QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

ҚАЗАНТАЕВ – ЖАЛҒАСТЫРУШЫ…

ByQAA.kz

Сәу 22, 2021

Былтырғы жыл басында 69 млрд. теңге болып бекітілген қала бюджеті жыл қорытындысымен 94 млрд. теңге болды. Әрине, бұл жақсы жетістік. Сондай-ақ өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі 480 млрд. теңгеге жетіп, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 105 пайызға орындалған. Облысқа салынған инвестицияның 52 пайызы Қызылорда қаласының үлесіне тиесілі болды. Облыста нақты жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілері бойынша қала үлесі 48%-ға, яғни жарыға жақындаған. Қаладағы құрылыс жұмыстарының көлемі 58 млрд. теңгеге жетіп, алдындағы 2019 жылмен салыстырғанда орындалу көрсеткіші 125%-ды құраған. Аймақта атқарылған құрылыс жұмыстарының 55%, жарыдан астамы Қызылорда қаласына тиесілі. Әсіресе, ковид кесірінен көп жұрт кәсібінен, жұмысынан қалып, торыққан уақытқа мақтауға тұрарлық көрсеткіштер. Әрине, қаланың бұрынғы әкімі Н.Нәлібаев осы жайларды биылғы жыл басындағы есеп беру жиынында көсіле айтып, жұртқа жария еткені жарасымды да болды. Биылғы жылы құрылысы жүріп жатқан 40қа тарта үй пайдалануға беріледі. “Бәйтерек” шағын ауданында “Жол картасы” аясында 600 орындық, “Саяхат” ауданынан жеке инвестор есебінен 300 орындық мектептің құрылысы жүруде. СПМК-70 мөлтек ауданында 600 орындық мектеп құрылысы бар. “Ел қуатты болмай, бақ тұрақты болмайды” дейтін қағиданы басшылыққа алған Н.Машбекұлының сол есеп беру жиынында айтқан СПМК-70, сол жағалау, Шанхай, Титов, ӘлФараби мөлтек аудандарының инженерлік инфрақұрылымын дамытуға, аз қамтылған отбасыларға “Нұрлы жер” бағдарламасы арқылы 200-ге тарта үй сатып алуға, елді мекендерді ауыз сумен қамту, су бұру жүйелерін “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы бойынша шешуге берген уәделері тағы бар еді…
Бұрынғы әкім бар жақсыны уәде еткен тұста тұрмысы бұдан да жақсы болып, түзелеріне үміт еткен қала халқы жаңа әкім болып келген
Қазантаев қайтер екен деп көңілі күпті болып отырғаны рас.
Сәл біршама уақытқа шегініс жасар болсақ, қала әкімі тағайындалар сәтте түрлі жорамалдар және болжамдар айтылғаны белгілі. Ел арасында «осы келеді ау» дегендердің тізімдері де жасалған еді. Үміткерлердің осыған дейінгі жасаған «ерліктері» мен қарапайым
тірліктерін тұрғындар таразылап, бағалай бастаған болатын.

Түпкі ой – кімнің келгенінде емес, қандай тірлік жасарында…
Нәлібаев әкім болған жылдарда көбіне тұрғындардың алғысын арқалағанын айта кеткен жөн. Оның елге еткен еңбегі ел аузынан
оңайлықпен тарқамасы айқын. Ол облыс орталығын басқарған уақыттарда қала көрінісі біршама өзгерді, жаңарды, һәм жасарды.
Сырттағы бар жақсы қалаға енді, нәтижесінде елі сүйсінді, қонағы таңқалды. Қазіргі қала халқы ала-құла. Бірі оңтүстіктен, енді бірі солтүстіктен. Содан да болар ең ар жағы құдайдың ауа-райы туралы да біркелкі әңгіме айтылмайды. Солтүстікке жататын жұртқа күннің ыстығы, оңтүстікке күннің салқыны ұнамайды. Сол сияқты қаладағы қайсыбір мәселеде болмасын ала-құла әңгіме айтылып, пікірлер де әр алуан болып жатады. Осы ізбен күні кеше қала әкімі болған Қазантаев қала әкімі болғалы бері қалада әр алуан әңгімелер айтылып, оқиғалар орын алып жатыр. Енді біршама уақытта көп балалы аналарға, тұрмысы төмен отбасыларға құрылысы салынып біткелі тұрған үйден баспаналы боламыз ба деген тұрғындардың бір тобы қала әкімі ауысқаннан кейін үй ала алмай қаламыз ба деп қауіптеніп әкімдікке барып, тіпті қонамыз деп Қазантаевтың қабылдауын талап етуде. Енді бір тұрғындар Нәлібаев баламның оқу
ақысына, еміне тағысын тағы көмектесуге уәде берген деп жаңа әкімнен әлеуметтік желіде жауап күтуде. Былтырғы жылдан бастап, көшелері жөнделіп, жарық бағаналары орнатылып, ауыз суы дұрысталып, сәні кіріп, тұрмысы түзеліп қалған шет аймақ пен қалаға қарасты елді мекендер менен «Сабалақ» сияқты саяжай тұрғындары да биылғы жылғы жасалатын жақсы істер жалғаспай қалады ма деп жанұшырып жаңа әкімді іздеп әлек.

Қалалықтардың денсаулығына дем беріп, емхана, клиника ашып, сондай-ақ, әр алуан демалыс орындарын жандандырып, сауда орталықтарын ашып, кәсіп етіп отырғандардың да көңілі күпті. Қала көлік тасымалындағы, көгалдандыру, көркейту саласындағы мердігерлердің де, ең маңыздысы Қызылорданың басқалардан мәртебесін биіктетіп отырған құрылысшылардың да құрылыс қарқыны қандай болар деген дүдәмал ойы бар. Қала тірлігіне қатысы барлардың бәрінің көкейінде бір сұрақ.
Енді қалай болар екен? Нәлібаевтың тұсында басталған жобалар өз жалғасын табады ма? Нәлібаевтың халықты қоғамдық қабылдау кезінде, кешегі есеп беру жиналыстарында жұртқа берген уәделері орындалады ма? Қызылордалықтардың қазіргі басты сұрағы осы… Оған негіз де бар. Кезінде соңғысы алдыңғысының жасаған істерін жоққа шығарған, бұрынғының кезінде салынғандардың бұзылған, қараусыз қалған қалыптары ел есінен шыққан жоқ. Алайда, кешегі Нәлібаев билігі өзіне дейінгілерді күтіп ұстауы мен жаңартуымен ерекшеленді. Мұның айқын айғағы бір ғана – «Сыр Ана» кешені. Бүгінгі күнмен айтар болсақ, енді Нәлібаевтың бастаған істерін Қазантаев жалғастырушы… Жалпы, бұрынғы мен бүгінгі әкімнің қай жағынан да ұқсастықтары басым. Екеуі де Қырымбек Көшербаевтың облыс әкімдерінің рейтингісінде республикалық көрсеткіште көш бастауына үлес қосты. Бірі Қызылорда қаласының, екіншісі Сырдария ауданының жанжақты дамуына аянбай еңбек етті. Қырымбек Көшербаевтың мектебінен өткен аймақ саясатындағы мықты тұлғалардың бірі және бірегейі болуларымен қатар, Көшербаевтың да үлкен жердегі саясатын мықты етті.
Қала тізгініне бірінен сон бірі ие болған екеуі де облыстың оңтүстік бағытына тиесілі қос ауданда дүниеге келген. Екеуінің де шыққан тектері тегін емес. Ел басқарып, жұртты адал тірлігімен сүйсіндірген Бердібек Сапарбаев пен Нұрлыбек Нәлібаевтардай тұлғаларды тәрбиелеген Машбек ақсақалдың өзі өз еңбегімен өз замандастары арасында беделге бөленген жан. Қазіргі әкімнің әкесі Қонысбек Қазантаев та өз заманында ел билеуге араласып, ел азаматы болумен қатар, көшбасшы ретінде де абыроймен танылған тұлға. Содан да бұрынғы әкім үшін аға беделін, абыройын жоғарылатып, қай жағынан да жақсы атқа ие болу мақсат болғанындай қазіргі әкім үшін әке жолын жалғастырып ел басқаруда адалдық пен елге қызмет ету міндет. Екеуі де жалған атақтан, қағаз ақшадан бұрын текке, абыройға қызмет етіп келе жатқандар. Қаланың бұрынғы және қазіргі әкімдеріне ортақ ұқсастықтардың тағы бірі олардың еңбек жолдарының мұнай саласымен байланыстылығы. Нұрлыбек Машбекұлы қала әкімі болғанға дейін «Стандарт Ойл Бейс» ЖШС директоры, «Стандарт Ойл» ЖШС директоры. «Станлаот Ойл Трейдинг» ЖШС директоры, «Харрикейн Ойл Продактс» ЖАҚ Қызылорда филиалының директоры. 2002 жылдың қазанынан – «Қызылорда Мұнай Сервис» ЖШС бас директоры қызметтерін атқарған. Ал, Ғанибек Қонысбекұлы «Нефтегаз строй Кызылорда» корпорациясының президенті, «АйДан» ЖШС-гі атқарушы директоры, «Ақмешіт» АҚ президенті, «Сырдария мұнай» АҚ Бас директоры, «Транснефтьсервис» БК» ЖШС-нің Бас директоры, 2007 жылдан 2013 жылға дейін «Kazpetrol Group» ЖШС-нің атқарушы директоры болған.


Сараласақ, қос тұлғаға ортақ ұстаным, ұқсастық жетерлік. Содан да ортада ортақ ой, сүбелі сөз де жүрер, берік уәде де өтер сыйластықтары тағы бар. Қала әкімі болғанына шамалы уақыт болғанына қарамастан Ғанибек Қонысбекұлы ел көңілін бір демеп, басталған істің аяқсыз қалмайтынын, Нәлібаев не, өзі не, бір Үкіметтің, бір партияның, бір биліктің жауапты тұлғалары екенін, халықтың тұрмысын түзеудегі, ел жағдайын жақсартудағы кешегі мен бүгінгінің мақсаттары бір екендігін халыққа жеткізу үшін де елмен кездесулерін, ел мен халық арасындағы алтын көпір – депутаттарды қабылдауларын бастап та жіберді. …«Халқына жақын әкім болар деп ел үмітті…»


А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған