2021 ж. Сәуір 14

Баланың бесігі – кең дүниенің есігі

Бір күні ауылдағы үйде әжем екеуміз және бесіктегі кішкентай ініммен бірге ортаңғы бөлмеде теледидар қарап отырған едік. Кішкентай інім мазасызданып жылаған соң әжем байлаулы жатқан бесіктен босатып, қолына алды. Сонда балалық аңқаулықпен болар мен енді ғана босап, жанымда тұрған бос бесікті тербете жөнелдім. Сонда әжем қызым, «Бос бесікті тербетуге болмайды, ол жаман ырым» деді, қатулы қабағымен. Бірер уақыттан соң әжем жанына шақырып алып, бесік жайлы біраз әңгіме айтқан еді.

Бесік – дүние есігін енді ғана ашқан кішкентай нәрестеге арналған ағаштан жасалған төсек. Ол – қазақ ұлтының сан ғасырлар бойы сақталып келе жатқан ата-бабадан қалған киелі мүлік. Отбасындағы тұңғыш баласына келетін бесікті ата-бабамыз өз баласына, немересіне, шөбересіне, тіптен шөпшегіне дейін аманаттайтын болған. Қазіргі жасалып жатқан бесіктер өте ұзаққа бармауы мүмкін, алайда, бұрындары мықты қайың, қарағай, талдан иіп жасалған бесіктерге не жетсін, олар өте мықты, әрі баланы тербетуге ыңғайлы, жеңіл болған.

«Саған не үшін бос бесікті тербетпе дедім, себебі, бұл қазақта жаман ырым. Бұл қайғы мен қасіретті және бедеулікті, жалғыздықты білдіретін болған. Міне, сол себепті бос бесік тербетілмейді. Тағы да бір айтарым, бесікті сатуға, кез-келген адамға беруге болмайды, сондай-ақ, аяқ астына тастауға, бос қалған бесіктің бетін жабусыз қалдыруға болмайды. Мұның әрқайсының өз сұрауы бар деп, әжем өз ақылын айтты.

Әжем бесік жайлы айтқан соң, оған одан сайын қызығушылық таныттым. Бесік тек қана қазаққа ғана емес, Орталық Азия, Кавказ, Үндістан мен Қытай жерінде де болған екен. Кезінде көп халықтың ұлы мен қызын ұйықтатып, оянған сәтте қолын жәй ғана босатып ойнатып, нәрестені тіл-көзден сақтай білген осы – бесік.

Бұрындары ата-әжелеріміз бесікті қандай тапқырлықпен жасаған десеңізші… Екі жаққа тербелу арқылы тепе-теңдікті сақтап, тербеткенде нәрестенің басы шайқалмайтындай, жылы, әрі таза етіп данышпандықпен жасаған. Мен қазіргі уақытта көп байқаймын, жас аналар балаларын бесікке бөлегісі келмейді, кейде «неге бөлемейсің? Бесік деген жақсы ғой, балаңды желдің өтінен, жердің сызынан қорғайды» десек, «Қазір бесікке таңып қойсам, жылап мазамды алады, жерде жатса емін-еркін, аяқ-қолын созып жатады, әрі мені де мазаламайды» деген түрлі жауаптарды қайтарады. Ә, жарайды өз тыныштықтарың үшін солай жасайды екенсіңдер ғой деген ойға келесің.

Әжем Төле би бабамыздың айтқан әңгімесінде айтқан еді. «Бірде жоңғарлар шапқыншылығынан тоз-тоз болған ел таулы жаққа қарай босып, көшіп келе жатқанда, екіқабат жас келіншек бос бесікті арқалап бара жатқан көрінеді. Сонда Төле бимен қатар келе жатқан бір кісі: «Мына бейшараның көрпе-жастығын тастап, бос бесікті арқалап келе жатқаны-ай», – дегенде, Төле би: «Баланың бесігі – кең дүниенің есігі ғой», – деген екен.

Жексенбінің жайма шуақ күнінде орталыққа барып шыққан едім. Базар маңында бесік сататын дүкенді көзім шалып қалды. Жан-жағына қарасам одан өзге дүкенді де байқай алмадым. Дүкеннің ішіне бас сұққаным сол-ақ еді керемет көздің жауын алардай бесіктер тұрды. Ондағы түрлі ою-өрнектер салынған бесіктердің бірі жасаумен, бірі жасаусыз…

Алдымен сатушыдан жөн сұрасып, бесікті жасаған ұстаны да сұрай жөнелдім. Несібем болар дәл сол сәтте ұста іште тапсырыс бойынша жұмыс жасап отыр екен. Оны сөзге тартып бесіктің құрылысын білу мақсатта барлығын егжей-тегжейлі сұрап алдым. Сонда білгенім, бесіктің құрылысына, оның алдыңғы басы, артқы басы, белағаш, қайқы табан, жақтау, жорға, табан, сабау, тақтайша болады екен. Осыларды біріктіру арқылы шыққан бесікке түрлі қазақы ою-өрнектерді салып, сатылымға шығарады. Үлкен еңбек пен ынта-жігерді талап ететін бесіктің бағасы бүгінде базарларда жасауымен алар болсаңыз таңдауыңызға қарай шамамен 20 мың теңгеден басталады екен. Ал, жасаусыз алар болсаңыз 15 мың теңгеден. Сол дүкенде тағы бір ерекше көзге түскені жиналмалы ақ бесік. Алдыңғы және артқы басын шаңырақ етіп жасап, жоғары жағына үкі, жақтауларына қошқар мүйізді ою-өрнекті ойып сәндеген. Ұстаның заман талабы мен сұранысқа қарай бейімдеп   жасағаны көрініп-ақ тұр.

Арнайы тапсырыспен жасалған бесік жабдықтарына да зер салдым. Жиналмалы бесікті де көзім шалып қалды. Бағасын сұрап, жасауымен қанша болатынын білдім. Жиналмалы бесікті жасауымен алар болсаңыз бағасы – 45 мың теңгеден жоғары. Жасаудың ішіне не нәрселер кіреді десеңіз, ши, жөргек, құс төсек, жастық, көрпе, жаялық, кепіл, қолбау мен тізебау, арқалық, бесік шапқыш. Базардағы бесіктердің бағасы осындай болды.

Жақында жаңалықтардан Астана қаласынан Серікбол Шәймардан есімді 23 жасар өнертапқыштың өздігінен тербелетін бесік ойлап тапқандығын көрген едім. Оның ерекшелігі сол бала дауысына қарай қозғалады және жаялық дымқылдығын анықтап тұрады екен. Баланың жылаған дауысына қарай тербелетін бесік 12 вольттық батарейкамен-ақ қозғала береді. Оның айтуынша, бұл бесік көптеген жас отбасылар үшін керемет дүние екен. Қытайдың Алтай өлкесінің тумасы Серікбол осы бесікті жасау үшін 6 жыл уақытын сарп еткен. Бұл Smart бесіктің ұзындығы – 100, ені 40, биіктігі – 60 сантиметр. Қытайда арнайы тапсырыспен жасалған қондырғыны бесіктің артқы басына магнит арқылы орната аласыз. Міне, соның арқасында бесік 5 режим бойынша ақырын немесе жылдам тербеледі. Қаласаңыз тербетілу уақытын 90 минутқа дейін қоя аласыз. Бұрындары әжеміз бен анамыз жанды дауыста айтқан бесік жырын, заман талабына сай етіп осы смарт бесікке орнатып қойыпты. Жаңа технологияларды ұштастыра отырып дайындалған дүниенің біздің заманның жастары үшін таптырмас құрал екені сөзсіз және ол қажет.

Бұрындары әжеміз бен анамыздың ыңылдап, әлдилетіп отырып ұйықтататыны әлі есімде. Бесік жыры деген ананың балаға деген үлкен махаббатының жырмен өрілген көрінісі емес пе? Сәбиін тербете отырып айтқан әрбір өлең-жырдың тәрбиелік мәні мен тағылымдық мағынасы мол деп ойлаймын. Сондықтан, қазіргі заманда сәбиді бесікке бөлеп қана қоймай, әсерлі әуен мен сырлы сазды байланыстыра отырып бесік жырын өз дауысымен айтқанға не жетсін…

Т.КЕНЖЕБАЕВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған