Қызылордада «Алдын ал, сақтан, егіл» ұранымен иммундау апталығы басталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚР ДСМ ӨДСК Қызылорда облысы бойынша департамент басшысының міндетін атқарушы Әлия Әбдіқаимова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау мәселелері жөніндегі бөлімінің басшысы Бибізада Дүйсенбаева мен ішкі саясат басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығының маманы Әлібек Жаппасбаев мәлімдеді.
Жұқпалы ауруларға қарсы жоспарлы алдын алу егу шаралары азаматтардың жасына және егілуге тиісті екпелер түріне сәйкес 24-30 сәуір аралығынада өтеді. Егу шаралары тұрақты емханаға қарасты тіркелген, тіркелмеген азаматтарға және тұрақты тұрғылықты мекен-жайы жоқтарға, сонымен қатар олардың балаларына ҚР Ұлттық алдын алу егу кестесі бойынша облыстағы барлық емханаларда жүргізіледі. Жұқпалы аурулардан қорғайтын және оның алдын алатын бұл екпелерді алғандар көптеген аурудан, тіпті өлімнен құтқарылады. Инфекциялар көбіне сырқаттанып жүрген балаларға тез жұғады екен. Егер тұрғындар екпеден қауіптеніп бас тартпаса өздерін және балаларын әртүрлі жұқпалы аурулардан сақтандыра алады.
Бүгінгі күні облысымызда 352 дәрігер, 1323 медициналық орта буынды қызметкерлер арнайы сабақтар мен аттестациядан өткен. Қазіргі таңда оларға егу шараларын жүргізуге арнайы рұқсат қағаздары берілген.
— ҚР Ұлттық алдын алу егу кестесіне сәйкес нәресте туылған сәттен бастап 18 айға дейін туберкулез, вирусты гепатит В, полиомелит, көкжөтел, дифтерия, сіреспе, В типіндегі гемофильді таяқша, пневмококты инфекция, қызылша, қызамық және эпидемиялық паротит секілді ауруларға қарсы 11 екпе қабылдайды. 2 жаста бала А вирусты гепатитіне қарсы екпе салдырады. Сонымен қатар, мектепке енді баратын бала да екпе салдыруы тиіс. Олар: бірі көкжөтел, дифтерия, сіреспеге қарсы «Бустрекс» вакцинасы болса, екіншісі қызылша, қызамық, эпидемиялық протитке қарсы «КПК» вакцинасы. Алғашқы оқу жылының қыркүйек айында (баланың 5-6 жасында) мектепке тек туберкулезге қарсы екпелер салынады, — деді, ҚР ДСМ ӨДСК Қызылорда облысы бойынша департамент басшысының міндетін атқарушы Әлия Әбдіқаимова.
Облысымызда соңғы уақытта осы екпелерді егудің арқасында бірнеше инфекциялар жойылған. Сондай-ақ, соңғы 10 жылда облысымызда эпидпаратит инфекциясы тіркелмеген. Біздің облыста түрлі себептерге байланысты ата-аналар екпе салдырудан бас тартады. Қазіргі таңда қызылшамен ауырған адамдардың басым дені кезінде арнайы салынатын екпеден бас тартқандар екен.
— Негізінен облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық ішкі саясат басқармасына жолданған хабарламаларға сәйкес «діни себептен» деп екпеден бас тартқан біршама азаматтар болған. Түсіндірме жұмыстарын жүргізу нәтижесінде, осы себептен бас тартқандардың саны 3 пайызға да жетпейтіндігі анықталды. Тағы да айта кетерлігі, бүгінгі таңда «діни себептен» деп екпеден бас тартып отырған азаматтар қажылыққа барарда осы жақта екпе салдырмай, сол елге барғанда олардың ішкі талабына сәйкес екпені алып жатыр. Демек, бұл діни себеп деген жәй ғана ішкі мемлекеттік тәртіпке салғырт қарау деп түсінеміз. Ендеше екпеден діни себептен бас тартып отыр деп толықтай айта алмаймыз, — дейді, ішкі саясат басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығының маманы Әлібек Жаппасбаев.
ҚР бойынша жұқпалы аурудың адам ағзасына кері әсері жоқ, арнайы тексеруден өткен, сертификаттары бар 21 түрлі қарсы екпелер бар екен. Соңғы 10 жылда үзіліссіз жүргізіліп келе жатқан иммундау апталығы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нұсқаулығымен өтіп келеді.
Сала мамандары сәуір айының 24-30 аралығында өтетін иммундау апталығына атсалысып, қала тұрғындарын өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қарап, профилактикалық егулерді уақытында алуға шақырды.
Т.КЕНЖЕБАЕВА