QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

БАР ЖҰМЫСЫ АУЫЛДЫҚТАРҒА МӘЛІМ

ByQAA.kz

Ақп 5, 2021

Қызылөзектің әкімі Сәкен Әбдіжаппардың жұмыстары күллі ауылдықтарға мәлім. Бұл жайлы ауыл тұрғындарының өздері айтты. Жылдағы әкімдердің есеп беруінде түйткілді мәселелер қозғалып, елдің пікірі ескерілетін. Қызылөзек ауылының әкімі де
бірнеше сұрақтарға жауап берді. Қоғамдық кеңес алдындағы есеп
беруге Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Елмұрат Рахматуллаев және Қызылөзектен сайланған қалалық мәслихат депутаты Қайрат Ерназаров қатысты.


Былтырғы жылы Қызылөзек ауылдық округінде бірталай жұмыс атқарылған. Оның ең маңыздылары жол мен жарық
мәселесі. Газ жайлы әңгіменің өзі арман екені шындық. Отын тасып, тонналап көмір жағып шаршаған халықтың қалауы
газ ғана. Тепсе темір үзетін жас балалардың дені қалада. Біреуі оқып жатса екіншісі жұмыс істеуде. Үйлерінде қалған, жасы
келген ата-әжелерімізге шелектеп көмір тасу оңай болып па? Оларда бір түймесін баса салып, үйлерін гүр қыздыратын газды
қосып, зейнет жасында малын бағып, теледидарын қарап жатпай ма?
Бұл мәселе кейін де қозғала бермек. Әзірше ауылдағы учаскелік полицейдің жыл бойы жасаған жұмысына назар аударсақ.
Былтырғы жылы Қызылөзек бойынша 16 қылмыс тіркелген. Аталған қылмыстардың 15-і ашылған. Бұл көрсеткішті төменгі деп айта алмаймыз. Учаскелік полицейдің сөзінше тиісті жұмыстар атқарылуда. Әкімшілік құқық бұзғаны үшін 156 азаматқа заң аясында шаралар көрінді. Кішкентай ауыл болғандықтан барлығы
бір-бірін таниды. Учаскелік полицейді де біраз жұрт жатқа біледі. Танитын адамың заңды бұзып, оған шара көру сәл ыңғайсыз
да болуы мүмкін. Десе де, полицейдің қызметі солай, оған ешкім дау келтіре алмас. Ауылда спирт ішімдігіне жақын алты
адам бар көрінеді. Олардың барлығы
есепке алынған. Тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша 13 азамат есепке алынған.
Ауылдағы иесі анықталмаған 125 қаңғыбас ит ауланған. Ал иелері бола тұра көшеде бос жүрген иттердің иесі анықталып,
оларға тиісті шаралар көрінді. Бүгінгі күннің өзінде бос иттер ауылда
өріп жүр. Итті қойшы, көлік жүретін жол көліктерге арнап емес, сиырларға арнап салынғандай. Ауылдың маңында жайылып
жүрген сиыр көп, олардың дені автожолға шығып кеткен. Көлікті шыңғыртып бипылдатсаң да асығыстық танытатын түрі жоқ.
Жолдың өзінің тайғақ екенін ескерсек, қатты жылдамдықпен келген көлік тежеліп үлгермей қалады. Ақыр соңы жұрт алдында сиырдың
егесі емес, көлік иесі кінәлі болып көрінеді. Сиыр демекші осы мал ұрлығының алдын алу үшін мал шаруашылығымен
айналысатын азаматтарға түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, заңсыз балық аулау, сексеуіл ағашын кесудің алдын алуға ісшаралар жүргізілген. Ал ауыл әкімі Сәкен Нысанұлы өз

баяндамасында былтырғы жылы ауылда атқарылған жұмыстарды жіпке тізіп берді. Қызылөзек ауылдық округіне қарасты
Қараөзек, Айнакөл және Қараөзек стансасы елді мекендеріндегі халық саны 3506 адамды құрайды. Ауылдық округке
182,1 миллион теңге қаралып, толықтай игерілген. Салым түсімі 5,528 миллион теңгеге жоспарланып, 144 пайызға тәмәм болған. Ауылдық әкімдік жанынан бақылау тобы құрылып, кәсіпкерлік нысандар мен
әр-түрлі субъектілерге індеттің құтырған кезінде күнделікті тексерулер жүргізілді. Ауылға кіре беріске блок-бекеттер
қойылып, тұрғындардың карантин талаптарын сақтамай, еркін жүріп-тұруына шектеу қойылды. «Мектепке жол» акциясы аясында 66
балаға киім-кешек пен оқу құралдары, ноутбук-планшеттер берілді. Демеушілер көмегімен мүмкіндігі шектеулі 5 азаматтың
үйі күрделі жөндеуден өткізіліп, жағдайы төмен 6 отбасына көмір отыны түсіріліп берілді. Сонымен қатар, «Қараөзек» мешітіне 2,0 млн теңгеден аса қаражатқа күрделі жөндеу жүргізілді.

Ауылдық округте экономикалық белсенді халық саны 1806 адамды құрап отыр. Жұмыссыздық деңгейін азайту мақсатында 8 азамат әлеуметтік жұмыс орнымен, 22 азамат жастар тәжірибесімен, 30
азамат қоғамдық ақылы жұмыспен, 18 азамат тұрақты жұмыспен қамтылып, жыл соңында жұмыссыздар саны 25 адамды
құрап отыр. 56 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалса, 7 отбасы тұрғын үй көмегін алды. Кәсіпкерлік саласы бойынша есепті
мерзімде жаңадан 11 кәсіпкерлік субъекті тіркеліп, барлығы 90 адам жұмыспен қамтылды. Тіркелген кәсіпкерлік нысандары 130-ға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 6,6 %-ға өсіп отыр. (ЖШС-1, Ауылшаруашылық өндірістік кооперативі – 3, шаруа қожалықтары-36, дара кәсіпкерлер 89) Десе де, ауыл тұрғындары, көненің
көзін көрген қариялары Қызылөзектің кезіндегі жағдайын, әл-ауқатын еске алады. Кәсібі дүркіреген, жері құнарлы
болған бұл ауылдың бүгінде жерін сор басқан, кеңестен қалған ғимараттар қираған. Мемлекеттік бағдарламалар аясында барлығы 59,9 млн теңгені құрайтын 11 жоба қаржыландырылып отыр.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша 9 жобаға 31,9 млн теңге, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 2 жобаға 28,0 млн теңге несие берілді. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 4 азамат қысқа мерзімді оқу курсынан өтіп, 2,4 млн теңге қайтарымсыз грантқа ие болды. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша «Аягөз» шаруа қожалығы 70 бас мүйізді ірі қара малына 3 бас асыл тұқымды бұқа сатып алды. Асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын 9 аруашылыққа мемлекет тарапынан 4,6 млн теңге субсидия төленді. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша: төрт түлік мал басы 8576 басқа жеткізілсе, 1800 мал басы бірдейлендіріліп компьютерлік
деректер базасына түсірілді (ИСЖ). 467 га жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, олардан 6 049 тонна өнім алынды. 2015 жылдан бері «Тамшылатып суару» технологиясын пайдаланып келе жатқан «Үміт» шаруа қожалығы үстіміздегі жылы 8 га жерге картоп дақылын өсірді. Есепті жылы әртүрлі жобалар бойынша 4283 гектар жер телімі конкурс арқылы табысталып, жер пайдаланушы кәсіпкерлер
тарапынан салынатын инвестиция көлемі 322,7 млн теңгені құрап отыр.


«Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында республикалық және жергілікті
бүйжеттен қаралған 79,5 млн теңге қаражатқа ұзындығы 4 шақырым болатын Қараөзек бекеті-1 және Ж.Жабаев көшелеріне орташа
жол жөндеу жұмыстары жүргізілді. Өткен жылғы есепті кездесуде көтерілген мәселе – Қараөзек елді мекеніндегі Е.Дәуітбаев және С.Сейфуллин көшелерін орташа жөндеу жұмыстарына жергілікті
бюджеттен 37,0 млн теңге қаралып, мердігер «Gold Stroy LTD» ЖШС мекемесі жол жөндеу жұмыстарын жүргізді. Бюджеттен қаралған 2,5 млн теңге қаражатқа «Айнакөл» көшесіне жөндеу жүргізіліп, малта тас төселді.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша бюджеттен қаралған 3,8 млн теңгеге Ш.Ибраеважәне Айнакөл-2 көшелеріне түнгі жарық бағаналары орнатылды. Қараөзек бекетінде «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы аясында жаңадан 7,2 шақырым ауыз су желісі жүргізілді.
Сонымен қатар, 2019 жылы құрылысы басталған «ауыз су жинау қоймасының» құрылысы аяқталып пайдалануға берілді.
Ауылдық округте екі негізгі және бір орта мектепте барлығы 695 оқушы білім алуда. Ұстаздар қауымының жемісті еңбегінің нәтижесінде мектеп бітіруші 5 түлек «алтын белгіге» ие болса, 14 бітіруші түлек мемлекеттік грант бойынша жоғарғы
оқу орындарына түсті.

Қызылөзектен талай батыр шыққан, соғыс ардагерлері мен әр саланың майталмандары туған. Ауылдың басты
қазынасы мал және егін шаруашылығы. Тұрғындардың айтуынша дарияның маңы ғана жайқалып, ауылдың маңын сор басқан. Кезінде егін егіп, жоңышқа егіп күн көрген қарттардың көзі бүгінде
жоқ. Есесіне, осы ауылда туып-өсіп, ауылдың әр бұрышын жатқа білетін, жерінде не шығып, не солатынын көзбен көрген, қандай шаруашылық өркен жая алатынынан хабардар ақсақалдар бар.
Олардың көмегін, ақылын пайдаланып, ауылдың жағдайын сұрап, қай жерде не бар екенін біліп іске көшетін уақыт келді емес пе? Шыны керек, бергі жылдары туған жастар ауылының біраз
артықшылықтарын білмейді. Қарияны елдің қазынасы деп бекер айтпайды. Өйткені ол сол аумақтың барлығын бала кезден кезіп өскен, жалаң аяқ тікенін басып, малын бағып келген.
Сондықтан, оның көргені мен білгені қазынаға теңеледі. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындар ауылдың жағдайын, кірісін көбейту үшін мал басын көбейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуды қалайды.
Тартылған ет жасап, жіліктеп ет сатып, консерві өнімдерін қолға алуға болды. Бірақ, бастамасына мемлекет тарапынан көмек керек.
Тіпті Қызылөзекте сонау жылдары Елбасының өзі батасын беріп, ашып кеткен кәсіпорындары да бар екен. Қазір олардың есігі құлыптаулы. Ауылдағы ескі ғимараттардың біреуіне күрделі
жөндеу жасап, біреуінде ет өндіріп, ауылдың жігіттерін жұмысқа тартып, біреуінде егін егіп, көкөніс өсіріп нарыққа шығарсақ кіріс те көп болар еді дейді ауыл тұрғындары. Ал ауылдың маңын сор басып, судың тапшы болуын халық жақсы түсінеді. Біз оны әкімге айтқанмен әкім су шығармайдығой, бұл табиғи құбылыс дейді.

Сондай-ақ, ауыл әкімі алдағы жоспарымен бөлісті. Олардың ішінде Айнакөл-2, Абылайхан, Жаңарық, Арғын және Қорқыт Ата көшелеріне орташа жол жөндеу жұмыстарын жасалып, Айнакөл, Ибраева
көшелеріне түнгі жарық бағаналары орнатылмақ.
Қызылөзек ауылына кіре беріс жердегі көліктер жүретін көпірдің күрделі жөндеуіне ықпал жасау. Сондай-ақ, Қараөзек бекетіндегі бейіттерді қоршау жоспарда бар. Жоба құны 20,5 миллион теңге.
Ал қалалық мәслихатқа осы ауылдан сайланған Қайрат Ерназаровты
жұрт жақсы біледі. Ол туралы ауыл халқы жақсы пікір айтуда. Қайтадан депутат болуымен құттықтап, оның қызылөзектіктерге сіңірген еңбегінің зор екенін айтуда. Ауылдың тұрғындары, көп
балалы аналары көмекке зәру шақта өз қалтасынан ақша беріп, қамқорлық жасап жүреді дейді. Қайрат Ерназаровқа да ауыл тұрғындары өздерін толғандыратын мәселелерін жеткізді. Халық қалаулысы кезекті сессияда аталған мәселелерді ұсынатынын
айтты.

Д.АМАНГЕЛДІ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған