2021 ж. Сәуір 14

ДАРИЯ СЫРЫ СЕНАТТА

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ
ОТЫРЫСЫ 2005 жылғы 6 мамыр


«2005 жылға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ТӨРАҒА. Депутат Досманбетов. ДОСМАНБЕТОВ Б.С. Құрметті әріптестер, құрметті Үкімет мүшелері! Бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жобаны қолдаймын әрі сіздерді қолдауға шақырамын. Бірақ күтпеген жерден туатын табиғи төтенше жағдайлар туралы айтқым келіп отыр. Баяғыда Джек Лондонның табынушы оқырмандарының бірі жазушыға: «Сіздің шығармаларыңызда қардың көптігі, суықтың шынайы суреттелгендігі соншалық, кітабыңызды жып-жылы пештің түбінде оқып отырып, қатты тоңып қалдым» – депті. Сол сияқты, қыс пен көктемнің өліара мезгілінде жағалаудағы елді дүрліктіріп, дүлей шығарған Сырдария өзенінің асау мінезін ойласам, Сыр өңірі әлі де сол қауіптің елесінен арыла алмай жатқандай көрінеді. Біздің жақта мұны “абыржы” дейді. Десе дегендей-ақ, жыл сайын елдің шырқын алып, шырайын бұзатын дария тасуынан сырбойылықтар әбден абыржып-ақ бітті. Сыр өзені соңғы уақытта саяси-экономикалық сауданың боданына айналғандай.


Тоқтағұл ГЭС-імен елінің ернін жібітіп отырған қырғыздар таудан аққан тасқынның тізгінін босатып жайбарақат жайғасса, өзбек
ағайындар да өзін ғана ойлап, Арнасайға бір тамшы су жібермей, тарс бекітіп отыр. Судың сұрауы болмайтын нағыз осы кез. Секундына
1000-1500 текше метр жылдамдықпен аққан мол суды Шардара су қоймасы көтере алмайды, соның арқасында қазіргі кезде 500-600 ғана текше метр суды әзер өткізетін дарияның сыр беретін тұсы осы болып отыр. Өткен жылы тасқынға тосқын қоя алмай біраз материалдық, рухани шығынға ұшыраған қызылордалықтар үшін дарияның биылғы бұлағай мінезі тіпті де ауыр тиді. Мыңдаған гектар егістік алқаптар әлі күнге дейін лайдан арылмай, айналымнан шығып қалды. Облыс орталығындағы саяжайлардың тұрғындары сая таппай, уақытша жатақханаларды паналап жүр. Дарияның Қазалы, Арал аудандарының тұсы жырым-жырым, ие бермей кетті. Дәтке қуат ететініміз – облыс басшылығының ұтымды ұйымдастыруымен, республикалық құзырлы органдардың әсіресе Төтенше жағдайлар министрлігінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су қорлары комитетінің материалдық қолдауымен және жергілікті кәсіпорын-мекемелердің күшімен дүлейге тосқауыл қойылды. Бұл ретте Үкіметтің қаржылық қолдау ниетін ұмытпауымыз керек.
Біздің бұрынғы әріптесіміз, қазіргі министр Мұхамбет Көпей, Су комитетінің төрағасы Рябцев мырза бірнеше рет келіп, оқиғаны
өз көздерімен көріп, шешім қабылдаса, Үкімет басшысы Даниал Ахметов бірқатар аудандарды аралап, Қараөзек табиғи су қоймасының сілемдерін зерттеп көрді. Мемлекеттің миллиондаған қаржысының да желге ұшып жатқанын жоққа шығаруға болмас. Олай дейтініміз, дария жағалауын бекітудің нақты жоспары және қаржысы болмағандықтан, ас ішерде керек кезде жанталасып, тасқынның алдын алу шаралары жасалып жатыр. Жоғарғы жақтан жалынып қаржы сұраймыз. Былтыр берілмей қалған қаржыны даулаймыз. Қыстың күні қолда бар техниканы жинастырып, дарияның жағалауын көтереміз. Тосқауылдарды шегендейтін қаржы
жоқ. Және ол бөгеттердің иесі де жоқ. Бұл мезгілдік, алғашқы соққыны қайтару үшін ғана салынған дамбалардың екінші толқынға шыдас бермей, сөгіліп жататыны сондықтан. Талай ретте елдің еңбегінің еш кететініне ішің ашиды. Әрине, Сырдария өзенінің бойында қалыптасқан жағдай Үкімет назарынан тыс қалды деп айта алмаймын. Премьер Министр мырза биылғы Қызылордаға барған сапарында біраз жайттарға қанығып қайтты. Жақында Қызылорда облысында болған сапарында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев аймақтың бірқатар аудандарын тікұшақпен арнайы аралап, қалыптасқан жағдаймен етене танысты. «Әйтек» су жүйесінің
құрылысында мамандармен кездесіп, Сырдария арнасын реттеудің кезек күттірмейтін мәселе екенін, Қараөзек су тасығышын салу қажеттігін айтты. Бұл қызылордалықтарды жігерлендіріп, келешекке деген сенімін бекітті. Үкімет биылғы 29 наурыздағы Көксарай су қоймасына байланысты өткізген кеңесінде «Қараөзек» бас су тастайтын құрылысын салу керектігін, оған II тоқсанда жобаға ақша бөліп, екінші жарты жылдықтан бастап құрылысын салуды Министрліктерге тапсырған болатын. Бірақ, ол мәселе әзір баяу шешілуде. Әзірге жобаға бөлінгені 7 миллион теңге, өзінің сметалық
құны 810 миллион теңге. Уақыт өтіп жатыр, ал Сыр өңірі әлі күнге дейін абыржыған күй кешуде. Қаржы тапшылығын желеу етіп, бұл
істі кейінге қалдыра берсек, сол «Қараөзек» су жүйесіне жұмсалатын қаржыдан көп шығынға батуымыз мүмкін.

Сондықтан, осы ретте «Қараөзек» арнасын реттеуге 810 миллион теңгені тезірек бөліп, бірден іске кірісу керек деп ойлаймын. Әйтпесе, күз айларында дария суы қайта тасыса, өкініштен бармақ тістеп қаламыз.


(Бұрынғы Сенатор Бақберген Досманбетовтың «Ұстаным» кітабынан)

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған