2021 ж. Сәуір 14

БИЛЕР КЕҢЕСІ ҚҰРЫЛДЫ

Judge holding gavel in courtroom

Жоғары сот бастамашылық етіп, атқарушы билік ықпалдасып жергілікті жерлерде билер кеңестері құрылуда екен. Осы орайда біздің өңірде де жуырда билер кеңесі құрылған. Бабалар өнегесін үрдіс етпек бастамалы істің бастауында облыс орталығындағы «Достық үйінде» Қызылорда облыстық сотының ұйымдастыруымен «Билер кеңесі – ұлттық құндылығымыз» тақырыбы аясында дөңгелек үстел жиыны болып өтті. Дөңгелек үстел басына облыстық соттың төрағасы, алқа төрағалары, судьялар, отставкадағы судьялар, медиаторлар, облыстық, қалалық мәслихат хатшылары, облыстық, қалалық прокуратура, ішкі істер, облыстық ішкі саясат басқармасы, «Nur Otan» партиясы, Қазақстан халқы Ассамблеясы Қызылорда облысы хатшылығы, «Қоғамдық келісім» мекемесінің, ардагерлер қоғамдық кеңесі, «Рухани жаңғыру» орталығы, жоғарғы және арнаулы оқу орындары, БАҚ өкілдері, жалпы бірталай жұртшылық бас қосып, пікір тоғыстырды.

Қара қылды қақ жарған әділдікті, мұнтаздай адалдықты, мүлтіксіз жауапкершілікті қағидат тұтқан бабалардан мирас істі ілгерілетеміз деген бүгінгінің билер кеңесі өнегелі іс үдесінен шыға алады ма? Бұл алдағы уақытта іс барысында айқындалар жағдай. Ал енді құрамы тізіліп (7 адам), төрағасы белгіленген (отставкадағы судья Зейнулла Нұрсейтов) алға қойған міндеті қандай дегенде жиынға төрағалық еткен облыстық сот төрағасы Қамбар Нұрышев:

– Кеңестің негізгі міндеті медиация институтын шоғырландыру, билер институтын қайта жаңғырту және азаматтық, қоғамдық келісім, жалпыұлттық бірлік қағидаттарында қазақстандық бірегейлікті дамыту, сот жүйесінің мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізу үшін бірыңғай тәсілдерді әзірлеу. Мәңгілік ел жалпыұлттық патриоттық идеясын іске асыру, қазақстандық патриотизмді тәрбие­леу болып табылады,- деп атап өтті.

Билер кеңесінің сапалық құрамы жайын­да облыстық сот төрағасы: «Өңірге беделді, сауатты ардагерлер, өмірлік тәжірибесі бар, дауларды шешетін және тараптарды сотқа жеткізбей татуластыра алатын шешендер бар»,- деп баға беріп өтті алғы сөзінде.

Әзірге түпкілікті нәтижеге жете қой­мағанмен заң үстемдігі міндетті бүгінгі қоғамға билер кеңесінің берері не? Тақы­рып бірнешелеген баяндамаларда қаузал­ды. Айталық: облыстық сот судьясы Нұрлыбек Қосанов: – Еліміздегі бірлікті нығайту мақсаты, биліктің бір тармағы ретінде бүгінгі соттар кешегі билер ісін жалғас­тырып ел ішінде туындаған дауларды шешуде. Мән-мағынасы жағынан ғана қарап қоймай, екі тараптың бітімге келуін шешу жолдарын медиация институты арқылы ел арасында кеңінен насихаттауда. Ел болған соң дау-дамайсыз болмайды. Бірақ сол жанжалды ушықтырмай дер кезінде қол жеткізу жолдарын дамыту бүгінгі күнде маңызды болып отыр. Өйткені ұлтымызға жат жайттардың белең алуы, салт-дәстүріміздің құнсызданып, дүние иггіліктері көбірек дәріптелетін қазіргі қоғамда дау-дамайлар жылдан-жылға еселеп артуда. «Сотқа берем» деген сөз жиі айтылады. Неге екені белгісіз, бүгінде соттасуға құмар болып алдық. Ашуды ақылға жеңдіре алмай болмашыға алтын уақытын сот табалдырығын тоздырумен өткізіп жүргендер қаншама?! Әсіресе азаматтық даулар саны өскен. Тараптар арасындағы түйткілдің сот арқылы шешілуі орынды дегенімізбен өзара түсінісіп, бір бітімге келуге болатын ұсақ-түйек даулардың сотқа дейін жетуі мақтанып айтатын көрсеткіш емес. Елбасы «Қазақстандық­тардың әл-ауқатының өсуі, табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында жыл сайын 4 миллион азамат­тың сотта қаралатын іске қатысатынын, бұған қаншама күш пен қаражат жұмсалатынын, уақыт пен ресурстардың орынсыз шығынын талап ететінін айтып сот рәсімдерін қысқарту қажеттігін атап өткен еді. Елімізде қоғамдағы даукестік деңгейін төмендету және дауларды келісім арқылы шешу бағытында түрлі шаралар жүргізіліп келеді. Арнайы «Медиация туралы» заң да қабылданды. Азаматтық процестік кодексіне татуластыру рәсімдері туралы арнайы тарау енгізілген. Медиация заңы қабылданып, медиатор ұғымы пайда болса да, біз оны ұлттық болмысқа сіңіре алмай келеміз. Сол себепті медиация заңы қазақ қоғамына еркін қанат қағып келе алмай жүр,- деді Н.Қосанов.

«Билер кеңесі еліміздің сот жүйесінің дамуының негізін қалаушы» деген тақырыпта ой өрбіткен Н.Қосанов одан әрі атам заманғы дала заңдылығына арқау болған әдеп-ғұрып нормалары, оны мүлтіксіз қағидат тұтқан билер жайында ой толғады.

– Қазақ даласындағы құқықтық ережелердің қолдану тарихы тереңде жатыр, оның өзіндік қайталанбас ерекшеліктері бар. Онда туындаған әдет-ғұрып нормалары ұлттық сана сезімінің көрінісі, құқықтық мәдениетінің іргетасы. «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген қағидатқа бас иген. Қазақтың әдет-ғұрып нормалары адамгершілік қасиеттерден тұруы да сондықтан. Әдет-ғұрып нормалары ұлттық болмысының туындысы.

Қазақ билерінің өзіне тән, басқа халықтарда кездеспейтін қасиеті дау-жанжалдарды мағыналы, шешендік сөздермен шешуі. Арнайы том-том болып жазылған кодекстерге, толып жатқан құқықтық-нормативтік актілерге сүйенбей-ақ өз орнымен қисынды айтылған бір сөзбен дауды тоқтатуды қалыптастырған,- дей келіп Н.Қосанов: – Өткеннің пайдалы жағын игілікке айналдырып билер кеңесін құруда жасалып жатқан нақты қадамдар ұлттық жаңғырудың көрінісі. Билер сотын жаңғырту, еліміздің рухани жаңғыруды бастамасы деп білемін. Билер кеңесінің атқарар жұмысы ауқымды елге тигізер пайдасы аз болмайды деп сенемін, – деді.

***

«Билер кеңесінің атқаратын қызметі қоғамдағы рөлі» тақырыбын одан әрі облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов өрбітті.

– Бұл құрылымның пайда болуы бүгінгі құқықтық өміріміздің байырғы дәстүрлі құқықтық мәдениетімізбен тарихи сабақтастығының көрінісі. Билер кеңесінің қайта туындауы жергілікті халық пен ресми сот жүйесі арасының салқындығын да танытады. Билер соты дегеннен гөрі билер кеңесі деген халыққа жақындау деп ойлаймын. Билер институтының қайта түлеу жайындағы материалдарды сараптап сот мәдениетінің жаңғыруы деңгейіне ғылыми тұжырымдама жасау әлі ерте,- десе де, Н.Байқадамов, кейбір сараптамалық байламдар жасауға болатынын жеткізді.

– Елімізде билер институтының географиялық ауқымы кеңейуде, қоғамдық сипат алуда.

– Билер кеңесі ішкі мән-мазмұны жағынан ұлттық дәстүр, салт-санаға, әдет-ғұрыпқа негізделген тәрбиелік, оқу-ағарту, кеңес беру бағытында, сондай-ақ, төрелік айту, араағайын­дық, бітімгершілік сияқты қызмет атқаруда. Бұл бағыттағы билер отбасы, көрші-көлем, ағайын-тума арасындағы дау-дамай, талас-тартысқа тікелей араласып, кеңесте қарап шаралар қабылдауға мүмкіндігі бар. Яғни, бұл органдар азаматтық істермен ғана емес кейбір кішігірім қылмыстық істерге де бет бұрған сияқты. Бірақ бұл ауыл-аймақ көлемі­нен шықпайтын, көрші-көлем, ағайын-туыс арасындағы істер. Бұл үкімет орындарынсыз да, өзара келісім арқылы мәселені шешуге қажеттілік бар екенін дәлелдейді. Мұндай құры­лымдардың дем берушілері елге қадірлі де сыйлы, жөн-жосыққа озық, әділдігімен, адамдық қасиеттерімен белгілі азаматтар.

Бүгінгі күні бұлжымас ақиқат халқымыздың дәстүрлі билер институтының, төрелік, араағайындық айту мәдениетінің қайта түлету көңіл аударарлық жағдай. Атқарушы билікпен бірігіп әрбір ауылда беделді, халық сеніміне ие абыройлы азаматтарға қосымша курстар оқытып би атағын беруге болады деп ойлаймын. Олар ешбір бюрократиясыз кеңесу арқылы ортақ шешімдер қабылдап, соттар жұмысын жеңілдетуге қолғабыс жасайды. Ұлы Даладағы әділдігімен танылған билерді қазақтың тағы бір қыры деп айтуға болады. Қайта жаңғырта алсақ, халқы сенімді, билігі әділ болады, – деді Н.Байқадамов.

***

«Билер кеңесі – ұлттық құндылығымыз» тақырыбында ой толғаған отставкадағы судья Молдабек Ахметов дала данагөйлері билердің әділет жоқшысы ретіндегі қоғамдағы маңызды рөліне кеңінен тоқталып өтті. «Билер кеңесі халықтың тұрмыс-тірлігіне сай қалыптасқан ұлы даланың сол кездегі Парламенті және жоғары соты. Ханның ішкі және сыртқы саясат мәселелері бойынша шешім қабылдауы билер кеңесінің ықпалын талап еткен» деп сол заманда билердің қоғам алдындағы жауапкершілік жүгінің қандай болғаны жайында кеңеске қатысушы бүгінгі билер кеңесінің мүшелеріне сабақ боларлықтай танымды-тағылымды әңгіме өрбітті. Осы мәндегі әңгіме Қорқыт ата университетінің құқықтану кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты Ләззат Қаржаубаеваның «Билер кеңесінің әділеттік принциптері» тақырыбындағы баяндамасында, заң ғылымдарының кандидаты, доцент Жанат Исаева­ның «Билер кеңесінің жалпы әлемдік өркениеттегі орны», Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Тасболат Медетбаевтың «Билердің қоғамдық өмірдегі рөлі» тақырыбындағы баяндамаларда кеңінен өрби түсті.

Билер кеңесіне мүшелері қалай таңдалады, сондай-ақ, бүгінде үлгіге алынып отырған атам заманғы билер кеңесі нақты қалай іс жүргізгені жөнінде Ж.Исаеваның баяндама­сында тарқатыла айтылды. Кейбір тұстарына тоқталып өтейік.

– Рухани жаңғыру бағдарламасы мен Жоғарғы соттың сотқа дейінгі татуласуды дамытуға бағытталған «Сот жүйесінің жеті түйіні» бағдарламасына сәйкес Жоғары сот басшылығы дауды шешудің бір жолы ретінде билер кеңесін қарастырып отыр. Билер кеңесі мүшесі болып жасы кәмелетке толған Қазақстан Республикасының азаматы, кеңес құрған мәслихаттың әкімшілік аумағында тұрғылықты тұратын, өз отбасында беделге ие, аузы дуалы, сөзі сүйектен өтетін, жүрекке жететін, халықтың дәстүр-салтын жетік білетін, кикілжің-қайшылықты шешуде тәжірибесі зор, халыққа танымал қоғам қайраткерлері, ғылым, білім, спорт, өнер адамдары, өмірлік тәжірибесі мол тұлғалар болуы қажет. «Медиация туралы» заң бойынша жазбаша келісім­мен жасы 40-қа толған және кәсіби емес медиаторлар реестріне тіркелген би жүргізе алады. Билер кеңесінің басты мақсаты мемлекеттік органдарға құқық бұзушылықтардың алдын алуға ықпал ету, қоғамда қайшылықты ұрыс-керісті, дау-дамайды азайту, даумен келгендерді татуластырып, кикілжіңдерді сотқа жеткізбей шешу арқылы елдегі татулықты бірлік пен бірегейлікті қалыптастыру. Билер кеңесінде қандай даулар қаралады? Кеңес азамат­тық-әкімшілік қатынастардан туындайтын даулар мен жеңіл, орта дәрежелі қылмыстар, қылмыстық теріс қылықтар бойынша істерді қарайды. Татуласу мемлекет мүд­десіне қарсы және сыбайлас жемқорлыққа байла­нысты істер бойынша жүргізілмейді. Адвокаттар мен медиаторлар қызметі ақылы болса, билер қызметі тегін- деп атап өтті Ж.Исаева.

Тарихи негізде билер кеңесі қандай еді? Бұл орайда Ж.Исаева:

– Бірінші кезекте билер рухани адамгершілік құнды­лықтарды қорғады. Қоғамдағы ішкі келісім мен мемлекеттік тұрақтылықты сақтауда әділ соттың тәрбиелік қызметін қамтамасыз етті. Қоғамдағы дау-жанжалдың болмауына барынша ықпал етіп, халық құрметіне бөленді. Хандықтар­дағы билер кеңесінің күштілігі, хандар, билер кеңесінің қолдауынсыз мемлекеттік маңыздылықтағы бірде-бір мәселені шеше алмаған. Біз бұдан атам заманнан-ақ қазақ даласында биліктің бөлінісу қағидатын көреміз.

Билердің мынандай қайталанбас ерекшеліктері болған.

– Қылмыстық жауапкершілікке тарту 13 жасынан жүзеге асқан. Билер институтының қоғамдық қызметі мен құқықтық бағыт-бағдарын айқындауда қайталанбас дала Дала конституциясы ретінде «Қасымханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы», «Жеті жарғы» құқықтың ережелері құнды болған. Егер даулы істерде шешім шығаруға қатысты мәселелер осы аталған заңдарда қаралған болса, соларда көрсетілген ережелерге сүйенген. Билер сотының шешімі әрқашан әділдікке негізделген. Олардың шешкен даулары өзіндік құқықтық норма сипатына ие болған. Сол арқылы жаңадан туындаған дау-жанжалды шешуге нақты ереже, қағида ретінде қаралған. Егер билер шешіміне тек бір тарап қана разы болса онда істің әділетсіз шешілгені. Мұндай келеңсіз жағдай бидің беделін түсірген. Қазақ билерінің іс қарауы көпшілік, ашық, жария түрде өткен. Билерді дауласушы тараптардың қалауларына сай, өзара келі­сіммен сайлаған. Егер істі қараушы бір ғана тарап қолдауымен қаралса, іс әділ деп саналмай, қайта қара­латын болған. «Тура биде туған жоқ, туған биде иман жоқ» деген ұғымға берік болып, сол негізде ұтылған тарап та шығарылған үкімнің әділдігіне еш күмән келтірмеген. Өйткені биге билік айтуға құқық берген өзі. Билер сотында аппеляция­лық құқық сақтал­ған. Дауласушы тараптар шығарылған билік­ке риза болмағанда шағым беруге құқылы болған. Билер сотында ант беру рәсімі жүр­гізіліп барлық қаралған істер бойынша қор­ғаушылар қатысқан. Құқықтық нормалардың қайнар көзі – мемлекет емес, қоғам мүшелері – болған. Қандай да заң, ереже халық­тың сынынан өтіп нақты қалыптасқан жағдайдың талабына жауап беруі тиіс еді. Қазақтың әдет-ғұрып, құқықтық нормаларының адамгер­шілік сипатының тән болуы осыдан.

Ертедегі билер институтын қазіргі қоғамға енгізуге бола ма?

Бұл сұрақ көпті мазалайды. Небір күрделі дауды екі ауыз сөзбен әділ билік айтып, екі жақты да сөзге тоқтатып қиын түйінді шеше білген билерден неге үйренбеске?! Біз үшін бұл мәселенің қабылдану-қабылданбауы маңызды болмауы керек. Ең маңыздысы, билердің әділ сотының тарихи рөлін мойындау, оны бүгінгі қазақ мемлекетін демократияландыру саласында құнды қызмет атқара алатындығында. Билер кеңесінің заманға сай рөлі қоғамдағы отбасылық, тұрмыстық т.б. кикілжіңдердің азайуына септігін тигізері анық. Бүгінгі және келер ұрпаққа өнеге болар еді. Ғаламдық даму, батыстық танымдағы мәдениетке еліктеу заманындағы жаңғыру, жаңару жолында осындай асыл мұрамызды ұлықтау арқылы ұлттық кодымызды сақтап қалатынымыз кәміл- дейді Ж.Исаева.

Дөңгелек үстел басындағы өзге қатысушылар тақырып аясындағы ой-пікірін білдірумен жиын қорытындыланды. Жиын тәмәмдалар тұста сөз алған билер кеңесінің төрағасы З.Нұрсейтов кеңес құрамын таныстырып өтіп, бастамалы кеңес жұмысын жүргізуде ортақ мүддемен бірлесе атсалысуға шақырды.

Сонымен, билер кеңесі соттар жүктемесін қаншалықты азайтар екен? Сондай-ақ дау қуғандар қатары да азаяр ма? Өйткені сотқа жүгіну еріккеннің ермегі еместігі де белгілі…

Ж.ҒАППАРҚЫЗЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған