QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Дебаттағы үміткерлер сөзге шешен

ByQAA.kz

Қыр 18, 2020

Праймеймериз дебатының барысы жаман емес. Әр дебатты бақыласақ ел экономикасы, ел болашағы деген сөзді құлақ жиі шалатын болды. Қызылорда қаласынан ұсынылып отырған үміткерлердің осалы жоқ.

Жеребе бойынша нөмірлі асықты дорбадан алып, сол нөмір бойынша рет-ретімен дебатқа кірісе бастады. Бірінші өз өмірбаянын баяндап, өз бағдарламасын жариялайды. Артынша сұрақ-жауап кезеңіне көшеді. Біздегі дебат сөз жарыстыруды білдірмейді. Үміткерлер байсалды.

Мәселен, қыркүектің 16-сы күні өткізілген кезекті дебатта  сөз бастаған Көшербаев Дархан өмірбаянын қысқаша түсіндіріп, өзінің білімдері мен дипломдарын санап берді. Бағдарламадағы ең басты мәселе электр тапшылығы. Бұл біздің өңірдегі басты проблеманың бірі. Шалғай аймақтарда кей уақытта шам жағып, үй ішін көр соқырдай кезіп жүрген жағдайлар аз емес. Дархан Жомартұлы біздің өңірдегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы қызметтерді “Цифрлы Қазақстан” бағдарламасы бойынша іске асырып, сандық жүйеге қосуды қалайтынын жеткізді.  Онымен қатар, көпқабатты тұрғын үйлерді және аулаларындағы инженерлік, инфрақұрылымдық  жаңғыртуды Елбасының “Құтты мекен” бағдарламасы бойынша жүзеге асыруды нақты атап көрсетті.

Елбасының  “Халыққа көмек” тапсырмасы бойынша пратияның қоғамдық қабылдауына жүгінген азаматтарға көрсетілетін көмекті барынша арттыруға тоқталды. Не дегенмен, электр мәселесін шешуге ден қойғаны халыққа керек-ақ дүние. Бір анығы, қазіргі жастар технологияның тілін шапшаң меңгереді. Бұл қоғамның сандық өзгерісін ел мүддесіне пайдаланып, жастарды елге еңбек қылуға шақыру керек.

Екінші болып бұрынғы Қызылорда облысының әкімі Болатбек Баянұлы сөйледі. Тембрі сабырлы, сөзі анық жерлесіміздің еңбек жолындағы шаруалары Сыр  өңіріне мәлім.

Біріншіден Арал тағдыры бойынша “Саратс” жобасының екінші кезеңіне кірісу қажет. Ең бастысы, Көкарал дамбасын биіктету арқылы су қоры ұлғаймақ. Бұл ретте, шалғай аймақтарға су барып, Арал маңындағы елді-мекендердің әлауқаты жоғары болар еді.

Бұдан бөлек, Қызылорданы жан-жақты өңірлермен байланыстыратын автожол салу қажет екені анық. Сонымен қатар, халықаралық келісімге келіп, Қызылордадан Өзбекстан мемлекетіне Үшқұдық арқылы темір жол желісін салу.

Ал ауылшаруашылығындағы су тапшылығын шешу бойынша Сырдария өзенін қалпына келтіру жұмыстары және Байқоңырдағы ғарыш кешенінің ғылыми потенциялын пайдаланып, аймақтың дамуына өз ықпалын тигізетіндей жағдайды жасау керек.

Үшінші сөйлеген Бимұратов Мұрат өзіне берілген бес минуттың үшеуінде өз өмір баянын оқып берді. Қалған екі минутта мынадай шаруаларды тілге тиек етті. Ауыл тұрғындарын спутниктік телеарналармен қамтамасыз ету. Онымен қатар, телефон байланысын арттырып, ғаламтордың жылдамдығын жоғарыға жылжыту. Зейнеткерлерге, ардагерлерге мемлекет тарапынан барынша көмек көрсетіп, жастарды ауылға жұмысқа тарту. Бұл мәселелер шешілсе, ауыл халқы қораның үстіне шығып телефонмен сөйлеспес еді деген ой келді.

Мұрат Абайұлы төртінші болып сөз тізгіндеді. Барынша өзі еңбек етіп жүрген ауыл және мал шаруашылығы маңайында атқарылып жатқан жұмыс барысымен таныстырды. Бір анығы, еңбек қылған адамға мемлекет көмек жасайды, қолдайды. Өз сөзінде комбайн мен тракторлар жайлы айтқан Мұрат Абайұлы мемлекет көрсетіп жатқан қолдауларға оң көз қарасын білдірді. Өздері егетін күріш түрлері мен еңбек ететін ірі шаруашылығы осы жылғы пандемияда елге көмек қылғанын білеміз.

Қызылорда облысының күрішті аймақ атанғаны кеше емес. Алайда, біздің өңірде бүгінгі күнге дейін ауыл шаруашылығы техникасын құрастыратын зауыттың жоқтығы өкінішті-ақ.

Соңғы сөз кезегінде Орынша Міржақыпқызы білімге аса қатты тоқталды. Ұстаз болғандықтан болар, төл саласының шаруаларын жіпке тізіп берді. Жалпы мектеп мәселесі үнемі бар еді. Жөндеу көрмеген, білім деңгейі нашар және тағы басқа.

Бұл орайда қалаға қарасты мектептердің деңгейін жоғарлату қажет. Сонымен қатар, ауыл мен қала мектептеренің арасындағы шаруаларды жақсы жағына өзгерту шарт.

Елдегі карантиндік режимнің кері әсері білім жүйесіне соққы берді. Бұл орайда біздегі білім жүйесі балаларды қашықтықтан оқытуға дайын еместігін дәлелдеді. Тоқыманың жібіндей, ұшын тарқатсаң сөгіліп кете беретін мәселелердің шегі көрінбейді.  Бұдан бөлек, отбасындағы татулықты сақтау. Біздегі ажырасу пайызын төмендету. Осы орайда жастар арасындағы тұрғын үй мәселесін шешу және әйедердің құқығын көтеріп, олардың таным-түсінігін ашуға бөгет жасамау қажет екендігі түсіндірілді.

Дебаттың барысы қызықты өткізілді. Бір сәт аталған бағдарламаларды санаға кіргізіп, шешілген секілді сыңай танытып, қиялдадық. Біздің жұрт расында сөзге шешен екен. Осылайша бір сағаттың маңайында өткізілген дебатта дамыған мемлекетімізді бір шарлағандай болдық.

Кім білсін, халық қолдап жатса, жақтастардан қуат алып, шаруаға шынайы кірісетін күн алыс емес. 

Дамир АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған