"Ақмешіт ақшамы"

Сарқылмасын Сыр-Ана!

БЕТПЕРДЕ БЕТТЕН ТҮСПЕГЕЛІ…

Автор:QAA.kz

Янв 27, 2022

Айналып келгенде өткенмен бүгінді салыстыруға мәжбүрміз. Әйтсе де, бұл ақпарат өткенмен салыстыруға тұрарлық. Себебі, әңгіменің төркіні тәжді вирус жайлы болмақ. Былтырғы 2021 жылы қалада тәжді індетке шалдыққандардың саны 9985 адамды құрады. Оның 1523-і 14 жасқа толмаған балалар. Демек, індет жасарып, кәріні қойып, ендігі жастардың ағзасына шабуылын бастап кетті. 2020 жылмен салыстырғанда былтырғы жылы індеттің өсуі 4,7 есеге жоғары болды. Өкініштісі коронавирус инфекциясынан жан тапсырғандар саны 426 адамға жетті.

Биылғы жыл басталғалы еліміз бойынша эпидемиологиялық ахуал күрт нашарлап, аурушаңдық саны еселеп өсуде. Бұлай дейтініміз биылғы жыл басынан 1-18 қаңтар аралығында қаламызда коронавирустық инфекцияның 1534 жағдайы тіркеліп отыр. Бұл көрсеткіш еш өзгеріссіз жалғасар болса жыл соңында олардың саны 20 000-нан асып жығылмасына кім кепіл? Осы 1534 науқастың ішінде 18 жасқа дейінгі балалар саны — 221. Былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда аурушаңдық көрсеткіші 8,3 есеге жоғары болып тұр. «COVID-19 инфекциясына қарсы былтырғы жылы ақпан айынан бастап вакцинация жұмыстары басталды.

COVID-19 инфекциясына қарсы егілуге тиісті 201 661 контингенттің 1-ші компонентпен 182.761 (90,6%) адам, 2-ші компонентпен 175.364 (87,0%) адам егілді. Бүгінгі күнге қала емханаларындағы вакцина қалдығы 1 компонент бойынша- 4.668 доза, 2 компонент бойынша-11.655 дозаны құрайды», — дейді қалалық санитариялық-эпидимиологиялық бақылау басқармасы басшысы Е.Ұзақбаев.

12-18 жасқа дейінгі жасөспірімдерді, 16-37 апта аралығындағы жүкті әйелдерді, босанғаннан кейінгі 42 күннен бастап 2 жасқа дейінгі лактация кезеңіндегі әйелдерді КВИ-на қарсы «Комирнати» вакцинасымен егу қаламызда былтырғы жылдың соңына таяу басталды. Бүгінгі күнге дейін аталған вакцинаның 1 компонентін 7.399 жасөспірім бала, 712 жүкті әйелдер, 656 лактация кезеңіндегі әйелдер алды. 2 компонентімен 4325 жасөспірім бала, 479 жүкті әйелдер, 351 лактация кезеңіндегі әйелдер қамтылды. Бүгінгі күнге қала емханаларындағы «Комирнати» вакцинасы қалдығы 1 компонент бойынша — 31.507 доза, 2 компонент бойынша -35.119 доза. Айтпақшы, біз айтып отырған «Комирнати» екпесін өндіруші елдің аузындағы «Pfizer» болып табылады.

Өткен жыл соңынан бастап қаламызда ревакцинациялау жұмыстары басталып, қайта егілуге тиісті 175.364 адамның 17.799 коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинаның 3 дозасын қабылдады. Егілгендер арасында екпеден кейінгі қолайсыз көріністер тіркелген жоқ. ҚР БМСД 13 қаңтар 2022 жылғы №2 қаулысына сәйкес «Комирнати» вакцинасын қолдана отырып, медицина қызметкерлеріне, 60 және одан жоғары жастағы адамдарға КВИ-ге қарсы ревакцинациялау жүргізуге мүмкіндік жасалды. Сонымен, өзі немесе бірге тұратын отбасы мүшелері індетке шалдыққан жағдайда карантинге жатқызылады. Олардың сыртқа шығып, қоғамдық орындарда жүруіне болмайды. Сәйкесінше айыппұлы да бар. Әйтсе де, «Ashyq» жобасына қатысушы нысандарға барғанда «қызыл/сары» мәртебесі анықталуда. Бүгінгі таңда 601 жағдайда «қызыл» мәртебесі, 220 жағдайда «сары» мәртебесі анықталды. Үй карантині талаптарын сақтамай «қызыл» мәртебесі анықталған жұрт әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 30 айлық есептік көрсеткіште айыппұл салынуда. Бұл дегенің 91 мың теңгенің ұяқ-бұяғы. Қазірдің өзінде карантинін сақтамай айыппұл арқалағандар саны 194 адамға жетіп отыр.

Қаламызда жаңадан анықталған, елді дүрліктіріп, жұрттың аузынан түспей жүрген «Омикрон» штамы тіркелген жоқ. COVID-19 коронавирустық инфекциясының оң нәтижелі науқастардан алынған 20 оң үлгілерді секвенирлеу әдісімен штамдарға зерттеуге Нұр-Сұлтан қаласының арнайы референс зертханасына жолданды. Айта кетейік, Нұр-Сұлтандағы зертхана штамдарды анықтаумен айналысуда.

Жалпы, бұл індетпен де өмір сүріп, бетімізден бетпердені тастамай келе жатқанымызға 3 жылдың жүзі болыпты. Уақыт өзі тез өткіш… Барған сайын тәжді індеттің жаңа штамдары пайда болуда. Бірі бірінен өткен, дамыған штаммдардың алмаған қаласы қалмады.

ДДҰ-ның айтуынша алдыңғы екі кезеңдегі екпеден өткендер араға алты ай салып, қайта екпеленуден өтсе игі. Сонымен елдің құлағы да жыл сайын жаңаратын, атын өзгертетін штамдардан шаршағандай. Ауызба-ауыз сөйлескенде де, әлеуметтік желіде пікірлескенде де осы бір жаңалана беретін індетке сене қоймайтын жұрттың қарасы қалың екенін байқауға болады. Омикрон сөзін қазақшаласақ «алаң тудырған штам» деген мағынаға жақындайды. Шетелдік дәрігерлер аталған штаммның көбіне жастар мен вакцина алмаған ер адамдардан анықталып жатқанын айтуда. Бұл штамның басты белгілерінің бірі адамның үнемі шаршаңқы, әлсіреп жүруі болса керек.

Былтыр 30 қарашада үкімет омикрон штамын елге кіргізбеу үшін 3 желтоқсаннан бастап Африканың оңтүстігіндегі елдердің (ОАР, Ботствана, Лесото, Намибия, Зимбабве, Мозамбик, Мадагаскар, Эсватини, Малави және Танзания) азаматтарын Қазақстанға келуін шектейтінін мәлімдеді. Мұндай шектеу Гонконг азаматтарына да қойылып отыр. Омикрон штамы анықталған Израиль, Чехия, Нидерланд, Бельгия, Ұлыбритания, Италия, Германия, Австралия, Канада және Египет азаматтары Қазақстанға келер болса, вакцина салдырған-салдырмағанына қарамастан ПТР тестін тапсырады және тест нәтижесі қандай болса да, жеті күн карантинде болады.

Дамир АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *