QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

ДОСТЫ САТПАЙТЫН, АДАМДЫ АЛАЛАМАЙТЫН…

Автор:QAA.kz

Июн 21, 2019

Бұл мақала 2017 жылы Сейілбек Шаухаманұлының өмірде бар кезінде жазылған еді, бірақ ол кісі бұл жазбаны көрген де, оқыған да жоқ. Дәл осы кезде «Ел ардақтылары» атты жинақты баспаға дайындап жатқан болатынмын, мақаланы осы кітапқа кіргізетін болдым да, бірінші данасын сыйға тартамын ғой деп, бұл туралы айтқаным да, көрсеткенім де жоқ. Кітаптың шығуы ұзаңқырап кетті де, баспадан шыққанша Ол кенеттен дүниеден өтті. Сейілбек Шаухаманұлы елге еңбегі сіңген адам ретінде өзінің көзінің тірісінде лайықты бағасын алған, өзі туралы айтылған, жазылған жылы сөздерді естіген, еңбегінің жемісін көрген кісі. Дегенмен менің де жазғанымды оқыған да артық болмайтын еді. Сәтін күтіп жүргенде кешігіп қалдым, өкінішті-ақ. Ол дүниеден өткелі уақыт жылдам жылжып, жылы да жақындап қалды, соның қарсаңында осы мақаланы ешбір өзгеріссіз қаз-қалпында беріп отырмын.

Аты бүкіл республикаға мәлім мем­лекет және қоғам қайраткері,  Қызыл­орда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қазақстан Жазушылар, Журналистер Одақтарының мүшесі, экономика ғылым­дарының кандидаты Сейілбек Шаухама­нов туралы жазу көптен ойымда жүрді, бұндай сан қырлы мемлекеттік қызмет атқарған қадір-қасиет иесі, көсемсөз шебері, өмірде кездескен күрделі кезеңдер мен қиын­дықтарды «етігімен су кешіп, ауыз­­дықпен мұз шайнап» дегендей тығы­рық­тан шығатын ең тиімді жол тауып жеңіп жүрген тұғырлы тұлға туралы жазу өте күрделі. Сейілбек Шаухаманұлы об­лыс­­тық партия комитетінің бірінші хат­шысы, облыс әкімі болғанда мемлекеттік қызметтегі біздің басшымыз болды, бәрі­міз  зейнетке шыққан кезде  облыстық ар­да­­герлер кеңесінің төрағасы ретінде де басшымыз, сон­дық­танда бұл кісі туралы білгенімізді, көр­ге­німізді, көңілге түйге­німізді, кейінгі ұрпаққа үлгі ететін тағы­лым­дарын баяндауды парызым деп санадым.

Сейілбек Шаухаманов 1965-69 жыл­дары екі аудан біріккен кезде Сырдария, содан кейін Тереңөзек ауданының аудан­дық комсомол комитетінің бірінші хат­шысы болып қызмет атқарды, бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болып қоғамдық жұмыс атқаратын біздер оны сол кезден бастап біле бастадық, жастар жиналыстарына, пленумдарға қатысатын­быз, ол кісі жастардың нағыз ұйым­дасты­рушысы, жанашыры болды, сол кезде-ақ сөзге шешен болатын. Ол біздің жылт еткен жаңалықтарымызды, ұйымдас­ты­рып жатқан жұмыстарымызды қалт жібер­мей қуаттап, қоштап, кемшілік­тері­міз болса жанымызды ауыртпай, байқап қана ескертетін, біз де мүлт кеткен мәсе­ле­­лерді емеуріннен танып, қайтып сүрін­беуге тырысатын едік. Осындай адал ниет­пен, шынайы тілектестікпен сол кездегі бір топ жас кадрлардың Сейілбек Шауха­ман­ұлымен алдымен қызметтік қарым-қатынасқа, араласа келе сыйластыққа айналған дәуіріміз басталып кетті, содан бері жарты ғасыр уақыт өтіпті. Онымен біздің ұстазымыз да бір болды – ол адал­дықты, әділдікті, темірдей тәртіпті ту еткен тұғырлы тұлға Қонысбек Қазантаев еді, осы кісіден алған тәлім-тәрбиеміз бүкіл өмірімізге азық болды.

Сейілбек Шаухаманұлы 1969-75 жыл­дары Партияның ХХІ съезі атындағы кең­шарда директор болып қызмет атқарды, шаруашылық аудан орталығына жақын болғандықтан жиі кездесіп, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі ретінде шаруашылықтың науқандық жұмыста­рына араласып тұрдық. 1975-80 жылдары Қазақстан Компартиясы Жалағаш аудан­дық комитетінің екінші хатшысы, 1980-83 жылдары халық депутаты Сырдария аудан­дық атқару комитетінің төрағасы,  1983-87 жылдары Қазақстан Компар­тиясы Шиелі аудандық комитетінің бірінші хатшысы, 1987 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің инспекторы болды. 1987-89 жылдары халық депутаттары Талдықорған облыс­тық атқару комитетінің төрағасы қыз­мет­терін атқарып, осы қызметте 2 жыл ғана уақыт болса да, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі облыстық кеңес атқару комитетінің жұмыстарын оң тәжірибе ретінде республикаға таратты.

Сейілбек Шаухаманұлы 1989-91 жыл­дары Қызылорда облыстық партия коми­тетінің бірінші хатшысы болып елге оралды, мен ол кезде Тереңөзек аудандық атқару комитетінің төрағасы болып қыз­мет атқаратынмын, енді ол кісі облыстық басшымыз болды. Бұл уақытта 80-ші  жылдардың аяғында 90-шы жылдардың басында басталған елімізде болған күрт өзгерістер, өтпелі кезеңнің күрделі эконо­ми­калық, әлеуметтік саяси жағдайлары біздің облыстың да тұтыну рыногындағы күйзеліске әкеліп соқтырды, жетіспеу­ші­лік, тапшылық, демократия деп дүрлігу дәл осы уақытта тегеуінді идеология, нәтижелі, жергілікті жердің ерекшелігіне сай келетін экономикалық реформа, заманауи өзгерістерді қарапайым халық үшін тиімді жүргізетін, облыстың барлық аудандарын, жерін, суын, жайылымын, егістігін, еңбеккерлерін, барлық ерекше­лік­терін білетін Сейілбек Шаухаманұлы дер кезінде елге келіп осындай күрделі өтпелі кезеңде облыс тізгінін қолға алып, сан-салалы, ұшы-қиыры жоқ жұмыс­тарды бағдарлап, өзекті мәселелерді шешуге білек сыбанып кірісті. Алдымен атқарылатын істің бағытына, мақсатына өзінің іскерлігімен халықтың өз ділін, дәстүрін өзіне пайдалана отырып, көздерін жеткізіп, «үкімет асырайды», «аудан, облыс әкімдері шешіп береді» деген менталитеттен арылтып, өзін-өзі қамтамасыз етуге, қаржыландыруға, өнім өндіруге, оны ұқсатуға, сақтай білуге, тиімді сатуға, одан пайда табуға үйретті. Барлық елді мекендерде өндірілген өнімді ұқсататын шағын цехтар, егін егетін, мал бағатын, құс өсіретін, жеміс-жидек, көкөніс-бақша өсіретін шаруа қожалық­тарын ұйымдастыруды тапсырып, қадаға­лап отырды. Сол жылдары облыста 3,5 мыңға жуық әртүрлі өнім өндіретін цехтар ашылды, облыстық тұтынушылар одағы­ның ұйымдастыруымен сауда орында­рында, облыстық білім беру басқарма­сы­ның араласуымен мектептерде де мүмкін­дігіне қарай шағын кәсіптер нысандары ашылды. Өтпелі уақыттағы Қызылорда облысының күрделі кезеңнен тұрғын­дарды аман алып шығу тұрғысында әр отбасының, әр ұжымның өзін-өзі асырау, қаржылай қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстары туралы «Правда» газетінде «В Кзылорде голодовки не будет» деген тақырыпта мақала жарияланды.

1992 жылдың басынан бастап респуб­ликада әкімдік институты енгізіліп, Сейілбек Шаухаманов облыстың бірінші әкімі болып тағайындалды. Осы күннен бастап Сейілбек Шаухаманұлының тіке­лей басшылығымен жұмыс атқара баста­дық. Әкімдік жүйесі бұрын-соңды билік құрылымында болмағандықтан өзіндік қиыншылығы болды, алғашқы кезде кеңесші органдар да болған жоқ, барлық жауапкершілік, шешім қабылдау, кесіп айту бәрі-бәрі жеке әкімнің қолында болды. Сейілбек Шаухаманұлы облысты басқарған 6 жыл ішінде қызметтің атын, міндетін, мазмұнын бірнеше рет өзгертті: облыстық партия комитетінің соңғы бірінші хатшысы, облыс әкімшілігінің бірінші басшысы, бірінші әкімі, облыстық кеңес төрағасы, кейін облыстан сайланған бірінші сенатор. Сан қырлы ұйымдас­ты­ру­шылық, кадр орналастыру, идеология­лық жұмыстар, нарықтық экономикалық қатынастарды ендіру, барлық салаларда жүргізіліп жатқан реформалар, жекеше­лен­діріп, меншіктің түрін өзгерту сияқты күрделі өзгерістер жүріп жатты.

Қызылорда қаласында Орта Азия мемле­кеттері мен Ресей Федерациясы бас­шы­ларының қатысуымен Арал мәсе­лесі бойынша халықаралық конференция өткізіп, бүкіл дүние жүзі халықтарының назарын Арал проблемасына аударды, «Арал апат аймағында тұратын халықты әлеуметтік қорғау» туралы заң қабыл­данды. Аралға байланысты заңның оңай­лықпен қабылданбағаны жұртшы­лыққа аян, 362 депутаттың талқысына түсуінің өзі күрделі жағдайда өтті, оның үстіне ол кезде Чернобыль апатына, Семей эколо­гия­сына байланысты заңдар әлі қабыл­дан­баған болатын. Осы қабылданған заң бойынша ол кездерде бірнеше жүздеген миллиард теңге бөлініп, Арал өңірі тұр­ғын­­дарын әлеуметтік қорғау жөнінде көп­теген пункттер қабылданды, уақыт өте келе әлеуметтік қорғаудың бірнеше түр­лерінің қысқаруына қарамастан, қазірдің өзінде облыс тұрғындарына осы заң бойын­ша республикалық бюджеттен 9 млд. теңге бөлініп отыр.  Аралды құт­қару жөнінде арнайы халықаралық қор құрылды.

Осы жерде кезінде Жезқазғаннан жалға алынған жерді пайдаланудың мерзі­мін ұзарту жөнінде ұсыныс жасалып қолдау тапқанын айтқан жөн. Осындай жоғарыда аталып кеткен біздің облыс үшін тағдырлы оң шешімдердің қабыл­дануы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Сыр елі халқын қолдауының, қамқорлығының, дер кезінде көмек беруінің, облыс әкімінің үлкен талдаумен, зерттеумен, нақты дәлел­дермен, ыждағат­тылықпен жасаған ұсыныстарына түсініс­тікпен қарауының нәтижесі. Осындай қолдаудың арқасында облыс мұнайлы өлкеге айналды, 1991 жылдың 21 науры­зында дербес «Оңтүстік­мұнайгаз» өндірістік бірлестігі құрылды. Осы кеніш орналасқан Жезқазғаннан жалға алынған жер сол кездегі Тереңөзек ауданының территория­сында болғандық­тан біз мұнай өндіру­шілермен тығыз бай­ланыста болдық, 1991 жылы 1 млн. тонна мұнай өндірілгенде кеніш басында Сейілбек Шаухаманұлының шақыруымен КСРО мұнай-газ өндірісінің Министрі Л.Филимонов, басқа да ресми қонақтар келгенде кеніш басындағы іс-шараларды өткізуге араластық. «Оңтүстік­мұнайгаз» өндірістік бірлестігін Мұрат Ғазизұлы Саламатов басқарды.

Құмкөл кеніші орналасқан террито­рия Арысқұм қойнауы біздің Қараөзек шаруашылығының жайлауы еді, көктем­нен күзге дейін малшылар жайлауға шығатын. Сейілбек Шаухаманұлының ұсынысымен Қараөзек кеңшарынан Құмкөл кеніші жұмысшы-қызметкерлері ет, сүт, қымыз, шұбат өнімдерімен қамта­масыз ету үшін, ал өндірістік бірлестік тара­пынан ауданға жанар-жағар май, басқа да материалдық-техникалық көмек көрсету жөнінде мәселе қозғалып, заңдас­тыру жолдары қарастырылып жатқан еді. Осы мәселені шешу үшін облыс әкімі вахталық кентке «Оңтүстікмұнайгаз» АҚ бас директоры М.Ғ.Саламатов, облыс­тық ішкі істер басқармасының бастығы генерал Демесінов, басқа да қажетті облыстық мекемелердің басшыларымен ұшып келіп, жұмысшы кеңесін өткізді Соңғы қорытындыны Сейілбек Шаухама­нов жасап, 2 тарапқа да оңтайлы шешім қабылданып, жер беру, оны рәсімдеу құқығы, шаруашылыққа директор ұсыну, өндірілген мал өнімдерінің есебі аудан арқылы жүргізілетін болды. Әрине бұның бәрі бірден, оп-оңай болған жоқ, іскерлік қарым-қатынас орнатуға біршама қиын­дықтарды жеңу арқылы қол жеткіздік. «Қараөзек» шаруашылығы жөніндегі құжат­тарды заңдастыру барысында аудан­ның қойып отырған шарттарын апар­ғанымызда Мұрат Ғазизұлы бұндай толып жатқан талаптар қоятын бол­саңыздар бұл шаруашылықты несіне қабылдаймыз, облыста ауыл шаруашы­лығымен айналысатын өндірістік коопе­ра­тивтер бар ғой дегені де бар, бұл жерде облыс әкімі Сейілбек Шаухаманұлының көп көмегі болды.  Осындай оң шешімнің нәтижесінде өндіріс пен ауыл шаруа­шы­лық құрылымының өзара байланысы нығайды, ауыл орталығында орта мектеп салынды, аурухана ашылды, мал бордақы­лау алаңы, шағын ет, сүт зауыты, тері илей­тін, одан тон тігетін цехтар ашылды, ет, сүттен 16-17 түрлі өнім түрлері өндірі­ле­тін, бір сөзбен айтқанда сол кездің өзінде мал шаруашылығы кластерін қалыптас­тыруға әрекет жасадық деуге болады. Ауданның күріш шаруашы­лықтары жоңышқа, жем-шөп дайындап, орнына жанар-жағар май алып тұрды.

1995 жылғы сәуірде «Қараөзекке» ҚР Президенті Назарбаев келіп, мал шаруа­шылығы өнімдерін өңдеу, ұқсату мақса­тын­дағы шағын ет, сүт зауыттарын, тері илей­тін, тон тігетін цехтарды аралап, өнді­ріс пен ауыл шаруашылығының байланы­сына оң баға берді. Содан кейін ұшақпен Құмкөл кен орнына барды. Арнайы ұшақта Нұрсұлтан Әбішұлы, Ахметжан Смағұлұлы Есімов, Сейілбек Шаухаман­ұлы және мен болдым. Президент мұнай­шы­лармен сұхбаттасуында қазба байлық­тың аймаққа ырыс-береке мен өркендеу әкелетініне баса назар аударды. Тезірек жоғары өндірістік деңгейге көтеріліп, жылына кем дегенде үш миллион тонна мұнай өндіруге кеңес берді, бастысы – ілеспе газды пайдаға асыруды жедел­дету, бұл біздің өтпелі кезеңнің көптеген әлеуметтік мәселелерін шешуге мүмкіндік беретінін айтты. Мұнайдың арқасында құм басқан ұшы-қиыры жоқ ен далада осындай үлкен өзгерістер болды. Осы өзгерістердің басы-қасында Сейілбек Шаухаманов бағыт беруші, ұйымдасты­рушысы болды, осы ұлы көшке бізді де қалдырмай ілестірді. «Оңтүстікмұнайгаз­дың» қаржыландыруы­мен Диагностика­лық орталық 3 құрылыс трестерінің үйле­сімді жұмыстарының арқасында 22 айда сапалы салынып бітті. Кезінде бұл құры­лыс нысаны Қазақстан Республикасы Мем­­ле­­кет­тік сыйлығына ұсынылған бола­тын, оң шешім шықпаса да, талаптанып тізімге ілінудің өзі жетістік деп есептеуге болады.

Менің маған дейінгі жазылғанға, айтылғанға қоса­рым Сейілбек Шауха­манұлы облысты қоғамдық құрылыс өзгеріп, қалыптасқан өндірістік қаты­настар бұзылып, қоғамдық меншікті жекешелендіру жүргізілген күрделі, қиыншылыққа толы кезеңде бас­қарып, азды көпке жеткізіп, жоқтан бар жасап, жұртшылықты, тұрғындарды өзін-өзі қамтамасыз етуге жұмылдырып, облысты күрделі кезеңнен аман алып шығу­мен қатар, экономикалық, әлеу­меттік өсуді де қамтамасыз етті, құрылыс жүрді, жолдар салды. Ауыз су жүйесі жөнделді, бұрынғы ескірген су жолдары полиэтилен труба­лар­мен ауыстырылды, бұл салада 2 жыл­дың ішінде қыруар жұмыс атқа­рылып, 5 облыстан мердігер құрылысшы­лар тар­тылды. Мал шаруашы­лығына басты назар аударылып, Белорус­сиядан, Ресейден, Қырғызстаннан асыл тұқымды аналық ірі қара әкелінді. Из­раиль мемлекетінен 10 шағын сүт зауыты әкелініп, аудандарға таратылып берілді, тамшылап суару әдісі ендіріліп, халықты өзімізден өндірілген көкеніспен қамта­масыз етуге талпыныс жасалды. Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институты­ның филиалы Москва арқылы үлкен ізде­нудің арқасында Қызылорда агроөнер­кәсіп өндірісінің инженерлерін даяр­лайтын дербес инс­титут болып ашылды. Облыс өміріне бай­ланысты тағдырлы шешімдер қабылдан­ды, рухани салаға да көңіл бөлінді, облыс­тың моральдық-пси­хологиялық ахуалы бірқалыпты болды, қиын қыстау кезде елдің ауызбіршілігі, ынтымағы қай кез­дегіден де мықты болды, бірнеше ай ай­лығын, зейнетақысын ала алмаған тұр­ғын­дар шыдап бақты, сыр бермеді, сабыр­лық сақтады. Ол облыстың өзінен шыққан кадрларды тәрбиелеп, шешуші салаларға орналастырды, қажет жерінде қатаң жауапкершілік сұрады, орынды жерінде кешірім­шілдік, кеңдік танытты. Сейілбек Шауха­ман­ұлының қаланы, әр ауданды, әр бас­қарманы, эко­но­мика мен әлеуметтік салаларды бас­қа­руға сенім білдіріп, таңда­ған облысы­мыз­дың кадр­лары өздеріне жүктелген жауап­кершілікті ақтап шығу­ға бар күш-жігерлерін жұмсап, үнемі ізденісте, өндіріске, ауыл шаруашы­лығына, кәсіп­керлік сала­сына жаңа­лықтар, жаңа техноло­гия­лар енгізуге ұм­тылды. Соның нәтижесінде облыс өтпелі кезеңнің шыр­ға­лаңы­нан абыроймен шықты.

Оның ұстаздарын құр­меттеуі ерекше бір құбылыс. Ұстаздарының көздері тірі­сінде өнегесін алып, ел бас­қарған ағаларының дана­лығын, іскерлігін, пара­са­тын бойына сіңіріп, соған сай құрметтеп, алдарынан кесе өтпей жақсы іні, қабі­летті шәкірт бола білсе, ол кісілердің басы ауырып, балтыры сыздағанда басы-қасында болып, қолынан келген бар мүмкіндігін жасауға тырысады, өсиет­терін, аманаттарын тыңдап, кейінгі ұр­паққа жеткізіп келеді, дүниеден өткенде­рінің алдында азаматтық парызын толы­ғымен орын­дап жүреді десем артық айтқандық болмас. Социа­лис­тік Еңбек Ері Исатай Әбдікәрімов дүниеден өткенде айтқан қоштасу сөзі қатысушылардың әлі күнге есінде. Тәкей Есетов, Ғафур Мұха­мед­жа­нов, Елеу Көшербаев, Сүлеймен Сейітов, Көмекбай Қаракөзов, Еламан Жүнісбаев, Ержігіт Бозғұловтар туралы айтқандары, жазған­дары осындай сыйлас­тықтың, құр­меттеу­дің айқын белгісі. Ол ұстазы Қоныс­бек Қазантаевты ерекше баға­лайды, ол кісінің әділдігін, іскерлігін, сөзге шешендігін, ыжда­ғат­тылығын, жинақы­лығын, білікті­лігін үнемі айтып отырады. Абылай Хан­герей­ұлы Айдосов­ты комсомол жұмы­сынан бастап ұстазым деп есептейді. Аталған кісілердің 80-90 жылдығын атап өту, есімдерін мәңгілікке қалдыру, ескерт­кіш орнату, ұлықтау шараларына тікелей араласып, үлес қосып келеді. Ұстаз­дарды ұлықтау, сыйлау, құр­меттеу, ардақтау, адалдық таныту шәкірттік, інілік, пары­зын, борышын орындау деген осындай-ақ болар. Оның қарамағындағы­ларды «жауапты іс сенің ғана қолыңнан келеді, біздің денеміз бөлек болғанмен жанымыз бір ғой», деп жұмсайтын Оспан Мәлі­баев­ты, «жақсы сөз жарым ырыс емес, толық ырыс» дейтін Социалистік Еңбек Ері Ұзақ Еспановты жиі еске алып отырады.

Ол достықты қатты бағалайды, дос­тыққа берілген адам, өзінің жас кезінен бастап достасқан адамдарымен осы уақытқа дейін қатысады, солар үшін жақ­сылық жасауға, демеу болуға, қуаны­шына ортақтасып, қайғысын жеңілдетуге тыры­сады, бар сырымен бөліседі, бастағалы отырған істері туралы ақылдасады, өзі айтқандай жүрегімен, ақылымен дос бола біледі. Сыр бойының белгілі азаматтары Самит Далдабаев, Тұрғанбай Маханов, Жарылқасын Шәріпов, Жорабек Сарба­лақов, Жақай Бодықбаев, Қорғанбек Қайруллаев осындай достар. Достарды ұмыт­пауды, досты сатпауды, адамды ала­ламауды Шаухамановтан үйрену керек.

Оның қазақ қыздарына, анаға, әйел­дер қауымына деген сүйіспеншілігі, сенімі бір бөлек. Қай кезде де қайраткер қыздар жұмысты ыждағатты атқарады, жауапкер­шілігі жоғары, уәдеге берік, жүректері жылы, қолы да, жаны да таза болады деп айтып отырады. Бұл кісі қай жерде, қай салада жұмыс атқарса да қыздарға жауап­кершілік жүктеп, өзінен кейінгі лауазымы жоғары қызметтерді сеніп тапсырады. Ол сенім артқан қайраткер  қыздар да, сенім  жүгін ақтап (өмірдегі ең маңызды нәрсе сенімнен шығу), жоғары деңгейде көрініп, халықтың құрметіне бөленіп келеді. Оның әйел-аналарға деген ықыласын ол кісінің өз анасына, отбасында жарына, қызда­рына, келіндеріне деген қарым-қатына­сынан айқын көруге болады, олар туралы өте жылы лебізді айтып та, жазып та жүр.

Оның сөзге шебер шешендігін арнайы зерттесе де артық болмас еді. Қазақ сөзінің мәйегін тауып, әр оқиғаға, әр құбылысқа, әр жиынға сай  нақпа-нақ, дөп  басып пайдалануы таңқаларлық. Әсіресе жеке тұлғалардың бейнесін сомдауда өзің білетін адам көз алдыңда жағымды кейіпкерге айналып, танымай таңданып қаласың. Бір сөздің бірнеше баламасын пайдалануда бұл кісі алдына жан салмайды, бір жазған мақаласында бір сөздің, бір ұғымның 30-ға жуық баламасын санап, қайран қалдым. Оның балама, көп мағыналы сөздерді пайда­лануы өзгеше, ешбір тіл ғылымының ережесіне сыймайды, мен бұл ерекшелікті ішкі рухани байлықтан пайда болатын сөз маржаны болар деп есептеймін. Қазақ тілінің байлығын, көркемдігін, көп мағыналылығын, бүкіл мүмкіндігін осы кісінің сөйлеген сөзінен, айтқан ойынан, күніне бірнеше жерге шақырылып, бірнеше жерде сөйлегенде бір сөзді де қайталамай, жаңа ой, жаңа пікір айтқанда, осынша көркем сөздің қайдан шыға беретініне таңданасың. Қандай тыңдау­шының алдында сөйлесе де шешендік өнерінің үлгісін көрсете көсіліп, түрлен­діріп, тіл, сөз мәртебесін көтеріп сөйлейді. Ол кісінің табиғатынан жаралған шешен­дік шеберлігі терең, жүйелі, сөз мағы­насын ашып, анықтап, шегелеп айтады.

Оның ауыл шаруашылығы маманы инженер-механик екендігін ертеден білмеген болсақ, ол кісіні тіл маманы, болмаса журналист дер едік. Жоғарыда ол кісінің ауызша сөйлегені, шешендігі туралы айтылса, енді жазған мақалалары, кітаптары, ардақты азаматтар туралы естеліктері, очерктері, публицистикалық шығармалары бір төбе. «Ер қанаты», «Алтын алма, ақыл ал», «Мұхтар Әуезов Мұхаммед пайғамбардың ұрпағы», «Иесі кім бұл елдің, киесі кім бұл жердің», «Бақытыңды бағалай біл» тағы басқа кітаптары, Әбдіжәміл Нұрпейісов туралы «Ар мен намыс», Тәкей Есетов туралы «Бекзат», Ғафур Мұхамеджанов туралы «Тұғыры биік тұлға», Мақсұт Абдразақов туралы «Азамат» тағы басқа мақалала­рының әрқайсысы нағыз құнды шығар­малар. Қазақтың  киелі түлігі жылқы туралы «Жеріміздің киесі – Қамбар ата», «Қазақтың төл түлігі» туындысы керемет дүние. Осы жазбаны оқып отырғанда адамның жан дүниесіне әсер ететіні сонша, кең далада арғымаққа мініп шауып келе жатқандай күйде боласың. «Ақ бата» бірінші, екінші кітабының «Жүз жаса», «Қарттарын қадірлеген қасиетті өңір» кітаптарының редакциялық алқасының төрағасы, Қызылорда облыстық ардагер­лер кеңесінің  бастамасы және облыс әкімдігінің  қолдауымен шыққан Ұлы Отан Соғысындағы Жеңістің 70 жылды­ғына арналып дайындалған «Қызылор­да­лық Қаһармандар» атты мерейтойлық жинақтың редакциялық алқасы төрағасы­ның орынбасары. Осындай инемен құдық қазғандай  шығармашылық  еңбектің арқасында  ол өзінің 75 жасқа толған мерейтойында Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелігіне қабылданды.

Ол қай жерде, қай жұмыста болса да жасыл желекке, көктету, көгалдандыруға, көркейтуге зор мән береді. Облыс әкімі қызметінде жүргенде «Жасыл өлке» бағдарламасын қабылдап, бүкіл облыс аудандары, барлық елді мекендер жасыл желекке бөленді, 100 мың гектар жерге көлеңкелі ағаштар, жемістер егілді. Барлық аудандарда дерлік алма бақтары ашылды. Әр ауданда бағдарламаның орындалуы жөнінде семинарлар өткізді, біздің Сыр бойында жасыл желек, жеміс бақтарының өсірілуі экологиялық ахуалымыздың сауығуына үлкен әсері болды, елді көгалдандыру, көлеңкелі ағаш, жеміс-жидек, гүл өсіру баға жетпес сауапты жұмыс. Ол өзі отырған үйінде де ауласына жеміс ағаштарын отырғызып, көкеніс, гүл өсіреді, бұл кісінің үй алды жері нағыз ботаникалық бақ секілді, егер біздің елдің әрбір үйі, отбасы өз үйін осылай жасыл желекке бөлейтін болса, экологиялық ахуал басқаша болар еді.

Ол «Ердің қосы оңбай, ісі оңбайды» деген қанатты сөзді үнемі айтып отырады, жазады да. Оның қосы да, ісі де оңған бақытты азамат. Қосағы Жұпаркүл Смат­қызы өзін ері сыйлаған, ерін елі сый­ла­ған бақытты жан. «Бақытыңды бағалай біл» деп отағасы айтқандай бақытын бағалай білетін әйел. Ұзақ жылдар ол кісіні білсек те, мен сондай лауазымды кісінің әйелі едім деп көкірегін көтеріп, артық сөйле­генін көрген емеспіз. Бізді жұбайының замандастары, тұстастары, әріптестері, қызметтестері деп танып сыйластықпен қарап іздеп тұратынын, қазақтың қызы деп төрден орын беретінін бағалаймыз.

Сейілбек Шаухаманов кемел шағында да облыстық ардагерлер кеңесін басқа­рып, ардагерлер арасындағы жұмыстың деңгейін, ел арасындағы беделін көтеріп, еліне еңбегі сіңіп, күш-жігерін, білімін, білігін қызмет еткен ұжымына, туған жеріне арнаған ардагерлерді құрметтеу­дің, ұлықтаудың, әлеуметтік, тұрмыстық, медициналық-сауықтыру қызметтерін көрсетудің, қалада, аудандарда, барлық елді мекендерде, еңбек ұжымдарында бірде-бір ардагердің ескерусіз қалмауы­ның үлгісін көрсетіп келеді. Өзі атқарған маңызды мемлекеттік қызметтерде қалай ыждағат­тылық көрсетсе, ардагерлер кеңесін басқаруда да бұл қабілеттерді бұрынғыдан да арттырып жіберді ғой деп ойлаймын.

Ол басқарып отырған облыстық ардагерлер кеңесінің оң жұмыстарын  орталық кеңес мақұлдап, тәжірибесін республикаға таратты. Өмірде тағы  бір байқағанымыз көптеген ел басқарған азаматтар үлкен қызметтен босаған соң елдің көзінен де, көңілінен де кетіп, белгісіздеу болып қалады. Оның үстіне аудан, облыс басқарған үлкен басшылар қызметтен  босаған соң үлкен қалаларға қоныс аударып кетіп жатады, ал Сейілбек Шаухаманұлы болса, облыс басшылы­ғынан ауысса да, тынымсыз қызметін жалғастырып, әлі күнге дейін бұрынғыдай адамдарға қажет болып, қанша мүмкін­ші­лігі бар болса да ешқайда қоныс аудармай, өз облысымызда, өз елінің  ортасында белсенді қызмет атқарып жүр.

Сейілбек Шаухаманұлы өзінің ұзақ  жылғы ел басқарудағы еңбегінің жемісін, жеңісін, бейнеттің зейнетін көріп, жоғары бағасын алып жүрген тұлға. КОКП мен Қазақстан Компартиясы Орталық Коми­тет­терінің мүшелігіне сайланды, ХІ және ХІІ шақырылған Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Кеңес Үкіметі тұсында «Октябрь револю­циясы», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» орден­дерімен, медальдармен, Грамоталармен марапатталса, тәуелсіз Қазақстанның «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, 2 облыстың, 7 ауданның құрметті азаматы.

 

Алмагүл БОЖАНОВА

Қызылорда облысының

«Құрметті азаматы»

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *