2021 ж. Сәуір 14

Қазақстандағы гендерлік саясаттың дамуы

Гендер дегеніміз – ерлер мен әйелдердiң мiнез-құлқын, сондай-ақ, олардың арасындағы әлеуметтiк өзара қарым-қатынасты айқындайтын, олардың әлеуметтiк және мәдени нормалары мен рөлдерiнiң жиынтығы. Ал, гендерлiк саясат – қоғамдық өмiрдiң барлық салаларында ерлер мен әйелдердiң теңдiгiне қол жеткiзуге бағытталған мемлекеттiк және қоғамдық қызмет.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздік жылдары мемлекеттік басқару саласында талай аруларымыз дара тұлға ретінде айрықша көрінді. Бұл әйел мәртебесін көтеруді тұңғыш жүзеге асыра білген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың зор еңбегінің арқасы.

1998 жылы Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы Отбасы және әйелдер iстерi жөнiндегi ұлттық комиссия құрылды. Осы комиссияның ұйытқы болуымен 2011 жылдың 5 наурызында Қазақстан әйелдерінің тұңғыш съезі болып өтті. Съезде сөз сөйлеген Елбасы Н. Ә. Назарбаев ер мен елге қиын болған кезеңде әйел-аналар отбасы мен қоғам жүгін қайыспай қатар көтере білгендігін атап өтті. Сондай-ақ, әйелдердің өмірлік маңызды салаларда жұмыс істейтіндіктеріне назар аударды. Тәуелсіздік жылдарында ондаған әйелдер министр және мемлекеттік органдардың басшылары болып тағайындалды. Жүздеген әйелдер Парламент пен мәслихат депутаттары болып сайланды.

Әрине, әйел, ең бастысы – ана. Бірақ соған қарамастан нәзік жанды әйел қоғам көшін алға сүйреуге белсенділік танытуда. Бұған соңғы он шақты жылдан бері гендерлік саясатты жолға қою мәселесі де себепші болды. Қоғамның қазіргі даму үрдісі осыған жетелейді, осыған үндейді.

Гендерлік саясат негізі әйелді атқа мінгізіп, төрге сүйреп, еркектің басын көрге сүйрейтін саясат емес. Гендерлік саясат стратегиясының көздегені басқа, ол – отбасындағы тепе-теңділігі мен үйлесімділігін, яғни гармонияны қалыптастыру.

Қазақ халқында әйелдерді ана деп құрметтеп, қарындас деп еркелетіп отырған. Бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болған ханымдардың есімі ел тарихында ерекше дараланады. Тұмар, Қызай ана, Домалақ ана, Айғаным, Бопай, Ұмай аналарымыздан бастау алатын даңқты әйелдер қауымының жалғасы әр дәуір сайын артпаса, кеміген емес. Ұлы Отан соғысында Алия, Мәншік, желтоқсанның жалынды жастары Ләззат, Сабиралар елі үшін жаны құрбан болған нәзік жандылар. Ақын Олжас Сүлейменов: «Түркілік қоғамда әйелдерге кең құқықтар берілген, олар мемлекеттік істерге белсене араласқан. Тақтың мұрагерін ана тәрбиелеген» деп айтуының өзі бүгінгі гендерлік теңдік саясатымен үндесіп жатқандай.

Түйіндей айтқанда, әйел қоғамның тірегі, мемлекет дамуының тұғыры. Тәуелсіздік жылдарында тыныштық пен тұрақтылықты сақтауда әйелдер қауымының үлесі зор болған болса, ендігі күні де елдік саясаттың осы бағытында мемлекет те нәзікжандылардан ұдайы қолдауға сүйенеді.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының бас маман-сот отырысының хатшысы А.Сершеева

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған