QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Бағасы қалалықтарға қолжетімді болуы керек

Автор:QAA.kz

Май 12, 2020

Өзге емес өз өнімімізге көңіл бөлетін сәт туды… Қызылорда қаласының әкімі осы мақсат негізінде агроөндіріс саласының ілгерілеуіне басымдық беруде. Кәсіппен айналысуға ынталы тұрғындарға қала басшысы қолдау да танытып келеді. Жыл санап саны артқан жылыжайлар соған дәлел болса керек.

Мәселен, қала бойынша барлығы 10 жылыжай болса, соның бірі әрі ірісі – «КазАгроМир» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Ақсуат ауылдық округінде орналасқан аумағы 2 гектарды құрайтын кешен осы жылдың наурыз айында алғашқы өнімін берген. Ашылғанына 6 айға енді ғана жуықтаса да, екі күнде 7-8 тонна қияр өндірілуде. Жылыжай ауқымы кеңейгенде күніне 10, жылына 1000 тоннаға дейін өнім теру көзделуде.

— Жоба құрылысы 2018 жылы басталып, осы жылы пайдалануға берілді. Жылыжай кешені арқылы 40-қа жуық адам жұмыспен қамтамасыз етілуде. Сұраныс күн сайын артып келеді. Біз қияр өнімімен қала тұрғындарын ғана емес, бірқатар ауылдарды қамтудамыз. Сауда және тұрғын үйлерге тегін жеткізу қызметін де қарастырдық, — деді серіктестік иесі Ғани Алматов.

Жоба құны 1 млрд.129 млн. теңгені құраған бұл кешен жарық және сумен толық қамтамасыз етілген. Ендігі мәселе – жол.

«КазАгроМир» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ғани Алматов:

— Кешенге келетін жолдың салынуы мен көгілдір отынға қосылу біз үшін ауқымды мәселе болуда. Қала басшысына да бұл мәселелерді жеткіздік. Жол жергілікті бюжет есебінен салынуы мүмкін. Ал, газ жүйесімен қамтамасыз етілсе, біздің өнімнің бағасы бұдан да арзан болар еді.

Ақсуаттық қияр нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан. Келісі 250 теңгеге бағаланған өнім өндірілетін кешеннің жұмысымен қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев танысты. Ол өз сөзінде кәсіпкерлерге әркез қолдау барын жеткізіп, алдағы жоспарлардын сәтті орындалуына тілектестігін білдірді.

Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев:

— Бұл өнімдер қала тұрғындарына қол жетімді бағада сатылуы тиіс. Сондай-ақ, қалаға қарасты ауылдық округтер ғана емес, облыстың аудандарына да жеткізілгені жөн. Халықты енді испандық технологиямен әзір болатын көкөністің өзге де түрлерімен қамту керекпіз.

Айта кетейік, әзірге «КазАгроМир» серіктестігінде Россия және Голландиядан әкелінген қиярлардың сорттары сатылуда. Жылыжай басшысы алда қызанақ өнімін өндіру де басты жоспарлардың бірі екенін тілге тиек етті.

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *