QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

БАЛАЛАРДЫҢ АТАМЕКЕНІ – «ПЕТРОҚАЗАҚСТАННЫҢ» ҚАМҚОРЛЫҒЫ

ByQAA.kz

Қаз 12, 2020

Мемлекеттік көмек пен қолдауды қажет ететін балалардың өмір сүрулеріне қолайлы жағдай жасап, оларға сапалы білім мен отбасы үлгісіндегі тәрбиені игерту мақсаты әркез ел назарында. Осы негізде Қызылорда қаласында «Атамекен» от басы үлгісіндегі балалар ауылы бой көтерген болатын. Балалардың бүгінгі қал-ахуалын, оларға тиесілі жетістіктер мен болашағы турасында білуді жөн санап, басшылықпен тілдестік. «Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлжан ЖАВЗМАГИНА:

– «Атамекендегі» балалардың жағдайы қалай? Мұнда карантин режимі қай деңгейде сақталуда?

– «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылында тәрбиеленіп жатқан жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балғындардың жағдайы өте жақсы. Балалар ата-ана мейірімін сезініп өспесе де, отбасылық мейірімге ие болып өсуде, бір-біріне бауырмал, жанашыр, қамқор.

Көп ұлтты отанымыздың бір шаңырақ астында берекесі келіскен бейғам тірлігінің көрінісін дәл осы шаңырақтан аңғарамын. Отбасылық үлгідегі балалар ауылының қадамы нық, бағыты бекем, мақсатының маңызды екенін іштей мойындаймын.

Еліміздегі індетке қарсы жарияланған төтенше жағдайға байланысты «Қазақстан Республикасының аумағында шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді жүзеге асыру қағидаларын, пайда болу және таралу қаупі төнген кезде шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілетін инфекциялық аурулардың тізбесін бекіту туралы» бұйрыққа сәйкес карантин режимі өз деңгейінде қатаң сақталуда. Қызметкерлер мен балалар үшін әр ғимаратта антисептикалық құрылғылар орнатылған, бетпердесіз біздің аумақта жүруге тиым салынған, балалар ауылының барлық ғимараттары мен ауласына дезинфекциялық жұмыстар жүргізіледі.

Мектеп оқушылары қашықтан оқыту режимінде, ауылымызға жоғары деңгейдегі интернет желісі жүргізіліп, балалардың сабаққа кедергісіз қатысуына барлық жағдай жасалған. Демеушілердің қолдауымен балалар ауылының әр баласы қазіргі таңда компьютер, планшет, смартфондармен қамтамасыз етілген.

– Отбасылық типтегі балалар ауылы 2015 жылы құрылған болатын. Бастапқы сәтпен салыстырғанда жұмыс жүйесінде қандай өзгерістер орын алуда?

– Сол уақытта Қызылорда облысының әкімі қызметін атқарған Қырымбек Елеуұлы Көшербаевтың тікелей басшылығымен облыстық білім басқармасына қарасты «Атамекен» отбасы үлгісіндегі балалар ауылының іргетасы 2014 жылдан бастап қалана бастады. 2015 жылдың 1 маусымында ашылып, балалардың игілігіне пайдалануға берілді. Көз ашқаннан жәутеңдеген жетім балалардың балалар үйінде емес, отбасылық үлгідегі арнайы салынған балалар ауылында тәрбиеленуіне, отбасылық жылулық пен шапағатты, мейірімді көріп өсуіне мол мүмкіндіктер берілуде.

Бастапқы сәтпен салыстырғанда балалар үйінен келген, дәстүрлі ин­тернаттық режиммен өскен тәрбиеленушілер үшін балалар ауылында жасалған жағдай, отбасылық үлгідегі тәрбие, өзіне-өзі қызмет етіп, қалаған тамағын жасап, өз үйін, өз бөлмесін қалауынша безендіріп, тұрмыс жағдайлары 100 пайызға өзгерген балалардың да мінез-құлқында, көңілкүйлерінде біраз өзгерістер пайда болды. Бір отбасында тұратын балалардың бір-біріне деген бауырмал, жанашыр сезімі, жауапкершілігі және үйдің берекесіне деген ықыластары арта түсті.

Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы мекемесі жетім балалар мен атаанасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеп, қажеттіліктерін қамтамасыз ету арқылы білім беру бағдарламаларын игеруге қолғабыс ету және отбасылық үлгідегі жағдайды жасауы тиіс.

Сондай-ақ, тұлғаның шығармашылық, рухани және салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін жағдайларды жасау арқылы зияткерлікті байыту, азаматтық пен елжандылыққа, өз еліне – Қазақстан Республикасына деген сүйіспеншілікке, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, халық дәстүрлерін қастерлеуге тәрбиелеу, Қазақстан Республикасының қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өміріне қатысу қажеттілігін, жеке адамның өз құқықтары мен міндеттеріне саналы көзқарасын қалыптастыру, әлемдік және отандық мәдениеттің жетістіктеріне баулу, қазақ халқы мен басқа да халықтардың тарихын, әдет-ғұрпын, дәстүрлерін, мемлекеттік дәстүрлерін зерделеу, мемлекеттік, орыс, шетел тілдерін білу, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру да кіреді. Осы аталған мақсаттар мен міндеттерді негізге алып, жұмыс атқарудамыз.

– Еліміздің болашағы саналар бүгінгі жас ұрпақ үшін тер төгіп жүрген «Атамекен» балалар ауылында қанша маман жұмыс істейді?

– Балалар ауылының есеп-қисабын, шаруашылығын және күнделікті жұмыс барысының жүргізілуін ұйымдастыратын әкімшілік бөлімде 44 маман қызмет етеді. Бұл жерде тәрбиеленушілерімізге «көкірегі ояу, көзі ашық», заман талабына сай азамат болып өсуіне тәрбиеші-ана мен көмекшілері ғана емес осында қызмет ететін барлық маман иелері мүдделі екені айқын. Тәрбиеленушілердің әлеуметтік бейімделуіне және шығармашылық қабілеттерін дамуына ықпал ететін педагог-психолог және әлеуметтік педагог қызмет етеді.

– Балалар мекен ететін әр үйге арнайы атаулар да берілген екен…

– Отбасылық үлгідегі ауылда балалар коттедж үйлерде тұрады. Бірінші қабатта қонаққа арналған бөлме, ойын, оқу бөлмелері, асхана және тұрмыс бөлмелері орналасқан. Екінші қабатта тәрбиеленушілер мен тәрбиеші-анаға арналған жатын және тұрмыстық бөлмелер бар. Әр үйдің алдында бақша орнатылған, тынығуға арналған алаңдар қарастырылған.

«Атамекен» отбасылық үлгісіндегі балалар ауылындағы үйлерге «Үшқоңыр», «Сарыарқа», «Байқоңыр», «Алатау», «Ұлытау», «Жетісу», «Оқжетпес», «Ақжайық» деген атаулардың берілуі тегін емес. Кең байтақ Қазақстанымыздың баға жетпес тарихи аймақтары таңдалып алынған бұл үйлердің атаулары зор мағына мен мәнге ие.

Әрбір үйде 8 ағайындылар, жастары мөлшерлес балғындар топталған. Балалардың жас ерекшеліктерінің мөлшері 3 – 18 жас аралығында. Жан жүрегімен кішкентайлардың арқасүйері, сырласы, тірегі атанған отбасының ұйытқысы – аналары бар. Ана-тәрбиешілер жанұяға жылылық орнатып, қыздар мен ұлдарды үй шаруасына, егін жұмыстарына тәрбиелеп өсіруде.

Жанұя жылуы сезіліп, татулықтың тұрағы, балалардың бал мекені атанып келе жатқан 7 шаңырақтың бірі – «Сарыарқа» үйі. Мұнда 2 ұл, 6 қыз тәрбиеленуде. Шаттық пен мейірім толған ана-тәрбиешісі – Қожбанова Сәуле Бекмағамбетқызы. Оның айтуынша, «Сарыарқада» тәрбиеленіп жатқан 8 баланың барлығы да өнерлі, талапты, ақылды, алғыр. Олардың өмірге деген сүйіспеншілігін арттырып, отбасылық өмірге бейімдеуде педагогтың атқарып жүрген еңбегі орасан. Мамандығы музыкант болғандықтан, шығармашылық адамы ретінде, өнерге жақын тұлға балаларды мәдени шараларға белсенді араластыруға атсалысып келеді. Соның айғағы ретінде, шығармашылық ән фестивальдерін, республикалық, халықаралық ән конкурстарын атап өтуге болады: Сабанкулова Рано 2018 ж

– Халықаралық “Ты супер” балалар вокал байқауының қатысушысы, 2019 ж – “Ризашылық – мейіріміділік бұлағы” жалпыұлттық мәдени-білім беру жобасы аясында “Қазақстан – менің алтын бесігім” республикалық балалар фестивалінің “Жүрек жылуы” вокалистер байқауының ІІ орын иегері, Қызылорда қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған «Тіл – татулықтың тірегі» байқауында Алғыс хат және ІІ дәрежелі дипломмен, «Бүгіннің баласы – болашақтың данасы» І республикалық ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар шығармашылығы фестивалінің «Эстрадалық вокал» номинациясы бойынша ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Рано 2020 ж өткен республикалық «BI– Жұлдызай» балалар шығармашылық фестивалінде аспапта орындау номинациясы бойынша қобызда Қорқыттың шығармасын орындап бас жүлдеге ие, ал інісі Рамазан вокал номинациясы бойынша І дәрежелі дипломмен марапатталды. «Сарыарқа» отбасының қызы Нестерова Любовь Халықаралық білім мен ғылымды қолдау орталығының «Мың бала» интеллектуалды білім сайтының ұйымдастыруымен оқушылар арасында өткен Республикалық «Мәнерлеп оқу» байқауында І орын иеленді, Мәнгілік ел Жастары- қоғамдық қорының ұйымдастыруымен қазақ әдебиетінің үш бәйтерегі Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің 125 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған республикалық «Үш Байтерек» онлайн байқауында өзінің шығармашылық қабілеті мен көркемсөз оқу шеберлігінің жоғарғы деңгейде көрсетіп 1 орын алды.

Ұлымыз Тастыбай Ерхан Техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары мен мектеп оқушылары арасында өткізілген облыстық «Ғаламдық беталыстар және ақпараттық технологиялар саласындағы жаңа мүмкіндіктер» атты ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы, Қызылорда облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Отбасының қызы Нугманова Ділдә оқушылардың шығармашылығын қалыптастыру мақсатында «Ұлы даланың ұлы өркениеттері» тақырыбында өткізілген облыстық сайыста жүлделі 3 орынға ие болды.

«Сарыарқаның» барлық тұрғындары уақытын бос өткізбейді. Рано Қазанғап атындағы музыкалық колледжінде қобыз сыныбында, ал Ақниет домбыра сыныбында оқиды.

Қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығында Самалбек архитектуралық дизайн, Анна мен Люба қол өнері, ал Ксения – шебер қолдар үйірмелеріне қатысады.

Ана тәрбиеші балғындар бойындағы талантын ашып, қабілетін шыңдау бағытындағы жұмыстарға өз үлесін қосуда. Сәуле Бекмағамбетқызы 2020 жылы Ата Заңымыздың 25 жылдығына орай Қазақстан мұғалімдер қауымдастығының Тамыз мәслихатынан «ҚР Конституциясына 25 жыл» төсбелгісімен мараппаталды. Мейірімді ортаның, қоғамның жетім балақайларға деген шексіз махаббаты, мейірімі, қолдауы сол құдыретті күштің бір бөлшегін толтырады деген сенім бар. Баланың болашағына толғанар ел, ойланар отбасы қалыптасса ғана, елдің болашағы зор болмақ.

«Үшқоңыр» отбасында орыс, қазақ балалар тату өмір сүруде. Отбасының ең үлкен қызы – Ақмарал қазіргі таңда республикалық жас көшбасшылар кеңесінің мүшесі, балалар ауылында құрылған өзін-өзі басқару жастар комитетінің президенті. Ал Нышанова Нұршат – «Нұр Отан» партиясы жанынан құрылған «Жас Отан» жастар қанатының мүшесі. Осы екі қызымызды ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «El Umiti» бастамасы аясында әзірленген «Елбасы медалі» жобасына қатысуға ұсынып отырмыз.

«Оқжетпес» отбасында 5 апалысіңлі Камбаровалар мен ағайынды Дмитриевтер, Звездов Александр тұрады. Зарина Камбарова республикалық жас суретшілер арасындағы сайыстарының жеңімпазы, ал Рамиля болса – ол мәнерлеп сырғанаудан өз өнерімен ерекшеленеді. Дмитриев Роман мен Рамиля екеуі халықаралық «Ты супертанцы» байқауының лауреаттары атанды. Осылай, әр отбасында өнерімен, білімімен мақтана алатын балаларымыз бар.

– «Атамекен» отбасылық үлгідегі ауылда 3 жастан 18 жасқа дейінгі балалар тұрады. Кәмелеттік жасқа толған соң, олардың қадамдары қаншалықты сіздердің бақылауларыңызда болады?

– Мектеп бітіргеннен кейін түлектеріміздің жоғарғы немесе арнайы кәсіптік оқу орнына түсуіне міндетті түрде ықпал етеміз. Олар «Жеткіншектерді бейімдеу орталығына» орналасса да, оқу орнын сәтті аяқтауларына және одан кейін жұмыспен қамтылуына дейін біздің бақылауымызда болады.

– «Атамекен» балалар ауылының қызметкерлері, яғни балалардың аналары қаншалықты біліктіліктерін жетілдіріп, жан-жақты ізденуді қолға алады?

– Әр отбасыда «Ана» деген атқа лайық 8 тәрбиеші маман қызмет көрсетуде. Балалар өз анасындай көретін анатәрбиешілердің де өз жұмыстарына ықыластары ауған. Қашан көрсең де «Анашым, анашым» деп бәйек қаққан балалар мен көзі мейірімге толы ана махаббатын, жылуын бере алған тәрбиешілердің қызметіне сүйсініп қайтасың. Ана махаббаты мен отбасы жылуын іздеген қаракөз балалардың бар мұңын пайым-парасатымен түсініп, жүректі ізгілендіру, нұрландыру арқылы аялы алақан мен жан жылуын қатар төгетін мейірман жанның болуы көңілге қуаныш ұялатады.

Балаларға педагогикалық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да көмек беретін осы аналар. Ана-тәрбиешілеріміз күні-түні балалардың тәрбиесімен айналыса отырып, үнемі өз білімдерін жетілдіру мен шығармашылық ізденісте болады. 2018 жылы ана-тәрбиешілер үшін біліктілік жетілдіру курстары балалар ауылы аумағында ұйымдастырылса, осы жылы біздің мамандарымыз Ресейдің «Эксперттік-әдістемелік орталығы» Қосымша кәсіптік білім беру мекемесінің ұйымдастыруымен қашықтан оқыту режимінде «Актуальные компетен­ции современного педагога в соответствии с Профессиональным стандартом педагога: педагогическая разработка», «Педагогический процесс и педагогическое мастерство. Законы дидактики» және «Инклюзивное образование: особенности обучения детей с ОВЗ в учреждениях дополнительного образования» тақырыптарында өз білімдерін жетілдірді.

Ана-тәрбиешілеріміз онлайн форматта түрлі халықаралық, республикалық байқауларға да қатысып келеді. Мысалы, халықаралық білім мен ғылымды қолдау орталығының «Парасат» республикалық білім сайты ұйымдастырған шығармашылық байқауларына қатысып «Жетім және атаанасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемедегі отбасылық тәрбие», «Отбасы денсаулығы – мемлекет денсаулығы» тақырыптарында мақалалар жазып жүлделі І орынға ие болды. Мамандарымыз «Абай жолы – ұлы жол», «Үш бәйтерек», «Абай – дана, Абай – дара қазақта» байқауларына балаларын қатыстырып жүлделі орындарға да ие болды.

– Балалар бос уақыттарын қалай тиімді өткізеді?

Сырттағы сайыстардан бөлек, ауыл төңірегінде қандай да бір шаралар, жиындар немесе концерттік бағдарламалар жиі ұйымдастырылады ма? Үйірмелер саны қанша және оған барлық балалар қамтылуда ма? – Балалар ауылының мақтаныштары баршылық. «Атамекен» балалар ауылының балалары оқуда да, мәдениқоғамдық іс-шаралар мен спорттық сайыстарда да жақсы жағынан танылып үлгерді. Отбасылық үлгідегі ауылдың балалары да ауыз толтырып айтарлықтай жеңістерді бағындырып жүр.

Балалар ауылының жанында балалардың шығармашылық қасиеттерін дамыту, оларға кәсіптік бағдар беру және әлеуметтік бейімдеу мақсатында «Алатау» шығармашылық үйі қызмет етеді. Онда «Hand made» қол өнер, «Art studio» сурет, «Chess&online library» шахмат және тоғызқұмалақ, онлайн-кітапхана, «Musical instruments» ВИА, «Needlework» тігін, «Robotics» робототехника, домбыра және хореография үйірмелері жұмыс жасайды. Жасаған бұйымдарын жәрмеңке, көрмелерде ұсынады. Балалардың барлығы қаламыздағы өнер, спорт және қосымша білім беру орталықтарына түрлі үйірмелерге қатысады. Тәрбиеленушілердің шығармашылық қабілеттерін жетілдіру мақсатында Лебедев Родион, Нестерова Анна, Соломкин Данил, Камбарова Зарина, Камбарова Рамиля және Тастыбай Ерхан қалалық оқушылар сарайының «Қол өнер», «Сурет», «Архитектуралық дизайн», «Модель тігін жұмысы», «Спорттық робототехника» және «Әсем моншақтар» үйірмелеріне және №1 Жоғары спорт шеберлік мектебінің «Мәнерлеп сырғанау» секциясына қатысып, облысқа және республикаға танымал болды. «Балалар үйлері тәрбиеленушілерінің өмірі мен қызметтік мансабын жоспарлау» жобасы аясында қаламыздағы «ҚОР», «Торғай Петролеум» мұнай компанияларының демеушілігімен балалар ауылының тәрбиеленушісі Нышанова Нұршат пен Сабанкулова Раноға қобыз аспабы сыйға тартылып, балаларымыз Қазанғап атындағы музыкалық колледжінің «Қобыз» сыныбына, Тастыбай Ақниет домбыра сыныбына қатысады.

– Жауабыңызда біршама тоқталып өттіңіз ғой. Алайда, әр бүлдіршіннің жетістіктерін жекелей атап өткен орынды секілді. Бүгінге дейін ауылдағы балалар бағындарған белес аз емес көрінеді…

– Бүлдіршіндер облыстық, республикалық байқауларға қатысып бақтарын сынап, түрлі деңгейдегі жүлделі орындарына ие болып келеді. Мәселен, Дмитриев Роман 2017 жылы «Ты супер танцы» халықаралық би конкурсына қатысып, дипломант атанса, Камбарова Зарина 2018 жылы – Қызылорда облысы бойынша экология департаменті ұйымдастырған қалалық «Экология балалар көзімен» оқушылар арасындағы жас суретшілер байқауының БАС ЖҮЛДЕ иегері болды. Сосын 2017 жылы «Ты супер танцы» халықаралық би конкурсына қатысып, дипломант атанды. 2017 жылы Камбарова Рамиля мәнерлеп сырғанаудан “Көктем жұлдыздары-2017» республикалық турнирінен I орын иеленді, 2019 жылы – халықаралық «Күзгі жарыс» конькиімен мәнерлеп сырғанау жарысында 7 орын, Э.Тұрсынбаеваның жүлделеріне ұйымдастырылған республикалық мәнерлеп сырғанаудан «Көктем жұлдыздары» ашық турнирінің белсенді қатысушысы болды. 2017-2019 жылдары «BI Жұлдызай» республикалық балалар шығармашылық фестивалінен балаларымыз және «Атамекен» шығармашылық тобы би, вокал және сахналық көрініс номинациялары бойынша жүлделі орындарды иеленді.

Сабанкулова Рано 2018 жылы – халықаралық “Ты супер” балалар вокал байқауының қатысушысы, 2019 жылы

– “Ризашылық – мейіріміділік бұлағы” жалпыұлттық мәдени-білім беру жобасы аясында “Қазақстан – менің алтын бесігім” республикалық балалар фестивалінің “Жүрек жылуы” вокалистер байқауының ІІ орын иегері, Қызылорда қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған «Тіл – татулықтың тірегі» байқауында Алғыс хат және ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.

Сартова Ақмарал 2017 жылы Ұлттық интернет олимпиада комитеті ұйымдастырған қазақ тілінен республикалық ұлттық интернет Олимпиадасының жеңімпазы атанса, 2018 жылы Қызылорда қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған «Тіл – татулық тірегі» қалалық байқауында Алғыс хат пен І дәрежелі дипломымен марапатталды. 2019 жылы Ақмарал Intolimp.kz оқу-әдістемелік орталығының қолдауымен ұйымдастырылған жалпы республикалық мәнерлеп оқу байқауының жеңімпазы болды және 2019 жылдан бастап «Қазақстанның жас патриоттары» академиясының мүшесі болды.

Балалар ауылының болашақ көшбасшысы ретінде Нышанова Нұршатты айтуға болады. Интеллектуалдық сайыстарда, шығармашылық байқауларда ерекше білім мен өнер көрсеткені үшін Сабанкулова Раномен бірге 2019 жылы ҚР Президенті ҚасымЖомарт Тоқаевпен кездесуге барды.

– Шығармашылық шыңнан өзге, спорт бағытына да тоқталайық. Осы саладан да топ жарып жүргендер бар болар?

– Әрине, отбасылық үлгідегі балалар ауылындағы тәрбиеленуші балалардың дені спортқа бейім. «Атамекен» футбол және баскетбол құрама командалары республикалық жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың қатысуымен ұйымдастырылатын «Навстречу мечте» сайыстарына қатысып, соңғы жылдары жақсы нәтижелер көрсетуде. Балаларымыздың спортқа деген қызығушылығы мол. Ұл-қыздарымыз спорттың әр түрімен шұғылданады. Федоров Артем есімді тәрбиеленушіміз өңіріміздің мақтанышы Илья Ильинмен кездесіп, қазіргі таңда ауыр атлетикамен айналысады. Ауыр атлетикадан балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінің 2002-2003 жылдары тәрбиеленуші оқушылары арасындағы облыс біріншілігінде 73 келі салмақ дәрежесінде қоссайыста 113 келі жинақтап 1 орынды иемденсе, 13-17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасындағы облыс біріншілігінде 78 келі салмақ дәрежесінде қоссайыста 120 келі жинақтап ІІІ орынды жеңіп алды. Балалар ауылының мақтаныштарының бірі Ступновский Роман облыстық, республикалық спорттық сайыстарының жеңімпазы, облыс бойынша Паркур спорт түрінен чемпионы. Роман Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт құтқару спортынан ұйымдастырған жарысында І орын иеленіп «Жас өрт сөндіруші» аталымын иеленді.

«Ұлытау» отбасының баласы Турсунов Михаил Муайтадан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының Кубогі 30 келі салмақта 3 орынға ие болды.

Ұлдарымызбен бірге қиындықтан қашпайтын қыздарымыз Лебедева Вероника мен Федорова Полина бокспен, ал Камбарова Римма күреспен шұғылданады. Келешекте бұл қыздарымыз да жетістіктерге жетеді деген үміттеміз.

– Балалардың өнер және спорт саласына біртабан жақын болып өскені жөн ғой. Бірақ, білімді де теңдей игерген дұрыс. Олардың кедергісіз білім алуына қаншалықты жағдай жасалған? Заман талабына сай тіл игеру деңгейлері қалай?

– Облыс тарихында алғаш рет бой көтерген мекемеде тәрбиеленушілердің сапалы білім мен саналы тәрбие алуы, келешекке нық қадам басуы басты назарда. Осы мақсатты орындау үшін материалдық-техникалық база мен заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қашықтан оқыту режиміне де балалар үшін барлық жағдайлар жасалған. Компьютер, планшет, смартфон мен одан өзге де жабдықтар бар. Әр отбасы интернет желісімен толық қамтылған.

Сонымен қатар, балалар ауылының түлегі Куцко Жанна Қызылорда медициналық жоғары колледжін бітіріп, ауылымызға медбике болып қайта оралды, ал біздің мақтанышымыз Рамат Жаңғазы Қазанғап атындағы музыкалық колледжін жақсы бітіріп, Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында оқуды жалғастыруда. Осылайша, балалардың болашақ кәсіпті игерулеріне зор ықпал жасап отырған мекеме балалардың тіл игеру мәселесіне де немқұрайлы қараған емес. Мәселен, үштілділікті игеруді іске асыру мақсатында қаламыздағы Speak English Kazakhstan қосымша оқу орталығымен тығыз байланыс орнатылған. Нәтижесінде түлегіміз Далиев Қуаныш жоғарыда аталған мекемеде сабақ беріп, қазіргі таңда АҚШ-та жұмыс атқаруда. Балаларымыз Далиев Медет, Даурова Аруна, Әуезханова Мариям, Нышанова Нұршат, Сартова Ақмарал және өзге де орталықтағы білімді игеруде түрлі деңгейдегі сатыларынан өтті. Облыс әкімдігінің қолдауымен 2015 жылдың түлегі Кашапова Наргиз Ресей Федерациясының Мәскеу қаласындағы Тимирязев атындағы академиясының «Жерді кадастрлеу» факультетінің, ал 2015 жылдың түлегі Дәлі Медет Мәскеу Болат және құрыш қорыту институтының «Металл өңдеу» факультетінің студенті атанып, облыс әкімінің грантын иемденді. Сонымен қатар, облысымыздың мұнай компанияларының өндіріске қажетті мамандар дайындау және балалар ауылының кәсіптік бағдар беру бағдарламалары бойынша Отбасы үлгісіндегі балалар ауылына демеушілік етеді.

– «Петро Қазақстан» Құмкөл Ресорсиз» АҚ ауыл іргетасының қалануына мұрындық болғанын білеміз. Балалардың қандай да бір қажеттіліктері мен олардың болашағы үшін еш аянбайтын, сіздердің тараптарыңыздан айтылған ұсыныстар мен бастамаларға әлі де қолдау көрсететін көрінеді…

– «Қамқорлық жасау – қайырымды қоғамның қағидасы» дегендей, ізгілік пен мейірімділікті ту еткен «Атамекен» балалар ауылындағы қандай шараға болмасын атсалысып, өнерлі өрендерге қуаныш сыйлауды «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» мұнай компаниясы ешқашан естен шығарған емес. «Қуантсаң, баланы қуант – ақылына сәуле түссін» демекші, сәулелі ақыл – алысқа жетелейді, биіктерді бағындырады. Баланың бала сезіміне қуаныш сыйлап, жанын жадырату бағытындағы әрбір іске демеушілік білдіріп жүрген осы мұнай компаниясы аянып жатқан жоқ. Басты мақсат – тәуелсіз ел Қазақстандағы жаны жабырқау, көңілі кіршіксіз жеткіншектерді мемлекет қамқорлығын, отбасы жылуын сезіндіре отырып, келешекке қанаттандыру. Облысымызда өндіріске қажетті мамандар дайындау және балалар ауылының кәсіптік бағдар беру бағдарламалары бойынша Отбасы үлгісіндегі балалар ауылына демеушілік етіп келеді. «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» мұнай компаниясы қолдауымен тәрбиеленушілер Иневаткина Бибігүл «Экология» және Әжихан Қанат «Есеп және аудит» мамандықтары бойынша Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде оқып жатыр. Мұның өзі үлкен қолдау екені аян. «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» мұнай компаниясы әртүрлі жобаларды тікелей қаржыландырып, демеушілік жасап материалдық жағынан қолдау көрсетіп келеді. Сонымен қатар олар мереке сайын әрбір жеткіншекке өзінің қалауы бойынша сыйсияпаттар да жасап жатады. Бастысы балалар өте қуанышты. Сондай-ақ, әрқашан демеушілік ететін, балалар үшін аянбайтын аталмыш компанияға шексіз алғысымызды жеткіземіз. Біздің барлық жақсылықтарымыз, жеткен жетістіктеріміз “ПетроҚазастан Құмкөл Ресорсиз” компаниясы қамқорлығының арқасы.

Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған