QAA.KZ

Сарқылмасын Сыр-Ана!

Қазақстандағы гендерлік саясаттың дамуы

ByQAA.kz

Қар 30, 2020

Дамыған әлем елдерімен бірдей дәрежеде жетіліп, қай салада және қай бағытта болмасын ілгерілеудің оң нәтижесіне ие болуымыз керек. Әсіресе, саяси имидждің жақсы бағытта дамуы үшін гендерлік саясаттың да маңызы басым.

Бүгінде біздің елде гендерлік саясаттың өсу қарқынына тиесілі жоспардың орынды жүзеге асуына басымдық берілуде. Заман талабына сай алпауыт елдердегі негізгі қағидалар да біздің ұстанымдарымызға негізделіп енуде. Мәселен, қоғамдағы және қызметтегі ер мен әйелдің теңдігі.

Мемлекетімізде ер мен әйелдің әртүрлі саладағы тәжірибелерін дәлелдеуге, оны жұмыс барысында жүзеге асырып біліктіліктерін өсіруге немесе отбасы құндылығындағы орны мен міндетінің айшықталуына бұрыннан мән беріліп келеді. Тіпті, осы бағытта арнайы стратегия да қабылданды.

Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған 9 бөлімнен тұратын Гендерлік теңдік стратегиясы әйелдер мен ерлердің өздерінің өмір сүру құқықтарын кемсітусіз іске асыруы үшін жағдай жасауға ықпал етеді.

Стратегияда елімізде әлеуметтік, саяси, қоғамдық, мәдени және өзге де салаларда ер мен әйел деп бөліп-жармай, міндеті мен құқықтардың тең дәрежеде болуына мән беру болды. Осы бағытты қолжетімді және тиімді жүзеге асыруы үшін гендерлік саясаттың біздің елде өріс алуына арнайы заңнама бекітілді.

2009 жылы «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» және «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» Заңдар қабылданды.

Қабылданған заң барлық отбасыда орынсыз іс-әрекеттерді болдырмауға бағытталып, қоғамда ер мен әйелдің қызмет сатысындағы талаптар мен қолжетімділіктің тең деңгейде сақталуын қадағалайды.

Аталған және бекітілген осы бағыттар бойынша бүгінде елімізде гендерлік саясаттың дамуында оң өзгерістер байқалады. Жылдан жылға өрістеп келе жатқан елімізде әр саладағы ілгерілеушілікке ерлермен қатар әйелдер де белсенділік танытуда. Мемлекеттік қызметтен бөлек жеке кәсіптің қарқын алуына да сеп болып келеді. Бұның өзі стратегияның орындалуына негізгі дәлел.

Гендерлік теңдік саясатының алға жылжуы үшін әйелдерге саяси, экономикалық және қоғамдық өмірге араласу қажет. Демократиялық, зайырлы және құқықтық мемлекетті бекітуде қазақстан әйелдерінің рөлі ерекше. «Әке баласын тәрбиелейді, шеше ұлтты тәрбиелейді» деген қазақ мақалы бекер айтылмаған. Гендерлік саясат негізі әйелді атқа мінгізіп, төрге сүйреп, еркектің басын көрге сүйрейтін саясат емес. Бұлай түсіну қисынсыз. Бірақ гендерлік саясат стратегиясының көздегені басқа, ол – отбасындағы тепе-теңділігі мен үйлесімділігін, яғни гармонияны қалыптастыру.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қоғамның өркениеттілік деңгейі оның әйелдерге деген қарым қатынасымен өлшенеді…» деген болатын. Бұл гендерлік саясаттың өзектілігін білдіреді.

Гендерлік саясат – отбасы мүдделерін қорғау, әйелдердің елдің саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени өміріне қатысуы үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету мақсатын көздейді.

Қорыта келе, гендерлік саясат – әйелдердің теңдігі және оларды кемсітуге жол бермеуді заң жүзінде бекітудің тәжірибелік құндылығы өздерінің құқығын іс жүзінде пайдалану мүмкіндігін білдіреді. Ал әйелдердің қоғамдық жұмысты атқарып, отбасына да уақытын қажетті деңгейде бөліп, балаларының тәрбиесімен де айналысып жүргендігі жасырын емес.

Қызылорда қаласының

№2 сотының төрағасы

міндетін атқарушы

Жаңабаев Балғабай Ұзайырұлы

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған