бұл сандардың қайталануы бек мүмкін. Осы уақытқа дейін карантиндік талаптарды сақтамағандарға 140 айыппұл салынған екен.

Сауда орындарының алдында, адам көп шоғырланатын ғимараттар алдына арнайы дезинфекция туннельдері орнатылған. Кейбірі іс жүзінде тұр, жұмыс жасамай жатқандары да жоқ емес. Бұл орайда, екінші толқынға дайындық жұмыстары атқарылуда.

Жиынға қатысқан базар иелеріне үгіт жұмыстары жүргізілді. Карантин уақытында базардың сырты жабық болғанымен ішінде сауданың қайнап жатқаны рас. Осы орайда, кезекті екінші толқында бұл жағдайлардың қайтланбауына жол бермеу қажет. Ақша қуамын деп денсаулықтан қол үзуге болмас. Онымен қоса, бұл жақтағы ара қашықтықты сақтап жүргендер кем-ақ.   Намысқа тырысып, мал сойып тойдың ізін қуып кеткендердің қарасын көзімізбен көрдік. Тіпті бір той өткіземін деп жүзден аса қонаққа ауру жұққаны белгілі. Атыс та болды, асабалар мен мемлекет арасында тартыс та болды. Айыбын төлеп, артынша той жалғағандарды байқап, жағаны да ұстадық.

Бұл індетте елге ақыл қонды ма? Талапқа бағынбай, жүгенсіз кеткендер әлі де жүр ме? Оны уақыт көрсетеді. Өзіне жаны ашымайтын адам ғана айналасын қатерге тікпек.

Тіпті дәрігерлердің өзі де отбасы мүшелеріне, жақындарына індет жұқтырып, қисық қадамға барғаны мәлім. Кей уақытта аурухананың өзі аурудың таралу ошағы болды. Десе де, қабат-қабат киім киіп, бет-аузын қымтап, күні-түні жұмыс жасаған дәрігерлердің халық алдында абыройы еселеп көтерілді.

Бұл вирустың ендігі тигізер зардабының қалай болатыны белгісіз. Жан тапсырған науқастырдың мүрдесін туғанына да бермей, арнайы заңдылықпен жерленгені талайдың есінде. Сондықтан, атүсті қарайтын шаруа емес. Бүгінде миллионнан астам адамның өмірін қиған індеттің ініне түспей, сақтық шараларына аса қатты көңіл бөлу қажет.

Д.АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған