QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

ҚАЗАНТАЕВ –ҚАЖЕТТІЛІК…

ByQAA.kz

Сәу 15, 2021

Биылғы жыл басынан бері, нақты айтқанда өткен жыл соңында Н.Нәлібаевтың басқа қызметке ауысатындығы туралы айтыла бастағаннан-ақ Қызылорда қаласының әкімі кім болары, болашақ қала әкімі болады деп аталғандардың қайсысының бағы жанары тұрғындардан бөлек, сол әкімдікке қарастыларды да қыс-көктем қызықтырып қойғаны сөзсіз. Түрлі жорамалдар да айтылды, аталған жұмсақ орынға үміткерлердің қай-қайсысы да осал еместігі, бірінің географиясы, енді бірінің биографиясы мықты екендігі жұртшылықтың аузынан түспей жүрді. Алайда, кім келсе де Қызылорда халқына қамқор ғана емес, әділ болатын, қаланы түрлі бағытта түрлендіріп ғана қоймай, қала тыныштығы мен тұрақтылығын сақтай білетін іскер, мығым жан болса деп көпшілік тілек тіледі. Барлық сұрақтың жауабы биылғы жылдың сәуірінде белгілі болды. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен Қызылорда қалалық мәслихатының келісімдері бойынша облыс әкімінің 2021 жылдың 8 сәуірдегі өкімімен Қызылорда қаласының әкімі лауазымына Қазантаев Ғанибек Қонысбекұлы тағайындалды. Бәлкім, «тегін» адам еместігі тегінен де байқалып тұрған болар. Оның әкесі, қоғам қайраткері Қонысбек Қазантаев та өз заманында облыс өркендеуіне сүбелі үлес қосқан республикаға белгілі тұлға. (Асылдың сынығы деп мұндағы ел енді оның баласына да арқа сүйейді). Қазантаевтың қалаға әкім болып келгені, жалпы тосын жаңалық емес. Әкім болып келсе несі бар… Баяғыда келуі керек еді. Оны жақсы білетіндер осылай ойлайды. Өз заманында ел басқарып, өз уақытының “әкімі” болып, әділдігімен,іскерлігімен, адамгершілігімен қатар айтқыштығымен де ел арасында қалыптасқан Қазантаев атымен қатар ісімен де мәңгілікке ел есінде қалған әкесі Қонысбектің (Қазантаевтың) баласы болғаннан ғана емес… Әрине, “жақсы әке балаға мың жылға азық”. Ертедегі қазақ осылай дегенімен, қазіргілер өз талайың болмаса, әке-көкеңе қарай бермейді…
Қазірдің өзінде де Қазантаевты дұрыс танымайтын кейінгі ұрпақ “Қонысбек Қазантаевтың баласы болса ше” деп, қойып қалатыны бар. Қойып қалып жатқаны да бар…

Бергі жағынан бастағанда Ғанибек Қонысбекұлы жергілікті “Айдан-Мұнай” компаниясын қалыптастыруымен елге кең танымал болды. Бұл оның қызмет жолындағы, өмірбаянындағы алдағы жақсылықтарына бастау болған, атасының, әкесінің беделіне
байланыссыз, өз маңдай терімен, іскерлігімен жаһанға жария болған төл жақсы аты еді… Сол қиыншылық кезеңде көп жұмысшыны “Айдан – Ақ-құстың” ақ тауығы мен жұмыртқасы айлық болып асыраған қиыншылыққа қарамастан Ғанибек Қонысбекұлы басқарған “Айдан-Мұнай” жергілікті өңірдегі шетел компанияларымен қатар “Үздік салық төлеуші” номинациясын иемденіп жүрді. Тіпті, олардан бұрын мұнай терминалын салды. Атын естігені болмаса, түрін де көрмеген айдандықтардың алғаш түрен салып, алғаш бой көтерген Қазантаев терминалын қызықтағандар аз болған жоқ. Бұл оның Қазақстан, оның ішінде
Сыр бойы мұнайына, мұнай өндірісіне үлес қосқан жемісті жылдарының бастамасы еді. Айтпақшы, сол жылдары ІІ-ші шақырылған Қызылорда қалалық мәслихатының депутаты болды. Ғ.Қазантаевтың мемлекеттік қызметтегі, биліктегі сәтті қадамы – Сырдария ауданына әкім болған жылдарымен байланысты. Үлкен әкімнің ақылын алып, әріптестері сынды көшке ілесіп жүре бермей аудан экономикасын, әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында бірнеше жаңалықтар жасады. Шын мағынасында аудан басқарған жылдары өзге елден ерек қоғамдық кеңес дейтін халықты тыңдайтын билік үлгісін алғаш болып ендірді. Әділдікті аңсаған, жемқорлықты жек көрген, мұң-мұқтажы көп халықты қайтсем билікке айналдырамын деген Ғ.Қонысбекұлының ой-арманымен дүниеге келген Сырдария ауданындағы қоғамдық кеңестің қазіргі әкімдіктер жанындағы қоғамдық кеңестерден айырмашылығы көпті. Қазіргі әкімдіктердің кезекті бір бөлімі сипатындағы қоғамдық кеңестерден гөрі Қазантаевтың қоғамдық кеңестері шын мәнінде халықтың билігінің жүзеге асуы болды. Әр ауылдардағы қоғамдық кеңестер ауыл мұң-мұқтажын, яғни көшелерге орнатылатын жарық бағаналарын, аяқ-су баратын, жөнделетін көшелерді өздері анықтап, қаржысын шешу үшін, бюджетке тапсырыс берумен қатар, ауыл мектебіндегі босаған орындарға техқызметкер, мұғалім қабылдаусияқты ауқымды мәселелерді шеше алды. Есесіне, сол кезде аудан әкіміне мектеп, тағы да басқа мекеме басшылығы үстінен арыз айтып келетіндер, баласын оқуға түсіруге, жұмысқа тұрғызып беруге өтініш айтып келетіндердің саны азайған. Сондай-ақ, аудан бюджетінің кіріс көзін көбейткен инвестиция көлемі де артты. Нәтижесінде Тереңөзек кенті абаттандырылды, көркейді, жүздеген адам жұмыспен қамтылды. Бүгінгі күн қажеттілігі, әрі әкімдердің қызмет деңгейі көрсеткіштерінің негізіне айналған әлеуметтік дүкендер Қазантаевтың қолдауымен Сырдария ауданында баяғыда-ақ бұдан біршама жыл бұрын ашылған болатын. Бұл дүкеннен осал топ,төмен отбасы деп аталатын қолдауға мұқтаж әлеуметтік топ арнайы тізім бойынша аптасына бір рет отбасы табысы кірісіне орай (30-50- 70%) еттен бастап дастархан мәзірін төмен бағада сатып ала алды. Ескеретін жәйт, бұған бір тиын да бюджеттен бөлінбеді. Қайырымды да, қамқор жандардың, кәсіпкерлердің, мұнай компанияларының қайырымдылығынан құралған қор қаржысы әлсіз әлеуметтің тұрмыстық қажеттілігін қамтамасыз етті. Қазантаев тұсындағы Сырдарияның тағы бір қадамы жас кәсіпкерлерді қолдау қоры құрылып, жастар кәсіпкерлігін дамыту қолға алынды. Демеуші, қолдаушылардың қаражатынан құралған қорға өтінім беріп, арнайы комиссияның талабынан шыққан жоба иегерлері қор қаражаты арқылы кәсіп бастап, кәсібі жүре бастағаннан кейін біртіндеп қорға қаражатты қайтара бастайды. Қайтқан қаражаттан келесі талапкерлердің жобасы қаржыландырылады. Қор қаржысы ылғи да айналымда тұрады. Бұдан бөлек, бір ауылда жастардың еңбек бригадасы құрылып, жүгері ексе, енд бір ауылда құрылыс материалдарын шығарып, еңбек ету тәртібі жастар тұрмысына
сіңе бастады. Сол кездегі Сырдария ауданы облыс аудандары арасында мектеп бітіруші түлектерге жоғары оқу орнында оқу гранттарын берген бірден-бір аудан болды.

Қазантаев әкім болған жылдар Сырдария ауданы үшін серпіліс кезеңі болды. Ауданды 6 жылдан астам басқарған аудан әкімінің іскерлігін сырдариялықтар әлі де сағыныса айтуда. Жамбыл гидромелиоратив- тік-құрылыс институтын «инженер-құрылысшы» және Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Мұнай және газ кеніштерін игеру» мамандықтары бойынша бітірген ол өзге салалар бойынша да тәжірибе жинақтады. Атап өтер болсақ, Жалағаш аудандық 9-жылжымалы механизацияланған колоннаның мастері ретінде қызмет жолын бастаған. Сосын Қызылорда облысындағы құрылыс ұйымдарында мастер, аға жұмыс өндіруші, өндіріс техникалық бөлімінің бастығы, 3-ауданаралық мамандандырылған жылжымалы механи­зацияланған колоннаның бас инженері, «Нефтегазстрой Кызылорда» корпорациясының президенті, «АйДан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары, «ССК «Ақмешіт» акционерлік қоғамының президенті, «Ай-Дан Мұнай»
жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры, «Сырдариямұнай» акционерлік қоғамының бас директоры, «Транснефтьсервис» БК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, «Kazpetrol Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры болды. Одан кейін жоғарыда атап өткендей Сырдария ауданының әкімі болып тағайындалған. Қала әкімі атанғанға дейін ҚР Энергетика министрлігінің Мұнай-газ кешеніндегі
мемлекеттік инспекциясының оңтүстік өңіраралық басқармасының басшысы қызметін атқарып келді. Мұнайды меңгеріп, кәсіпті серік еткен қаланың жаңа басшысы қаланың бүйжетінің кіріс көзін, қалаға келетін инвестицияны көбейтеді деген үміт жоқ емес. 1960 жылы дүниеге келген жаңа әкім өз еңбек жолын небәрі 20 жасындабастаған. Шаруаға ерте араласқан Ғанибек Қонысбекұлының бүгінге дейін жеткен жетістігі мен алған асуы аз емес. Қызылорда қаласының әкімі 2000 жылы облыс әкімінің, 2002 жылы облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен, 2005 жылы Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан мұнайына 100 жыл», «Астанаға 10 жыл» мерекелік төсбелгісі мен «Құрмет» орденінің иегері.
Әке атынан озбаса, қадам қалмаған Қазантаевтың қалаға әкім болып тағайындалуы Қызылорда қаласының бүгіні мен болашағы үшін қажеттілік болғаны анық. Облыс орталығында бизнесі мен кәсібі бар инвесторларменен, кәсіпкерлерменен тең мәмілеге келе алатын, қаланың қым-қуыт тірлігінде кім-кімнен де тәртіпті талап ете алатын күрмеуі қиын мәселесі мың-сан болып тұрған “Автобус паркі”, тазалық, су жүйесі, газ сияқты монополист мекемелермен ел мұқтаждығын шеше алатын, аты дардай, тірлігі тарыдай әлеуметтік дүкендерді де әлеуеттендіретін, санда бар да, сапада жоқ қоғамдық кеңесті де жандандыратын уақыт келді… Уақыт талабына сай әкімболғанға не жетсін!
P.S. Былтырғы жыл соңынан бері Қызылорда қалалық мәслихатының шешімімен Ғ.Қазантаев “Қызылорда қаласының Құрметті азаматы”.


А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған