Облыс әкімінің жедел штаб отырысында берген тапсырмасына сәйкес Қазалы ауданында құқық бұзушылық пен топтық төбелестің алдын алу мақсатында бірқатар білім ошақтарында мектеп оқушылары мен ата-аналарының қатысуымен жиын өтті.
– Жалпы Қазалы ауданы қай жағынан болмасын Қазақстанда көш ілгері келе жатқан аудандардың бірі. Соның ішінде білім саласындағы жетістігі ұшан-теңіз. Сол жолда еңбек еткен ұстаздардың да еңбегі орасан. Бірақ, өкінішке орай өткен оқыс жағдай мұғалімдердің еңбегін зая кетіргендей болды. Ол оқиға аяқсыз қалмайды. Қылмыстық іс қаралып, ата-анаға да шаралар көрілетін болады.
Әрбір ата-ана ұлының, не қызының «қайда, кіммен, не істеп жүргенін, тәртібі қандай, ұстаздармен байланысы бар ма?» барлығын бақылап, назарда ұстауы тиіс. Ата-ананың бақыты – баласы. Қандай ата-ана болмасын баласының темір торға тоғытылғанын қаламайды. Сондықтан үйдегі тәрбиеге көңіл бөлу қажет.
Қазір балаларымызды еркелетіп бос жібердік. Сосын ол бала тентектікке барады. Ал оның артында қылмыс тұр. Қазіргі таңда Әйтеке би кентіндегі 10 мектепке және қаладағы 3 мектепте құқық бұзушылықты болдырмау мен тәртіпсіздіктің алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Одан бөлек, арнайы топ түнгі рейд жұмыстарын қатаң қолға алды. Бүгінгі жиынға тек ата-аналар ғана келген екен. Сондықтан тағы да жиын өткізіп, оқушылармен арнайы кездесетін боламыз, – деді аудан басшысы.
Мұнан соңғы жиын 5-ші квартал аумағындағы С.Сейфуллин атындағы №165 орта мектепте жалғасты. Ата-ана мен оқушылар жиналған басқосуда аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы алғы сөзді аудан прокуроры Дарын Әбішке берді.
– Шыны керек, бұған дейінгі өткен отырыстарда ата-аналар бар мәселені бүгіп қалып жүрді. Ақырында осындай жағдайға тап болып отырмыз. Мұнан бөлек, қазір көп жасөспірімдер уақытының көп бөлігін әлеуметтік желіде өткізеді. Ал ондағы бала санасына беріліп жатқан бұрыс нәрселер оның психологиялық ауытқуына әсер етеді. Сондықтан бала үнемі ата-ананың бақылауында болып, оның не көріп, не қарап отырғанына баса мән беру қажет. Аталған оқиғаға қатысты әлі де тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Сондықтан оқиғаға қатыстыларға заңдылыққа сәйкес тиісті шара көріледі, – деді прокурор. Кезекті кездесу Ы.Алтынсарин атындағы №204 орта мектептің оқушылары және ата-аналарымен болды. Аудан басшысы қатысып отырған ұл балаларды орнынан тұрғызып, әрбір жас өскін келешегі жарқын болу үшін қате қадам баспауы қажет екенін айтты.
– «Баламның табанына кірген тікен, менің маңдайыма кірсін» деп жүрген ата-аналар баласының бақыты үшін барлығына барады. Әкелер ел асып, аналар таңнан кешке дейін тізе бүкпей ұл-қызым ешкімнен кем болмасын деп нәпақа тауып жүр. Ата-анаға баласынан көп нәрсе қажет емес. Бастысы, «сенің балаң ұят қылды» деген абыройсыз сөз арқалауға себепші болмаңыздар. Әрбір жетістіктеріңізге шын қуана білетін тек – ата-аналарыңыз. Сон[1]дықтан ата-ананың көңіліне қаяу салмай, сенімін ақтаңыздар, – деді аудан басшысы. Жиын соңында аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы ата-аналардың ұсыныс-пікірлеріне орай жауап берді. Сондай-ақ мектеп басшылары мен мұғалімдерге мектеп қабырғасында оқушылардың қатаң қадағалауда болуын тапсырды.
* * *
Қазалы ауданы әкімі Мұхтар Оразбаевтың тапсырмасына сәйкес аудан әкімінің кеңесшісі Бақытжан Дүзелбайұлы бастаған қоғамдық тәртіпті бақылауға құрылған рейдтік топ жасөспірімдер көп шоғырланатын нысандарды аралап, түсіндірме жұмыстарын жасап жатыр.
Атап айтсақ, компьютер клубтарына, ойын-сауық орталықтарына, түнгі клубтарға, кафе және бильярд клубтарына барды. Сондай-ақ, орталық стадион, саябақ, спорт алаңдары, тойханалар мен мейрамханаларды аралады.
Топ құрамында аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Ахметулла Аманов, аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мұрат Әбсұлтанов, білім бөлімі және аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бар.
* * *
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бастаған топтың оқушылары және олардың ата-аналарымен кездесуі Қазалы қаласындағы М.Горький атындағы №16 мектеп-лицейде жалғасып жатыр. Жиынды аудан басшысы ашып, қоғамдағы жасөспірімдердің тәрбиесіне тоқталды.
– Қазір Қазалы ауданы туралы тұтас Қазақстан шулап жатыр. Әлеуметтік желіде алуан түрлі пікірлер айтылып, ауданның атына кір келіп жатыр. Бүгінгі күні аудандағы өзекті мәселенің бірі – әрбір баланың отбасындағы тәрбиесі. Ата-ана ұл-қызына қаншалықты дұрыс тәрбие беріп жатыр?
Несіне жасырамыз, кешегі жағдайда ел ішінде ұстаздарды қаралаушылар көбейді. Бірақ кінә бір жақтан болмайды, – деді аудан басшысы.
Басқосуда сөз алған аудан прокуроры Дарын Әбіш қазіргі мұғалім оқушыға қарсы қарап жақ ашудан қалды дейді. Өйткені, ата-ана барлығын осы жағдайға жеткізген. Қорыта келе, жастарды ойнап жүріп, от баспауға және қылмысқа бармауға шақырды.
* * *
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев төрағалық еткен топ тағы да №266 мектеп-лицейдің оқушылармен кездесуге келді. Себебі, кешегі өткен басқосуға ата-аналар ғана қатысқан болатын. Жиында сөз бастаған аудан басшысы бүгінгі әрбір баланың жасаған бұрыс қадамы, өз болашағына балта шапқанмен тең екенін тілге тиек етті.
– Кешегі өткен жиында тек ата-аналар ғана төбе көрсетті. Енді 8, 9, 10 және 11 сынып оқушыларымен арнайы кездесіп, ашық әңгіме өрбіткелі отырмыз. Барлығы уақытша. Бір күнгі қателік алдағы мақсаттарыңыздан айыруы мүмкін. Сондықтан үлкен өмірге қадам басар тұста ата-ананың көңіліне қаяу салмай, қылмыстық іс-әрекеттен аулақ болу керек. Бастысы, тәрбие – отбасынан, білім – мектептен екенін ұмытпаған абзал, – деді аудан басшысы.
Мұнан соң жиында аудан прокуроры Дарын Әбіш сөз алды.
– Қазір көп мектеп оқушылары «Мен кәмілет жасқа толмағанмын. Сондықтан маған ештеңе жасай алмайды» деп ойлап жүр. Бірақ бұл – қате пікір. Өйткені қазір бір рет қана әкімшілік жауапқа тартылғанның өзі келешек жұмысқа орналасуы үшін кедергі келтіреді. Әлі де тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Сондықтан оқиғаға қатыстылар заңдылығына сәйксе тиісті шараларын көретін болады, – деді аудан прокуроры.
Басқосу соңында аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы жасөспірімдерді тәртіпке шақы[1]рып, жиналғандардың ұсыныс-пікіріне құлақ түрді. Ата-аналардың айтуынша, мектепке бейнекамераларды көптеп орнату қажет және білім ошағына мектеп инспекторы керек.
Толық нұсқасын «Ақмешіт ақшамы» газетінен оқи аласыздар