"Ақмешіт ақшамы"

Сарқылмасын Сыр-Ана!

ҚАЗАЛЫ ЖҰРТЫ РИЗА МА?..

ByQAA.kz

Қаң 13, 2022

Қызылорда облысы қай бағыттан алсақ та жылдан жылға жақсы көрсеткіштерімен, жағымды жаңалықтарымен мұндағы тұрғындарды ғана емес, ел көпшілігін де қуантып келеді. Облыс орталығынан тыс, аудандарға да тиісті жағдай жасалып келеді. Ертедегі ауылдың көрінісі емес, заманға сай дамудың үлгісін біздердегі аудандардан да аңғаруға болады. Халықтың тұрмысына қолайлы жағдай жасалып, сұраныстарына сәйкес қажеттіліктердің ескеріліп жатқаны да бар. Алайда, тиісті қаржыны орынды игеріп, сауатты жұмыс істей білу әр әкімге жүктелгенімен, олардың арасында лайықтысы қанша деген сауал туындары белгілі. Осы орайда, облыс аудандарының әкімдерінің қызметтерін бағалауға болады. Әкімнің аяқ алысын халық қана бағамдап, лайықты көрсеткішін анықтай алады. Дегенмен, өткен жылы сынға іліккені болмады. Оны жыл бойына атқарған жүйелі жұмыстары айғақтайды.

Құрметті оқырман!

Аудандарда атқарылған жұмыстар газетіміздің әр санында ақпараттандырылуда. Басылымның осы санына да өткен жыл көлемінде әкімдердің жасаған жұмыстарына шолу жасадық. Осы орайда аудан басшыларына лайықты баға беріп, олардың әр бастамаларына пікір білдірулеріңізге болады.

 Редакцияның сайты: qаa.kz немесе a_akshamy@mail.ru. Байланыс телефоны: 23-16-08

Аудан тұрғыны Елеусіз Абуов:

  • Аудан əкімі Мұхтар Оразбаев мырза сіздің атыңызға жақсы пікір жазып рахмет айтқалы отырмын. Себебі неше жылдан бері шешімін таппаған даулы мəселе шешілу үстінде толық болмаса да сең жылжыды, осы істі аяғына деиін бақылауға алсаңыз. Күрделі іспен күрескеніңіз міне көзге көрінді. Сол үшін сізге көп көп рахмет. Еліміздің құрметті азаматы, халқыңызға сыйлы басшы болуыңызға тілектеспін!

7 айдың көлемінде аудан бойынша атқарылған жұмыстардың тізімі аз емес. Спорт алаңдары да, тұрғын үйлер де, балабақшалар да пайдалануға беріліп, көпшіліктің сұранысы ескеріліп келеді. Біршама әлеуметтік жұмыстар да реттелді. Қуантарлығы білім, спорт, мәдениет және өзге де салалардың жандануына да әртүрлі негізде басымдық берілуде.

Мәселен, Әйтеке би кентінің 5 квартал аймағынан спорт алаңы ашылды. Мақсат – тұрғындардың өмір сапасын арттыру, жастардың бос уақыттарын тиімді өткізу. С.Сейфуллин атындағы №165 мектептің жанынан бой көтерген спорт алаңы аудан әкімінің қатысуымен өтті.

  • Ел болашағы – жастардың денсаулығы маңызды. Сол миссияны орындау мақсатында баршамыз бірлесе жұмыс атқаруымыз керек. Бұқаралық спортты дамытуда спорт алаңдарының маңызы зор. Сондықтан да алдағы уақытта спорт алаңдарын салу жұмыстарын назардан тыс қалдырмаймыз, – деп көпшілікті қуантқан аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы бұндай қуанышты күндердің алда да болатынын жеткізген болатын. Дегендей-ақ, мереке қарсаңында ондағы тұрғындар қоныс той тойлады. Тұрғын үйге қол жеткізуді армандаған аудандықтар үшін Әйтеке би кентіндегі 5 квартал аймағынан салынған 4 пәтерлі 10 тұрғын үйлердің кілттері табыс етілді. Одан бөлек көпбалалы аналар да осындай қуанышқа кенелді. 36 отбасыға пәтер кілттері табысталды.

Ауданға тиесілі Бекарыстан би ауылында жеке балабақша ашылып, пайдалануға берілді. 100 орындық жеке балабақша білім беру стандартына сәйкес бой көтерді. Тәрбиеленушілерге тиісті жағдай жасалған.

Жас ұрпаққа білім беруге негізделген шаралар мұнымен шектелмеді. Әйтеке би кентінде 250 орындық мектептің құрылысы басталды. Білім ошағының іргетасын аудан әкімі Мұхтар Оразбаев, аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, облыстық мәслихат депутаттары Ібайдулла Тілеп, Мнажадин Өтеев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбановтар қалады. Достық көшесінің бойында бұрынғы №170 мектептің орнынан бой көтеріп жатқан білім ордасының құрылысын «SCS Инжиниринг» ЖШС құрылысшылары жүргізуде. 2 қабаттан тұратын нысанның жалпы аумағы 2712,51 шаршы метр.

Сондай-ақ, Мұхтар Әуесұлы әкім болған қазіргі шақта іске асқан жұмыстың тағы бірі – ауыз судың сервистік желіге қосылуы болды. Жанқожа батыр ауылында 288 тұрғын үй, Майдакөл ауылында 204 тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар ауыз сумен қамтамасыз етілді.

 Қазалы ауданына тиесілі жағымды жаңалықтың бірі – Әйтеке би кентінен «Тұран жолбарысы» атанған Жалаңтөс батырдың еңселі ескерткішінің ашылуы болды. Ескерткіштің ашылу салтанатында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Қызылорда облысы мен Қазалы ауданының құрметті азаматы, «РЗА» АҚ ЖШС директоры Самұрат Имандосов және «Жалаңтөс баһадүр» қорының төрағасы Нәжмадин Мұсабаев құттықтау сөз сөйлеп, салтанатты түрде ашқан болатын.

 Жалаңтөс Баһадүрдің 445 жылдығына орай орнатылған ескерткіштің биіктігі 12 метрден асады. Алаңға түнгі жарықшамдар орнатылып, тұрғындар отыратын орындықтар мен қоқыс салатын жәшіктер қойылды. Автотұрақ салынып, жол асфальтталды. Жасалған жұмыстар нәтижесіз емес. Еткен еңбек адал, әрі шынайы болса түбі ескерусіз қалмасы да айқын. Осы орайда, аталған аудан бойынша ауыл шаруашылығы саласында атқарылған жұмыстар назарға алынды. Облыс бойынша Қазалы ауданы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндеу бойынша үздік атанды.

 Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова «Алтын дән — 2021» мерекелік басқосуында осы бағыттағы жұмыстарға тоқталып, Қазалы ауданына «Озат аудан» аталымын лайық деп тапты. Үздікке лайық аталымдарға ие болып, аудандар арасында көш бастау үшін атқарылар жұмыстардың тізімі аз емес екені белгілі. Әкім мен халық бірлессе, аудан көлемінде үздіктер қатарынан табылары сөзсіз.

А.ӘЛИАРЫСТАН

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған