2021 ж. Сәуір 14

ӘДЕМІ КЕТТІ…

Қазақылық Үкіметке барды

Қазақстан Республикасы ПремьерМинистрінің 2021 жылғы 1 сәуірдегі Өкімімен Нәлібаев Нұрлыбек Машбекұлы ПремьерМинистр Кеңсесі Өңірлік даму бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Осыған байланысты ол Қызылорда облысы әкімінің өкімімен Қызылорда қаласы әкімі лауазымынан босатылды.

Бірнеше жыл қаланы басқарғанын былай қойғанда, ол осы уақытқа дейін де атқарған ауқымды жұмыстарын әлі күнге ел аузынан тастар емес. Мойындау керек, қала әкімі лауазымына ие болғаннан бүгінге дейін қарқыны да жүрдек пойыздың жылдамдығынан қалыс қалмады. Тәуелсіздік алған жылдан бері қаланың тыныс-тіршілігіне ұзақ уақыт жауап берген алғашқы басшы ретінде тарихта қалмақ.

Нұрлыбек Машбекұлы қаланы басқарғанға дейін коммерциялық құрылымдарда, қала әкімінің орынбасарлығында, облыс әкімдігінің аппаратында басшы бола жүріп, саясат сахнасындағы тұлғалық портретін қалыптастырды. Одан кейін Шиелінің әкімі болған тұста оны облыстағы қарқыны қатты аудан етті. Ауданнан қалаға жоғарылағанда шиеліліктер алғысын жаудырумен әлек болды. Сол секілді, бұл “әлек” бүгінде қала жұртшылығына да тән болды. Қала қауымын мәпелеп өсірген қызын өзге елге ұзатқандай бір жағынан қимастық, екінші жағынан қуаныш сезімінің билегені жасырын емес. Қуанышы сол әкімдерінің Үкіметтегі жоғарылауымен байланысты.

Әрине, Нұрлыбек Машбекұлы секілді мықты кадрлар бір қаланың емес, тұтас елдің жағдайын жақсартуға қызмет етуі міндет. Осы мақсатта Сырдың перзенті ақ бата алып, Алаштың астанасынан елдің Бас қаласына аттанды.
Жалпы, бойында шынайы патриоттық сезімі бар оның жаны қазақылықты сүйеді. Ұлттық құндылықтардың дәріптелуіне, оны келер ұрпаққа өз дәрежесінде аманаттауға, ана тіліміздің қазақылықтың Отаны саналған Сыр елінде өз деңгейінде насихатталуына сөзбен емес, іспен үлес қосты. Қанша жерден өзге тілде қойылған сауалдарға өз тілінде жауап беретінінің өзі іштей мақтаныш болатын. Мәселе, тілдік қолданыста емес, ана тіліне деген құрметінде еді. Осы дағдымен Елордаға басқан қадамы құтты болып, тұла бойда тұнған ұлттық жігерлі, қазақы болмысымен де жаңа ортаны түлетері сөзсіз.

Нұрлыбек Нәлібаевтың тұлғалық қасиетіне сипаттама бергенде бойын намыс билеген, бір сөзді, өзіне тән қатаңдығы бар, сөзге емес іске мығым тұлға дер едік. Шынайы келбетімен қала жұртшылығының әр пікірін назарға алатын оның “тыңдайтын билік” қалпы қызметтегі бірталай жетістіктерді бағындыруға, одан қалды әр бастамасының нәтижелі, һәм жемісті болуына түрткі болды деуге де болатын шығар. Әр салаға бағытталған мәселелерді әкім алдында қозғаған тұрғындардың талабын зерделеусіз, әрі қарай жетілдірусіз қалдырмады. Қарамағындағы қызметкерлердің жұмыстағы жауапкершілігін арттырып, тиянақтылық пен біліктілікті санаға сіңіре білуді қатаң түрде тапсыра жүрді. Бұл тыңдағыш қасиеті де өзімен бірге Үкіметке жеткен болар…
«Жігітке жеті өнер де аз». Мәдениет саласына қолдауы аз емес. Қаладағы өнерпаздардың өзге облыс түгілі, халықаралық сахналарда топ жаруларына демеу көрсетті. Бұл өзінің табиғаты да ән әлемінен алыс еместігін айғақтайтындай. Себебі, ұлттық өнердің жанашыры ретінде қала көлемінде бірқатар шаралар өткізіп, қажетті техникалық құралдармен қамтамасыз еткені бар. Жұрт қала тазалығына қатаң мән беретін әкім, талапшыл деп таныған Машбекұлының Сыр сүлейлерінің жыр, терме, әндерін ұйып тыңдайтынын тұрғындардың бірі білсе, бірі білмес. Сондықтан да болар, рухани құндылықтарды нәсихаттау, өнерлілерге қолдау білдіру ол үшін бойдағы абзал міндеттердің бірі болды.

«Құрметті» азамат атанды

Жасыратыны жоқ, саясат сахнасынан орын алған тұлғалардың кейбірі бүгінде қызмет тағын өз «сәнімен» босата бермейді… Оған себеп көп және әрқалай. Алайда, қасықтап жиған абыройына дақ түсірмей, түзу бағыт алғандардың жұртшылықтың алдында еңсесі қашан да тік. Алалағандық емес, алайда екінші теңеуге лайық деп танылған Нұрлыбек Машбекұлы жоғары қызметке жоғары деңгейде, әдемі кетті. Нұрлыбек Нәлібаев басқа қызметке тағайындалуына орай, қалалық әкімдіктегі орнын босатты дегенді естіген облыстың бірқатар тұлғалары әп-сәтте жиналды. Әлбетте, бұл тілеулестер басқосуы болатын. Актив отырысында облыс басшысынан бастап жиылған жұртшылықтың барлығы бұрынғы әкімге ізгі лебіздерін жеткізді.

  • Нұрлыбек Машбекұлы 2013 жылдың ақпан айынан бастап осы кезге дейін Елбасының, Мемлекет басшысының, Үкімет және аймақ басшыларының қолдауымен Қызылорда қаласы әкімі қызметінде абыройлы еңбек етіп, қаланың әлеуметтік экономикалық және инфрақұрылымдық дамуына үлесін қосты. Соңғы 8 жылда 194 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Жол құрылысын дамытуға 30 млрд. теңгеге жуық қаржы тартылып, 840 шақырымды құрайтын 1 177 көше жөнделді. 8 мектеп, 21 балабақша, 3 мәдениет үйі, 131 спорттық ойын алаңдары салынды. 1,5 млрд. теңгеге жуық қаржыға 31 әлеуметтік нысанға күрделі, ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қайта жаңғыртудан өткізілді, – деген облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова экс қала әкімнің қызметтегі жауапкершілігі мен іскерлігін ерекше атап өтті.


Қала тұрғындарының ілтипаты мен құрметіне бөленген бұрынғы әкім облыстың «Құрмет грамотасына» лайық деп танылып, қаланың «Құрметті азаматы» атанды. Бұл атаққа Нұрлыбек Машбекұлы бір күнде, не бір сәтте емес, өзі басқарған сегіз жылда жетіп отыр. Әлбетте лайық. Әсірелегендік емес, соңғы сегіз жылда қала біршама өзгерді. Қай жағынан алып қарасаңыз да. Экс-әкім өзі жиі айтатындай, қаланың кіреберіс қақпасынан бастап жаңарды. Жүрекке жылулық сыйлайтын жарқын тілектерді тыңдаған бұрынғы қала әкімі қаланың қазіргі жетістігі жұмыла көтерген, баршамен бірлесіп атқарған бастамалардың нәтижесі деп жауап қатты.

Қызылорда қаласының бұрынғы әкімі, бүгінде Премьер-Министр Кеңсесі Өңірлік даму бөлімінің меңгерушісі Нұрлыбек Нәлібаев:

  • Қаланы дамыту жолында ауқымды тірлікті жалғыз өзім істедім деуден аулақпын. Бірге қызмет атқарған әріптестерім, тіпті тұрғындарға дейін жұдырықтай жұмыла білді. Қызылорданың келешегіне бей-жай қарамайтын әрбір азаматтың пікірімен санастық. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деп жатады. Біз айтылған әрбір сыннан, пікірден, кеңестен нәтиже шығару үшін жұмыс жасадық. Мен өз қызметімде әрқашан сіздердің қолдауларыңызға сүйендім. Маған үлкен жауапкершілік жүктедіңіздер. Сыр халқының береке-бірлігінің арқасында ұзақ уақыт облыс орталығында қызмет істеп, елдің, басшылардың демеушілігінің біріккен жұмысы арқылы нәтижелерге қол жеткіздік деп ойлаймын.

Қалалықтармен қалай қоштасты?


«Таза қала» аталымына ие болуға үлес қосқан да осы Нұрлыбек Машбекұлы болды. Сөзсіз, ел-жұрт мойындайды. Қала көшелерінен бір қылдың болмауын талап ететін, әрі жіті қадағалайтын басшы ретінде танымал. Есімімен «тазалық» ұғымы бітеқайнасты.
Сондықтан да болар, қызметтегі аға-буын және әріптестерімен кездескен соң экс-әкім «Қызылорда тазалығы» серіктестігіне бағыт
алды. Қоқыстарын көрінген жерге лақтыра жөнелетін қаладағы «мәдениеті жоғарылар» олардың еңбектерін елемесе де, Нұрлыбек
Машбекұлы әркез бағалады. Өйткені, ол қара жұмыстың ауырлығын біледі.

  • «Ортақ үйіміз, сүйікті қаламыз Қызылорданың еліміздегі ең таза шаһардың біріне айналуы жолында сіздердің еңбектеріңіз ерекше, үлестеріңіз зор. Барлығы үшін алғыс айту мақсатында арнайы ат басын бұрып, алдарыңызға келдім», – деген Нұрлыбек Машбекұлына мекеме қызметкерлері разы болды. Сөз алғандары мекемеге тиесілі мәселелерді реттеп, жұмысшыларға жасалған жағдай үшін алғыстарын жаудырды.

P.S: Талабы таудай экс-әкімнің Үкіметте бағы бармақтай болуына Сыр жұртшылығы тілектес болып, оны жаңа қызметіне шығарып салды.


А.ӘЛИАРЫСТАН

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған