QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Біздің үй бүкіл ауылға үлгі болатын

ByQAA.kz

Нау 11, 2019

Қалаға қарасты Абай ауылын­да даңғайыр диқан, он бес бала­ның анасы, ІІ және ІІІ дәрежелі Еңбек Даңқы орде­нінің иегері Нағима Аймағанбетова есімді қарт ана бар. Мен – бүгінде сексен­нің үстіне шыққан Нағима ананың он бес перзентінің бірімін. Әкеміз Қаппар көп жылдар бойы Абай ауылында медпункт меңгерушісі қызме­тін абырой­мен атқарып, халық құрметіне бөленген адам. Он бес баланы дүниеге әкелген ана­мыз Нағима болса, әжеміз Сафура, олардың бәрін бесікте әлдилеп балапандай баптаған еді. Үлкен анамыз Сафура алты баланы дүниеге әкеліп, олардан біздің әкеміз бен апамыз Мырзакүл ғана қалған екен. Мырзакүл апамыз да бүгінде шөберенің қолынан су ішіп шүкірлеген әже. Қызылорда қаласында тұрып жатыр.

… Әкеміздің ізіне ерген Жағыппар есімді інісі ағасы дәрігерлік оқуда оқып жүргенде оба дертінен айналасы бір жетінің ішінде атамыз Аймағанбет дүниеден өткеннен кейін қырық күнге жетпей 13 жасында қайтыс болған екен. Апамыз Мырзакүл ол кезде тұрмысқа шығып кеткен. Әжеміз құдай басқа салғасын амал болсын ба, бір үйде бір өзі, жападан-жалғыз қалады. Мәңгілікте иманы шалқысын, пәни жүзінде 92 жыл жасап дүниеден өткен әжеміз Сафура аса қайратты жан еді. Әкеміз «оқуды тастап үйге қайтып келемін» дегенінде «Ендігәрі мұндайды айтпа» деп тыйып, атадан қалған үйдің түтінін түтетіп, «құдайдан үміт бар» деп шаруасын күйзелтпей отырады. Жалғыз өзі отырып дастархан жайғанында үйдегі ыдыстың бәрін қойып «Жаратқан Алла осының бәріне ие бере көр» деп тілейді екен.

Құдырет иесі сол тілегін қабыл қылып, әжеміз немере-шөберелерінің бесігін тербетіп, қаумалаған бала-шағаның ортасында дүниеден өтті.

Әкеміз оқуын тәмамдап келіп елге қызметін бастайды, «доғдыр бала» атанып елдің алғысына кенеледі. Анамыз Нағимамен шаңырақ көтереді. Шаңырақ шаттыққа кенеліп апам Оразкүл, марқұм Жұмакүл апамнан кейін мен дүниеге келіппін. Бесік той жылдан-жылға жалғаса береді. Ата-анамыз шиеттей бала-шағаның қамына ауыл орта­лығынан үлкен үй салады. Шаруаға мығым Сафура әжеміз бен Нағима анамыздың қолының берекесімен, құдай құрағасын, «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» дегендей мал басы да құралады. Сол кездерде ауылда Қызыл би атанған аузы дуалы Төлеген атамыз «Қаппарға құдай малды ма, жанды да берген екен» деп тәнті болған екен.

Заманында еңселі де, сәулетті, айнала бау-бақшасы жайқалған үйімізде талай жақсы мен жайсаңдар қонақ болып, Сафура әжеміз бен Нағима анамыздың қолынан дәм татқан. Олардың қатарында ақын Мұхтар Шаханов, қазақ әдебиетінде дара жолын қалдырған қаламгерлердің бірі марқұм Дидахмет Әшімханов та бар. М.Шахановтың: «Басында бақ бар, көзінде от бар, Ауылы мақтар, қадірлі ағамыз Қаппар» деп жазылған қолтаңбасы бар кітап үйдегі қадірлі дүниенің бірі. Д.Әшімханов даңғайыр диқан анамыздың құрметіне «Он бес ән, он бес дән» деген әсерлі очерк жазған. Ақын Асқар Тоқмағамбетов диқан анамызға «Шимантөбенің шындығы» деген өлеңін арнаған.

Қазақ әдебиетінің біртуар қаламгерлері – Оралхан Бөкей, Шерхан Мұртаза, Сырбай Мәуленов, Фариза Оңғарсынова т.б. ақын-жазушылардың Сыр бойына сапары барысынан жазылған О.Бөкейдің «Сыр елін жыр елі дейді екен» атты жол сапар туындысында қаламгерлер тобының егістік басында анамызбен дидарласу сәті бейнеленген. Сол сапарда анамыздың ақын С.Мәуленовпен сұхбат құрып тұрған сәті «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланып тарих жазбасында қалды. «Социалистік Қазақстан», «Ленин жолы», «Путь Ленина» басылымдарының беттерінде анамыз жайында талай очерк, мақалалар жарық көріп, «Қазақ телерадио­сында», тіпті сонау бүкілодақтық «Время» бағ­дарламасында анамыз туралы хабар, репор­таждар берілген.

Баз-біреулер бұл орайда «Иә, бұл жұмысшы, шаруаны бірінші қатарға шығарған кеңес заманының идеологиясының жемісі ғой» дегендей пікір білдіруі де мүмкін. Дегенмен ата-әжелеріміз, әке-шешелеріміз өмірін арнап, қайрат-күшін жұмсап орнатқан сол жүйенің барша игілігі келешек кәдесіне жарамайтын құнсыз дүние еместігі де анық. Мектепте жеті кластық білім алған (он жылдықты кейінірек кешкі мектепте аяқтаған) анамыздың ой-өресі, ақыл-парасаты таңдандыратын. Есеп-қисапты ойша есептеп жібергенде шотқа салғандай дәлме-дәл шығады.

Әлі де газет қарайтыны бар. Батыр ана, даңғайыр диқан ретінде талай мәрте аудандық, облыстық советтің депутаттығына сайланды. Депутаттық қызметінде ауылда жаңа мектеп салынуына ықпалдасыпты. Республикалық деңгейдегі Ардагерлер кеңесі сынды үлкен жиындарға да Алматы барып жүретін.

Заманында анамыз еңбегіне қарай сый-құрметке бөленді дей аламыз. І дәрежелі Еңбек Даңқы орденіне де ұсынылған екен. Бірақ сол кезде Кеңес одағы тарап кетіп ол орден бұйырмады. Қалай болғанда да анамыз нағыз Еңбек Ері. Он бес баланы дүниеге әкеліп, өсіріп, азамат етіп, ауыр бейнетімен ел ырзығын тасытуға үлес қосқан анамыздың ерлігі ұшан-теңіз. Күріштен босаса, ауыл фермасында мал шаруашылығына қолғабыс етті. Жыл он екі айға үйде тыныш отыратын бір күні болмайтын. Сөйте жүріп үйдің шаруасын да ақсатқан жоқ. Дала жұмысында жүргенінде әжемнің қайрат-күшінің арқасында бала-шаға, қазан-ошақ жайына алаңдамағанмен үйдің ұқыптылығы, сәнділігіне, ішкі-сыртының тазалығына аса мән беретін. Біздің үй бүкіл ауылға үлгі болатын. Әкеміз де түскі үзіліске келіп кететіні болмаса күні бойы жұмыста. Кейде түн ортасында да «ауруға» шақыртып, кейде сырттағы малшы ауылдарға алып кетеді. Үйге іздеп келіп «өзің емде, қалаға бармаймыз» деп жататын қарт кісілер. Жедел жағдайда аналарды босандырып алып, кіндік әке атанғаны баршылық.

Біздің ата-анамыз еңбегі адал, елге сый-құрметті осындай жандар.

Балалары біз де бала күнімізден еңбекке араласып, анамыздың дала жұмысына, отбасының қажетіне шөп орып, отын шауып, бақша егіп дегендей қолғабыс ететінбіз. Мектептегі үш ай каникулымыз негізінен егін даласындағы «еңбек-тынығу лагерінде» өтетін. (Сол заманда мектеп оқушыларының ауыл шаруашылығы жұмысына көмектесуі үшін еңбек-тынығу лагері деген ұйымдастырылатын). Көптеп-көмектеген еңбектің арқасында ештеңеден таршылық көргеніміз жоқ. «Не ішіп, не киеміз» деген мәселе болған емес. Әрқайсымыз өз қалауымызбен мамандық игердік. Жоғары және орта білім алдық. Дәрігер, инженер, мұғалім, мұнайшы, тігінші т.б.

Тігінші демекші, анамыздың ісмерлігі жөнінен де ұзын-сонар әңгіме айтуға болады. Бала күнімізде есімізде, қарасаң көз тоймайтын табиғат көріністері құстар, гүлдер бейнеленген кестелер, торлар, төсек жапқыш, үстел жапқыш, айна жапқыш болып тұратын. Дала қосында демалмай пішенді пресстегенде қолданатын жіптен азық-түлік салатын дорба, табалдырыққа салатын алаша тоқитын. Қол машинасын зырылдатып әжеме ілезде көйлек тігіп те бере қояды. «Залға, ас үйге» деп құрақ көрпешенің неше түрін құрайды. Базар барып артынып-тартынып неше түрлі әдемі заттар тауып әкеледі, қаланың жеңсік дәмдерін көтере алып келіп бала-шағаны мәре-сәре шаттыққа кенелтеді. Дала жұмысында жүрсе де әдемі ұқыпты киінеді. Балаларын да «алым-салым болмай» ұқыпты жүруге үйрететін, әдемі киіндіретін. «Әрқайсысы бір үйдің жалғыз баласындай» деп сүйсінеді екен сырт көз.

Айта берсек, ана жайында әңгіме-сыр таусылмайды. Сүйіспеншілікпен тамсанып айта бергің келеді! Анамыздың әкесі Молдашбай әкеміз бала күнінде қызын «Менің қызым батыр болады» деп еркелетеді екен. Әке ықыласы өмірде айна-қатесіз орындалды. Нағима батырға тән қажыр-қайратты, өнегелі ғұмыр кешуде. Қымбатты ана, көкем екеуіңізге Алла әлі талай көктем шуағын бірге қарсы алуды жазсын. Денсаулықтарыңыз мықты болсын. Немере-шөберелердің ортасындағы арқа-жарқа тірлік ұзағынан сүйіндірсін.

Серік БАЙБОЛОВ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған