QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

“БӨРІКТІЛЕР” НЕГЕ БӨРІГІП ЖҮР?..

Автор:QAA.kz

Авг 27, 2020

Әйел билігі

Бүгінде әлем әйелдері әлемдік жалпы ішкі өнімнің 40 пайызының иесі. MSKINSEY жаһандық институтының болжамы бойынша егер де экономиканың барлық саласында әйелдер ерлермен бірдей тең болса, онда 2025-ші жылы әлемдік жалпы ішкі өнім 26 %-ға, яғни 28 триллион долларға артады екен.

Мәселен, 2008-ші жылы Норвегияда қор биржасындағы кез-келген компанияның директорлар кеңесінің кем дегенде 40%-ы әйелдер болуы керек деген жаңа заң қабылдаған. Олай болмаған жағдайда компания таратылады. Акционерлер қарсы болғанымен билік тыңдамаған. Дегенменен шамалы уақыт мұрсат беріліп, 2012-ші жылы компаниялардағы әйелдер үлесі 8%-ға жеткен.

Норвегиядан бөлек, Еуропаның елдері де 30-40% әйел квотасын ендірген. Белгия, Франция, Италия елдерінде бұл талап орындалмайтын болса, онда үлкен көлемде айыппұл салынып, тіпті компанияны таратып та жіберетін болған. Жазаның тағы бір түрі әйел квотасы сақталмаса директорлар кеңесінің жалақы алу құқығы болмаған.

Германия, Испания, Нидерланд елдерінде жағдай тым қатты емес, жұмсақтау. Ал, Ұлыбританияда бұл квотаны ендіру кеңес беру ретінде ғана. Дегенменен акциялары қор биржаларында айналатын ірі компаниялардағы директор кеңесінде әйелдер үлесі артқан. Белгия, Германия, Францияда 3-5 есе, 30-40%-ға дейін, Британияда екі еседен астам, 27%-ға дейін өскен.

Квота ресми түрде ендірілмеген АҚШ-та директорлар кеңесіндегі әйелдер үлесі 20%-ға жеткен. Италия сарапшыларының пікірінше әйелдер ерлерге қарағанда жұмысты адал істейді дейді.

Әлемдік деңгейде жүргізілген әралуан зерттеулер бойынша бүгінгі әйелдер білімді, сабырлы, салмақты, еркектерге қарағанда сыбайлас жемқорлыққа бара бермейді, сондай-ақ жеке және мемлекеттік құрылымдарда тәуір басшы.

Сандармен сөйлер болсақ, ерлерге қарағанда әйелдердің 70%-ы өз қызметтеріне ұқыпты, 80%-ы қызметтік, әрі отбасылық міндеттерді жауапты атқарады, ерлерге қарағанда арақ ішпейді, темекі шекпейді, денсаулығы, есте сақтау қабілеті жоғары.

Қазақстан жағдайында еркектер әйелдерге қарағанда сыбайластық жемқорлықпен, парақорлықпен 2,5 есе көп ұсталады. Бүгінгі әйелдер бүгінгі күн батырлары десе де болады. Олар қоғамдық саяси өмірде де белсенді. Бостандық, әділеттілік үшін ұран көтеретін де әйелдер. Жасыратын несі бар, алаңға шығып айқай салып жүрген әйел-аналардың көптігі де олардың қоғамдық өмірдегі орнын айқындайды. Көп реттерде біз ер азаматтардың қоғам даму барысы, билікке қояр талабы туралы ести бермейміз. Айтары дұрысы да бар, бұрысы да бар, сөз мінберінің басым дені әйелдерде. Бұдан бөлек, зерделей қарасақ, еліміздегі азаматтық құқық қорғау, әділ сөз, сөз бостандығы сияқты көшбасшылары да нәзік жандар екен.

Өткен ғасырдың бас жағында теңдік деп ұрандаған қызкеліншектердің ХХІ ғасырда билікті ала бастауына, әрине еркектердің өздері кінәлі. Мұны әралуан зерттеулер де растап отыр. БҰҰ-ның зерттеуі бойынша қазақстандық ер адамдар жер үстіндегі ішкіштердің 10-дығында. Еліміздегі әрбір үшінші еркек жұмыссыз, немесе бір реттік табыс табатын жұмыс істейді. Олардың көпшілігі жұмыс істейтін табыскер әйелдерінің мойнында. “Стратегиялық консалтинг” зерттеу компаниясының дерегі бойынша еркектердің мәдени-білім деңгейі түсіп барады. Мәселен, интеллектуалды салада жұмыс істейтін еркектер ондағы жұмыс істейтіндердің 5%-нан аспайды.

Қазақстанда бірде-бір Нобель сыйлығының иегері жоқ. Тіпті бұл сыйлық кедейдің кедейі Африка елдерінде бар. Демек біздің әл-ауқатымыз олардан жоғары болғанымен Ұлттық интеллектінің деңгейінің төмендігінің дәлелі, әсіресе ерлер қауымының. Елде 17 мың ғалым болса, солардың 1-2-еуінде ғана халықаралық патент бар екен.

2019 жылы “Стратегиялық консалтинг” өткізген әлеуметтік зерттеу бойынша ерлердің жарыдан астамы, 80%-ы бос уақытын теледидар алдында, немесе телефон, гаджетте өткізеді, немесе кафе, ресторан, спортзалдарда жүреді. Еркектердің 5%-ға жетер-жетпесі ғана кітап оқиды. Мұражайға, театрға, көрмеге баратындар да осы кітап оқитын 5% ғана. Демек, ерлердің 95%-ы бос уақыттарын босқа өткереді.

Ал, сауалнамаға қатысқан әйелдердің 40%-ы бос уақытында кітап оқиды, театрға, музейге, басқа да мәдени демалыс орындарына барады. Тағы да 38% бала тәрбиесі мен үй шаруасына мән береді. Тек, 20 %-дайы ғана мерекелік көңіл-күйді ұнатады. Байқалғанындай бүгінгі қоғамда ер мен әйелдің дүниетанымында, мәдениеттілігінде, білімділігінде біраз айырмашылық бар.

БҰҰ-ның Қазақстан бойынша зерттеуінде некеден ажырасудың да көбейіп кеткенін атап айтады. 2000-шы жылдары некеге тұрғандардың 30%-ы ажырасатын болса, қазір 40%-дан асып кеткен. Әрине, ажырасудың көбеюіне тұрмыстық тапшылық, баспана жоқтығы, жалақының аздығы әсер ететіні сөзсіз. Алайда, зерттеушілер бұған еркектердің мінез әлсіздігі, жұмыс істегісі келмейтін масылдығы басты себеп дейді. Керісінше әйелдердің мінез мықтылығын, отбасын асырауда көшбасшылық рөлін атап айтуда.

Қазақстандағы еркектер қауымының қоғамдық өмірдегі белсенділігі де төмен деп танылуда. Мәселен, саяси партияларда, қозғалыстарда “мықты жандардың” белсенділігі азайған. Олардың қоғам үшін маңызды шешімдер қабылдауға тәуекелдері жетпейді. Содан да, әйелдер қауымы батыл болып, билікке де наразылық білдіруден алға шықты. Әкімият жағалап, жәрдемақы, көмек талап еткен әйелдердің күйеулері қайда деп сұрап, жауап таба алмайтынымыз да бүгінгі күннің ащы шындығы. Қалай болғанда да алғаш рет еліміз тарихында Қызылорда облысының әкімі болып елге белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Сыр бойының тумасы Г.Н.Әбдіқалықова тағайындалды.

Жұрт талап етіп жатқан Nur Otan партиясы праймеризінде де ұсынылып, тіркеліп жатқан қыз-келіншектер қатары аз емес. Партия талабы сайланбалы орындардағы әйелдер үлесін 30%-ға жеткізу.

P.S. Бөріктілердің бөріктерін жерге атып ұрып, “бізді әйел әкім билеп жатыр” деп аты-жөндерін атамай жанжаққа, мәселен орталықтағы орыс тілді бұқаралық ақпарат құралдарына арыз-шағым түсіріп, елді жік-жікке бөліп, бүлдіріп, бөріккенінен гөрі олардың қоғамдағы саяси өмірдегі, қызмет орнындағы, тіпті отбасындағы ерлер жауапкершілігіне сын көзбен қарайтын уақыты жетті.

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *