2021 ж. Сәуір 14

БАСШЫ БОЛУДЫҢ СТЕРЕОТИПІ ӨЗГЕРГЕН

«Қазақтелеком» АҚ Оңтүстік өңірлік телекоммуникация дирекциясы Қызылорда облыстық корпоративтік сату орталығының директоры НАУРЫЗБАЕВ Ержан Абибуллаұлы: БАСШЫ БОЛУДЫҢ СТЕРЕОТИПІ ӨЗГЕРГЕН

Биыл тәуелсіз ел болғанымызға 30 жыл толады. Айтулы мереке ел
тұрғындарына ортақ екені де даусыз. Алайда, тәуелсіздіктің төл құрдастарына тиесілі жауапкершілік те тиісінше артады. Олай дейтініміз, осы жылдар аралығында егемен еліміз еңсесін тіктеп, алпауыт елдерге ілесуді мақсат етіп келеді. Ал, тәуелсіздік құрдастары осы уақыттары қандай жетістікке жетіп, қандай бастамаларда белсенділік танытып жүр деген сауалдың туындайтыны бар. Әйткенмен, бұл сұрақтың оң жауабы да жоқ емес. Елімізде, облыста, қалада сан қырлы саланың өрістеуіне титімдей болса да үлесін қосып жүргендерді атап өтуге болады. Солардың бірі – Наурызбаев Ержан Абибуллаұлы.

  • Тәуелсіздік алған уақыттан бері еліміз біршама жетістіктерді бағындырып, әлеуеті артқан, дамушы елдерге ілесу жолында қадам басып келеді. Өзіңіз, тәуелсіздік құрдасы ретінде осы уақыт аралығында қандай биік шыңдарды бағындырдым деп айта аласыз?
  • Өмір белесіндегі бағындырар жетістіктерді әркім әрқалай түсінері айқын. Менің жеке өмірімдегі жетістігімнің үлкені – отау құрғаным, шағын мемлекетім. Отбасымда 2 қызым бар. Жоғары оқу орнын озат бітіріп, магистрлік жоба қорғадым. Бойдағы білімімді өндірісте қолданудамын. «Қазақтелеком» АҚ Оңтүстік өңірлік телекоммуникация дирекциясы Қызылорда облыстық корпоративтік сату орталығының директоры қызметіне тағайындалуым да тәуелсіздіктің төл құрдасы ретіндегі жетістігім. Бүгінде өзім қызмет жасайтын компанияның дамуына адал еңбегіммен үлесімді қосудамын.
  • Корпоративтік сату орталығының директоры болуға дейінгі қызметтік саты да біршама белестен тұрған болуы керек?
  • Иә, жас маман ретінде жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін осы компанияға жұмысқа тұрдым. Еңбек жолымды инженерлік қызметтен бастадым. Бірнеше бөлімдерде қызмет жасадым. Алғашқы уақыттарда желіні дамыту торабында абоненттерге интернет қызметін көрсету бойынша инженер, кейін маркетинг бөліміне жарнама, акция, маркетингтік талдаушы, корпоративті сату орталығында мемлекеттік сатып алу маманы, одан кейін корпоративті сату орталығының жетекші маманы болдым. Адал еңбек бағаланған болуы керек, бүгінде осы орталықтың директоры қызметін атқарудамын.
  • Қалай ойлайсыз, жалпы басшылық қызмет жас талғайды ма?
  • Басшылық қызмет жас талғамайды деп ойлаймын. Басшы болудың стереотипі қазіргі уақытта өзгерген. Ол үшін жұмыстың мәнін біліп, адамдармен қарымқатынас жасай білу керек. Одан өзге басшының ерекше функциясына ұжымдағы климаттық жағдайды ретке келтіріп, берілген тапсырмаларды орындау барысында қызметкерлерді рационалды түрде жұмыс беріп қадағалау да кіреді. Аталған ұстанымдар бойынан табылып, шаруаның көзін білуі керек. Бұрын басшылық қызметке үлкен кісілердің тағайындалатынына көп куә болатын болсақ, бүгінде басқаша. Міне, бұл – тәуелсіздіктің жемісі.
  • Жас болса да, бас болып жүрген тәуелсіздік құрдастары бүгінде нені ескере білуі тиіс?
  • Ең алдымен жұмыс жасауға деген ынтасы жоғары болуы тиіс. Мекемедегі әрбір қызметкердің өз рөлі бар. Сол рөлі арқылы компанияны көркейтуге өз ықпалын тигізетінін басшы ретінде түсінуі керек. Жұмысқа орналасуға ниеттілер бойдағы икеміне, кәсіби біліктілігіне, мамандығына қарап саралап бару керек деп те ойлаймын.
  • Осы уақыт аралығында директор ретінде акционерлік қоғамға тиесілі қандай ауқымды мәселелерді реттеп, қандай жұмыс атқара білдіңіз?
  • Директорлық қызметке тағайындалғаныма биыл 3-ші жыл. Біздің мекемеміз коммерциялық болғандықтан, басшылық тарапынан жылдық жоспарлар бекітіледі және жұмыс қорытындысы жыл соңында жоспардың орындалғанына байланысты анықталады. Қазіргі уақытта жоспардың барлығы орындалуда. Әлеуметтік жобаларға тоқталатын болсақ, шалғай орналасқан мектеп және
    медицина ұйымдарына интернет қызметін тартуды атап өтуге болады. Осы уақытқа дейін жоғары жылдамдықпен 120-дан астам мекемелерді қостық. Тіпті, мектептердің жоғары жылдамдықты интернетке қосылу деңгейін 80%-дан 93%-ға дейін көтеру бойынша біраз жұмыс жасалды.
  • Жасыратыны жоқ, ауыл-аймақтарға интернет желісінің
    кедергісіз тартылуы әлі де мәселе. Оған білім алу жүйесінің
    қашықтан ұйымдас­тырылуы барысында көз жеткен болатын.
    Аталған мәселе қай уақытта шешім тауып, облыс көлемі интернет желісіне толығымен кедергісіз қосыла алады?
  • Шалғай ауылдарға интернет желісін тарту республикалық деңгейде шешімін табуда. Министрлік тарапынан жеке меншік серіктестік жобасы аясында шағын ауылдарға жоғары жылдамдықты интернет желісі тартылуда. Әрине, аталған жоба
    қыруар қаржыны талап ететіні бәрімізге мәлім. Компания тарапынан жыл сайынғы даму жоспары енгізіледі. Сол жоспар
    арқылы интернет желісі қосылмаған объектілер байланыспен қамтылуда. Бір мезгілде барлық жерге желі тарту мүмкін
    емес.
  • Бүгінде үй жағдайында телефон орнататындар саны азайды. Яғни, сіздерге тиесілі бұл қызмет көрсету түрі бәсеңдеді. Акционерлік қоғамға тиесілі табыс көлемі қай деңгейде?
  • Акционерлік қоғам тек қана телефония қызметін көрсетпейді. Бүгінде компания байланыс саласы бойынша бірқатар қызметтер ұсынуда. Оған интернет, ұялы, спутниктік, магистралді байланыс пен жаңа әдіс бойынша қызметтер тиесілі. Табыс көлемін жылдан жылға өсіру бойынша басшылық тарапынан әрдайым жұмыс жасалуда.
  • Білуімше, бүгінде «Казахтелеком» акционерлік қоғамында мамандарға деген қажеттілік қалыпты деңгейде емес.
    Бұл болашақта маман тапшылығына сеп болуы мүмкін ғой…
  • Қазіргі таңда компания байланыс қызметі бойынша республикадағы ең үлкен мекемелер қатарында көш бастап келеді.
    Маман тапшылығы жок десем де болады. Себебі, компания ішінде мамандарды қайта даярлау, оқыту жұмыстары жүреді. Мәселен, өзім 2020 жылдың өзінде 60-тан астам курсты оқып, білімімді арттырдым.
  • Өзге байланыс желілері сіздерге қаншалықты бәсекелес бола алады?
  • Нарық болғаннан кейін әрбір қызметтің немесе тауардың өз пайдаланушысы болады. Олар ұялы байланыс операторлары
    болып есептеледі. Әрбір оператор халықпен жұмыс істеу барысында өз қызметтерін жақсы деңгейде атқаруға тырысады және қызметтерге тұтынушы бағасын ұзақ мерзімде қолдану негізінде бағалайды.
  • Акционерлік қоғамға тиесілі бүгінгі жаңалықпен алға қойған мақсат қандай?
  • Компания тарапынан қазіргі уақытта «Ақылды қала» бағытында халық сұранысын арттыратын жаңа қызметтерді ұсынуда.

А.ӘЛИАРЫСТАН

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған