QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

ДАУЫС БЕРУ — ДЕМОКРАТИЯ?..

Автор:QAA.kz

Дек 10, 2020

Көпшіліктің дауыс беруі қарапайым, әрі ақылды шешім болып көрінеді. Шын мәнінде олай емес. Әсіресе, таңдауға ұсынылатын үміткер көп болса, әрі оның бірде-бірі айқын басымдыққа жетпесе, нәтижесінде, тіпті де танымал емес үміткердің жолы болып кетуі мүмкін. Осы мәселеге алғаш жүйелі түрде мән берген француз инженері Жан-Шарль шевалье Борда екен.

Ұлы Француз революциясынан кейін ол метрикалық жүйені құрған комиссияны басқарған. Ал, 1770-ші жылы, 250 жыл бұрын Борда бұл елде кеңінен тараған дауыс беру жүйесін ұсынған. Әрбір таңдаушы өзі қалаған үміткерлерге белгі қояды. Үміткерлер алған орнына қалай белгілі баллға ие болады. Барлық таңдаушының жоғары баллына жеткен үміткер жеңімпаз болады. Бүгінгі күндері шетелдік ән байқауларындағы дауыс беру жүйесі осының жаңарған түрі.

Бұның өз кемшілігі де бар. Мәселе бірнеше үміткер бірдей баллға (нәтижеге) қол жеткізуі мүмкін. Бәрінен де қиыны өтірік үміткерлер қосу арқылы да баллды бөліске салуға болады. 1785-ші жылы Маркиз де Кондорсе “Басым дауыспен таңдауды бағалауды талдау туралы ойлар” мақаласын жариялаған. Ол үміткерлерді екеуден қосақтап, салыстыруды ұсынған. Қайсысының мерейі үстем болса, сол жеңеді. Егер де үміткер жұпталған салыстырудан бәрін жеңсе онда ол “Кондорсе бойынша жеңімпаз атанған”. Борда Кондорсе жоспарын мақұлдаған. Алайда бұның да осал тұсы шықты. Мәселен, салыстыру тәртібі нәтижеге әсер етуі мүмкін.

Сайлаушылар топтарының қалауы бір-біріне қарама-қайшы болуы мүмкін. Ұжымдық таңдаудың да өз қиындығы бар. Мәселен, заң баптары бойынша дауыс бергенде, әр бап дауыс басымдығына байланысты қабылданады да, заң тұтастай қалпында қабылданбайды. Немесе, жеке-дара ешкім қуаттамағанменен, ұжымдық шешім қабылданады.

ХІХ ғасырдың ортасында ағылшын заңгері Томас Хар жалғыз дауыс жүйесін ұсынды. Аз дауыс жинаған үміткер таңдаудан шығып қалады да, қалғандары жоғары өрлеп отырады. Ақыр соңында бір жеңімпаз қалғанша қайталана береді. Фәлсапашы Д.Милль бұл жүйені керемет деп таныған. Ағылшын тілді елдердің бірқатарында дауыс берудің бұл жүйесі әлі бар екен.

ХХ ғасырда психолог Клайд Кумбс осыған ұқсас әдіс ұсынды. Көп қарсы дауыс жинаған үміткер шығып қалып отырады.

Әрине, дауыс берудің, таңдаудың әралуан әдістеріне орай, жеңімпаздар да әралуан болады.

Алиса туралы кітап авторы, математик Л.Кэрролл “Дауыс беру ережесі сайлауды сайлаушылардың нақты таңдауынан гөрі үміткерлердің жарысына айналдырып жібереді”, — дейді.

Жүздеген жылдар өтсе де, әлі күнге сайлаушылардың қалауына әділ қол жеткізуінің нақты шешімі әлі табылмағанға ұқсайды.

1940-шы жылы белгілі математик Курт Гедель Америкаға көшіп барды. Ол еврей болмаса да Австриядан көшуді жөн көрген. Жас кезінде-ақ қарама-қайшылықсыз математика жоқтығын дәлелдеген.

Ол Принстонда болашағы бар зерттеулер институтына әжептәуiр қызметке тұрады.

Онда Эйнштейн де сол кезде жұмыс істеген. Екеуі дос болады. Араға жылдар салып Америка азаматтығын алады. Оған Эйнштейн кепілдік етеді. Гедель АҚШ-тың саяси жүйесін ұңғыл-шұңғылына дейін зерттейді. Өз ісі бойынша сот тыңдауына барар алдында дос әріптесінің біріне хабарласып, Американың конституциясынан қарама-қайшылық тапқанын хабарлайды. Оның зерттеуінше заңдағы қарама-қайшылық елде заңды түрде диктатураны орнатуға мүмкіндік береді.

Сотқа төрағалық етуші сот кепілдік берушілерден Гедель Америка азаматтығына лайықты ма деп сұрайды. Олардың оң пікірін білгеннен кейін Гедельдің өзінің математика негіздеріндегі кемшіліктер туралы ойын да тыңдайды.

Сот сұрайды:

— Гедель мырза, сіз қайдансыз?

— Австриядан.

— Австрияда қандай билік?

— Республика. Бірақ, конституциясының арқасында диктатураға айналды.

— Құдай сақтасын. Біздің еліміз одан аман.

— Жо-жоқ, олай емес. Мен қазір соны сізге дәлелдеймін.

Гедельге кепілдік етушілердің бірі Эйнштейннің зәресі ұшып кетеді. Алайда, сот төрағасы Гедельдің айтқанына салқынқандылық танытып, азаматтығын береді.

Арада біршама уақыт өткеннен кейін америкалық экономист Кеннет Эрроу диктатордың қажеттілігін, (немесе демократияның мүмкін еместігі теоремасы деп те атайды) дәлелдеп шыққан. Ол әділ сайлау жүйесін жасап, көптің талабынан шыққысы келген. “Бір жүйе жасадым, нәтиже ол бұрынғы; тағы бір жүйе, тағы бір түр, бәрібір айналып келгенде басқаша әдіс таппадық. Бірнеше күннен соң барлық саналы, ақылды талапты, шартты түгел қанағаттандыратын әдіс жоқ деп шештім. Бар болуы мүмкін де емес”.

Эрроудың данышпандығына шек келтіруге болмайды. Ол 1972- ші жылы экономика бойынша Нобель сыйлығын алған. Үш шәкірті де осы сыйлық иегері болған. Алайда, демократияға жету жолын таба алмады.

Сайлау қай кезде де әділ, сонымен қатар адал болуы мүмкін емес. Әділдігін шешкенмен, адалдығы күмән туғызады. Диктаторға риза болмай жүргенде, кімнің қалай дауыс беретінінен тәуелсіз үміткер жеңімпаз болып табылатын монархқа жолығуыңыз мүмкін — дейді.

АҚШ-тың негізін салғандар мұны жақсы түсінген көрінеді. Содан да Тәуелсіздік Декларациясында да, Конституцияда да демократия туралы айтылмаған екен. Тіпті, философтар арасында “Демократия – халықтың әлсіздігінің үнсіз ескерткіші болып қала береді” деген де сөз бар екен.

Л.ӘЛИАКБАРҚЫЗЫ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *