QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Бұл сынақ өзгелерден басқа сынақ

Автор:QAA.kz

Май 7, 2020

Қазіргі бүкіл әлем жұртшылығы бастан кешіріп отырған коронавирус індетіне байланысты жағдай Алланың бүкіл адамзатқа жіберген сынағы болса керек. Бүкіл дүниені жаратушы Алла. Сондықтан бұл қасірет жеке мемлекеттер мен ұлттарды емес бүкіл әлемді қамтыды. Себебі әлемді Жаратушы Алла пенделерін алаламайды.

Құранда айтылатын үлкен жиһад -яғни адамдардың шүкіршілік етіп, сабырлық сақтап, өзін харам істерден аулақ ұстап нәпсісімен күресуінде әлсіздік танытуы, Алланың үйлесімді жасаған табиғи тепе-теңдікті бұзуға әкелді. Оның мысалы ретінде: шектеулі табиғат байлықтарын өлшеусіз пайдалану, фауна-флораларды, сирек кездесетін аңдарды қырып жою, табиғи су ресурстарын дұрыс пайдаланбай, өзендердің табиғи арналарын бұзуы, жер ананың құнарлығын төмендететін әрекеттерге баруы, тағы басқаларды айтуға болады. Нәпсінің құлы болғандықтан «Алла оларға қылықтарының салдарынан ашаршылық және қауіп-қатердің тонын кидіріп жапа тарттырды. (Нақыл сүресі, 112 аят).

Кеңестік заманда Алланың үйі болып есептелген мешіттер мен медресселер жабылып діни ғұламалар қуғындалды, асылды, айдалды. «Алланың өзі де рас сөзі де рас» -деген ұлы Абайдың ұлағатты танымы аяққа тапталды. Қазақ тілінде «мешіт» сөзі араб тілінің «бас иу» «құлшылық ету» деген сөзінен туындап, Алланың қасиетті үйіне айналды. Жер бетіндегі ең алғашқы салынған үй -Адам ата (ғ.с.) мен Хауа анаға Алланың құзырымен тұрғызылған мешіт үйі еді. Қәзіргі Меккедегі Қағбатуллаһ-Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарымыз бен ұлы Исмаил (ғ.с.) пайғамбарымыздың салған мешіт үйі. Қазақта өз шаңырағын «құттыхана мешітім» деп айтуы содан шыққан. Аллаға шүкір Тәуелсіздік жылдарымызда бұл әрекеттер ретімен қалпына келтіріліп, мешіттер діни уағыз айтатын, білім беретін қасиетті орындарға айналуда. Бірақ бұл ретте де оған қатысы бар молдалардың сауатсыздығы, пиғылдарының төмендігі байқалып қалады.

Орта Азия республикалаларымен Қазақстан «Капитализмге соқпай социализмге өтті деген жалған қағиданы» қоғам дамуының объективті заңының талабы жоққа шығарды. Нәтижесінде нарықтық қатынасқа негізделген капиталистік даму жолына түстік. Қоғам материалдық жағынан бай, орташа, кедей деп жіктелді. Ақша фетишизмі үстемдік етіп, материалдық дүние бірінші кезекке шығып, рухани дүние артта қалды. Ауқатты бай кәсіпкерлердің барлығын жазғырудан аулақпын. Бірақ дана Абайдың сегізінші қара сөзінде шеттен шыққан байлар: «…діні, құдайы, халқы, жұрты, білімі, ұяты, ары, жақыны -бәрі мал» дегенін түгел жоққа шығару бекер болар. Саусақпен санарлықтай Қазақстандағы миллиардерлер малды (ақшаны) табан ет маңдай терлерімен тауып жатса құба құп. Бай кәсіпкерлердің барлығын жазғыру дұрыс емес. Қазіргі короновирус індетіне байланысты қиын кезеңде көптеген кәсіпкерлеріміз қиын отбасыларына көмек қолдарын созуда. Дана Абай жиырма екінші қара сөзінде: «…шын момын байларды аямасаң һәм соның тілеуін тілемесең болмайды» -деп жазыпты. Бұл қайырымды байларға арналған сөз болса керек.

Қоғамымыз жемқорлық індетінен арылған жоқ. Бұл әрекет төменнен қара халықтан емес, жоғарыдан басталғандықтан, оны тоқтату тетігі табылмай отыр. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Пара алушы да, пара беруші де -отта» -деген. Ал парақорлық -сыбайлас жемқорлықтың негізі. Парақорлыққа, сыбайлас жемқорлыққа жақын адамдар Аллаға емес пара берген сыбайлас адамына сенеді. Сөйтіп Алланың ақиқат жолынан адасып, менмендікке, тәкаппарлыққа бой ұрады. Осы ретте пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): «Сіздерге қандай адамдардың отқа түсетінін айтайын ба? Ол өзін-өзі жоғары ұстап, өркөкірек болған адам (яғни, тәккапар» -деген. Олар жайлы Шәкәрім бабамыз:

Жуаны қылады зорлық,

Момынның көргені қорлық.

Теп-тегіс қулық пен ұрлық,

Ал енді қайтіп ел болдық? -деп жазыпты. (Шәкәрім. Қазақ айнасы. Алматы. «Атамұра» 2008 ж. 49 б.).

Парақорлық пен жемқорлықтың құрбанына айналған ашынған халық арасында адам айтқысыз қылмыстар көбейді. Ұлы әкесін, қызы шешесін қанға бөктеріп жатқанға, өз қызын зорлағандарға таңқалмайтындай дәрежеге жеттік. Ақыр заманда қыз жігітке артылады деген «Ұран», «Қалаулым» арқылы теледидардан насихатталып жатыр. Еркекпен-еркек, әйелмен-әйел үйленіп жатқан Батыс өркениетіне бой ұру, ұлтымызға жат көріністерді жастар түгіл интернет арқылы үлкендердің де қызықтауы, құмартуы тоқтамауда. Кітап оқуға құмарлық жоқтың қасы. Әлемдік өркениеттің, яғни ғылым мен білімнің Шығыстан яғни біздерден басталып Батысқа ауысқанын, қазір оның қайтып өзімізге бұрылғанын көпшілік елемейді-ау деймін.

Адамдардың пиғылының бұзылуы, тойымсыздық, діни түсініспеушілікпен территориялық таластар соғыстарға әкеліп қан төгілуде. Осылардың барлығы Алланың құзырына қарсы келушіліктен табиғаттың, қоғамның объективті даму заңдарын түсінбей оның талаптарын орындамаудан болып жатқан келеңсіздіктер.

Короновирус індетіне байланысты карантин жарияланды. Халқымыздың басына түскен осы бір ауыр кезеңді де жеке мүддесіне пайдалануға әрекет ететіңдер де жоқ емес. Мемлекет бұл қиындықтан шығуға мүмкіндігінше жағдайлар жасауда. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 27 сәуір 2020 жылғы Мәлімдемесінде 16 наурыздан бастап төтенше жағдай режиміне көшкен уақыттағы Мемлекетіміздің халыққа жасаған қыруар жумыстарын атап өтіп 11 мамырға дейін төтенше жағдай режимін ұзарту туралы Жарлық шығаратынын Мәлімдеп, осы уақытта заңға сәйкес режимнің аяқталатынын айтты. Өнеркәсіп кәсіпорындарымен, құрылыс, жол құрылысы, көлік компаниялары, банктер және халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс істей бастайды. Демек коронавируске байланысты ауыр кезеңнен бірте-бірте шыға бастаймыз.

Енді бүкіл әлемді қамтыған осы індет нені көрсетті деген төмендегі түйінді мәселерге тоқталсақ.

1. Кез-келген жамандық құбылыстардың жақсылықтары да болатыны өмір шыңдығы. Әуе, теңіз, жол қатынастарының, өндіріс орындарының ішінара тоқтауы, қала көшелеріндегі машиналардың қозғалысының сиреуі т.б. экологиямызға, оның тазалығына қолайлы әсер етуде.

2. Байлық адамдардың арасындағы қатынасты ажыратса, кедейлік оларды жақындастыра түседі. Жоқшылық, яғни материалдық қиындық адамдардың бір-біріне көмек қолын созуға итермелейді, мейірмандыққа жетелейді. «Біз біргеміз» деген ұран сөзіміздің дәлелі.

3. Халқымызды үнемшілдікке, ысырапсыздыққа, құнттылыққа, көнбістікке, барды бағалай білуге, нанның қадірін сезінуге үйретті.

4. Бұған дейін еңбектері онша елене бермейтін ұстаздар, ақ халатты абзал жандар, өнер қайраткерлері, тәртіп сақшылары, әскерилер, жазушылар мен журналистер халықтың басына түскен ауыр кезеңде өздерінің жан-қиярлық еңбектерімен ерекше көзге түсті.

5. Қазақтың қара байыр даңғойлығын пайдаланып, қыруар қаржыға кенелетін, фонаграммамен өлең айтатын әншілер мен жұрттан жалына қол шапалақ тілейтін асабаларға шектеу қойылды. Жанды дауыспен айтатын әншілер мен жыршылар халық құрметіне бөлене бастады.

6. Оқушылар мен студенттер, ұстаздар қазіргі жоғарғы ақпараттық технологияны пайдалануға машықтанып, онлайн режімімен білім алуды тоқтатпай жетілдіре түсуде. Бұл үрдіс дамыған көптеген елдерде бұрыннан да бар дүние.

Коронавирус індетіне шалдыққан көптеген мемлекеттерге қарағанда, Қазақстандағы адами шығынның аз болуы, мемлекетіміздің атқарушы органдарының дұрыс ұйымдастырушылық әрекеттерінің жоғарғы дәрежеде екенін көрсетті.

1. Карантин кезінде халық үйінде отырғандықтан, бос уақыттарын білімін, рухани дүниесін байытуға, бала тәрбиесіне уақытын бөлуге, шығармашылықтарын жетілдіруге мүмкіндік алды.

2. Коронавирус індетінен кейінгі әлеуметтік экономикалық жағымсыз салдарының болатынын халық түсініп, оны мойындады.

Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ

ҚМУ-дің профессоры

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *