QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Барлық кілтипан ішкі саясатта!

Автор:QAA.kz

Июл 16, 2019

— Бізде мемлекеттік саясат та монополияланған. Саяси өмір монополияланған кезде бәсекелестік болмайды. Билік иелері бәсекелестік туралы айтқанда осы тұрғыдан қарауды да есте ұстауы тиіс.

Саясат монополияланған елде, экономика бәсекелестік жағдайында бола алмайды. Мұнда да формасы болуы мүмкін, бірақ мазмұны монополистік күйінде қалады. Бәсекелестік өнім болмаса, бәсекелестік баға да болмайды. Ондай жағдайда бағаны реттеу қиындықтарға ұшырай береді.

Сана бәсекелестігі де болуы тиіс. Ерекше ойлайтындарды қолдап отыру керек.

Мемлекеттің рөлі – бәсекелестікті сақтау болуы тиіс. (Танымал сарапшы, экономист Жангелді Шымшықов)

Қазақстаннан басқа мемлекеттерде біздегі сияқты облыс, аудан әкімдіктері жанындағы ішкі саясат деген басқармалар мен бөлімдер бар ма екен? Барлық кілтипан осы ішкі саясатта! Олай дейтінім, елдің әлеуметтік, психологиялық, экономикалық ахуалы, рухани жағдайы осы ішкі саясатты жүргізіп, басшылық жасап отырған мемлекеттік басқармалардың, бөлімдердің қолында және соларға тікелей байланысты.

Мені ғана емес, барлық мемлекетшіл, ұлтжанды азаматтарды мазалайтын, шешімі жыл өткен сайын күрделеніп бара жатқан өзекті мәселе, ол – адам тәрбиесі, оның ішінде ұрпақ тәрбиесі. Таратып айтар болсам, әрбір үшінші отбасының ажырасуы, кәмелетке жетпеген қыздарымыздың жүкті болып қалып, нәрестелерін қоқысқа, тіпті әжетханаға лақтырып кетулері, жастарымыздың ата-аналарын қарттар үйлеріне тапсырып жатуы, нашақорлық, зинақорлық. Осының барлығы ұлт рухы әлсіреуінің нәтижесі. Ұлт ретінде даму орнына, тамыры күн, ай, жыл өткен сайын нәр алатын ылғалынан, құнарынан айрылған ағаштай суалып, қурап бара жатқан алып бәйтеректің кейпінде екенімізді білдіреді. Бұл — жасыруға болмайтын, адамның азуына, тозуына әкеліп соқтыратын ДЕРТ. Уақыт өтіп жатыр, қоғам алға жылжып бара жатқандай…

Адамның азбауы, тозбауымен кім және қандай құзіретті орган айналысады. Азбау үшін, тозбау үшін рухани азық керек, оны қайдан алады. Кім ұйымдастырады, қандай шаралар арқылы?! Бұрын адам тәрбиесімен айналысатын идеология деген болатын. – «Қазақстанда идеология жоқ, идеология болса пирамида салады ма, пирамида деген мола ғой. Молада қандай бәтуа болуы мүмкін», дегені айтқан жазушы, драматург марқұм Рахымжан Отарбаев болатын. Сөзімнің басында айтқан ішкі саясат, бұрынғы идеологияның ізі. Ия, ізі, бірақ өзі емес. Ішкі саясат басқармаларының қолында, құзіретінде материальдық миллиардтаған қаржы да, моральдық мүмкіндіктер де бар. Бірақ адам тәрбиесімен айналыспайды. Үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық қорлар осы ішкі саясаттан қаржыландырылады. Өнер иелері шығармаларының жарық көруі, мерейтойларының өтуі, барлық баспасөз ақпарат құралдарының билігі, қаржысы, ұйымдастыруы бәрі, бәрі осы ішкі саясатта. Түрлі ғылыми – танымдық, тәжірибелік конференциялар, жиындар, дөңгелек үстелдер, форумдар (Қазақстанның форумстан деген екінші атауы бар), симпозиумдардың барлығын ішкі саясат қаржыландырып, ұйымдастырып өткізіп жүр. Ұлттық болмысымызды танытатын ана тіліміздің өсу де, өшуі де, дін мен ділің де ішкі саясатқа байланған. Бірақ, адам және ұрпақ тәрбиесіне қатысты жоғарыда айтылған адамды аздырудан, тоздырудан сақтандыратын, қорғайтын, қоршайтын, алдын алатын, жолын кесетін шаралар өтпейді.

Ішкі саясат басшылары мен оған бағынысты аттары дардай, дардай құрылымдардың жетекшілері (қоғамдық кеңестердің, түрлі ономастикалық және басқа комиссиялардың мүшелері болып қайта-қайта сайланып, өздерінше «құрметтілер» санатында) өздерін мемлекетке қызмет етіп, оның тұтастығын қамтамасыз етіп отырмыз деп ойлайды. Осы әрекетсіздігімен мемлекетіміздің іргетасының шытынауына үлестерін қосып жүргендерін сезінбейді.

Аймағымыздың шаруашылық саласында, қоғамдық өмірінде проблема, немесе ешбір кемшілік болмағаны ма? Проблема мен кемшілік болмаса, онда әкімдер неменеге күні-түні сабылып жүр? Соңғы 15 жылда ұлт және ұрпақ тәрбиесінде ілгеріледік пе? Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында ілгеріледік деп билік, әсіресе оның ішкі саясат қызметкерлері ғана айтып жүр. Халық айта алмайды.

Ішкі саясат қызметкерлерінің біз көріп, біліп отырған жұмыстары жайлы айтайын. «Елдегі тыныштықты бұзуы, іріткі салуы мүмкін», деген ойдан жоғарыда аталған шараларға ерекше ойлайтын, батыл сөйлейтіндерді билік (ішкі саясат деп түсініңіз) мүмкіндігінше қатыстырмау мақсатын ұстанады. «Жағымды» және «жақсы» адамдардың көлгіртпе, көпірме сөздерімен жауырды жаба тоқып «бізде бәрі дұрыс» дегізіп, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманның» сахнасын жасап өздері сценарийін жазып, өздері режиссерлік еткен спектакль қойылымдарын өткізеді.

Сөйтіп жүргенде, «тып-тыныш, сүттей ұйып отырған елден» ойда жоқта экстремистер бас көтеріп бүлікшілер пайда болады. Жалақы мәселесін көтеріп Жаңаөзен жұмысшылары шығады. Жер тағдыры таразыға түсіп «Жер жекеге сатылмасын, шетелдіктерге жалға берілмесін» деп халық көтеріледі. «Төбемнен гептил төктің, протон зымыраныңды тоқтат», деп халықтың талабын жеке адам айтады. Халықпен диалогқа барудың, түсінісудің орнына ішкі саясаттың нұсқауымен қарулы полиция бейбіт шерушілерге сес көрсетеді. Осының бәрі билік басқа, халық басқа, ішкі саясат халықты биліктің тілімен сөйлеуге мәжібүрлегісі келгендігінің дәлелі.

Халықтың әртүрлі топтағы өкілдері, еркін ойлы азаматтардың тәуелсіз баспасөз беттеріндегі ой пікірлерімен биліктің санасқысы келмегендігінен, бейбіт шеруге рұқсат ала алмағандығынан халық өзінің үнін білдіру мақсатында амалсыз көшеге шығады. (Жаңаөзен – 2011 жыл. Жер тағдыры 2016 жыл, осы жылғы күн көрісі төмен және баспанасыз отбасылардың жанайқайы т.б.) Билік мұздай қаруланған полицияны іске қосады. Сосын халықтың алдында жүрген, ел осы кісіні тыңдайды-ау деген үлкендерді, мәслихат депутаттарын халыққа басу айтуға шақырады, үгіттейді. Жағымпаздар барады, жағынғысы келмегендер бас тартады. Қолында бір тал шыбығы да жоқ қарапайым халыққа мұздай қаруланған, арсылдаған иттері бар полиция арқылы үрей туғызып, сес көрсету жолымен шерушілерді таратады. Осы істеріне билік риза болып, — «Бізде бәрі дұрыс, ТЫНЫШТЫҚ» деп қорытынды жасайды.

«Қасқыр терісі ілулі тұрған қораның қойы семірмейді» дегенді Өмірзақ Ақжігіттің фейсбукте жазғанынан оқып едім. Қарумен жасқап, итпен үркіту халықтың рухын

жаншып, оны тобыр ету бағытындағы жұмыс екенін билік білгісі келмейді. Біліп әдейі істеп отырған болса, еркін, азат ойлы азаматтарды тұқырту арқылы Таласбек Әсемқұловша айтсам, «Шөккен түйеге міне алмайтын жасықтар мен жағымпаздардың» көбейгені билікке тиімді болғаны. Тобырды басқару оңай, тағының шайқалмағананын қалайтын билік қана осылай жасайды. Халықты рухани әлсірету тобыр ету мақсатындағы әрекеттерін, яғни жүргізіп отырған, меншіктеп алған саясатын — «Сарабдал саясат», деп өздеріне өздері баға беріп, тоқмейілсіген көңілден ішкі саясат басшыларының сөзіміздің басында тарқатып айтқан ұрпақ тәрбиесіне қатысты шараларды ұйымдастыруға да, өткізуге де уақыттары жоқ.

Әр кезеңнің басшыларының өз дәуіріне өздерінің баға беруі дұрыс емес. Қандай саясат екендігін уақыт көрсетеді. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы ату мен асудан тұратын нәубет жылдардың өзін сол кездегі билік «Болашақтың жарқын жолы», «Сталиндік алтын заң» деді және дегізді. Назарбаев дәуірінің сарабдал саясат еместігін кешегі халық наразылықтары дәлелдеп берді, әлі де дәлелдей береді.

Кешегі бейбіт шерулер көрсетіп берген Қазақстан қоғамындағы проблемаларды түбегейлі шешуді қарастыратын кешенді шаралар жасалуы міндет.

Биліктің меншігіндегі ішкі саясат басқармалары жойылуы қажет. Ортақ сана қалыптастыруды мақсат тұтатын, бәсекелестік принципіне құрылған «Адам және ұрпақ тәрбиесі», деген құрылым болуы міндет, деген ұсыныс білдіремін.

Баяғыда бір патша өзіне бағынысты бір қызметкерінің күнәлі, күнәсіз екендігін толық тексермей өлім жазасына кесіпті. Әлгі пенде, дар ағашының алдында тұрып: — Әй, патшам, бір ауыз сөзге мұрсат бер, деп: — Сенің маған таққан күнәң мен жер қойнына кірген сәттен аяқталады, сенің күнәң сол сәттен басталады, депті. Патша өкімін өзгертіп қайта тергетсе, әлгі пенде жазықсыз екен. (Мырзагелді Кемел кітабынан) Сөз тыңдайтын патшалары болған сол заманның адамдары да бақытты ғой.

Еңбек ардагері, Қармақшы ауданының құрметті азаматы

Аңсатов Сәпен Әбдіқадырұлы

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *