QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

“ДОМАЛАҚ” бұрынғылардан қалған дәстүр ме?

ByQAA.kz

Қыр 10, 2020

Жалпы арыз екі топқа бөлінеді. Бірі шындықты айтуға бағытталса, екіншісі біреуге жала жабуға арналады. Басқару жұмысында жүрген адамдар арыз деген сөзді ұната бермейді. Осы жерде өткен кезеңнен бір мысал келтірудің реті келіп тұрғаны. Ол кезде мен Жалағаш аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істейтінмін.

Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қонысбек Төрешұлы Қазантаев:

– Арыздың артында адам бар. Ендеше оған жеңіл-желпі қарауға болмайды.

Оның үтір-нүктесіне дейін тексеру керек. Анық-қанығына жету бірінші кезекте тұруға тиісті, – деп үйрететін.

Ол кезде қазіргідей интернет желісі жоқ, есесіне күн сайын әрбір мекемеге, өндіріс орындарына, газет редакциясына еңбекші хаттары толассыз келіп жататын. Олардың бірсыпырасында өздерінің ортақ мүдде-мақсатқа деген ынтасынан туындаған ұсыныстар, ойлар, пікірлер болса, екінші бір хаттарда жұмыстағы, тұрмыстағы кемшіліктер, олқылықтар, кейбір жағымсыз әрекеттер қынжыла баяндалатын.

Еңбекші хаттарымен жұмыс жүргізуде жергілікті партия ұйымдары тұрғындардың өтініш-тілегін, арыз-шағымдарын тез арада қарап, іс-жағдайын дұрыс шешіп отыруды бірінші кезекке қоятын. Бұл мәселе аудандық партия комитетінің бюро мәжілісінде арнайы қаралып, тиісті орындарға обьективті бағалары берілетін. Сондай-ақ еңбекші хаттарына жауап беруде ұзаққа созып,салғырт қараған кінәлі адамдарға қатаң шара қолданылатын. Ол кезде арызшағымның авторы болсын-болмасын бәрібір тексеру жұмыстары бірдей дәрежеде жүргізілетін. Қайта аноним арызды тексеру қатаңдау болатын.

Айтуымыз керек кезінде талай рет бірінші хатшының үстінен де авторы жоқ домалақ арыз түскен-ді. Қонекең мұндай мәселені жалаулатуды, көсемдік жасағысы келетіндерді ұнатпайтын. Үстімнен арыз түсті деп жүні жығылмайтын. Өзінің таза еңбегіне сенетін. Арызқойларды: «Қызғаныштық температураларын домалақ арыз жазып түсірейін деген ғой» – дейтін. Не деген дәл баға берген десеңізші?!

Сонымен қатар облыс басшылары жәйлі аты жазылған, аты жазылмаған арыздар, әртүрлі деңгейдегі материалдар бұрын да болды.

Мәселен, 1962 жылы Москва қаласынан шығатын «Правда» газетіне «Битая карта», 1979 жылы осы газетте «У Обкома на виду» деген сын мақалалар жарияланып облыс басшысы, бірсыпыра жауапты қызметкерлердің орындарынан босағандарының куәгеріміз. Осы айтып отырғандарымның өзінен біздің де басымыздан небір ірілі-ұсақты оқиғалардың өткендігін, мыңдаған адамдармен кездескендігімізді біреу білсе біреу білмейді. Осылайша өмір көшіне ілесіп жүргенде кешегіні бүгін ұмытатын жасқа келіппіз. Көп нәрсе ұмытылыпты. Ұмытылмағаны да бар екен. Содан бір мысал келтірудің орайы келіп тұрғандай.

1985 жылы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Еркін Нұржанұлы Әуелбеков келген кезде домалақ арыз жазу етек алды. Соның салдарынан жауапты қызметтегі кадрлардың бірталайы ауыс-түйіске ұшырады.

Домалақ арыз менің үстімнен де жазылды. Оны тексеруге облыстық партия комитетінің парткомиссия бөлімінің нұсқаушысы Әділбек Айымбетов келді. Домалақ арыз артында бір топ еңбеккерлердің атынан жазылып отыр деген тіркестері бар. Арыздың тексті көзіме оттай басылды. Таныс қол. Ол кезде аудандық партия комитетінің номенклатурасында үш жүзге жуық кадр болатын. Олардың басым көпшілігінің қолын (почеркін) танитынмын. Менің бұл құпиямды олар білмейтін. Әлгі менің үстімнен арыз жазушы күнделікті кездесіп қатар жүрген, жауапты қызмет жасайтын азамат екендігі белгілі болды. Одан кейін де бірінші хатшының үстінен бірнеше домалақ арыз жазылды. Оларды да қолдарынан танып білдік. Олар да аудандық партия комитетінің номенклатурасындағы қызметкерлер болып шықты. Олармен тиісінше жұмыс жүргізілді. Мұнан соң ауданда домалақ арыз жазу тастай тиылды. Мұны мұншама жіктеп айтып отырғаным, өмір тәжірибесінен алып қарағанда қол қоймай домалақ арыз жазушыны сырттан, алыстан іздеудің қажеті жоқ екендігін, оны қызметтес адамдар ғана жазатынын айту.

Ардагерлер қолын қоймай «Домалақ арыз» жазбайды. Ардагерлер арызды жазса қолдарын қойып жазады. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Ардагерлер деген құрметті, мәртебелі, абыройлы атақ, Бұл атақ уақыттың, тарихтың, халықтың жарлығымен беріледі. Оның үстіне қазақта:

«Ақ бұлттар, қара бұлттар, ала бұлттар,

Көрдің бе аспанда да алалық бар.

Біреуде жаста болса даналық бар,

Біреуде қартта болса балалық бар.

деген қасқа бас қағида бар.

Осы жерде ерте есейіп, биліктің есігін ерте ашып, зейнеткерлікке шыққанда ардагер ел ағалары атанған бірсыпыра ағаларды еске түсірсем деймін.

Уақытында облыстың ауылшаруашылығын өркендетуге белсене араласқан Омар Әзходжаев ағамыз бұрынғы облыс басшысы Серікбай Нұрғисаевпен кездесу жиынында «Серікбай, сені қыдырады дейді ғой» дегенде залдағылардың сілтідей тиылғаны, журналист-жазушы, одақтық, «Гудок» газетінің жергілікті тілшісі болған «Құрметті теміржолшы» Шайхыслам Серікбаев ағамыздың билік басындағылардың қызметтегі олқылықтарын батыл айтып, көпшіліктің талаптілектерін қаз-қалпында жеткізудегі салиқалы сөздері, партия, кеңес қызметінің қайраткері Абдолла Дәулетов ағамыздың алқалы жиындарда, конференцияларда айтқан ұсыныспікірлері, кезінде Қазалы және Қармақшы аудандарын басқарған, екі ауданның Құрметті азаматы болған, зейнеткерлікке шыққаннан кейін облыстың қоғамдық өміріне белсене араласқан Қаһарман Табынбаев замандасымыздың облыс басшыларының қатысуымен өткен жиналыстарда, кездесулерде кадр саясатында көңілге қонымсыз қадамдардың барлығы, жергілікті кадрлерді тәрбиелеуге тұрақты көңіл бөлінбейтіндігі, басқа да мәселелер жөнінде шындықты айтқан жалынды сөздері халықтың есінде. Бүгінде бұлардың барлығы арамызда жоқ. Жайсаң жандардың жатқан жерлері жәйлі болғай.

Ойлап отырсам өмірден өткен азулы ағалардың орнын Ұлы Отан соғысы жылдары өмірге келгендер баса бастапты. Бұл да өмір заңдылығы. Олардың орта жасы жетпіс бес. Бұл жасты даналықтың, даралықтың, ақсақалдықтың алғашқы баспалдағы деуге болады. Алайда, айтулы жастағылардың ішінен айтып отырған талаптан шыға алатындары бола ма, болмай ма оны уақыт көрсетеді.

Өздерінің жағымды мінездерімен момақан күй кешкен, айтатынды айтпай, ауыздарын берік ұстаған ардагерлер де бар. Билік басындағылардың айналасында жүріп жақсы деген атауға ие болу да оңай шаруа емес. Десе де басшылардың ойынан шығып мадақтаудың, марапаттаудың, сый құрмет жасаудың басты кейіпкеріне тұрақты түрде айналғандар да кездеседі.

Мысалы, жергілікті жердің «Құрметті азаматы», облыстың «Құрметті азаматы» атағын, басқа да наградаларды алдымен солардың алғаны жалған емес. Ал, облыстың экономикасы мен мәдениетін көтеруде уақыт талабына сай еңбек етіп, ел құрметіне бөленген кейбір айтулы азаматтардың елеусіз қалғанына халық риза емес.

Билік облыстың «Құрметті азаматы» атағын облыстан сыртта жүрген азаматтарға да беруде. Сонда облысты облыс етіп отырған жеті ауданның халқы ішінен лайықты азаматтарға облысты басқарғандардың «Облыстың Құрметті азаматы» атағын қимауларын қалай түсінуге болады?

Сырт қараған көзге бұл мәселе басшының көңіл күйіне байланысты шешілетін сияқты. Биліктің айналасындағылардың ашық әңгіме айтатын ардагерлерді облыс басшысы қатысқан жиналыстарға, кездесулерге қатыстырмаудың ісәрекеттерін жасап келгендері де жасырын емес.

“Жақсыны көрсең жаның жадырайды” демекші, өз басым аудан орталығындағы жүріп жатқан жанды жұмыстарды көргенде өткен жылмен салыстырғанда биылғы жылғы тіршілік басымырақ сияқты көрінеді. Мәселен, ауданда бағдарлама аясында 16 жоба жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, Жалағаш кентінде 6 көше жөндеуден өтіп, асфальт төселуде. Үстіміздегі жылы 100 орындық аурухана пайдалануға берілмекші. Сондайақ, «Жол картасы» аясында аудандық дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Наркескен» спорт клубының ғимараты қайта жандануда. Аудан орталығына газ трубалары тартылып, газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Аудан көлемінде басқа да обьектілер кезең-кезеңімен іске асырылуда.

Теледидардан көріп, ақпарат құралдарынан оқып біліп отырғанымыздай мұндай жүйелі жұмыстар облыстың басқа аудандарында да жүзеге асырылып жатыр. Мұны облыс басшысының биліктің тұтқасын бекем ұстап отырғандығының белгісі деп батыл айтуға болады.

Бұрын құрылысшылар тарапынан айтылатын «ұтқан тендердің қаржысының 10 процентін, кейде 20 процентін сыртқа береміз» дейтін ренішті әңгімелері үстіміздегі жылы есітілмейтін болып барады. Бұл да – жақсылықтың белгісі. Лайым солай бола берсінші.

Жалпы біреуді орынсыз қаралап, қолын қоймай, бір топ адамдардың атынан деп жоғарғы органдарға арыз жазу білімсіздік пен мәдениетсіздікті көрсетеді. Арыз жазба деп кесіп айтудан аулақпыз. Жазсаң атыңды көрсетіп, қолыңды қойып шындықты жаз. Ол сенің азаматтық құқың. Өмір болғасын бәрі де болады. Мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов «Өмір деген – жарыс, өмір деген – күрес, өмір деген – намыс, өмір деген – бәйге» – деп жазған еді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жолдауындағы:

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» дейді.

Бұл көзқарас бүгінгі күні өте маңызды.

Біріншіден, жиырма бірінші ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн.

Екіншіден, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажет.

Үшіншіден, кез келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асырған дұрыс.

Төртіншіден, темірдей тәртіп және жоғары жауапкершілік баршамыздың бойымызда болуы керек.

Бесіншіден, әділдіктен айнымаған жөн. Әділдік – қоғам дамуының маңызды шарты. Әділдік – әсіресе, ел-жұрттың тағдырын шешу үшін аса қажет қасиет.

Алтыншыдан, бізге керегі – адалдық, ұқыптылық, тиянақтылық. Бәріміз нағыз қазақты дәл осындай кейіпте көргіміз келеді. Біз сонда ғана бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыра аламыз.

Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру. Сондай-ақ ұлт сапасын арттыруға атсалысу.

Жаңғырған қоғам жат әдеттерден біртіндеп арылуы керек, – деп міндет етіп қойған тұжырымдарын келтіре отырып ой-толғамымды осылайша аяқтауды кеуілге медет еттім.

Шыңғыс АЙБОСЫНОВ

Қазақстан Журналистер одағы және Халықаралық жазушылар одағының мүшесі, Жалағаш ауданының «Құрметті азаматы», «Құрмет белгісі» ордені мен мемлекеттік он медальдің иегер

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған