QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Дұрыс таңдау нағыз көшбасшыларды анықтайды

ByQAA.kz

Қыр 24, 2020

Қызылорда қаласы әкімі Н.НӘЛІБАЕВ: Дұрыс таңдау нағыз көшбасшыларды анықтайды

«Өңірді өркендетіп, елімізді гүлдендіру жолында аянбай тер төгіп, өндіріп іс жасайтын, мемлекетіміздің кемел келешегі үшін қызмет етемін деген белсенді де дарынды, креативті ойлай алатын озық ойлы азаматтар алдыңғы шепке шығып, партияластарымыздың сеніміне ие болыңыздар. Дауыс берушілер еліне еңбегін арнап, табанды тірлік етіп, туған жерді түлетуге талап қылған азаматтар арасынан дұрыс таңдау жасап, мықтылардың мықтысы, нағыз көшбасшылар анықталсын».

Праймериз пікірсайысының 23 қыркүйекте өткен кезеңіне «Nur Otan» партиясының Қызылорда қалалық филиалының төрағасы, Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Машбекұлы қатысып, үміткерлерге арнап сөз сөйледі.

Жеребе бойынша алдымен Дадашев Қахар өз бағдарламасымен таныстырды. Өз ісін зергерлік бұйым сатудан бастаған оның қарамағында 150 адам жұмыс атқаруда. Праймеризге қатысушылардың бірталайы бірнеше мәселенің айналасынан шықпай жүргені белгілі.

Оның ішінде шағын және орта бизнеске көрсетілетін қолдауды жеңілдету, ниет қылған әр азаматқа кәсіптік тұрғыдан грант алып беруді қарастыру шаруалары айтылды. Ең бастысы, еліміздің көпұлтты мемлекет екенін сөз ете отырып, жоғарғы оқу орындары мен білім беру ордаларында этносаралық сабақтастықты дәріптейтін арнайы сыныптар, сабақтар ашуды ұсынды. Демде өткен бес минуттың ішінде Дадашев Қахардың сөзі жартысынан қиылды. Себебі, регламентті сақтау міндетті еді.

Жеребенің екінші нөмірі Омаров Дәуренде еді. Өз ойын нақты жеткізе алған журналист ең басты мәселелердің шет жағасын атап өтті. Елдің шаруаларын бес минутта түсіндірудің мүмкін емесі анық. Ол ұлттық салт-дәстүр мен мәдениеттің даңғыл жолын салуға шақырды. Расында, өскелең ұрпаққа берілетін білім саналы жастардың көбеюіне жол ашқанымен, мәдениетін жетік білетін жастардың аздығы байқалады. Сапалы білім мәдени тұрақтылықтың белгісі емесі анық.

Сондықтан, мектеп жасындағы балаларға мәдени тәлім беретін арнайы сыныптар ашуды ұсынды. Ең бастысы, қаламызда көбейген емханаларға қатаң түрде мониторинг жүргізуді ұсынды. Шыны керек, қазіргі пандемияның ықпалынан қалада дәріханалар қалай көбейсе, медицина саласында жетістікке жеткен білікті дәрігерлердің жеке емханалар ашып, өз алдына бөлек кететіні жиі байқалады.

Үшінші кезекте сөз бастаған Қайрат Тыныштықұлы праймериздің мүмкіншілігін елдің, аймақтың дамуына пайдаланып, туған қаласына қызмет қылмақ ниетін жеткізді. Президентіміздің жастарды қолдау мәселесінен бастап, мектеп жасынан оқушылардың қандай да бір іске бейімділігін анықтап, оларға кәсіптік бағдар беруді атап өтті. «Nur Otan» партиясының «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жастарды өнерге баулу, оларға берілетін гранттарға көңіл бөлуді нақты атап өтті.

Қазіргі кездері отбасы құндылығының аса төмендеп кеткені анық. Осы орайда отбасы құруға қарағанда ажырасу үлесі белең алып тұр. Ал оған басты себепкер жас отбасының басындағы пәтердің жоқтығы. Сондықтан, жас отбасылардың пәтер алуына аса қатты көңіл бөлу қажет екені сөзсіз.

Төртінші сөз тізгіндеген мәдениет саласының қызметкері Қанатбаева Элмира бабалар нақыл сөздерін айта отыра, елдің, ұлттың рухын көтеруге тоқталды. Қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, жастардың рухын байытпақ ниетін жеткізді. Бүгіннің өзінде өңірімізде газ бен су мәселесі шешілмеген елдімекендер жетерлік. Демек, осы шаруаны да белсенді іске асыруға атсалыспақ.

Балалардың бос уақытын тиімді пайдаланып, арнайы үйірмелер ашып, олардың көкірегі ояу азаматтарға айналуына жол ашпақ.

Бесінші кезектегі Жұмаділдаев Мұраттың мүгедек жандарды қолдауға жасаған жұмыстары көпке мәлім. Бүгін ол басқа да шаруларға шолу жасады. Оның ішінде жерді қастерлеу, шетел азаматтарының меншігіне өткізбеу, жалға бермеу. Қоғамдағы педагогтың мәртебесін көтеру. Өздеріңізге белгілі онлайн оқу барысы біраз ұстазға қиындық туғызуда. Сондықтан, педагогтарға көрсетілетін көмектің артуына жол ашу. Біздің қала мүгедек жандар үшін өте қолайлы болуы шарт. Бұл шаруаларда өз шешімін табар.

Ең бастысы, дархан қазақ елінде қаншама ірі-қараны асырай отыра сүт өнімдерінің сапасының артпағаны. Нарықтағы сүт өнімдерінің біразы табиғи емес, сүт қоспасы бар тауарлар. Демек, дүкен сөрелерінде табиғи өнімнің аздығы денсаулыққа теріс әсерін тигізуі мүмкін. Осы орайда халық көп тұтынатын өнімдерді табиғиландырып, сапасына аса жоғары көңіл бөлу қажет.

Праймериз депутаттықтың ғана емес мемлекеттік қызметтің де алтын табалдырығы болмақ.

Д.АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған