QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

БҰЛ АЛҒЫС СЫР ЕЛІНІҢ АЗАМАТТАРЫНА ДА АРНАЛАДЫ

Автор:QAA.kz

Сен 10, 2020

Қала әкімі Н.НӘЛІБАЕВ: БҰЛ АЛҒЫС СЫР ЕЛІНІҢ АЗАМАТТАРЫНА ДА АРНАЛАДЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына өз Жолдауын арнады.

Ел Президентінің Жолдауы — біздің мемлекетімізді алға жетелейтін тарихи құжат. Елбасының бастамасымен қалыптасқан игі дәстүр, Еліміздің стратегиялық даму жолының негізгі темірқазығы.

Биыл еліміз жер жаhанға қауіп төндірген пандемияға қарсы күрес жүргізіп, ел халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында күрделі де қиын кезеңнен өтуде.

Пандемия барлық мемлекеттер үшін сынақ кезеңіне айналды. Олар індетпен күрес жолында көп қиындықты бастан өткеруде. Бір жерде ахуал тұрақтанса, екіншісінде вирустың жаңа ошақтары пайда болуда.

Ахуалдың жақсаруы босаңсуға себеп болмауын, күрес әлі жалғасып жатқандығын, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша пандемияны жеңу үшін кем дегенде 2 жыл қажеттігін Президентіміз ерекше атап өтті.

Сонымен бірге, елімізде дағдарысқа қарсы жедел шаралардың екі топтамасы қабылданған болатын. Осы ретте, уақытша табыссыз қалған 80730 қала тұрғынына 42 мың 500 теңге қаржылай көмек төленді. 5 мыңға жуық отбасыға азық-түлік және тұрмыстық заттармен көмек берілді.

Елбасы – «Nur Otan» партиясы төрағасының бастамасымен «Біз біргеміз» акциясы аясында қаладағы 14109 отбасы бір жолғы қаржылай көмекке ие болды.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында індетпен күресуде — дана халқымыздың асыл қасиеттерінің арқасында тосыннан келген кеселге қарсы тұру маңызды екені анық байқалғандығын ерекше атап өтіп, дәрігерлерге, құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге, еріктілерге, кәсіпкерлерге және осындай шақта бей-жай қалмаған барша азаматтарға шын жүректен алғысын жеткізді.

Бұл алғыс қасиетті Сыр елінің азаматтарына да арналады. Әлемді шарпыған пандемия кезеңінде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған барлық қала тұрғындарына, жомарт жүректі азаматтарымызға, жауапты сала мамандарына күн-түн демей уақытпен санаспай індеттің бетін қайтару бағытында айрықша табандылық пен зор жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсеткендері үшін қала әкімдігі атынан шынайы ризашылығымды білдіремін. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған бұл Жолдауында қоғамдағы тұрақтылық пен сенім, ел экономикасының қарқынын одан әрі күшейтуге, халықтың тұрмысын жақсартуға негіз болатын, межеленген мақсаттарды жүзеге асыру үшін біздің алдымызға нақты 11 міндеттерді айқындап берді. Он бір тараудан тұратын осы міндеттер еліміздің бұған дейінгі жетістіктері мен табыстарын еселейтін, қажеттіліктер мен сұраныстарды қанағаттандыратын негізгі бағдарламалық құжат.

Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында «Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының арқасында экономиканың дамуы үшін берік негіз қаланды, әлемдік аренада абырой-беделге ие болдық. Сондықтан әлемнің жаңа болмыс-бітімі қалыптасып жатқан шақта біз реформаларға тың серпін беріп, бұл бағытта Ұлт жоспарын және Бес институттық реформаны негізгі бағдар етіп ұстануымыз қажеттігін» ерекше айтып өтті.

Елбасының бастамасымен өмірге келген жаңа бағдарламалар мен тың идеялардың ықпалымен Сыр елінің орталығы — Қызылорда қаласында маңызды мәселелер шешімін табуда. Биылғы жылдың осы күнге дейінгі есептік көрсеткіштері бойынша қаламызда көптеген жұмыстар жоғары нәтижемен орындалуда. Жыл басында қаламыздың бюджеті 68,9 млрд. теңге көлемінде бекітіліп, бүгінгі күннің қорытындысымен 97,5 млрд. теңгеден асты.

Бұл — бюджет көлемінің жыл басынан бері 45 пайызға (28 млрд.теңге) ұлғайғанын көрсетеді.

Қала бюджетінің 2020 жылдың 8 айына кірістер болжамы 45,2 млрд. теңгені құрап, нақты түсім 46,9 млрд.теңгеге немесе 103 пайызға орындалды.

Оның ішінде қала кірісі болжанған 11,2 млрд. теңгеден, 13,0 млрд. теңгеге немесе 116,0 пайызға орындалды.

Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемін өткен жылмен салыстырғанда 113,7 пайызға арттыруға қол жеткізіліп, нәтижесінде, қалаға 76 млрд. 997,2 млн. теңге инвестиция тартылды.

Айта кету керек, облысқа салынған инвестицияның 60 пайызы Қызылорда қаласының үлесінде. Бұл Жолдаудың маңызы зор. Сыртқы саясатта есесі кетпейтін, шекарасы шегенделіп ешкімде дауы жоқ мемлекеттің ендігі бағыты халық тұрмысын жақсарту, табысын еселеу. Бұл мақсатта Жолдауда нақты міндеттер қойылды. Осы міндеттерді орындап, біз экономиканы одан әрі нығайтып, халықтың әл-ауқатын арттыра түсеміз.

Баршаңызды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауынан туындайтын маңызды міндеттерді жүзеге асыруға атсалысуға шақырамын. Халқымыздың рухы биік, тұрмысы жайлы, табысы жоғары болу үшін аянбай қызмет етейік. Бірлігіміз бекем, жұмысымыз жүйелі болса алынбайтын қамал жоқ.

(Үстіміздегі жылғы 4 қыркүйекте өткен қала активінде сөйлеген сөзінен)

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *