QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Дауларды медиация тәртібімен сотқа дейінгі реттеудің маңызы зор

Автор:QAA.kz

Сен 30, 2020

Қоғам болған соң түрлі мәселелер, түрлі түйткілдер орын алмай тұрмайды. Ондай мәселелерді сауатты, салиқалы, байыппен шешудің оңтайлы жолы сот процестерінде татуластыру рәсімдерін кеңінен қолдану болып табылады. Осы ретте, елімізде даулы мәселені оңтайлы шешудің баламалы тәсілі ретінде медиация институты енгізіліп, медиатордың құқықтық тетіктерін реттейтін 28 қаңтар 2011 жылы «Медиация туралы» Заң қабылданып, қолданысқа енгізілді.

Медиация – тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізу мақсатында медиатордың жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды реттеу рәсімі.

Медиацияға жүгінсе, дауласушылардың бірінікі дұрыс, екіншісі бұрыс демей, оның алтын ортасын іздейді, сол арқылы екі жақтың да мүддесін қамтитын шешім табылады. Түптеп айтқанда, медиация әртүрлі қиын жағдайға тап болған адамдар арасында келісімге келудің ізгілікті жолы деуге болады.

Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі.

Сот жүйесінде медиация туралы заңның өз деңгейінде жүзеге асырылып, бітімгершілік рәсімдерін арттыру мақсатында бірқатар шаралар атқарылып жатыр. Медиация — сот төрелігін жүзеге асыру процесін оңайлатуға, басы артық бюрократикалық рәсімдерден арылуға, сот жұмысын жеңілдетуге, дауларды соттан тыс реттеу институтын дамытуға, болмашы мәселелердің соттан тыс шешу тетіктерінің қалыптасуына ықпал етеді.

Ұлы қазақ даласының билігінің белгілі дара тұлғалары –Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бастаған дана билердің ел арасындағы кез келген дауды бітімгершілік жолымен шешіп, халқымыздың бірлігін, ауызбіршілігін, тұтастығын сақтауға үлкен назар аударғаны баршамызға белгілі. Медиация туралы заңымыздың аты бөлек болғанымен қазақ халқы үшін жат дүние емес. Халқымыздың дарабоз билерінің дәстүрлі билік жүргізу тәсілінің заңды жалғасы екендігін түсінгеніміз абзал.

Елімізде «Медиация туралы» заңның қабылдануы, медиацияның дамуы, өркениет көшіне батыл бет түзеген қоғамымыздағы оң өзгерістердің жүзеге асырылып жатқандығының айқын көрінісі екендігі даусыз.

Медиацияны жүргізу тараптардың өзара келісімі бойынша және олардың арасында медиация туралы шарт жасалған кезде жүзеге асырылады. Медиацияны жүргізу тілін тараптар медиацияны жүргізу барысында пайдаланылатын тіл немесе тілдер туралы өздерінің қалауы бойынша уағдаласа алады. Егер тараптардың бірі медиацияға жүгіну туралы ұсынысты жазбаша түрде жіберсе және оны жіберген күннен бастап он күн ішінде немесе ұсыныста көрсетілген өзге де орынды мерзімде медиация рәсімін қолдануға басқа тараптың келісімін алмаса, мұндай ұсыныс қабылданбаған болып есептеледі. Медиацияны жүргізу үшін тараптар өзара келісім бойынша бір немесе бірнеше медиаторды таңдайды. Медиаторлар ұйымы, егер

тараптар аталған ұйымға тиісті өтініш жіберсе, медиаторлардың кандидатурасын ұсына алады.

Медиация жүргізу тәртібіне тоқталсақ, медиатор медиация барысында екі жаққа да медиацияның рөлі және оның құқықтық әсерлері жөнінде толық мәлімет беру керек. Бұл ретте екі жақтыңда құқығы бірдей екенін және олардың бір- біріне сыйластықпен қарау керектігін түсіндірген жөн.

Медиация жүргізу алдында медиатор оған дайындық жүргізеді. Тараптарды тыңдап, даудың шығу себебін айқындау үшін, екі жақтың пікірін толық тыңдап қажетті мәлімет жинайды. Осылайша екі тарапқа да тиімді шешім ұсынады.

Медиаторға судьяның өкілеттілігі берілмеген, ол шешім қабылдай алмайды және тараптарға өз шешімін орындауға міндеттемейді. Өзінің бейтараптығы арқасында медиатор даудың мән-жайын әділ бағалап, жүгінген мәселені оңтайлы шешімін табуға өзінің заңда көрсетілген міндеттерін орындайды.

Қазіргі таңда дауларды сотқа дейін шешу мәселесіне қатысты сотқа келуші тараптарға дауды медиация арқылы шешу мәселесі күн тәртібіндегі өзекті мәселе екендігі белгілі.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Айнұр Әбілқайысқызы

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *