Шіліңгір шілде де аяқталды.
Бұл шақта көк базардың қызатын шағы. Көк базардағы ең өтімді өнім қауын — қарбыз екені белгілі. Енді Оңтүстік көршілерден жеткізілетін бақша өнімдеріне өз өңіріміздің өнімдері бәсекелесіп, баға бұрынғыдан гөрі түсіңкіреп, аларман алыстан, арбалап жеткізгеннен гөрі, өз бақшалығымызда піскен өнімді таңдауға мүмкіншілік алатын кез. Сырдария ауданындағы Айдарлы ауылының бақшалығындағы қауын-қарбыз да пісе бастапты.
Ауылдық округ әкімі Ғани Дүйсебеков алдағы даму жоспарының бірі Айдарлының қауын-қарбызының байырғы даңқын қайта әуелету дегенді айтқан еді. «Мата даңқымен бөз өтеді» демекші бүгінде Қызылорда көк базарында солай болса да, болмаса да Жайылманың қарбызы өтімді өнім екені аян. Сол сияқты Айдарлының қауын-қарбызының бәсі қайта өрлесе толық негізді. Әлбетте, қазір де Айдарлының бақшалығы бос жатқан жоқ. Алды пісіп, Қызылорданың көк базарына да жеткізіле бастаған.
Ауылға жолымыз түскесін, бақшалық жайын да біле кетуді жөн көрдік.
Ауылға ең жақын деген бақшалық «Доңғал» атты учаскеде, орталықтан 3 шақырым қашықтықта орналасқан екен. Жаздың ми қайнатар ыстығы ойлы-қырлы дала жолы… кетпен ұстаған диқанның күнделікті бейнетті еңбек, өлшеусіз маңдай терінің бағасын тереңнен түйсіндіре түскендей. Дегенмен, дала көрінісі көз қуантып, көңіл шалқытады.
«Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім» деп Махамбет бабамыз толғағандай әсерлі ойлар баурайды кең алқапқа дендеген сайын…
Тағы бір сәттерде «Жазира жасыл кілем өрнектеген…» деген шалқыма көңіл ән жолдары көңілді сергітіп, тілге оралады.
«Өткен жылы шабатын жантақ таба алмай қалып едік, биыл жантақ жақсы болады» дейді көлік тізгінінде отырған жүргізуші жігіт Сұңғат, кей тұста буалдыр пердедей тұтасып кететін шаңды жарып келе жатып, шаруа қамымен оң-солына қарағыштап қойып.
Жүргізуші шеберлігімен ойларды орғып өтіп, төмпешіктерді аттап «Доңғалға» жетіп қалыппыз. Жазық жасыл алқап бақшалықтың бір шетіне темір тұлпарды тізгіндеп анадайдағы дала қосына қарай аяңдадық.
Бұл учаскеде бақшалық өсіріп жатқан ауылдың Нұрлыбек Аханов атты азаматы деген ақпарат алғанбыз. Жолсеріктеріміз жалаң ақпаратты жақсылап толықтырып Нұрлыбек Ахановтың істің бабын біліп, көзін табатын шаруқор, еңбекқор, ауылдың жанашыр азаматы екенін айтқан. Жанашырлығы сол, ауылдың ортақ игілігіне орай шаруа барысынан әрдайым қалыс қалмайды, қажет кезінде ауылдастың қажетіне қолдан келер көмегін аямайды, ағайын-туманы ұйымдастырып, берекелі істің басы-қасынан табылады екен. Қазір де шаруаға ынталы бірқатар ағайынның басын қосып бақшалық басында «үй бетін көрмей» жүр екен. Қысқа тұжырғанда «Жүйрікте де жүйрік бар, қазанаты бір бөлек. Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» дегендей пайымға жетелеген.
Жаз бойына 40 градустан төмен түспеген Қызылорданың ыстығына шүкірлеп төтеп беріп келе жатқанымызбен бақшалықтағы ыстық тіпті төтенше көрінді.
«Жалпы ыстықтан шаршадық, қалжырадық» дегенде кейде көпті көрген үлкендердің: бұл ыстықтың егінге, бақшаға қажет ыстық екенін айтып шүкіршілік етіп, ми қайнатар ыстыққа мадақ айтып жататыны бар-тын. Ал енді бақшалық аумағы тіпті жоғары температураға келтіріліп қойғандай. Қаладағы жұрттың мұндай ыстықта көбіне-көп салқындатқыш астында уһілеп желпінумен күн қысқартатыны бар…
Біздің кейіпкеріміз қос басынан табылды. Кім-кімге де шаңқай түсте дамылдау міндет. Дегенмен, сонадайда кетпен асынып бір бақшашы әлі дамыл көрмей жүр екен. Бақшалықтың суын бақылап жүрген кісі екен. Аяқ су тапшылығы болғандықтан бақшалықты тал түс болса да суарып алу керектігін айтты қос басындағы әріптестері.
Болмысы ұяң жанға ұқсай қоймаса да, Нұрлыбек Аханов есімді мақтаулы азамат сөзге сараңдық танытты. Іс барысынан қарапайым сауалдарымызға жауабы келте қайырылып жатты.
Боямасыз бейне, риясыз қалып. Бірер сөз тілдесуде «Доңғал» учаскесінде 7 гектарға бақшалық егіп жатқандарын, қазір қауын-қарбыздың алды пісе бастағанын, құдай қаласа еңбектің қайтарымы жаман болмайтынын айтты. Піскен өнімді көбіне-көп алқапқа келіп көтере алып кететіндер бар екен. Жалпы «Еңбегіне қарай бермегі» дегендей бақшалық егісінің де бейнеті аз емес. Жерді жыртып, жүйегін, арығын жүргізіп алғаннан кейін әр ұяға дәнді қолдап егіп, бірлеп, жас өскіннің түбін бекіту, арам шөптен арылту уақытылы суару мұның бәрі білектің ғана емес жігердің күшін жұмсайтын ыждағатты еңбекқорлықты қажет ететін шаруа. Сондықтан бұл еңбекті жылма-жыл қол үзбейтін берекелі кәсіпке айналдыру да шаш етектен шаруа екені ақиқат. Ағайын тума, бала-шаға дегендей бақшалық егісіне ұйымдасқандар бұл ауылда көптеп саналады. «Доңғалдан» басқа «Ботабай», «Айша жабы», «Ақпостай» алқаптарын бақшалыққа айналдырып, береке тауып жатқандар баршылық көрінеді. Нұрлыбек Аханов басшылық еткен топ сондай бақша бригадаларының бірі. Бақшалықты бұдан да ұлғайтып, өрістетпек ойы барын білдірді Н.Аханов. Ол үшін ауыл инвесторының бірі «Жан Арайдан» пай үлестерін қайтарып алуды көздейді. Бұл орайда ауыл әкімі Ғ.Дүйсебеков»Жан Арай» келісімін беріп отыр, құжаттарына жұмыс істеу керек», — дейді мәселе мәнісін сұраған сауалымызға. Қазір де «Жан Арайдағы» пай үлестерін алып өзінше тіршілік етіп жатқан ауылдықтар да бар екен. Жалпы айдарлылықтардың пай үлестері негізінен «Айдарлы» шаруа қожалығы мен «Жан Арай» шаруа қожалығында көрінеді. Тиесілі пай үлестерін бөліп аламын дегендер алып та жатқан көрінеді. «Бақыр қазан қайнаса баршаға пайда» дегендей ең бастысы иелікті игілікке жарата білу екені түсінікті.
Бақшалық басшысы Нұрлыбек Ахановтың тағы бір шешіле айтқаны аяқ су жайы болды. «Сонау кеңес үкіметінен кейін тазаланбаған «Ақтам» каналы қайырдан тазартылса қайырын қалың жұрт көретінін айтады ауылдың жанашыр азаматы. Сондай-ақ, «әке-бабамыз заманында канал байланбайтын еді, қазір әлі жеткен әркім каналды бірнеше жерден байлап алған дегенді айтты. «Бұрын бұл қатарда 7-8 мотор істеген, қазір 1 мотормен ғана отырмыз» деп аяқ су мәселесін шешудің тағы бір тетігін атап өтті.
Біздің білгеніміз бақша еккендердің бүгінгі өзекті мәселесі, ала жаздайғы еңбектің жемісін көріп, өнімді ысырапсыз жинап алып,лайықты бағасына өткізу. Сондай-ақ, аяқ су мәселесін шешу үшін Айдарлының артериясы Ақтам каналын қайырдан тазалау.
«Өз бетінше тіршілік етуге» ықыласты азаматтар пай үлестерін қайтарып алсақ дейді. Оған еш кедергі жоқтығын ауыл әкімінің өзі айтып отыр. Ақтам каналын тазарту да бүгінгі күн тәртібінде тұрған мәселе болғандықтан шешімі табылары хақ. Ендеше, шаруа алаңсыз шаруа қамында болмақ. Нұрлыбек Ахановтың тілегі осы.
Дала қосында Айдарлы бақшалығынан ауыз тидік. Бала күнімізде есік алдындағы бақшалықтан ең бірінші үзілген әңгелектің дәміндей кереметке кезіктік. «Еккен- тіккен аламның атасына мың да бір рахмет деп бата беретін-ді әжеміз. Елге береке диқан еңбегі жасай берсін, лайым!..
Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА