2021 ж. Сәуір 14

«Қазпоштадағы» қазақ мейрамы

Төрт құбыламызды тең етер жылдың төрт мезгілінің төресі Әз Наурыз – тамырын тереңнен тартқан, береке мен татулық­тың, тазалық пен ізгіліктің тұғырын нығайтатын, жаңашыл­дықтың, ізгіліктің белгісі. Тәуел­сіз мемлекетіміздің қалыпта­суы­мен бірге Наурыз мейрамы барлық қазақстандықтар үшін жалпыхалықтық мерекеге ай­налды. Ұлық мерекені «Қазпошта» АҚ Қызылорда облыстық филиалы да бір кісідей кең көлемде атап өтті. Тамырын тереңнен тартқан, береке мен татулықтың ныша­нына айналған төл мейрамда бірлігі бекем ұжымның төрт көзі түгел жиналды. Жиналғандар өткенге салауат айтып, келер күннен жақсылық тіледі.

Мекеме ауласы рәсімделіп, қыз­меткерлер ұлттық киімдер киіп, дом­быра тартып, ән айтылды, шұғылалы көктемнің күнімен бір-бірін құттықтап, бір-біріне ақ тілектерін айтып жатты. «Қазпошта»   акционерлік қоғамының Қызылорда облыстық филиал дирек­торы Аида Ибрагимқызы ырыс пен берекенің, ризық-несібенің бастауы болған Наурыз мерекесімен құттықтап, әр шаңыраққа құт-береке, елімізге татулық пен бейбітшілік тілеп, жылы лебізін білдірді.

– Тәуелсіз мемлекетіміздің қалып­тасуымен бірге Наурыз мейрамы барлық қазақстандықтар үшін ең сүйікті мерекеге айналды. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғат анамен тығыз байланыстырған халқы­мыз наурызды жаңару мен жасампаз­дықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы деп бағалаған. «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сейтжап­парұлы республикадағы Қазпоштада қызмет ететін 23 мың қызметкерді Наурыз мерекесімен құттықтады. Ұлтымыздың мерейін   өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын қасиетті – Наурыз мерекесі елімізге, әрбір отбасына бірлік пен қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкелсін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын. Жылдан-жылға аман-есен жете берейік Зейнеткерге де, қызметтегі азамат­тарға да, іскер бизнесмендерге де қолайлы қызметі бар Қазпоштаның Қызылорда облыстық филиалы ел игілігі жолында тер төгіп келеді Күн сайын халықпен жұмыс істеп, қажетті қызмет көрсететіндіктен әрбір клиентке сапалы қыз­мет­пен қатар, жайлы орта қалыптас­тыруымыз керек,- деді.

Ұлыс күнін тойлауға келген жанның бәрі жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер тұсын­дағы басты тағам – Наурыз көжеден дәм татып, риза­шылықтарын білдіріп жатты. Ұлттық тағамдармен қоса, қонақтарға түрлі салт-дәстүрлер көрсетілді.

Ата-бабамыздан келе жатқан қазақ жұртына ғана тән «Тұсау кесер»  рәсімі де мерекенің сәнін келтірді. Енді ғана тәй-тәй басып келе жатқан кішкентай Азат есімді бүлдіршіннің тұсауын кесті.  Сондай-ақ, Әз-Наурызға байланысты сұрақтар қойылып, сұрақтың жауабын тапқандарға   сыйлықтар берілді.

Халқымыздың мифологиялық аңыздары бойынша Наурыздың 22-сі күні түнде даланы Қыдыр ата аралай­ды. Ортаға Қыдыр ата келіп, ақ батасын берді.

Наурыз  думанда қызметкерлер мерекенің мазмұнын айшықтаған ұлттық спорт түрлеріне қатысып, жайдары көңіл күймен өткізді. Төл мерекеде   ерлер күш сынастырып, арқан тартысты. Мерекенің көрігін қыздырған спорттық шаралар тартыс­ты өтіп, жеңімпаздар  марапатталды. Наурыз күнгі думанды кеште ұлттық құндылықтарымызды таныта білуге, тәрбиелеуге негіз қалайтын мағыналы сахналық көріністер қойылып, әуелеген әсем ән мен шертілген тәтті күй мерекенің ажарын кіргізді.

– Тек адамзат қана емес, табиғат­тың да жасарып, бой түзейтін шағы – Ұлыстың ұлы күнінің баршамыз үшін жолы да, жөні бөлек. «Туған ай – тураған етпен тең», әне-міне дегенше қар еріп, жылғалардан су ағып, табиғат жасарып, көктемнің саумал самалына ілесіп Наурыз да жетті. Амандық-саулық, ақ тілек, адалдық, молшылық, жалпы ұлтымызға тән тамаша салт-дәстүрімен паш етілетін Наурыз мейрамын өзіндік сән-салтанатымен, думанды тойымен, ән-жырымен қарсы алудамыз. Мен «Қазпошта» АК Қызылорда облыстық филиалында қырық жылдан астам уақыт жұмыс істедім. Бүгінде зейнеттемін. Қазір айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алатын заман. Бұрынғыдай емес, алыстан жететін хаттар, сәлем­демелер күн құрғатпай қолға тиеді. Жылыстап жеткен Жаңа Жылымыз – төл мерекеміз құтты болсын! Мол­шылық, бақыт, береке, бірлік, бейбіт өмір тілеймін,- деді ардагер қызметкер Елукүл Жолдасбаева.

Жиылған жұртшылық ашық аспан астында ән айтып, би билеп, мерекені көңілді күймен тойлады. Наурыз жыл басы, Ұлыстың ұлы күні. Жер арқасы  кеңіп, күллі тіршілік әлемі қайта түлейтін табиғат берекесі. «Қазпошта» АК Қызылорда облыстық филиал ұжымы жыл сайын Наурызды  осылай думандатып қарсы алады. Ұлық мерекеге жиылған қауым шат-шадыман көңіл-күймен тарқасты.

А. ОМАШ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған