Биылғы жылдың 12 тамызында өткізілетін Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатына Сыр елінің атынан 4 үміткер өз кандидатурасын ұсынды. Үміткерлерді пәлен деп сынау әбестік болар. Олардың әрқайсысы ел қамын ойлайтыны көрініп-ақ тұр. Елім дейтін азаматтардың бары қандай тамаша дерсің.
Бастапқы қызмет жолдарын қарапайым қызметкерден бастап, бүгінгі күні өңірдің түрлі салаларын басқарып жүрген және жеке кәсіптерін дөңгелеткен, ел сенген азаматтар осы жолғы сайлауда бақ сынамақ.
Атап айтсақ үмiткердiң бiрi Ақмарал Әлназарова Шәріпбайқызы. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап халыққа қызмет етіп келе жатқан ел қалаулысының бірегейі. Өңіріміздің түрлі салаларында басшылық қызмет атқарған кандидат осы уақытқа дейін жинаған тәжірбиесіне сүйене отырып өз үмітін үкілеген. Ең алдымен азаматтық қоғамды дамыту, ана мен балаға білім беру, жемқорлыққа қарсы заң жүйелеріне қатаң өзгеріс ұсынып, бұқараны толғандыратын мәселелердің жауабын табуға атсалысатынын жеткізiптi. Бүгінгі таңдағы «Құлақ асатын, тыңдайтын үкімет» саясатының аясында барлық сала мамандарының маңыздылығын арттырып, рөлін күшейту қажет екені жөн. Аяқ су тапшылығы, жылу жүйесі іспетті басты мәселелер жүйелілікті талап ететіні мәлім. Соңғы уақытта мәселеге айналған білім беруді жетілдіру және пандемия сияқты тосын жағдайларға жүйенің қауқарлығы, қашықтықтан оқытудың тиімді жолдарын қарастыруды қалайды. Білім жүйесінің бір бөлігі инклюзивті білім беру бойынша бағдарламаның жетік әзірленгені абзал.
Талай жылға созылған «Байқоңыр» ғарыш айлағының тұрғындарға тигізетін зардабын төмендету немесе қолданылатын жанар май түрін қауіпсіз отын түріне ауыстыруды шешкен жөн. Сонымен қатар, қала мемлекет аумағында орналасқанымен біздің толыққанды құқығымыздың шектеулі екені белгілі. Осы мәселені қарастыра отырып Ресеймен бірге екі жақты қолдану келіссөздерін жасау керек болар. Айлақтан өзге қаланың ішіне емін-еркін кіріп шығу мүмкін емес екені хақ. Ал ауруханадағы және мектептердегі келеңсіз жағдайлардың міндетті түрде алдын алу қажет. Атап айтқанда ғарыш айлағы Ресейге тиесілі болғанымен қала аумағы неге біздің жұртқа қолайсыз жағдай туғызуда?
Шиелі ауданының тумасы Айдын Қайруллаев Бөкенбайұлының ұсыныстары тым зерек. Ол Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде журналист және заңгер мамандықтары бойынша білім алған. Өз еңбек жолында түрлі қызметтерде бой көрсетіп, қызметкер де, басшы да бола білді. Жергілікті телеарна қызметі, радиодағы бастамалар, әкімдік баспасөзіндегі тың жұмыстар оның шеберлігін шыңдады. Ол өз бағдарламасында экономикаға назар аудару қажет екенін жеткізген. Жеріміз мұнайға тола болғанымен оның сарқылатын күні де алыс емес. Осы орайда қазіргі сәттен бастап жаңа кен орындарын ашу, іздеу жұмыстарын қолға алуды қалайды. Нарық тұтынатын қажетті өнімдерді өзімізде шығарып, шетелге экспортқа жіберуге күш салатынын жеткізді. Ең бастысы, қазіргі пандемиядан әлдеқайда бұрын пайда болған жемқорлық пандемиясының көзін жоюға ниетті екенін білдірді. Шағын бизнестің тиімділігін арттырып, әкімдік тарапынан болатын тосқауларды азайтып, азаматтарға несие беру процесін жеңілдетуді қарастыратынын айтыпты. Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтып алып, мұқтаж жандарға беруді ұсыныс ететінін білдірді. Аймақты цифрландырып, барлық нүктелерге ғаламтордың жоғарғы жылдамдықта жетуін жіті қадағалап, 5G және «Ақылды қала» сынды бағдарламаларды енгізуге ниетті екенін тілге тиек етті. Бұл бастамалар халыққа ең керекті нәрселер. Оның үстіне оқытатын интернет желісінің жоқтығы пандемия салдарынан қашықтықта оқитын оқушыға да, мұғалімге де айтарлықтай қиындық туғызуда. «Көш – жүре түзеледі» деп дана халқымыз айтқандай өз уақытымен осындай азаматтардың ниеті шындыққа айналмасына кім кепіл? Және де Арал теңізінің мәселесі, Сырдария өзенінің арналарын тазарту жұмыстары, егіншілікке бөлінетін су мәселелерін тиісті деңгейде шешетінін де айтты.

Үміткер Мұрат Сәрсенбаев Абайұлы. Өмірінің әр кезеңдерінде білім алудан тайынбаған Мұрат Абайұлы бірнеше саланы жетік білетін маман. «Көркейсе ауыл, көркейеміз бәріміз» деп ұрандатқан үміткердің басты назары ауыл шаруашылығы мен ауыл өмірінің қолайлылығын арттыру. Әр салада бағын сынап көрген Мұрат Абайұлы 2016 жылдан бастап бауырларымен бірігіп «Абай Дәулет» ЖСШ-гін құрып, 2017 жылдан бері директор қызметін атқарады. Онымен қатар 2005 жылы АҚШ-тың Арканзас қаласында сауда миссиясын аяқтау барысында штат губернаторының қолынан «Құрметті азамат» куәлігін алған.

Жыл сайынғы өткізілетін өнімнің сапасын тексеретін, анықтайтын байқауларда топ жарып, «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҮЗДІК ТАУАРЫ – 2019», «САПА КӨШБАСШЫСЫ – 2019», «Халық сүйіктісі Ұлттық сыйлығының» иегері атанған. Өз бағдарламасында ол ауылды көркейту, кіші және шағын бизнеске қолайлы жағдай туғызу, ауылшаруашылығын дамыту секілді оң идеяларды жүзеге асыруға күш салатынын айтқан. Елдімекендердегі медициналық жағдайды жақсарту, салауатты өмір салтына қажетті спорттық жабдықтармен, ойын алаңдарын қамтамасыз етілуі қажет деп санайды. Бұнымен қоймай әлеуметтік аз қамтылған отбасылар немесе қарттар, мүгедектерге тұрақты көмек көрсетуді де мақсат еткен. Ең бастысы, оқу бітірген жастардың жаппай жұмысқа орналасуы және жастардың өнерін арттыру, салт-дәстүрді дәріптеу мәселелерін қарастырған.

Соңғы кандидат Имамзада Шығыртаев Қуанышбайұлы. Жалағаш ауданының Таң ауылында дүниеге келген. Жамбыл гидромилоративтік құрылыс институтын тәмәмдаған. Туған жері Таң ауылында әкімдік қызметті атқарған. Өз елінің ұлтаны деген осы болар. Ал 2003 жылдан бері «Таң ЛТД» ЖСШ директоры қызметін атқарып келеді. Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты. Демек халықтың өмірінен хабардар. Өз бағдарламасында Елбасының, Президенттің жолдауларын сапалы жүзеге асыру, аймақтағы тұрмысты жақсарту мақсатында жаңа жұмыс көздерін ашу, ауылшаруашылығына жаңа технологияларды әкеліп, өнімділікті арттыру, ауыл жастарына арнайы гранттардың көбеюйін қадағалайтынын жеткізеді. Сонымен қатар елді мекендерде инфрақұрылымды дамытуды мақсат етеді. Өз кезегінде Имамзада Қуанышбайұлы: Сенім үдесінен шығып, жерлестерімнің талабын орындау менің басты мақсатым, азаматтық ұстанымым, – дейді.
P.S. Үміткерлер депутат болған күнде өз сайлауалды бағдарламаларын қаншалықты жүзеге асырады? Халық сенімінен шығып маңызды салаларға тың өзгеріс алып келер. Бәлкім, «Көктегі ұшқан қаздың сорпасын аңсағандай» арман болып қалар. Оны уақыт көрсетеді.
Д.АМАНГЕЛДІ