Сайлау науқаны мәресіне жеткелі әңгіме-сөз толастар емес. Жалпы Үкімет құрамы жаңартылды дегені болмаса, барлығы дерлігінің есімі «ел есіндегі», өздері көптен бері Үкімет төріндегілер.

Ағымдағы жылдың 29 наурызындағы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Премьер-министр кандидатурасын сайлауда жеңген партия ұсынатындығын мәлімдеді. «AMANAT» партиясы Әлихан Смайыловты лайық көретіндіктерін жеткізген-ді. Президент кандидатты мәжілістің өзге партияларымен талқылап, мәжіліс отырысында Смайылов сенім артуға тұрарлық үкімет екендігін айта өтті. ЖСДП-дан өзге партиялар Смайылов кандидатурасын қолдаса, 7 депутат қарсы шықты. Ал, тағы 8 депутат дауыс беруден бас тартқан. Смайыловтың бұл қызметті былтырдан бері атқарып келгені бұқараға белгілі. Отставкасы бір-ақ күнге созылған Премьер-министр өз лауазымына қайта отырды. Қайта сайланған Премьер-министр Мемлекет басшысының үмітін ақтай алады ма?

Расында да Үкімет құрамы жаңар[1]тылды деген сөз жүзінде ғана ма дейсің. Себеп – көптеген министрлердің өз орнында қалуы. Роман Скляр премьер-министрдің бірінші орынбасары, Алтай Көлгінов пен Ерұлан Жамаубаев – қаржы министрі, премьер-министрдің орынбасары қызметтерінде, Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов пен Ұлттық экономика министрі лауазымына Әлібек Қуантыров қайтадан тағайындалды. Кеткенінен келгені тез болған министрлердің қатарында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Әділет министрі Азамат Есқараев, Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, пен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев бар. Айта кету керек, бұрыңғы Энергетика министрі Болат Ақшолақов Президенттің кеңесшісі болып тағайындалды. Ал, оның орнына Алмасадам Сәтқалиев Энергетика министрі лауазымына тағайындалды.

Шытырманға толы сайлауда жеңген депутаттар ант берген қызығы өз алдына. Бірінің тілі күрмеліп, не айтқаны түсініксіз болса, енді бірі Ата Заңға қолын қоюды ұмытқан. Сабақ оқымай келген оқушы сияқты мұрынның астынан мыңғырлаған мандатшылар да табылды. Сайлауда жеңіске жетіп, депутаттыққа өткендердің қатарында да елге етене таныс тұлғалар көрінді. Тіпті алдыңғы сайлауда президенттікке үміткер болған Жигули Дайрабаев, Қарақат Әбден, Нұрлан Әуесбаев та депутаттар тізімінен табылды. Президент болуды армандағандар депутат болады екен.

Жұртқа есімі жаттаулы жандардың қатарында бірнеше жылдан бері Мәжіліс құрамынан көрінген Перуашевты жұрт «Мәжіліске қанша жылдық абонемент алған?» деп те күлді.

Журналистерге «Жынымды келтірмеңізші» деп аты шыққан Үкімет мүшесі Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин «Қайта тағайындалған қызметіңізді ойдағыдай атқарып, Прездиент тапсырмасын орындай аласыз ба?» деген тілшілердің сұрағына:

– Адамдар екі категорияға бөлінеді. Бірінші топ-сыншылар. Екінші топ[1]қызмет істеушілер. Әдетте қызмет атқарушы топ өз жұмысына көңілі тол­майды. Мен жұмыс істеймін. Мен болжаушы емеспін. Біз атқарған істер жақсы нәтижеге әкелуі керек,- деп қана құтылды.

Үкіметке қайта келгендердің бір[1]шамасы қайта сайланған депутаттардың бірқатары сияқты қалың бұқараға жақ[1]паған сын-ды. Көпшілік оларды неге қайта келді деп айыптауда. Тіпті жұрт арасында сайлау бюллетенінде “бәріне қарсымын” деген бағанаға белгі қойған қарсы жұрт сияқты Үкіметтің ескіден жаңарғанына «Үкіметтен үмітіміз үзілді» деген пікір белең алғаны тағы да бар.

Не де болса үкілеген Үкімет үмітімізді ақтаса екен дейміз. Мандатқа келген Мәжіліс депутаттарынан да күтеріміз көп. Әлихан Бөкейхан атамыз айтпақшы, «Халыққа қызмет ету-білімнен емес, мінезден». Мінезі мықтылар берілген мерзімде мақтауға тұрарлық іс атқаруына тілектеспіз!

Мұхаммедшах Каюп

Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар

By QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған