QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Белкөл көшелері асфальтталуда

ByQAA.kz

Мау 11, 2020

Жыл басындағы есепті кездесуде Белкөл кентінің әкімі Тастайбек Мұсабаев 11 көшеге жол салынып, көшелерге жарық бағаналарын орнатылатындығын айтқан еді. Содан болар, есепті кездесу өткеннен кейін «Біздің көше қашан асфальтталады екен? Көшемізге жарық қашан келеді?» деп екеуара сөз ететіндер көбейді. Бүгінде елдегі індет біраз іске тосқауыл болып, көптеген жұмыс кейінге шегерілді. Ал қазір барлығы аздап орнына келіп, жұмыстар қайта жанданды. Осы жақында қала әкімі де елде төтенше жағдай аяқталған соң, өз жұмысына білек сыбана кірісіп қалаға қарасты ауылдық округтер мен кенттерге ат басын бұрып, жүргізіліп жатқан жұмыстарды көзбен көріп қайтқан еді.

Бүгінде Белкөл кентінде екі көше асфальтталған. Көшенің жұмыстары толық аяқталмаса да жап-жаңа жолдың салынғанына көшенің тұрғындары дән риза. Аталған екі көшенің бірі кенттің кіреберісінде орналасқан Талғат Абуов көшесі. Бұрын бұл көше тек құм төселген, қиыршық тастары да жоқ ойық-ойық еді. Мұндағы тұрғындар көктемде еріген қар мен жауған жаңбырдан кейін көшеде жүруге аздап қиналатын. Енді міне, көптің тілегі қабыл болып көшеге асфальт төселіп, көрікі кіріп қалды. Аталған екінші көше Белкөлдегі көпқабатты үйлердің артына салынған. Жаңадан салынған көшенің бойында қазір балалар мәз болып жарыса велик теуіп, емін-еркін рақаттанып ойнап жүр.  

Айта кеткен жөн болар қазір кенттегі көшені асфальттау жұмыстарымен «Қызылорда жолдары» мердігер компаниясы айналысып жатқан көрінеді. Ондағы 16 жұмысшы «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы жұмыс жасауда. Белкөл кенті әкімдігіндегі маманмен тілдескенімізде мердігер компания жұмыстарын маусым айының аяғында толық аяқтайды екен.

Қазір Белкөл кентінде біраз ауқымды жұмыстар қарқынды түрде жүргізілуде. Тағы бір айтатын жәйт, Белкөлде «Балапан» балабақшасы да күрделі жөндеуден өтіп жатыр.

Өткен жолы қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қаладағы жүргізіліп жұмыстармен танысу барысында бір мердігер компанияның жұмысын көрген болатын. Олардың жасап жатқан жұмыстары әкім көңілінен шықпай, біраз ескертулер де алған еді.

P/S. Мұнымен айтпағымыз, Белкөл кентіндегі жүргізіліп жатқан жұмыстар қандайда бір сын-ескертесіз (көшені асфальттау, көшеге жарық орнату) барлығы да белгіленген талапқа сай орындалады деп сенейік.

Т.КЕНЖЕБАЕВА

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған